Әр күніңді әсемде
2.59K subscribers
5 photos
3 videos
18 links
Әрбір күнге аят, хадис, дұға, мақал.

09:00

Барлық құқық Көкжиек баспасы мен кітап авторы Самет Оқанұлына тиесілі.
Download Telegram
Аят
“(Уа, мүміндер, сондай-ақ): «(Біз дін мәселесінде кейіннен жағылған жасанды бояумен емес), Алланың (күллі жаратылысты бояған сыры кетпейтін табиғи Ислам) бояуы (мен боялғанбыз). Алладан бояуынан артық бояу кімде бар? (яғни Алланың дінінен артық қандай дін бар)? Міне, сондықтан біз Оған ғана құлшылық етушілерміз», – деп айтыңдар”. ("Бақара" сүресі, 138)

Хадис
“Дұға – бір құлшылық. Алла тағала былай дейді: Маған дұға етіңдер – сендерге жауап берейін”. (Рамуз әл-Әхадис)

Дұға
“Уа, Раббым! Өзімшілдігімнің кесірінен Өзіңе жете алмаймын әрі нәпсімнен де қаша алмаймын. Маған тура жолды көрсет, мен не істеймін?” (Байазид Бистами)

Мақал
“Көңілі ояудың көзі ояу”.
Аят
“Ал иман етіп, игілікті істер істегендер болса, (Алла) олардың қарымын толық қайтарады”. ("Әли Имран" сүресі, 57)

Хадис
“Кедейлерді жақсы көріңдер және оларға жақын болыңдар. Сендер оларды сүйсеңдер, Алла да сендерді сүйеді”. (Рамуз әл-Әхадис)

Дұға
“Сен досы болмағандардың досысың. Осындай құрметке ие болу үшін маған жәрдемдес”. (Низамул Мулк)

Мақал
“Байлық мұрат емес, кедейлік ұят емес”.
Аят
“Міне, Раббыларың болған Алла осы. Одан басқа құдай жоқ, Ол барлық нәрсенің (жалғыз) жаратушысы. Ендеше, бір Өзіне құлшылық етіңдер. Ол бәрін ретке келтіруші, барлық нәрсенің тізгінін ұстаған (ұлы Жаратушы)!” ("Әнғам" сүресі, 102)

Хадис
“Не сұрасаң да тек Алладан сұра. Қашан да жәрдемді Алладан сұра”. (Тирмизи)

Дұға
“Уа, Раббымыз! Бізді тура жолға салғаннан кейін жүректерімізді ауытқытпа. Бізге құзырыңнан бір рақымдылық сыйла. Еш күмәнсіз Сен көп сыйлаушысың”. ("Әли Имран" сүресі, 8)

Мақал
“Құдайсыз қурай да сынбайды”.
Аят
“Күллі аспан әлемінің, жердің және көк пен жердің арасындағы барлық нәрсенің бар билігі мен иелігі бір Өзіне ғана тән болған, қисапсыз нығмет пен құт-берекенің қайнар көзі Алла қандай ұлы десеңші! Қиямет сағаты жайлы нақты мәлімет те бір Өзінің құзырында. Ақыр соңында бәрің де Оның құзырына қайтарыласыңдар”. (Зухруф сүресі, 85)

Хадис
“Кісінің тірі кезінде бір тиынды садақаға беруі – өлгелі жатқанда жүз тиынды садақаға бергенінен әлде қайда қайырлы”. (Әбу Дәуіт)

Дұға
“Өзінен басқа ешбір құдай болмаған Алла маған жіткілікті. Ол Арштың Раббы. Мен Оған тәуекел етемін”. (Бәхр ибн Ханис)

Мақал
“Қайта қағар есігіңді қатты жаппа”.
Аят
“Сондай-ақ, олар Раббыларының (хақ дінге деген) үндеуін қабыл алып, (Оған қалтқысыз мойынсұнады). Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқиды және барлық істерін өзара кеңесе отырып істейді және өздеріне ризық ретінде берген (мал-мүлік, күш-қуат, ақыл-парасат, білім, т.с.с.) нығметтерімізден (міндет етпей) ізгілік жолында жұмсайды”. ("Шура" сүресі, 38)

Хадис
“Бұл күні (айт күні) ең алғаш істейтін ісіміз – намаз оқу”. (Бұхари)

Дұға
“Уа, Раббым! Мені ықтиятпен үздіксіз намаз оқитындардан ете гөр. Ұрпағымнан да осындай адамдар шығар. Раббым! Дұғамды қабыл ал”. (әзірет Ибраһим (а.с))

Мақал
“Біреу тойып секіреді, Біреу тоңып секіреді”.
Аят
“Уа, иман еткендер! (Бастарыңа қандай да бір қайғы-қасірет немесе ауыртпалық түскенде) сабыр ету әрі намаз оқу арқылы (Алладан) жәрдем сұраңдар. Расында, Алла сабырлылармен бірге”. ("Бақара" сүресі, 153)

Хадис
“Мұсылманның қандай да бір ісі таңғаларлық. Қандай іс болмасын ол өзіне жақсылық деп біледі. Егер оған бір жақсылық жетсе, ол Аллаға шүкіршілік айтады. Сол шүкір айтқаны үшін оған Алладан жақсылық болады. Ал егер оған бір қиындық жетсе, сабыр етеді. Сол сабыр еткені үшін оған Алладан жақсылық болады”.

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Сенен тағдырыңа разы болуды һәм жәннатта Өзіңнің дидарыңды көруді”. (Фудале ибн Убәйд (р.а))

Мақал
“Қазаға – сабыр жолдас”.
Аят
“Сөйтіп, оған: «Кітабыңды оқы! Бүгін жауапқа тартушы ретінде өз-өзіңе жеткіліктісің», – дейміз”. (Исра 14)

Хадис
“Кімде-кім Құранды алдына алса (бағаласа, амал етсе) – Құран оны жәннатқа жетелейді. Ал, кім оны артына тастаса (бағаламай, қор етсе) – Құран оны жаһаннамға сүйрейді”. (Рамуз әл-Әхадис)

Дұға
“Раббым! Мен патша болсам да, батыр болсам да, Өзіңнің алдыңда пана іздеген бір мүсәпірмін. Қаншалықты көп болса да, амалдарымнан ешбір пайда жоқ. Тек Өзіңнің кеңшілігің болмаса”. (Ғазнали Махмуд)

Мақал
“Қолда барда алтынның қадірі жоқ”.
Аят
“Анығында, нағыз Раззәқ (яғни, күллі жаратылыс атаулының ризығын беруші) – Ол құдіретті күш иесі Алла!” (Зариат сүресі, 58)

Хадис
“Сарандықтан қашыңдар. Өйткені, сарандық сендерден бұрынғыларды құрдымға кетірген. Олардың бір-бірлерінің қандарын төгуге, харамды халал санауларына себепші болған”. (Муслим)

Дұға
“Уа, Раббым! Өзіңе қауышуды маған сүйікті ет. Мен Саған қауышуды қалаймын”. (Әбу Хурайра (р.а))

Мақал
“Жомарт жоқтығын, Жүйрік тоқтығын елемейді”.
Аят
“Олар тозақтың алдына келтірілгенде: «Шіркін, дүниеге кері қайтарылсақ қой! Сөйтіп, Раббымыздың (ақиқатты анық көрсететін) аяттарын жалғанға шығармай, біз де (оған кәміл сенетін) мүмін болсақ қой!», – деп, аһ ұрғандарын көрсең ғой”. ("Әнғам" сүресі, 27)

Хадис
“Бір адамның киіміне Алла жолында жүріп жұққан шаң-тозаң мен тозақтың түтіні ешқашан бір жерде болмайды”. (Тирмизи)

Дұға
“Уа, Алла тағала бізді қорғасын һәм қорғауынан бір сәтке болса тастамасын. Оның құзырына барғанымызда жүзіміздің жарық болуын нәсіп етсін деп тілеймілн”. (Мухаммед Шәнауи)

Мақал
“Ақсақ қой түстен кейін маңырайды”.
Аят
“Ендеше, сендер Мені әрдайым жад етіңдер (яғни, әрдайым құлшылық етіп, еске алыңдар), сонда Мен де сендерді жадымда ұстаймын. Маған шүкіршілік етіңдер және әсте күпіршілік қылмаңдар (яғни, алғысы жоқ, жақсылықтың қадірін білмейтін кісінің ісін істемеңдер)”. ("Бақара" сүресі, 152)

Хадис
“Мүмин адам – сәлем беруде шапшан келеді. Ал, мунафиқ болса, «алдымен өзі берсін» деп сазарып тұрады”. (Рамуз әл-Әхадис)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Мені Өзіңді, періштелеріңді, елшілеріңді әрі салих құлдарыңды жақсы көргендермен бірге қыл. Мені Өзіңе, періштелеріңе, елшілеріңе әрі салих құлдарыңа сүйгіз”. (Абдулла ибн Омар (р.а))

Мақал
“Берсең аласың, ексең орасың”.
Аят
“Тынығып дамылдауларың үшін түнді, айналаны еркін көріп, тіршілік етулерің үшін күндізді жарық қылып жаратқан Алла. Әлбетте, мұнда (аяттарға) құлақ асатын қауым үшін көптеген ғибратты дәлелдер бар”. ("Юнус" сүресі, 67)

Хадис
“Зұлымдық көрген адамның дұғасынан сақтаныңдар. Өйткені, (оның дұғасының қабыл болуы) ұшқынның жылдамдығындай болады”. (Кәнзул Ирфан)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Маған және ата-анама берген нығметтерің үшн Өзіңе шүкіршілік етуді көкейіме салғайсың. Өзің разы болатын істер істеуімді һәм салихалы пенделеріңнің қасына қоса гөр”.

Мақал
“Ашу сиықты бұзады, Ақыл биікті бұзады”.
Аят
“Рахманның хас құлдары жер бетінде сыпайылықтың шегінен аспайтын жандар. Оларға жөн білмес надандар тіл қатқанда, (наданмен надан болмай) оларға: «Аман болыңдар!», – деп, өз жөніне кете барады”. (Фурқан сүресі, 63)

Хадис
“Алла үшін кішпейіл болғандардың дәрежесін Алла тағала көтереді. Ал, тәкаппарланғандарды төмендетеді”. (Ибн Мәжә)

Дұға
“Уа, «бол» деу арқылы шексіз әлемді жаратқан, «Жоқ бол» деу арқылы әр нәрсені жоқ қылу күшіне ие болған һәм бізге күре тамырымыздан да жақын болған Раббымыз! Үмітімізді үкілеп есігіңе келдік. Бізді құзырыңнан кері қайтара гөрме”. (Хатым дұғасынан)

Мақал
“Әсем болсаң аспаққа асыласың. Бәсең болсаң бәйгеге қосыласың”.
Аят
“Ал енді кімде-кім жамандық жасаған соң немесе (күнәға батып) өз-өзіне қиянат жасағаннан кейін Алладан кешірім тілесе, Алланың өте кешірімді, (әсіресе тәубеге келіп Өзіне бет бұрған мүмін құлдарына) ерекше мейірімді екенін көреді”. ("Ниса" сүресі, 100)

Хадис
“Қандай болсаңдар, солай басқарыласыңдар”. (Табарани)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Исламды қауіп-қатерден ұзақ қыл. Исламды қорлағысы келгендерге мұрсат берме һәм Исламға үстемдік бер”.

Мақал
“Қателік қателік емес, оны түзетпеу қателік ”.
Аят
“(Уа, Мұхаммед!): Ендеше, өзіңе бұйырылғандай тура бол (қандай мәселеде болмасын өзіңе қалай әрекет ету бұйырылса, дәл солай әрекет ет), сондай-ақ, Аллаға бет бұрып, тәубеге келіп, саған қосылғандар да турашыл болсын. Тура жолдан ауытқып, шектен шықпаңдар. Ол – расында да, не істеп, не қойып, жүргендеріңді көруде”. (Худ сүресі, 112)

Хадис
“Сендердін әрқайсысың мұсылман бауырының айнасы секілді. Сондықтан, бауырының бойынан бір теріс нәрсе көрсе, оны дереу түзетсін”. (Әбу Дәуіт)

Дұға
“Бізге тұщы һәм салқын су ішкізген әрі күнәларымыздың кесірінен оны бізге ащы қылмаған Аллаға шүкірліктер болсын”. (Пайғамбарымыздың (с.а.с) дұғасы)

Мақал
“Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ”.
Аят
“Көр соқыр мен көретін адам бірдей болмайды. Сол сияқты иман етіп, сол иманның арқасында игілікті істер істеген жандар мен жамандық жасаушылар да бірдей емес. Әйтсе де, сендер тым аз ойланасыңдар!” ("Ғафыр" сүресі, 58)

Хадис
“Адамдармен олардың ақыл дәрежесімен санасып сөйлесіңдер”. (Әбу Дәуіт)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Сенен көктер мен жерді нұрға бөлеген құдіретіңмен маған қамқор болып, қорғауыңды һәм қияметте Өзіңнің көленкеңнің астында болуымды сұраймын”. (Абдулла ибн Аббас (р.а))

Мақал
“Жақсы дос пайдасын тигізбесе де, Зиянын тигізбейді”.
Аят
“Сонда Алла оған: «Солай, саған аяттарымыз келгенде оларды қалай ұмыт қалдырып, елемеген болсаң, бүгін өзің де дәл солай ұмыт қалып, мүлдем еленбейтін боласың», – деді”. (Таһа сүресі, 126)

Хадис
“Кімде-кім білім үйреніп, кейін оны жасырар болса, ақиретте оның ауызына оттан ауыздық тағылады”. (Ибн Мәжә)

Дұға
“Уа, Раббым! Жүрегімізді Өзіңнен басқа бір нәрсеге байланудан сақта. Бізді өзгелерге һәм шайтанға таба қылма. Дұғаларымызды қабыл ете гөр. Дұғаларды Сен ғана қабыл етесің”.

Мақал
“Қадам басқан адам ғана жолды бағындырады”.
Аят
“Біз сендерді сол топырақтан жараттық және соған қайтарудамыз. Кезі келгенде сендерді одан тағы да шығарамыз”. (Таһа сүресі, 55)

Хадис
“Адамға насихатшы ретінде өлім жеткілікті”. (Хәйсәми)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Істерімді оңдап, жағдайымды жақсарт. Мені кедейлік пен жаманшылықтан һәм апаттан сақтағайсың. Әрі дұшпанның дұшпандығынан, адамдарды тура жолдан тайдырған шайтанның азғыруынан және әрқашан жамандықты бұйыратын нәпсімнің жамандығынан Өзіңе сыйынамын”. (әзірет Укаша (р.а))

Мақал
“Көрге кірген тірі шықпас, Үйге кірген құр шықпас”.
Аят
“Сендерден бұрын қаншама (ғибратқа толы) оқиғалар, қаншама шариғаттар өтті. Қаласаңдар, жер бетін шарлап, (Алланың хақ діні мен пайғамбарларын) жалғанға шығарғандардың ақыры не болғанын өз көздеріңмен көріңдер”. ("Әли Имран" сүресі, 137)

Хадис
“Екі көз ақиретте тозаққа күймейді: біріншісі күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап шекара күзеткен көз”.

Дұға
“Уа, Раббым! Күнәларымыды кешіре гөр. Жүрегімдегі өкпе мен ренішті кетіргейсің. Мені адастыратын әрі аздыратын нәрселерден алыс ет. Амал дәптерімді оң жағымнан бергізіп, есебімді жеңіл еткейсің”.

Мақал
“Елін ойламағанның – ерлігі зая, Ертеңін ойламағанның – тірлігі зая”.
Аят
“Ендеше, Алланың шексіз рақымына бөленеміз десеңдер, Құран оқылғанда, оған құлақ түріп, үнсіз тыңдаңдар!” ("Ағраф" сүресі, 204)

Хадис
“Үйлеріңізде Құран кәрімді көп оқыңыздар. Себебі, Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй-іші әрдайым қиыншылықта болады”.

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Сені пәктейміз әрі Саған ғана құлшылық етеміз. Күнәларымызды кешіріп, бізге мейірім еткейсің. Расында Сен біз білмейтін нәрселерді білесің”.

Мақал
“Жақсы сөз жарым ырыс”.
Аят
“Расында, Алла әділдікті, Алланы көріп тұрғандай, ең болмаса Алланың өздерін үнемі көріп, бақылап тұратынын сезіне отырып (қаперлерінде ұстап) игі істер істеуді және туған-туысқа қолұшын беріп, қарайласуды бұйырады. Сонымен қатар, арсыздықтан, жамандық атаулыдан және зұлымдықтан (яғни, біреуге зорлық-зомбылық көрсетуден, кісі ақысын жеуден) мүлдем тыяды. Ойланып-толғансын, ғибрат алсын, деп, Алла тағала сендерге осылайша насихат айтып, жол сілтейді”. ("Нахл" сүресі, 90)

Хадис
“Алла сені сүйсін десең дүниеге көңіл бөлме. Адамдар сені сүйсін десең адамдардың қолындағыға көз тікпе”. (Ибн Мәжә)

Дұға
“Уа, Раббым! Мені жаман бір амалмен сынама – жаман бір адам болып танылмайын”. (Әбу Дәрда р.а))

Мақал
“Ашыққаннан құныққан жаман”.