Марфуға Шапиян 📚 КІТАПҚҰМАР
1.66K subscribers
97 photos
5 videos
5 files
228 links
Download Telegram
Мұхтар Мағауин оқуға ұсынған кітаптар:

1. Абайдың "Ғақылиясы".
2. М.Әуезовтің алғашқы әңгімелері, "Қараш-қараш" пен "Қилы заман" және "Абай жолы".
3. С.Мұқановтың "Өмір мектебінің" бірінші кітабы.
4. Гоголь "Миргород" пен "Петербург повестері".
5. Стендаль "Қызыл мен қара", "Парм монастрі".
6. Бальзак "Адамзат комедиясы", уақыт жеткенше;
7. Тургенев түгел;
8. Толстой "Кавказ әңгімелері", "Казактар", "Крейцер сонатасы", "Иван Ильичтің өлімі", "Хажымұрат", "Соғыс және бейбітшілік";
9. Достоевский "Өлі үйден шыққан жазбалар", "Құмарпаз", тағы екі-үш романы;
10. Пастернак "Доктор Живаго",
11. Кобо Абэ "Құмдағы әйел", "Бөтеннің түрі" және бұрынғы-соңғы жапон әдебиетінен көзге ілінгеннің барлығын;
12. Мериме;
13. Эдгар По;
14. Мопассан;
15. Мамин-Сибиряк, Чехов, Каплинг, Джек Лондон, Кнут Гамсон, Бунин, Акутагава, Моэм, Набоков, Иво Андрич, Колдуэлл, Хемингуэй, Шаламов әңгімелері немесе қолға түскен кез келген шығармасы, содан соң... Стефан Цвейг жазған "Бальзак".

©Мұхтар Мағауин. "Мен"
Кеш жарық, достар! Менің аты-жөнім - Марфуға Шапиян 😊Негізінен журналистпін. Қосымша ютубте кітап пен саяxатқа арналған каналым болғаннан кейін блоггер деп атайтындар да жоқ емес. Жазғанды жақсы көрем, кітап оқыған одан да қатты ұнайды. Саяxат десе тіпті есім кетеді))

Көрген-білгенімді, оқығанымды бөлісіп отырғанды абзал көрем 😇 Сондықтан осы каналды ақырындап жүргізіп жүрмін ☺️Бұл жақта оқыған кітаптарым, сүйікті жазушыларым, саяxаттарым мен діни тақырыпта түйгендерімді жариялап отырамын. Әрі осыған дейін әр жақтан жинаған қазақша кітаптардың, әлем әдебиетінің электронды нұсқасымен бөлісемін.

Жазылып, оқып жүргендеріңіз үшін рақмет! 🙏 Парақшам бұдан ары қызықты бола түссін десеңіздер достарыңызды жазылуға шақырып, бөлісіп, подписчиктерімді көбейтулеріңізді сұраймын 😊 Егер жазылушылар саны 500-ден асса, көптен ойымда жүрген қызықты жобамды бастамақпын 😉
#иманым_жиғаным 💐

"Бала кезімде орын алған осы бір оқиға кейін есейгенде де есімнен бір шыққан емес.

Кішкентай кезім, бірде әкем екеуміз циркке билет алайық деп кезекке тұрдық. Ұзын сонар кезек аяқталып, алдымызда бір отбасы ғана қалды. Жаңағы отбасы еріксіз назарымды аударды. Ерлі-зайыптының жастары 12-ге де жетіп үлгермеген 8 баласы бар екен. Жұпынылау бірақ таза киімдеріне қарап, дәулетті емес екенін де, балалардың клоундардың суреттеріне қарап, бір-біріне көрсетіп мәз болысып жатқанынан бұрын циркте болмағанын да бірден байқауға болады.

Кассадағы қыз жігітке: "Қанша билет керек?" деп еді, ол мақтанған дауыспен: "Менің отбасым үшін 8 балалар, 2 ересектер билетін беріңіз" деді. Кассирші қыз билеттің бағасын айтып еді, әйел күрсініп төмен қарады. Еріндері дірілдеп кеткен отағасы билет бағасын қайта сұрап жатты. Олардың ақшасының жетпей тұрғаны айдан анық еді...

Бірақ артында тұрған 8 баласына бұрылып: "Ақшам жетпеді, циркке кіре алмаймыз" деп айтуға дәті қайтіп барсын? Жағдайды көріп тұрған әкем әмиянын ашты да, ақша алып шығып, оны жерге түсіріп алды. Сосын алдында тұрған жігіттің иығынан қағып: "Кешіріңіз, мына ақша сіздің қалтаңыздан түсіп қалды" деп, өзі тастаған ақшаны алып берді. Жігіт түсіне қойды.

Рас, ол әкемнен көмек сұрамады, бірақ тығырыққа тірелген сәтінде келген көмекке қатты қуанды. Әкемнің қолын алып қайта-қайта: "Бұл менің отбасым үшін өте маңызды дүние еді, рахмет сізге!" дей берді.
Әкем екеуміз кері бұрылып, үйге қайттық. Өйткені бізде билет алатын басқа ақша жоқ болатын. Бірақ циркке кіре алмағаныма мен де, ақшаны өзгеге беріп, өз ұлына циркке билет әпере алмағанына әкем де өкінген жоқ. Клоундардың ойынын тамашалаудан да жақсы іс істегенімізді бала түйсігім сезген еді..."

Пы.сы. Таңертең кітап оқып отырып, ұнап қалған осы оқиғаны сіздерге аударып беруді ұйғардым) Бізден тікелей келіп көмек сұрамаса да, айналамызда біздің кішкентай қол ұшын созып жіберуімізге мұқтаж қаншама жандар бар. Жақындарымызға ғана емес, айналамыздағы бөтен адамдарға да қайырымды болайықшы!
#иманым_жиғаным 💐

Бүгін таңертең Құран оқып отырып, قليلا ما تشكرون яғни, "аз шүкір етесіңдер" деген аятты кездестіріп қалдым.

Баяғыда бала кезімде көршінің баласының ойыншығына немесе сыныптасымның бір киіміне қызығып "маған да сондай әперіңдер" деп қиғылық салсам, әжем: "Анау пәленбайдың баласын қарашы, үстінде дұрыс киімі де жоқ, анау түгенбайдың дастарxанын көрдің бе, наннан басқа ас жоқ, ыстық тамақ ішпегелі қай заман?! Ал сен осы күніңе неге шүкір етпейсің?" деп кейитін. Ондайда өзімнің оғаш қылығым үшін ұялып кететінмін. Ал біздің әжелердің әр күні шүкірмен басталып, шүкірмен аяқталушы еді ғой.

Бүгінде өмірімізде кейбір келеңсіздер орын алса, сол шүкіріміздің жоқтығынан екені туралы ойланамыз ба екен, өзі? Әлде жанымызға бәрін дер кезінде есімізге салып тұратын бір-бір әже керек пе?

Алла тағала "Шүкір етсеңдер, арттыра беремін" дейді... Ендеше неге аз шүкір етеміз... Бүгін кездескен осы аят мені кәдімгідей ойға салды...

Сіз ше? Бүгінгі жарық таңды көргеніңіз үшін, аман-есен оянғаныңыз үшін, ғұмырыңыз мүмкіндіктерге толы тағы бір күнмен ұзарғаны үшін шүкіршілік айттыңыз ба? 😊

P.s. Шүкірді шын жүрекпен "әлxамдулиллаһ" сөзін кем дегенде 50-100 рет қайталап та айтуға болады 😉
танымал_оқырман🌷

Мәскеуге өткен аптада перулік жазушы, Нобель сыйлығының 2010 жылғы лауреаты Марио Варгас Льоса қаламгерлерге арналған «Ясная поляна» сыйлығын алуға келіпті.

Орыстың «мен» деген басылымдарының барлығы Льосадан сұхбат алып, жариялап жатыр. Біразын оқып шықтым. Іштей «түуу, бізге қашан Нобель сыйлығын алған жазушылар келер екен? Біз олардан қашан сұхбат алар екенбіз?» деп армандап қойдым. Журналистер Льосадан сүйікті кітаптары мен жазушылары туралы сұраған екен. Берген жауабын сіздерге де ұсынып қояйын:

1. Бала кезімде Жюль Верннің кітаптарын оқыдым;

2. Одан кейін А.Дюманың «Три мушкетера» кітабы;

3. Виктор Гюгоның «Аласталғандары» жан дүниеме төңкеріс жасады;

4. Фолкнердің болмашы дүниеден керемет нәрсе жасап шығатын ғажап-ақ, әсіресе «Госпожа Бовари».

5. Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігі» теңдессіз роман.

6. Сосын философ жазушы Сартрды айтпай кетуге болмайды.

7. Герценнің «Былое и думы» атты мемуары қатты әсер етті.

8. Достоевский «Бесы».
Бүгін қазақтың көрнекті жазушысы Рахымжан Отарбаевтың туған күні. Мұрағатымда жазушының кітаптары жоқ екен. Алайда оның "Шыңғысханның көз жасы", "Біздің ауылдың амазонкалары" деген секілді әр қазақ оқуы тиіс тамаша туындылары бар. Сондықтан осы сілтемені жіберіп отырмын. Мұнда жазушының үш кітабы тұр. Онлайн оқуға болады 😊 http://adebiportal.kz/kz/authors/book/2214
Forwarded from Marfu
Бүгін өзім қазақ әдебиеті классиктерінің қатарына қосатын Дулат Исабеков ағамыздың туған күні. Жазушы 75-жасқа толып жатыр екен.

Кітаптарын бала күнімізден оқып өстім. Журналистикаға келгеннен кейін ағамызбен бір дұрыс сұхбат жасасам деп жүруші едім. Оның сәті биыл түсті. Әдебиет порталында "Қаламгердің бір күні" атты жобамның бар екенін білесіздер. Соның аясында жазда Алматыға арнайы барып, Дулат ағамыздың жанында бір күн бойы еріп жүріп, сұхбаттасып, үйінде қонақ болып, апайдың қолынан дәм татып қайтқан едім. Әсіресе апай әзірлеп берген кофенің дәмі өзім ерекше жақсы көретін Starbucks пен Costaның кофелерінің дәмінен кем түспейді-ау, кем түспейді. Артынан неге рецептін сұрап алмадым екен деп өкінгенім бар :)

Аға кең көсіліп сұхбат берді. Әсіресе сүйікті шығармам, Асқар Сүлейменов туралы жазған "Қарғыны" туралы, оны Сүлейменовтің қалай қабылдағаны туралы сұрағанымда күліп қойып, ол кісінің мінезін келтіре отырып жауап берген еді. Дулат ағамен бірге өткізген бір күн мына сілтемеде, әдемі фотолар да бар: http://adebiportal.kz/kz/news/view/19005
#Марфуғадан_кітап📚

"Қарғын", "Бонапарттың үйленуі", "Тіршілік", "Дермене", "Ақырмаштан наурызға дейін", "Ескерткіш" секілді тамаша туындылардың авторы, сүйікті жазушымыз Дулат Исабековтың бүгінгі туған күніне орай сіздерге 4 кітабын ұсынбақпын. Екеуі орысша, екеуі қазақша. Оқымағандар болса, оқуға кеңес берем. Өйткені, Дулат аға - қазақ әдебиетінің көзі тірі классиктерінің бірі 😊

Мына суретін өзім түсіріп алғам 😉
#Қаламгерлердің_қызықтары

Дулат Исабеков Мұхтар Шахановтың өлеңдеріне өзінше пародия жасап жүреді екен. Мысалы, "Жігерлендіру немесе өзін бақытсызбын деп есептеген жігітке жауап" атты өлеңіндегі:

Кім айтты саған:
Тұлпарды сүрінбейді деп,
Асауды мінілмейді деп,
Ақ көйлек кірлемейді деп,
Қара ешкі мүжіген ағаш
Қайтадан гүлдемейді деп?
– деген жолдарына келтірген Дулат Исабеков:

Кім айтты саған:
Күн қайта шықпайды деп,
Кім айтты саған:
Күн қайта батпайды деп,
– деп әзіл өлең шығарған көрінеді. Оны естіген Мұхаң ренжімейді, қайта балаша мәз болады екен. Қаламгерлердің әзілдері де өздеріне жарасымды😊
#Марфуғадан_кітап📚

Француздың фантаст жазушысы Жюль Вернді білмейтін оқырман жоқ шығар. Бала күнімізде осы бір жазушының небір шытырман оқиғаларға толы романдарымен өстік қой. Жақында ғана бір қыз жекеме шығып, осы бір автордың кітаптарын сұраған екен. Сондықтан сіздерге Жюль Верннің қазақ тіліне аударылған "Он бес жасар капитан" атты кітабын ұсынып отырмын.

Жюль Верннің кітаптары сізді балалық шаққа бір саяхат жасап қайтарары анық. Немесе 10-16 жасар балаларыңыз болса, бұл кітаптың оларға ұнары, көңілдерінен шығары сөзсіз. Игіліктеріңізге жарар деген үміттемін 😊
#Марфуғадан_кітап📚

Шыңғыс Айтматов - сүйікті жазушыларымның бірі. Кейде оны қырғыздардан қатты қызғанып кетемін. Негізі қазақ боп туа салғанында ғой😊

Негізінен барлық туындыларын оқыған шығармын. Мен үшін олардың арасындағы "Боранды бекеті", "Жәмиләсі" мен "Шынарым менің, шырайлымның" орны бөлек.

Ал сіздерге бүгін "адамзаттың Айтматовының" "Құс жолы" атты кітабын ұсынып отырмын.
#Марфуғадан_кітап📚

Мен Әбіш Кекілбаевты қазақ әдебиетінің маңдайына біткен бағы деп білемін. Тілі мұншалық шұрайлы, бай Әбіштей жазушы қазақта жоқ шығар. Өзімен кездесіп, бір сұхбат алсам деуші едім. Бірақ ол бұйыртпаған екен. Мен Астанаға ол кісінің жағдайының көңілсіздеу кезінде келдім. Өмірінің соңғы жылдарында оған лайық құрмет көрсете алмағандаймыз...

Әбішті әр қазақ оқу керек. Жата-жастана оқу керек. Сол себепті сіздерге бүгін Халық жазушысының атақты "Үркер" романын ұсынамын😊
​​#Марфуғаданкітап📚

Бүгін қазақтың белгілі жазушысы Тахауи Ахтановтың туған күні. Бұл жазушыны Әуезовтің өзі "әдебиеттегі үлкен құбылыс" деп мойындаған.

Тахауи Ахтановтың қазақ әдебиетіне қосқан қомақты үлесі ретінде үш туындысын ерекше атап айтуға болады. Олар - "Қаһарлы күндер", "Боран", "Шырағың сөнбесін". "Бораны" үшін Мемлекеттік сыйлықты алған.

Жазушының бүгінгі туған күнінің құрметіне бір топ повестерін ұсынамын 😊
​​#танымалоқырман🌷

Уинстон Черчилльдің сүйікті кітаптары:

1. Зигфрид Сассунның өлеңдер жинағы. Черчилль оның өлеңдерін жатқа оқып жүреді екен. Кейбір саяси көзқарасына қарамастан ақынды қатты құрметтеген, тіпті жұмыс ұсынған кездері де болыпты.

2. Джейн Остин, «Гордость и предубеждение». 1908 жылы 12 қыркүйекте Черчилльдің үйлену тойы өтеді. Осы тойға сыйлық ретінде Ұлыбританияның Премьер-министрі Джейн Остиннің бүкіл шығармаларының жинағын алып келеді. Арасында «Гордость и предубеждение» де бар еді. Әйел жазушы болғаннан кейін бе, Черчилль бұл жазушыны онша ұната қойған жоқ. Бірақ дәл осы кітабын қатты жақсы көрді. Тіпті ауырып қалғанында кішкентай қызына дауыстатып оқытып қойып, тыңдап жатады.

3. Маргарет Митчелл, «Унесенные ветром». Бұл – Черчилльдің бірнеше рет қайталап оқыған кітабы. Және өзінің кей сөздерінде дәл осы кітаптан цитата келтіріп отырған екен. Черчилль «Унесенные ветромның» экранизациясын да қатты ұнатқан.

4. Джордж Оруэлл, «1984». Бұл кітаптағы бас кейіпкер Уинстон Смит Черчилльдің құрметіне осылай аталған екен. Алайда, Черчилль кітапты мұнысы үшін ғана емес, ішіндегі көзқарасы өзінікімен қабысқаннан кейін де ұнатқан.

5. Оскар Уайлд, «Баллада Редингской тюрьмы». Бұл Черчилльге ерекше әсер еткен, көзқарасын қалыптастырған кітап.

6. Генри Райдер Хаггард, «Копи царя Соломона». Бұл кітапты Черчилль алғаш 11 жасында оқыған екен. Тіпті ұнатқаны сондай, авторға алғыс айтып хат жазған. Кейін автордың өзімен кездескенде түрлі сұрақтарын қойған. Жалпы бұл романды Черчилль 12 рет қайталап оқып шыққан екен.


Төменде Черчилльдің сүйікті кітаптарының электронды нұсқасы:
​​#Марфуғаданкітап📚

Сұлтанмахмұт десе, білімге ессіз құмарлықмен ұмтылған, қалай да ұлтының бір қажетіне жарауға талпынған жігерлі жас есімізге түседі. Қолындағы қысқа жібі күрмеуге келмей шарқ ұрған жалынды жүректің өнегелі өмір жолы көз алдымыздан фильмнің үзік-үзік таспасындай өтіп жатады.

Алла тағала Сұлтанмахмұтты кедейлікпен де, аурумен де сынады. Анасынан да жастай айырды. Соған қарамастан Аллаға деген махаббаты бір сәт те бәсең тартпаған Махмұт 19 жасында Құранның 13 парасын жатқа білген екен. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болмаққа» ұмтылған, небәрі 27 жас өмір сүрген ақынның өлең-ғұмыры да таңдануға тұрарлық.

Бүгін Сұлтанмахмұт ақын дүниеге келген күн. Аз ғұмырда мол мұра қалдырған ақынның "Қамар сұлу" мен "Адасқан өмірін" өздеріңізге ұсынбақпын.
Бүгін кітап оқып отырып "Біздің ең биік парызымыз - өлімге дайындалу" деген сөзді оқып қалдым. Марк Аврелийдің "Өзіммен өзім ғана" деген философиялық туындысында келтірілген бұл сөзді Толстой қатты жақсы көрген дейді...
​​Бүгін орыстың ұлы жазушыларының бірі Достоевскийдің туған күні. Достоевский туралы айтуға қатты қиналамын...

Менің кітап оқығанды қатты жақсы көретін бірер досым бар. Олар Достоевский десе өледі. Менің Толстойды жақсы көретінім сияқты... 

Жұрттың Толстой мен Достоевскийді салыстыра беретіні ұнамайды. Тіпті орыс журналистерінің өздері Нобель алған жазушылардан сұхбат алып отырып "Толстой ма? Достоевский ме?" деп қыстыра кетулерін қоймайды. Екеуі екі бөлек жазушы емес пе?! Бірақ менің бүйрегім бәрібір Толстойға бұрады]]] Белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікке осы сұрақты кезінде "Аңыз адамға" Толстойды жазғанда мен де қойып едім. Ол кісі: "Достоевский шығармаларындағы көркемдік шеберлікті Толстойдың кемеліне жеткізген суреткерлік талантымен салыстыру, қалай болса солай салынған Алматының үйлерін, көркіне көз тоймайтын Праганың әсем сәулетімен ойша теңестіргенмен пара-пар әбестік болар еді. Әлемді мойындатқан ұлы жазушыларға қойылатын шығармашылық шеберліктің биік талабының өлшемімен бағалап Достоевский туындыларын сараласаң, олақ қатынның қолынан шыққан бұйымдардай бір кемшіліктен соң екіншісін таба бересің" деп жауап беріп, көңілімді орнына түсірген болатын :]   

Ал мен Достоевскийден қорқамын. Рас айтам, кәдімгідей қорқамын. Оның бірінен-бірі өткен қылмыскер кейіпкерлері жүрегімде өзгеше үрей тудырады. Кейіпкерлері тұрмақ, Достоевскийдің өз болмысы да көкірегіме қорқыныш сезімін ұялатып бітеді. Сыртқа шығарып айтпасам да, "Достоевскийдің жүйкесі қаншалықты дұрыс болды екен?" деген ой үнемі көкейімде тұрады. 

Питерге барған сапарымда бір кездері Достоевский тұрған, бүгінде музейге айналған үйді армансыз араладым. Жазушыны танығым келді. Бірақ бәрібір бұл ұлы суреткерге әлі де тісімнің батпайтынын түсіндім. Студент кезімде жартылай оқып тастап кеткен "Идиотын", былтыр ғана ютубтегі каналымда замандастарына Әсия құрбым ұсынып, бастап, тағы да аяқтай алмаған "Братья Карамазовыны" толық оқымай, өзге де шығармаларымен түгел таныспай, біздің Шоқанға ғашық болған бұл жазушыны толық тани алмайтынымды түсіндім. 

Тек оқу керек екен. Күндердің күнінде, жазушыны толық танығанымда мүмкін мен де базбіреулер секілді Достоевскийді Толстойдан артық көрермін. Әй, ол қайдам енді... Әзірге, кітап оқиық :) 

Достоевскийдің орысша кітаптарын интернеттен өздеріңіз де тауып аласыздар ғой. Мен сіздерге "Ағайынды Карамазовтардың" Нияз Сыздықов аударған қазақша нұсқасын ұсынып отырмын. Бірге оқиық ;) 

Бұл - Достоевскийдің Санкт-Петербургтегі үйінде түскен фотом :)
🎉🎉🎉
Негізі 500 адам болғанда осы каналымда салют атам деп ойлағам 😀 Сөйтсем, 500-ден бір-ақ күнде асып кетіпсіздер ғой! ☺️ Барлықтарыңызға рақмет! 😘 Көбейе берейік! 🤗 Телеграммы бар достарыңызды шақыра жүрсеңіздер қарсы емеспін 😉
​​#Марфуғаданкітап📚

2010 жылы бала кезімнен сүйікті жазушым болған Шерхан Мұртазаны іздеп, Таразға бардым. Ой, ол сапарымыздың қызықтарын islam.kz порталына кезінде әдемілеп жазғам. Үйін қалай тауып барғанымыз қызықтырса сол жақтан оқып аларсыздар (http://islam.kz/kk/articles/islam-jane-tulga/jazushy-sherhan-murtazanyn-jainamazy-2006/#gsc.tab=0)

Қазіргі әңгіме кітап туралы ғой. Үйіне барған соң Шерхан ағаның кабинетін көріп, кітаптарын тамашалап жүріп, көзім Құран кітабына түсті. Ойыма жазушының «Бір кем дүниесінде» жазған: «Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады. Адамды аздыратын жаман қылықтар да өзіңнен шығады. Ол да тат. Оны сабындап жуып кетіре алмайсың. Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап. Ең бірінші – Құран! Екінші – хадистер! Ұлы классиктер.

Қазақтың ұлы ақын-жазушылары. Кітап жем, су сұрамайды. Кітап – ғажайып қазына. Кітап - өмірсерік. Кітапты сүймеген Құдайды да сүймейді. Бір кем дүние», – деген жолдары оралды.

Ақиқатты таныған жазушы. Саналы ғұмырында шындықтан аттамаған жазушы. Өмірбойы Кеңестік идеологиямен ғұмыр кешіп, Құдайын жоғалтпаған жазушы. Кейінгі ұрпаққа өмірі үлгі жазушы.😊 Риза болдым, шыны керек.

Сіздерге жазушының кейінгі жылдары жазған сол "Бір кем дүниесін" ұсынамын. Тез-ақ оқылады. Бір-ақ сағат десе болады. Оқи отырыңыздар 😉