Махаббат өлкесі...
1.02K subscribers
9 photos
2 videos
1 file
32 links
Тек махаббат туралы...

Ұсыныс пен пікірлер бойынша @nurlandos
Download Telegram
Сезім айнасы

Әлемде жоқ қой мінсіз адамың,
Дәлелде деме текке кеп.
Мен саған сосын гүлсіз барамын,
Үнсіз қаларсың өкпелеп.

Солып қалады гүл де арада,
Мәңгілік нені сағындық?!
Күншілдер көрер күнге қарама,
Айға қара да, жанымды ұқ.

Жанымды ұқ менің, ұққың келсе егер,
Өзгелер анық ұқпасы.
Биікке бірге шыққың келсе егер,
Жүректің, міне, тұтқасы.

Биікке шықсақ тек сенің арқаң,
Құлап та қалар кезіміз.
Өмір – сүргенге жеп-жеңіл, қалқам,
Қиындататын өзіміз!

Тағдырды адам сүрген бе жазып?!
Басқа жол шаршап іздеме.
Аруды сүйдім гүлден де нәзік,
Солмайтын қыста, күзде де.

Сəуле боп кіріп кей түнгі шақта,
Жанымда гүлдей жайнашы.
Кіршіксіз таза кейпіңді сақта,
Махаббатымның айнасы!

Авторы: Жоламан Әйткен
https://t.me/olender
❤14👍5
Сізді ойламай ұйықтау мүмкін бе осы?
Сізді ойламай ояну мүмкін бе осы?
Ертегіге айналып кетейікші ə,
Бір бақытты түніме мың түн қосып.

Сізді ойламау... мен үшін күнə сынды,
Көз ілместен үйрендім түн асуды.
Мың маржанның ішінен мөлтілдеген,
Тани алмай жүрсіз-ау шын асылды.

Сізді ойлаудың тартамын тəтті азабын,
Менен басқа өмірдің жоқ мазағы.
Ай нұрына шомылам түніменен,
Таңертең - тап-тазамын!

Авторы: Асылзат Арыстанбек
https://t.me/olender
👍28❤3
Көзімнен көктем көшкелі,
Тербемеді сезім еш мені.
Көңілімнің көркем серігі-ау,
Түсінбей жүрсем, кеш мені!

Қызыға маған қарайсыз,
Биікке бәлкім балайсыз?
Тордағы тоты халіме,
Құштар боп жүрсіз қалай сіз?

Көгімде үнсіз тұр Ай. Күз.
Көңіл де сынық, шырайсыз.
Жырым да жырым жүректің,
Жағдайын несін сұрайсыз?

Қадірін білмей жарықтың,
Жабығып жүрген ғаріппін.
Ақбөкен-тірлік тұсаулап,
Аулақта маңып қалыппын.

Саялар тау да, төбе жоқ.
Кеудемде бір күн сөнер от.
Көріне ме екем Сізге мен,
Төгілген мөлдір Өлең боп?

Сорқұдық жаққа қонбаңыз.
Тұрлаусыз, тарау жолдамыз.
Жақындап, күйіп не етесіз,
Алыста-а-ан ғана қолдаңыз!

Көзімнен көктем іздеген,
Бір ізгі жансыз сіз деген!
Мен бұлай сеніп ешкімге,
Сырымнан алқа тізбегем.

Бақытты балап таңыма,
Орайын жыр қып жаныма.
Самал боп үнсіз ұшып кеп,
Қонайыншы алақаныңа...

Авторы: Бақытгүл Бабаш
https://t.me/olender
❤17👍4
Біз оңаша қалғанда не болады?
Бәлкім, бізден ұяңдық жоғалады...

Бәлкім, үнсіз қалармыз ақтарылмай,
Не айтуға болады шақта мұндай?.

Қаласаңыз, асырмай мөлшерінен
шарап жасап ішерміз жан сөлінен.

Бәлкім, вальс билерміз сырлы түнде,
Қос жалғыздық айналып бір бүтінге.

Нәзік әуен бітпесе таң атқанша,
Жұлдыз біткен таңданып қарап қалса.

Асылармын мойныңа мен еркелеп,
Сені өртемек үшін де, сені өртемек…

Сонда біздің түйісер жанарымыз,
Сол жанардан көрінер хабарымыз.

Сыбырларсың қозғап бір көңіл қылын,
Тек өлтіріп алмашы сенім гүлін.

Келеді ыстық деміңнен сезгім бәрін,
Оңашада айтылар сөздің мәнін.

Ертегі айтып берерсің сонда маған,
Соңы бақыт болатын мен қалаған.

Ертегіге неліктен сенем әлі?
Ары қарай білмеймін не боларын.

Не істеуге болады тағы басқа?
Жүрегіңде атымның бары рас па?

Бары рас па Құдайдың сол жүректе?
(Құдайы жоқ жүректер елжіреп пе?)

Елжіреттім жаныңды қалайша мен?
Сол жылы сәл жымиып қарай сап ем.

Содан бері санаңа салмақ болдым,
Содан бері санама салмақ болдың.

Алыс жүріп неге азап тартамыз біз?
Неге оңаша қалудан қорқамыз біз?

Неге оңаша қалудан қорқамыз біз?

Авторы: Арайлым Мұратәлиева
https://t.me/olender
❤16👍8🔥2
Көз жасымнан дымқыл тартқан күз демі,
Халімізден хабарсыз-ау біздегі.
Сен келердей терезеге қадалып,
Қарашығым неге сені іздеді?

Өмір неге бізді осылай сынайды?
Бөлмеде мен, далада күз жылайды.
Үмітімдей жүрегімнен үзілген,
Жанды ауыртып, жапырақтар құлайды.

Жанарымда дірдектейді дана күз,
Жетім көңіл, жоқ сияқты панамыз.
Адасатын бір-бірінен жел тұрса,
Біз екеуміз жапырақтар ғанамыз.

Авторы: Құралай Омар
https://t.me/olender
👍14❤7🔥1
Күйiн кешiп еркi жоқ... ғашық... құлдың,
Жете алмадық, күбiрлеп асықтырды үн.
Жүрегiмнiң лүпiлiн сiз естiр деп,
Телефонды төсiме басып тұрдым.

Көктем келдi көңiлге, қысы қалып.
Жайда емеспiн, қайтейiн, кiсi ұғарлық.
Бақыт бiткен телефонда сияқтанып,
Құшағыма отырам қысып алып.

Көштi ағылып көлiктер... Көш емес-тi.
Ойды бөлдi шу қала, көше кешкi.
Сүйкiмдi әлемiме аттанайын
Оқып жатып сiз жазған SMS-тi.

Авторы: Құралай Омар
https://t.me/olender
❤17👍7
Махаббат деген — біз десу,
Махаббат деген — сыйластық.
Махаббат деген — кездесу,
Махаббат деген — қимастық.

Махаббат деген өзгеріп,
Махаббат деген — күйге ену.
Махаббат деген сөз беріп,
Махаббат деген — үйлену.

Музаңыз берер төзімді,
Махаббат деген — аманат.
Мезгілсіз келер сезімді,
Махаббат дейміз махаббат.

Махаббат деген сенімнің,
Махаббат деген — шың басы.
Махаббат деген теңіңнің,
Махаббат деген — сұлбасы.

Махаббат деген танысып,
Махаббат деген — достасу.
Махаббат деген қауышып,
Махаббат деген — қоштасу!

Авторы: Айбек Құндақбаев
🔥15❤11🤔2👍1
Кеш батса естігім кеп жұлдыз үнін,
Түрлі түске бояймын мұң қызылын.
Сізді сүйетініме сенді бəрі,
Сіз ғана сенбедіңіз бір қызығы.

Жұлдыз деген шам ба екен жарық төккен,
Сағындырсаң осылай зарық деп пе ем.
Төбеңізден бір жұлдыз ағып түссе,
Жүрегімнің жасы ол тамып кеткен.

Айықпасым белгілі бар кеселден,
Бардан гөрі жан едім арға сенген.
Сезімімнен өзімнің үркіп қашқан,
Үркер жұлдыз сияқты ем таңда сөнген.

Тоқтап қалса амал жоқ бір күн уақыт,
Адамзатқа бұйырған бұлдыр бақыт.
Күн шыққанша көз ілмей Сізді күтті,
Шолпан жұлдыз шолпысын сыңғырлатып.

Алаулаған сезімнің оты күшті,
Сордың қою сорпасын батып іштім.
Сізді сүйетініме бəрі сенді,
Сіз ғана сенбедіңіз...
Өкінішті...

Авторы: Асылзат Арыстанбек
👍22❤9🔥2
МЕН СҮЙЕТІН БІР АДАМ

Сәттерімде көктен сауға сұраған,
Сәттерімде жұбана алмай жылаған,
Сақтау үшін, ойдан, мұңнан, күнәдан.
Бейуақытта маған ессіз ұнаған,
Сен аман бол, мен сүйетін бір адам!

Ғаламымнан мыңға жұмбақ, көрінген,
Аспанымнан кермиық боп керілген,
Жазмышымнан маған сый боп берілген,
Жақсы атыңды күбірлейін еріннен,
Сен аман бол, мен сүйетін бір адам.

Ғажайып та, ғазал да емес, мұң да емес,
Ғайып та емес, ғарыш та емес, жыр да емес.
Жан біткеннен жасыратын сыр да емес.
Адалдықтың жаршысы боп жердегі,
Аман жүрші, әлдилеп мұң-кеудені.
Мені ешқашан сағынбайтын бір адам!

Авторы: Толқын Қабылша
❤31👍9🔥1
Көңілді қоңыр салқын саз жүдетіп,
Көз жетті кеткеніне жаздың өтіп.
Құлайды жапырақтар құба талдан,
Күрең күз құдіретіне тағзым етіп.

Кеші еді солқылдаған күздің суық,
Не шара, жасыл жаздан үздірсе үміт?
Базары тарқап кеткен бақ ішінде
Күтіп тұр әлдекімді Қыз күрсініп.

Жас талдың аптыққан жел есін алды,
Құрғырдың қылығы жоқ еш ұнамды.
Жылаған жапырақтың жетім күйі,
Әп сәтте көңіліме көшіп алды.

Арқаның өңменімнен өтті желі,
Күдерін қайтқан құстан көк те үзеді,
Бозбауыр бала бұлттар боздап тұрып,
Бораған қыстан хабар жеткізеді.

Бәлкім бұл кездесу ме тұңғыш, ап-пақ,
Бақтағы қыз да сабыр тұрды сақтап.
...Бір жігіт сұр көшеге көрік беріп,
Келеді қызыл-жасыл гүл құшақтап.

Елемей қырды гүлсіз, күнді нұрсыз,
Кездесіп тұрды екеуі. ...Тұрмын үнсіз.
Батырған мені мұңға қоңыр Күз бен
Жігіттің қолындағы гүл ғұмырсыз...

Авторы: Қалқаман Сарин
👍18❤6
СЫРТЫНАН...
Ес кірмеген айтылмас, балаға сын,
Жеміс бермес гүлдесін қара ағашың.
Балтырың да, бөксең де, бәрі сүйкім,
Оған менің көзіммен қарағасын.

«Түн болса» дер, жарына ынтық келін,
Соншалықты шықпасын үркіп демің.
Тоқ кеудең бе, әйбәттің, әйбәті-ол,
Ындынымды тұрғасын құртып менің.

Жүргенім де, содан ғой арқан үзіп,
Бәр-бәрінен болғасын қалқа қызық.
Қандай тәтті қойғандай алма беттің,
Шұңқырына Тәңірім бал тамызып.

Әйел деген шегі жоқ бейне ғылым,
Қолдан келіп тұрғанда сөйле тілім.
Өзімнен де қызғанып кетем кейде,
Ішіндегі байлықты көйлегінің.

Бас көтеріп қойғанда, құлқын әнтек,
Жаным демде ұшардай бұлқынар кеп.
Қолым жетпей, кездеспей, жүрген кезде,
Сипаттаймын қалқаны сыртынан тек...

Авторы: Елубай Әуезов
👍14❤2
Күнікей қыз

Күнікей қыз ба ең күн астындағы,
Едің бе әлде гүл нәзік.
Мұңыма менің ұластыңдағы
Отырмын енді жыр жазып.

Үйіме қайтам өкініп, тынып,
«Сүйемін» деуге бата алмай.
Төлеген болып бекініп тұрып,
Жайықты кешіп өте алмай.

Он сегіз неткен ұяң жас еді,
Сырғақтай берем сырғақтай.
Аймалап сүйіп қиялда сені,
Алдыңда үнсіз тіл қатпай.

Аша алмай жүрген бала сырым ба,
Бозбала шақ па тербеткен?
Қара аспан сынды қарашығыңда,
Қамығып жүрмін мен көптен.

Авторы: Шаһизада Әбдікәрімов
👍12🤯1
КЕШІР...

Емін іздеп құлазыған көңілдің,
Бүгін саған өлең болып төгілдім.
...Тілеуіңді тілеп жүрген қай жігіт,
Жүрегіңді жаулап алған сенің кім?!

Сертімізді сақтай алмай ерлікпен,
Кетіп едім сеніміңді жер ғып мен.
Енді менің махаббатым оянды,
Саған деген,
Сен аңсаған,
Сен күткен.

Сағыныштың шырқалсаң да әні боп,
Алайда оның мүлдем-мүлдем мәні жоқ!
Сүйгендіктен өртке малып өзекті,
Саған арнап жыр жазамын әлі көп.

Жаным жаурап, жылу сезбей ешкімнен,
Мұңға оранып, зарық-ғұмыр кештім мен.
Жараны аршып, шыға бердің алдымнан,
Баз баяғы ең аяулы кескінмен.

Жауын алып жүрсең-дағы қос көздің,
Бірақ, енді маңызы жоқ еш сөздің.
Маған деген сезіміңнің пәктігін,
Кешір мені,
Кеш ұғындым,
Кеш сездім!..

Авторы: Мұқағали Ташкенов
❤26👍8
Болмасақ та махаббатқа үйір біз,
Бір сезімді сыйлағандай биыл күз.
Жұрт айтатын бойжету ме бұл әлде,
Әлі ұғып үлгермеген күйін біз.

Сағат санап кездесуге кешкісін,
Мейлі ерте мейлі мұны кеш түсін.
Көздерімнің "сүйем" деген сөздерін,
Жүрегіңіз үнсіз ғана естісін.

Албыртыққа бой бермесін ақылым,
Неге мұнша ынтық еттің,
Ақыным?!
Қыз сезімі қауқарсыз ед, не деген,
"Сүйем" деуге жетпейтұғын батылым.

Саған барар жолдың бәрі бұралаң,
Сені көрмей қалай жаным тұра алам?!
Сағыныштың есіп жатса самалы,
Саған емес, қоңыр күзге оралам.

Жырларыңды жастық етіп жастанам,
Жүрегіңде жүре берсін басқа адам.
Сен бақытты болсаң болды жалғанда,
Мен бағымды іздемеймін басқадан!

Авторы: Шапағат Ерғалиқызы
❤28👍2
МЕН СЕНІ ТІЛЕДІМ ТӘҢІРДЕН!..
(Элегия)

Сеземін...
Сеземін бәрін мен.
Кеудемнен шыққанда ауыр дем,
Мұңлы күй кешкенде, көңілсіз кештерде,
Сезіммен,
Сеніммен,
Сабырмен,
Мен сені тіледім Тәңірден!

Арылмай мың ойдан,
Табылмай табысар бір айлам,
Жабыққан, зарыққан, мұңайған сәттерде,
Жарығым,
Мен сені сұрадым Құдайдан!

Басыма бағалы бақты ілген,
Жан едің пейілі пәк мүлдем.
Мейірлі махаббат әуенін,
Тыңдатып, тіл қатып тәтті үнмен,
Сен маған жолықтың,
Тек сонда жаныма жұбаныш таптым мен.

Жарығым,
Жанарың жәудіреп,
Қарайсың нұрланып, мөлдіреп.
Ізгілік, іңкәрлік аңқыған жүрекпен,
Егіліп, елжіреп,
Мен сені сүйемін соңғы рет!

Шаршатып, сабылтып,
Аңсатып, сағынтып,
Тағдырың жаныңды жылатар.
Тулаған, тасынған,
Алқынған, ашынған,
Ақынмын ақылсыз, күнәһар.
Ақадал жүрегің жаралы, қайтейін,
Менде де дәрмен жоқ жұбатар...

Сезіммен,
Сеніммен,
Сабырмен,
Мен сені тіледім Тәңірден!..

Авторы: Мұқағали Ташкенов
❤23👍4🔥2
Құй бокалға шарабыңнан, ішейін,
Мәжнүн болсаң, Ләйлі күйге түсейін.
Махаббаттың ешкім көріп, білмеген,
Құпиялы сүрлеуіне түсейін.

Сенде мас боп, менде мас боп қалайын,
Өткізейік сын сағаттың талайын.
Сонан кейін... сонан кейін ұйықтап,
Құшағыңнан жылы ләззат табайын.

Шарапқа емес, иісіңе мас болып,
Ұйықтайыншы таң атқанша тас болып.
...Бірақ әттең, оянған соң өкініп,
Тамбайды ма бал сезімім жас болып?

Автор: Ажар Садықова
❤22👍2
Сізге өлең жазбағалы көп болды,
Хат келмеді Сізден де.
Бəлкім, сезім жалт етті де жоқ болды,
Əддіміз жоқ іздеуге.

Қайырлы таң тілемедім біраздан,
Қайырлы түн! – демедіңіз Сіз дағы.
Сіздің жақтан ескен сырбаз салқындық,
Басып озды мына күздің ызғарын.

Сізге өлең арнамайын деп едім,
Өлең дағы көнбейді екен ырқыма.
Баяғыдай Сізді жақсы көремін,
Жүрегіңіздің қарамастан құлпына.

Авторы: Асылзат Арыстанбек
❤23👍2
Не істей алар екенмін сен үшін мен?
Балдың, удың... құдай-ау, көбі ішілген.
Қараймын да жүзіңе, ойланамын,
Әлденені айтамын... тек ішімнен.

Іші-бауырым езіле, емірене,
Емірене қараймын, тебірене.
Саған ғана айтатын сырларым бар,
Саған енді айтпаймын соны неге?

Өңім тағы құбылып өрт кешкендей,
Көңіл тағы құбылып дерт көшкендей,
Сақтау үшін бір ұлы құпияны,
Үндемеуге екеуміз серттескендей,

Үндемейміз. Үнсіздік ұнағандай,
Үндемейміз, іште бір кінә бардай.
Маңдайыңның қараймын сызығына,
Хал-жайыңды солардан сұрағандай.

Жанымызды, жүректі тұмшаласып,
Қайда жүрдік жолықпай мұнша ғасыр?!
Маған қарап күрсініп қоясың тек,
Білем, білем, ішіңнен мұң шағасың,

Мұң шағасың, сеземін, мұңаясың,
Мұңайғаның әдемі, құдая, шын.
Мен сені аяп отырмын, сен мені аяп,
Аярлықсыз осылай кім аясын.

Кісі көңілі көктемге сенеді екен,
Сол сенімдер боп еді неге бөтен?
Бізді айырған бір кезгі жегі сөздер,
Үнсіздікте осылай өледі екен.

Үндемеші. Осылай наз айтылар.
Қайбір сұрақ көңілді қажай тұрар.
Үндемеймін. Іште сөз жанып-сөніп,
Бізге бүгін керегі өзі айтылар.

Өткен өмір – ұмтылған түстей ғана,
Енді бізге ешкім де түспейді ара.
...Өтіп кетер ме екенбіз бұл өмірден,
Күбірлесіп екеуміз іштей ғана.

Авторы: Ерлан Жүніс
❤20👍1
Сен маған шексіз сағынғаныңды айтшы,
Басқа сөз айтпа, жарығым.
Қалаға сыймай аласұрғаныңды айт,
Таусылып төзім, сабырың.

Сен маған шексіз сүйетініңді айтшы,
Кеудемді жатсын гүл көміп.
Өртеніп, жанып күйетініңді айтшы,
Күйетініңді айт күл болып.

Мен тек өзіңе ғашықпын деші,
Айт және оны сыбырлап.
Сыбырыңды естіп аспанда сонау,
Жұлдыздар тұрсын жымыңдап...

Маған тек шексіз сағынғаныңды айт,
Басқа сөз айтпа, жалыққам!
Ерке сезімнен ерісін жүрек,
Дауысыңды естіп зарыққан.

Жарығым, маған сағынғаныңды айтшы,
Сағынғаныңды айт жай ғана...
Атқанша ақ таң талықсыт сосын,
Тар төсекте сол... аймала.

Авторы: Алма Ақылбайқызы
❤18👍4