Әр күніңді әсемде
2.59K subscribers
5 photos
3 videos
18 links
Әрбір күнге аят, хадис, дұға, мақал.

09:00

Барлық құқық Көкжиек баспасы мен кітап авторы Самет Оқанұлына тиесілі.
Download Telegram
Аят
“Алла қасиетті Үйі Қағбаны адамдар үшін дін мен дүние тіршілігінің тірегі, әрі олардың қауіпсіздігі, танысып, табысулары һәм өзара жәрдемдесулері үшін маңызды себеп қылды”. ("Мәида" сүресі, 97)

Хадис
“Құрбанды шынайы, таза ниетпен шалыңдар”. (Тирмизи)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Халыққа жұмсақ қатынасқандарға Сен де жұмсақ қатынаса гөр”. (Пайғамбарымыздың (с.а.с) дұғасы)

Мақал
“Жүк ауырын нар көтереді, Ел ауырын ер көтереді”.
Аят
“Адам баласы өз басына жақсылық тілеуден әсте жалықпайды. Ал қандай да бір қиындыққа душар бола қалса, бірден салы суға кетіп, үміті үзіледі”. ("Фуссилат" сүресі, 49)

Хадис
“Кімде-кімді амалын кері кетірсе (дәрежесін түсірсе), оны ұрпағы ілгері сүйрей алмайды”. (Муслим)

Дұға
“Уа, Тәңірім! Мейріміңе және берген адал ризығыңа, есепсіз игілігіңе деген шүкірімізді көбейт. Біз Саған мұқтажбыз”. (Бәкір ибн Абдулла Музени)

Мақал
“Жақсыда кек жоқ, Жаманда тек жоқ”.
Аят
“Әууәл де Өзі, Әхир де Өзі, Заһир да Өзі, Батин да Өзі. Ол барлық нәрсені лайықты түрде біледі”. ("Хадид" сүресі, 3)

Хадис
“Кім (Алла тағаладан) білім сұраса, бұл ісі – оның өткен күнәларына кәффәрат (өтеу) болады”. (Тирмизи)

Дұға
“Уа, тасты гауһар, топырақты адам қылған Алла тағалам! Тамшыны теңіз қалған Раббым! Әрбір тіршілік иесінің қиыншылығын шешкен һәм қиындықтарын жеңілдеткен Алла тағалам! Шарасыз бір хәлге түстім, Өзіңнен жәрдем сұраймын!” (Азиз Махмуд Худайы)

Мақал
“Білімдімен бір жүрсең, Кемтік жерің білінбес”.
Аят
“Міне сол – күмәнсіз келетін һәм ақиқат үстем болатын күн. Ендеше бұдан былай, қалаған жан Раббысына тура қайтатын жолды ұстайды”. ("Нәбә" сүресі, 39)

Хадис
“Мүминнің Раббы хаққында жақсы ойда (хусни зан) болуы – оның құлшылығының көркемдігінен”. (Әбу Дәуіт)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Маған жәннатқа барар жолды жеңілдет һәм жәһәннам жолынан алыстат. ақиретте һәм дүниеде мені кешір”. (Абдулла ибн Омар (р.а))

Мақал
“Жақсы – көлмен тең, суы тәтті, Жаман – шөлмен тең желі қатты”.
Әссаләму ғалейкум. Дұғаларыңыз сапалы болсын десеңіз...

https://www.instagram.com/p/CXMWt4bIQsW/
Аят
“Дүниеде істеген игіліктерің үшін ерекше тәбетпен жеп-ішіңдер, ас болсын! Біз игілікке жаны құштар ізгі жандарды міне, осылай бағалап, сый-сияпатқа бөлейміз”. (Мурсалат сүресі, 43-44)

Хадис
“Егер жәннаттағы нәрселерден бір түйірі көрінген болса, жер мен көктің арасын әсемдікке толтырар еді”. (Тирмизи)

Дұға
“Уа, Раббым! Жәннатқа кіретіндей ізгі ісім жоқ, Жәһәннамға да шыдай алмаймын. Раббым Өзіңнен ғана пана тілеймін!” (Яхиа ибн Муаз)

Мақал
“Елдестірмек елшіден, Жауластырмақ жаушыдан”.
Аят
“(Уа, расулым, құбылаға қатысты бұйрық) Раббыңнан келген хақ пәрмен. Ендеше, күмәншілдерге қосылма”. ("Бақара" сүресі, 147)

Хадис
“Үйлердің ең кішкентайы (жұпынысы) – ішінде Алланың кітабынан еш нәрсе болмаған үй”. (Хаким)

Дұға
“Уа, Раббым! Мені Өзіңді танығандардан һәм әміріңе бойұсынғандардан еткейсің”. (Амр ибн Мурра (р.а))

Мақал
“Үйінде Құраны бардың, Ізгілікке құмары бар”.
Аят
“Алла құлдарына өте шарапатты. Қалағанына (қалағанынша) ризық береді. Ол – шексіз күш-қуат иесі, бәрінен үстем һәм құдіретті”. ("Шура" сүресі, 19)

Хадис
“Дүниеге деген сүйіспеншілікті жүрегіне кіргізбеген біреуді көрген кездеріңде оған жақындаңдар әрі онымен дос болыңдар”. (Әбу Яғла)

Дұға
“Уа, кешірімі мол, күнәларды жасырушы Раббымыз! Бізді күнәларымыз себепті азаптай көрме. Біз өз әлсіздігімізден нәпсі қалауы мен шайтанның азғыруына еріп қойсақ та бізді азаптай көрме”. (әзірет Мәулана)

Мақал
“Сіз-біз деген жылы сөз, Тіршіліктің ғаниметі”.
Аят
“Сол күні (сендерге ағыл-тегіл берілген) нығметтердің есебін бересіңдер”. (Тәкәсур сүресі, 8)

Хадис
“Алып-сатуда (саудада) көп серт беруден сақтаныңдар. Өйткені, серт малдың өтімін жеделдеткенмен, кейін құрдымға кетіреді (берекесі болмайды)”. (Муслим)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Осы жыл ішінде жасаған және мені сақтандырған қауіптерден сақтанбауым, Өзіңнің разы болмайтын істерді жасаған болсам мені кешір. Алла тағалам, Өзіңнен кешірім сұраймын, жарылқауыңды қалаймын. Өзіңе деген үмітімді үзе гөрме, аса жомарт болған Раббым!” (Ашура күнінің дұғасы)

Мақал
“Ұсталы ел озар, Ұстасыз ел тозар”.
Аят
“Көкке келсек, Біз оны құдіретімізбен тұрғыздық, оны үнемі кеңейтіп жатқан да – Біз. Өйткені Біз шексіз құдірет пен билік иесіміз”. (Зәриат сүресі, 47)

Хадис
“Алла тағалаға жасалған дұға аспан мен жердің арасында кідіріп тұрады. Маған салауат айтылмайынша Аллаға көтерілмейді”. (Тирмизи)

Дұға
“Уа, Раббым! Жүректерімізді безендір һәм бейнемізді көркемде”.

Мақал
“Арық айтып семіз шық”.
Аят
“Уа, адамдар! Алланың уағдасы, әлбетте, хақ. Олай болса, дүниенің қу тіршілігі сендерді қызықтырып, алдамасын. Сондай-ақ, әзәзіл сұм шайтан да сендерді Алланың кеңшілігіне, шексіз мейіріміне құр үміт арттырып, алдап соқпасын”. ("Фатыр" сүресі, 5)

Хадис
“Күмәнді нәрсені тастап, күмәнсіз нәрсені ал”. (Бұхари)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Тура жолдан тайып кетуден немесе адасудан, біреуге зұлымдық жасап қоюдан немесе зұлымдыққа ұшырап қалудан, бір нәрсені ойланбай істеп, жаза басудан Өзіңе сыйынамын”. (Пайғамбарымыздың (с.а.с) дұғасы)

Мақал
“Толмай жатып «толдым» деме, Болмай жатып «болдым» деме”.
Аят
“Ешбір күнәһар пенде өзгенің күнәсін арқаламайды”. ("Нәжім" сүресі, 38)

Хадис
“Сәжде – муминнің Раббысына ең жақын болған жері”. (Муслим)

Дұға
“Уа, Раббым! Разылығың қай жерде болса мені сол жерде ете гөр! Егер Сен құлыңа қандай да бір қиыншылық жіберсең, онымен қоса оған сабыр мен шыдамдылықты да бересің”. (Мухаммед Баба Семмаси)

Мақал
“Жақсы адам – күншуақ, Білімді адам – шам-шырақ”.
Аят
“Олар дүниедегі қу тіршіліктің тек сыртқы жағын ғана біледі. Ал ақирет мәселесіне келгенде мүлдем ғапыл әрі бейқам”. ("Рум" сүресі, 7)

Хадис
“Жасаған жақсылығын міндетсінген әрі сараңдыққа бой алдырған адам жәннатқа кіре алмайды”. (Тирмизи)

Дұға
“Уа, әрбір нәрсені құдірет қолында ұстап, Өзіне бас игізген һәм әр нәрсенің кілті қолында болған ұлы Раббымыз! Мені еш нәрседен сұраққа тартылмайтындай барша қателіктерімді кешіргейсің!” (Аллаға мойынсыну дұғасы)

Мақал
“Ізгі іс істе де, міндет қылма”.
Аят
“Уа, иман еткендер! Шайтанның ізіне (соңынан) ермеңдер. Кімде-кім шайтанның ізіне еретін болса, біліп қойсын, расында, ол үнемі арсыздық пен жамандықты бұйырады”. (Нур сүресі, 21)

Хадис
“Қиямет жақындағанда мұсылмандар арасында ең аз кездесетін нәрсе; адал жолмен табылған дүние-мүлік пен сенімді жолдас”. (Ибн Адий)

Дұға
“Уа, Раббым! Бізді – екі дүниенің де құштарлығынан құтқар. Жан-тәнімізді тек Өзіңе ғана құштар еткейсің”. (Мухаммед Әмин)

Мақал
“Шынайы екі дос иненің жасуындай жерге сияды”.
Аят
“Расында, мүміндер бір-біріне шынайы бауыр. Олай болса, (жүз шайысып, ат құйрығын кесіскен) бауырларыңның арасын жарастырыңдар, сондай-ақ, (бауыр ақысына келгенде) Алладан қорқыңдар (һәм үкіміне қарсы келуден сақтаныңдар)! Міне, сонда Оның рақымына бөленерсіңдер!” ("Хужурат" сүресі, 10)

Хадис
“Бір-бірлеріңе ас-ауқат тарту етіңддер. Бұл ризықтарыңның артуына жол ашады”. (Кутубу Ситтә)

Дұға
“Күллі жан иесін жаратқан һәм оларды түрлендірген Ұлы Жаратушыны пәктеймін. Барша жан иесінің ешқайсысын ұмытпастан олардың ризықтарын берген Алла тағалаға мақтау айтамын.” (Имам Ағзам Әбу Ханифа)

Мақал
“Көргенсізбен жолдас болма, Опасызбен сырлас болма”.
Аят
“Нәтижеде, кімнің амал дәптері оң жағынан берілсе, ол көңілі тасып: «Қане, келіңдер, оқыңдар! Мінеки менің амал дәптерім!». «Шынтуайтында, мен (күндердің күнінде дүниеде істеген істерім жөнінде) есеп беретініме имандай сенген едім», – дейді”. ("Хаққа" сүресі, 19-20)

Хадис
“Киінгенде һәм дәрет алғанда оң жақтарыңнан бастаңдар”. (Тирмизи)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Тәнімізді тек Өзіңе деген құлшылықпен қозғалт, жүректерімізді кешіріміңмен жадырат, әрдайым бізге қамқор бол. Бізді бұрынғы өткен ізгілердің қатарына қос әрі олардан аямағаныңдай бізден де жақсылығыңды аяма”. (Абдулқадир Гәйлани)

Мақал
“Мыңдаған малың болғанша, Бір балаң ғалым болсын”.
Аят
“Олар намаздарына ерекше көңіл бөледі (яғни, намазға алдын ала ниет етіп, дайындалады, әрбір намазды кемеліне келтіріп, мінсіз өтейді һәм намаздан кейін пайдасыз бос істер мен күнә атаулыдан бойын аулақ ұстайды). Міне, соларға жаннат бақшаларында зор сый-құрмет көрсетіледі”. ("Мағариж" сүресі, 34-35)

Хадис
“Кісі намазды тастап қойған уақытта оны мен күпірдің арасында ешбір перде қалмады деген сөз”. (Муслим)

Дұға
“Уа, Раббым! Намазымыз бен оразаларымызды қабыл ете гөр. Жасаған ғибадтарымызды кешіргейсің”.

Мақал
“Шіріген шөпті мал жақтырмайды, Шіренген адамды ел жақтырмайды”.
Аят
“Әрбір тірі жан (бір күні) өлімнің дәмін міндетті түрде татады. Қиямет күні бұл дүниеде істеген істеріңнің қарымын толық аласыңдар. Кімде-кім тозақтан аулақ әкетіліп, жұмаққа кірсе, зор жетістікке һәм мақсат-мұратына жеткені. (Біліп қойыңдар), бұл дүниенің тіршілігі алдамшы қызықтан, жалған бұйым-боқшадан басқа түк те емес”. ("Әли Имран" сүресі, 185)

Хадис
“Мүмин адам дүниеден өткенде – дүние тіршілігінің ауыртпалығы мен қиыншылығынан құтылады”. (Бұхари)

Дұға
“Уа, Раббым! Бізді ықыласты әрі ықыласқа жеткізілген, тақуа құлдарыңның арасында ете гөр”.

Мақал
“Дүниеден озған мүминнің, Алды – пейіш, арты – кеніш”.
Аят
“(Алла және адамзат алдындағы міндетіңді атқаруда қандай қиындыққа душар болсаң да) Раббың үшін сабыр ет!” (Муддәссир сүресі, 7)

Хадис
“Құлшылықты шын көңілден Оған ғана (Алла тағалаға) жасап, Оған ғана жалбарыныңдар”. (Муслим)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Бізге Өзіңе құлшылық жасауды әмір етіп, оның қарымын беруді де Өз мойныңа алдың. Бізді менмендігімізден арылта гөр. Өзіңе жан-тәнімізбен құлшылық етуімізді нәсіп еткейсің”. (Низами Гәнжәуи)

Мақал
“Орман тамырдан, ақыл сабырдан қуат алады”.
Аят
“Иман келтіріп, Алла үшін қоныс аударған һәм Алла жолында дүние-мүлкін де, шыбын жанын да аямай күресетіндер Алланың алдында ең жоғары мәртебеге ие. Нағыз жетістікке жеткендер, міне, солар”. ("Тәубе" сүресі, 20)

Хадис
“Муһажир – Алла тағаланың тыйым салған нәрселерінен ұзақ болған һәм оларды тәрк еткен адам”. (Бұхари)

Дұға
“Уа, Жаратушы Иеміз! Бүкіл істеріміздің соңын жақсы қыла гөр. Бұл дүниеде ұятқа қалудан, ақиретте тозаққа түсуден Өзің сақтағайсың”.

Мақал
“Темірді кеннен ізде, Бақытты терден ізде”.