Марфуға Шапиян 📚 КІТАПҚҰМАР
1.66K subscribers
97 photos
5 videos
5 files
228 links
Download Telegram
2017 жылы 100 кітап оқимын деген мақсат қойған едім. Алайда мақсатым орындалмады. Небәрі 50-ге жуық кітап оқыдым. Екі есе аз, әрине. Соған қарамастан жүз кітап оқу мақсатымды келесі 2018 жылға сол күйі қалдырамын. Биылғы оқыған кітаптарымның тізімі мынау.

1. Күләш Аxметова "Күн шыққанда күліп оян"
2. Барша мұсылманның ардақты анасы Хазірет Айша (р.а.)
3. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) аяулы қызы - Фатима (р.а.)
4. Абдулла Кулькибаев. Алғашқы мұсылман xазірет Хадиша (р.а.)
5. Доктор Джо Диспенза "Сила подсознания"
6. Орxан Памук "Рыжеволосая женщина"
7. Юкио Мисима "Золотой xрам"
8. Игорь Манн "Номер 1"
9. Құдайберді Бағашар "Тәрбие сағатынан естеліктер"
10. Орxан Памук "Стамбул. Город воспоминаний"
11. Лев Толстой "Моя биография"
12. Джорджина Хауэлл "Королева пустыни"
13. Бақытжан Бұқарбай "Күміс кітап"
14. Хэл Элрод "Магия утра"
15. Орхан Памук "Менің атым Қырмызы"
16. Осман Нұри Топбаш "Тасаууф"
17. Виктор Гюго "Собор Парижской богоматери"
18. Виктор Франкл "Человек в поисках смысла"
19. Грех Мортенсон, Д.О.Релин. "Три чашки чая".
20. Кэндзабуро ОЭ "Жапон жаны"
21. Асқар Сүлейменов. Таңдамалы, 1-том
22. Қанат Тілеуxан "Қараштың әңгімелері"
23. Нұрдәулет Ақыш "Рақымсыз көктем"
24. Әбіш Кекілбаев "Шыңырау"
25. Тұрсын Жұртбай "Күйесің жүрек, сүйесің"
26. А.П.Столешников "Как вернуться к жизни"
27. М.Әуезов "Абайды білмек парыз, ойлы жасқа"
28. Шамиль Аляутдинов "Финансы триллионера"
29. Венди Сузуки "Странная девочка которая влюбилась в мозг"
30. Зейнолла Қабдолов "Менің Әуезовім"
31. Омар Жәлел "Харекет"
32. Кадзуо Ишигуро "Отстаок дня"
33. Николай Соболев. Кирилл Жуковский.Жуковский, Кирилл. «YouTube: Путь к успеху".
34. Джон Кеxо "Подсознание может все"
35. Ясунари Кавабата "Тысячекрылый журавль"
36. Дженни Нордберг "Подпольные девочки Кабула"
37. Абдель Фаттах Абу Гудда. "Ценности времени"
38. Джереми Кларксон. "Вокруг света с Кларксоном"
39. Ақыт Үлімжіұлы. "Қажыбаян"
40. Ғалымбек Тобашев. "Көзді күнәдан қалай қорғаймыз?"
41. "Намаз оқығым келеді, бірақ..."
42. Асқар Әкімханов "Жастарға арналған отыз хадис"
43. Чекин Ф. "Ғайбат"
44. Асылбек Әуезханұлы. "Жанұя жарасымы"
45. Н.Сайлауұлы. Е.Ыбырайымұлы. "Ораза теңдессіз құлшылық"
46. Б.Бейсенов. "Қазақ ойшылдары дін туралы"
47. Кейт Феррацци "Никогда не ешьте в одиночку"
48. Лев Толстой "Дневники"
49. Ләйлә Сұлтанқызы "Менің екінші кітабым"
50. Баян Мақсатқызы "Өзім жайлы ғана емес"
51. Дэвид Аллен. "Приводим жизнь в порядок"

Осы тізімнің ішінде қатты ұнағандарын ютуб каналымдағы видеомда айттым. Сілтеме мынау:
https://youtu.be/uRu5OpfaX18
https://youtu.be/uRu5OpfaX18
https://youtu.be/uRu5OpfaX18

#Marfureads
#Марфуғаданкітап📚
#Marfuyoutuber
#Марфуғаданвидео🎥
#МарфуғаШапиян
​​Өткен аптада күнделік жазу әдетін қалыптастырған болдық. Бұрыннан жазатынымыз, жалғастырдық. Мүлде жазбайтынымыз қолға алдық. Ақыры жаңа жақсы бір әдет таптық. Солай емес пе?

Енді «Одна привычка в неделю» кітабы осы аптаны «Музыкамен өткізіңіз» деп кеңес береді. Алдыңғы күнделік жүргізуді тастамаймыз, тек музыканы қосып аламыз.
Бұл кітаптың жазуынша, музыка адамға ана құрсағында жатқаннан позитивті әсер етеді екен.

Жақсы музыка сәбидің көңіл-күйін көтеріп, ұйқысын тыныштандыратын көрінеді. Әрі оның миының дамуын жақсартып, есте сақтау қабілетіне елеулі әсер етеді. Ал үнемі жақсы музыка тыңдайтын ересектер қауымының жұмысы нәтижелі, өнімді болады екен.

Психикалық ауытқуы бар немесе депрессиядағы адамдарды да осы музыка арқылы емдейтін көрінеді. Сіздерде ондай жағдай жоқ болар, десек те мотивация алу үшін, әрі көңіл-күйіңді жақсарту үшін жақсы музыка тыңда дейді бұл кітап.

Кітап авторы Бретт Блюментальдың музыкаға қатысты негізгі кеңестерін бере кетейін:

1. Жақсы аудиотехника сатып ал.
2. Тыңдайтын музыкаңды жақсылап таңда!
3. Музыкалық талғамыңның аясын кеңейт.
4. Музыканы өміріңнің бір бөлігі ет (тамақ істеп жатқанда, көлікте, спортзалда...) 5. Теледидар, инстаграм, ютубың орнына бір уақыт музыка тыңда.
6. Өзіңді және өзгені музыка арқылы емде.
7. Өз әнұраныңды жаз немесе тап!
8. Өзің музыка шығарып көр!
9. Музыкалық аспапта ойнауды үйрен.
10. Музыкалық кеш өткіз.

Музыканы, әдемі әндерді мен де жақсы көремін. Көбіне жұмыста наушникпен отырамын. Өйткені, мақала жазғанда сөзсіз, менің құлағымда жақсы әуен ойнап тұруы керек. Мен тіпті қай әннің орындалып жатқанын аңғармауым мүмкін, есесіне мақалам сәтті жазылады. Сонымен қатар, Құранды да Құдай шығарған жақсы музыканың бір түрі деп айтуға болар. Өйткені Құран тыңдағанда да жаным тыныштанады.


#Marfureads
#Марфуғаданкітап📚
#однапривычкавнеделю
#аптасына1әдет
#МарфуғаШапиян
​​Бүгін "Көшпенділер" секілді ғажап шығарманы дүниеге әкелген жазушы Ілияс Есенберлиннің туған күні.

Мен Есенберлинді алғаш "Махаббат мейрамы" кітабы арқылы таныдым. Үйде мұқабасы ескіріп кеткен, бір жақ шеті желінген қоңыр кітап болушы еді. Кезінде әкем оқыған. Бас кейіпкерін қатты ұнатып қалса керек, өзімнен кейінгі бауырымның атын сол кітаптан алып, "Еркебұлан" қойған еді. Кейін кітап оқымайтын Еркебұлан да ол кітапты оқыды.

"Көшпенділер" де бала күнімде үйде бар болатын. Үш томы бөлек-бөлек кітап. Әкем "Есенберлин бұл кітапты жазу барысында талай қиындықты бастан кешірген. Тіпті соңынан бастап жазған" дейтін. Маған ол ертегідей көрінеді. Адам аяғынан басына дейін қалай жазуы мүмкін? Сөйтсем, Кенесары ханға байланысты соңғы томды бірінші жазғанын айтқан екен ғой. Әкем "Кенесары" деген атты да жақсы көреді. Әзірге туысқандарымыздың балаларына өткізе алмай жүр)) Мүмкін кейін немересіне қойып қалатын шығар :)

Мен солай "Көшпенділерді" мектеп жасында оқыдым. Расымен басқа әлемге түсіп кеткендей күй кешкен ем. Сосын арада жылдар өткенде "Көшпенділер" фильмі шығып, бұл кітап тіпті хит болды ғой. Жазушының өзі осы туындысы туралы: "«Көшпенділерді» жазғандағы басты ойым, мына себепке тоқталды: Қазақ халқының өткенінің тарихи анықтығы, оның мемлекет болып құрылуын батылдықпен бейнелеп көрсету. Ең бастысы бұл роман шаманизм философиясына қарсы қойылған, көшпенді халықтар тарихтарынан айырылған сияқты. «Көшпенділер» — әр түрлі бұрмалауға тура жауап. Қазақтардың өз мемлекеті болған және
біздің тарих өте көне әлемдік тарихтың бір бөлігі болып табылады" дейді.

Расында мен "Көшпенділерді" ерекше шығарма деп білемін. Әр қазақ оқуы тиіс кітаптардың қатарына қосар ем.

Сондықтан, міне, 3 томын бірдей өздеріңізге ұсынып отырмын. Әрі Есенберлиннің өлеңдері мен күнделіктері де бар екен. Қабыл алыңыздар :)

#Marfureads
#Марфуғаданкітап📚
#МарфуғаШапиян
Орамал туралы маған сұрақтар жиі келеді. Жақында ғана инстаграм желісінде бір қыз "Орамал таққым келеді, бірақ жұмысқа тұра алмай қаламын ба деп қорқамын. Қандай кеңес бересіз?" деп сұрапты. Ойланып қалдым. Сосын бұл тақырып көп қыздарды толғандырып жүрген шығар деп арнайы видео түсіндірдім. Мұнда негізінен өз ойларым мен пікірімді, тәжірибемді бөлісемін. Қарап көріңіздер 😊

https://www.youtube.com/watch?v=6wg-oTNmVSk
https://www.youtube.com/watch?v=6wg-oTNmVSk
https://www.youtube.com/watch?v=6wg-oTNmVSk
10-қаңтар белгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің туған күні болса, 12-қаңтар аты аңызға айналған қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың дүниеге келген күні. Ел ішінде де, жазушылар арасында да бұл екі тұлғаның бір-бірімен дос болғаны, Қонаевтың Есенберлин кітаптарының жарық көруіне, әдеби ортада көтерілуіне көптеп көмектескені жиі айтылады. Анығында қалай болды? Есенберлин тек Қонаевтың қолдауымен танымал болды ма? Екі тұлғаның достығы қалай басталды? Бүгінгі мақаламызда осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік :)
http://islam.kz/kk/articles/islam-jane-tulga/esenberl..
​​Сөйтіп #аптасына1әдет үйренуді ары қарай жалғастырамыз. Алдыңғы екі аптада үнемі күнделік жазу мен жиі музыка тыңдауды әдетімізге айналдырдық. Енді үшінші аптада "Одна привычка в неделю" кітабы күліп жүруге кеңес береді. Қандай жағдай болмасын аппақ тістеріңізді жарқыратып көрсетіп жүріңіз дейді.

Күліп жүру адамның көңіл-күйін көтереді, эмоцианалдық жағдайын жақсартады. Сіздің күліп жүруіңіз өзіңізді ғана емес, айналаңыздағы адамдарды да бақытты етеді. Содан кейін де болар Пайғамбарымыздың с.а.у. адамдарға жымиюды да садақа дегені. Зерттеулер бойынша сәби күніне 400 рет күлсе, ересек адам 20 рет қана күлетін көрінеді. Ал шетелде біраз жыл тұрып келген достарымның алғашқы айтатыны біздің елдің адамдарының қабақтарын түйіп жүретіні, өмірге өкпелі адамдардың көптігі. Тіпті күні бойы қабағын бір жазбайтындар бар шығар. Қандай ауыр жағдай! Басыңыздан түрлі қиындықтар өтіп жатса да, күліп жүруге тырысыңызшы, қайғыңыздың жеңілдегенін байқар едіңіз.

Кітап авторы Бретт Блюменталь күліп жүруді әдетке айналдыруға қатысты мынандай бірнеше кеңестер береді:

1. Бала мен үй жануарларына арнайы уақытыңызды бөліңіз. Олардың шынайы қылықтары өзінен өзі езуіңізге күлкі үйіреді. Өзіңіздің балаңыз бен үй жануарыңыз жоқ болса, достарыңыздың, таныстарыңыздың балаларын қарай тұруға өтініш білдіріңіз. Әрі пайдалы іс атқарып, әрі өзіңізді күліп жүруге үйретесіз.

2. Өзіңізді тележүргізушілердің орнына қойып көріңіз. Байқасаңыз, көптеген тележүргізушілер бағдарламаларын күліп отырып жүргізуге тырысады. Сіз де өзіңізді тележүргізуші санаңыз да, бүгінгі айтатын сөздеріңіздің бәрін жымиып тұрып айтыңыз.

3. Күлу үшін түрлі белгілерді подсказка қолданыңыз. Бөлмеңізге немесе кабинетіңізге күлкіңізді келтіретін, көңіліңізді көтеретін заттарды қойып қойыңыз. Мысалы: кішкентай іні, қарындастарыңыздың фотоларын іліп, түрлі әзіл әңгімелер жапсырып, әлеуметтік желілерде түрлі көңілді топтарға тіркеліп алыңыз, ютубтен күлкілі видеолар көріңіз. Немесе өзіңізді бақытты ететін естеліктеріңізді, жеңіске жеткен сәттеріңізді еске түсіретін белгілер, фотосуреттер айналаңызды қоршап тұрсын.

4. Негатив ойларды позитивке айналдырыңыз. Ойыңызға түрлі келеңсіз жағдайлар келе берсе, оған басқа жағынан қарауға тырысыңыз. Мысалы, бүгін автобусыңыздан кешігіп қалсаңыз, келесі автобуста көптен көрмеген, бірақ кездескіңіз келіп жүрген танысыңызды кездестіруіңіз мүмкін ғой.

5. Бейтаныс адамдарға жымиып қараңыз. Алғашында қиын болар, бірақ кейін әдетіңізге айналады.

6. Күліп жаттығыңыз. Мүлде күле алмайтын адамдар болады. Оларға айнаның алдына тұрып, күліп жаттыққаны жөн.

P.s. Өзім фотоға күліп түскенмен өмірде күліп жүрмейтін сияқтымын)) Түзелу керек болды ☺️ Ал сіз ше? Күліп жүретін адамдардың қатарынансыз ба?

#Marfureads
#Марфуғаданкітап📚;
#однапривычкавнеделю
#аптасына1әдет
#МарфуғаШапиян
​​Биылғы жылы оқыған бірінші кітабым Михаил Лабковскийдің "Хочу и буду. Принять себя, полюбить жизнь и стать счастливым" атты тамаша еңбегі болды. Кітап туралы алдымен Эльвирадан жылы пікір естідім, кейін Айнель жақсы кітап екенін айтты. Сосын ойланбастан оқуға кірісіп кеттім. Оқуға тұрарлық кітап екен!

Бұл кітаптан адам психологиясына қатысты көптеген жаңа нәрселерді білдім. Кейбір миым жетпей жүрген дүниелерді, психолог қарапайым тілмен түсіндіріп бергенде, солай екен ғой деп таңғаласың. Керемет кітап! Барлығыңызға оқуға кеңес беремін! Әсіресе, отбасыңызда түсініспеушіліктер, қарым қатынастарға қатысты қандай да бір келеңсіздіктер, балалық шағыңызда алған травмалар болса әсіресе оқу керек. Бала тәрбиесіне қатысты да күшті кеңестер беріледі. Менің өзімде айтарлықтай психологиялық проблемалар болмаса да, осы кітаптан кейін өзімнің бірер комплексімді тауып алып, сонымен жұмыс істеуге кірісіп кеттім.

Жалпы адамдардың көңіліне көп қарайтын көңілшектігім бар еді. Мына кітап "Істегің келген нәрсені істе, істегің келгенді істеме. Жертва болғанды қой" дейді, қысқасы]] Адамның бақытты болуына сыртқы факторлар әсер етпейді, барлық нәрсе ішімізде дейді.

Қысқасы, кітаптан түйілген ой, түртіп алған дүние көп болды. Оның бәрін айтып, әңгімелеп отыруға уақыт тар. Өздеріңіз оқып шығыңыздаршы. Өкінбестеріңіз анық.

Кітаптың электронды нұсқасы, төменде👇

1/100
#Marfureads
#Марфуғаданкітап📚
#МарфуғаШапиян
#1жылда100кітап
#кітап
​​Биылғы жылдың екінші кітабы ретінде, Доктор Мұхаммед Мансұрдың "Отбасы бақытына апарар 30 жол" атты кітабын атар едім. Тіпті бұны кітап деуге келмес, шағын кітапша ғана. Электронды нұсқасын жіберген Талғатқа рахмет! Өзі шағын болғанына қарамастан, ішінен үйренер, алар нәрсе көп екен.

Жар таңдауда қандай қасиеттеріне қараған дұрыс екенінен бастап, некеге отыру, отбасындағы ер мен әйелдің қарым-қатынасына дейін жіпке тізгендей сипаттап шыққан. Ең аяғы екі жақтың туған-туыстарының жас отбасының қандай мәселесіне араласуға болатынын, қай жағдайда мүлде араласпау керек екеніне дейін айтылған. Сосын өткенде ғана әлеуметтік желілерде шу болған Исламда ер адамның әйеліне қол көтеруге болатын, болмайтыны жөніндегі мәселе де бұл кітапта жақсы көтерілген. Кітап ұнады. Талай дүние алдым. Отыз тақырыптың қай-қайсысы да назар аударуға тұрарлық.

Әйтсе де мені ерекше ойлантқан біреуі болды. Ол - альтуризм тақырыбы. Альтуризм - біреу үшін өз жеке мүддесін құрбан ету. Шыны керек, көптеген психологиялық кітаптар өзіңді жақсы көруге, өз қалауыңды істеуге, өзіңнің пікіріңді алдыңғы орынға қоюға шақырады. Тіпті өзім соңғы оқыған "Хочу и будуда" да аздап эгоистікке шақыру бар. Мүмкін бұл самоценканы көтеру үшін керек шығар. Алайда біздер өз қажетінен бауырының қажетін артық көретін мұсылмандық жолымызды ұмытпауымыз керек ау. Әр нәрсенің шегімен болғанына не жетсін!

Кітапта мынандай бір оқиға келтіріледі: "Әбу Һурайраның айтуынша, бір кісі Пайғамбарымызға келіп: «Әй, Алланың елшісі, мен - ашпын»-дейді, ол оны әйелдеріне жібереді, алайда олардың үйлерінде оған ешнәрсе табылмайды. Сонда ол: «Алла рахымына бөлесін, мынаны тамақтандыратын біреу бар ма екен?»-деп сұрайды. Ансарлардың біреуі орнынан тұрып: «Алланың елшісі-ау, мен бармын»-деп, оны өзімен бірге алып кетеді. Үйіне келген соң, әйеліне: «Бұл - Алланың елшісінің қонағы, ешнәрсені аяма!»-дейді. Әйелі оған: «Алламен ант етемін, балаларға қалдырып қойған нәрседен басқасы жоқ»-дейді. Ол: «Балалар кешкі асты қалаған кезде, оларды алдандырып ұйықтатып таста, олардың үлесін қонаққа берейік, сол кезде сен шамды өшіре сал, бір түн аш бола салсақ ештеңе болмас»-дейді. Әйелі күйеуінің айтқанын орындайды. Әлгі адам таңғы уақытта Алланың елшісіне (с.а.у.) барады. Алла елшісі былай дейді: Пәленшенің әйелі екеуі істеген қылығына Алла қызығып күлді де мына аятты түсірді: «..және олар басқалардың мүдделерін өздерінен артық көреді, тіпті өздері мұқтаж болса да. Кім жан дүниесіндегі сараңдықтан құтылса, солар - табысқа жетушілер» («Хашр» сүресі: 9).

Психологиялық кітаптардың мақсаты, адамды бақытқа жеткізу ғой. Ал адам өзінің эгоистігінен бақытты бола ала ма? Немесе тек ойлағаны болып, айтқаны істеліп жатқан адам бақытқа жете ме? Жоқ, меніңше біз айналамыз бақытты болғанда, әрі ол бақытта біздің де кішкентай үлесіміз болғанда бақыттырақ болатын секілдіміз. Сондықтан тәкаппарлыққа жеткізетін самооценканың жоғарылығының да, біреудің құлына айналуға дейін әкелетін альтуризмнің де шегін білуіміз керек екен. Бұл кітаптан түйгенім осы ☺

Кітаптың электронды нұсқасы төменде

2/100
#Marfureads
#Марфуғаданкітап📚
#МарфуғаШапиян
#1жылда100кітап
#кітап
​​Ағылшын жазушысы Кадзуо Исигуроның Нобель сыйлығын алуы мен үшін үлкен жаңалық болды. Осы жолы Муракамидың жолы болатын шығар деп ойлап жүргенмін. Ал жеңімпаз Кадзуо дегенде, оның бірде бір кітабын оқымағаным есіме түсті. Жазушы шығармашылығымен мүлде таныс емеспін. Бірден кітап дүкеніне барып, сонда бар жалғыз кітабы “Не отпускай менясын” сатып алдым. Бірақ неге екенін, Исигуроның “Остаток днясы” алдын орап кетті де, соны электронды нұсқадан бірінші оқып тастадым. Оқылмай жатқан “Не отпускай меня” менімен Өзбекстанға барып қайтты. Ол жақта да аяқталмай, тек өткен аптада бітті-ау. Бұл кітап қызықсыз деген сөз емес... Керісінше, ауыр мұң арқалаған, жаныңның терең иірімдерін аралап кететін мөп-мөлдір роман дер едім.

“Не отпускай меня” антиутопия жанрындағы ғылыми-фантастикалық роман. Фантастика дегенде, асып бара жатқан шытырман оқиға жоқ. Кэти есімді қыз бен оның Рут, Томми атты достары туралы. Олар өзге адамдар сияқты дүние есігін ашпаған, өмірде бар адамды клондау арқылы пайда болған жаратылыстар. Оларды медицина донорлыққа қолданады. Жазушының шеберлігі сондай, кітап кейіпкерлері сенің досыңа айналып кетеді. Олармен бірге мұңаясың, олар үшін жүрегің ауырады. Олардың өмір сүргісі келеді. Ал оларды өлім күтіп тұр еді… Өмірдің әділетсіздігіне, адамдардың озбырлығына налисың… Мен кітапты неге сонша ұзақ оқығанымды түсіндім. Жүрегімді, жанымды ауыртқым келмеген… Қатыгездікті көргім келмеген… Исигуроға Нобель тегін берілмегенін түсінгендеймін. Романдары жан дүниеңді төңкеріп тастайды екен. Мұны тек оқу керек.

“Не отпускай меняны” бір сәт Муракамидың “Норвежский лесына” ұқсатсам, тағы бір сәтте Харпер Лидің “Убить пересмешникасына” келетін секілді көрінді. Бұл романның желісімен фильм де түсіріліпті. Кітаптан алған әсерді фильммен құртқым келмей отыр. Қысқасы, Исигуроға күндердің бір күнінде қайта оралатын секілдімін. Бұл басқа бір әлем…

Кітаптың электронды нұсқасын телеграм каналыма жібердім. Канал сілтемесі профильде 👆

3/100
#Marfureads
#Марфуғаданкітап📚;
#МарфуғаШапиян
#1жылда100кітап
#кітап
#кадзуоисигуро
#неотпускайменя
Қысқы демалыс кезінде ауылда, ата-анамның жанында болып, аунап-қунап қайтатын әдетім бар. Биыл да Алла қалап, үйде біраз уақыт болудың сәті түсті. Ауыл деген жақсы ғой. Ғаламтор, әлеуметтік желі дегеннен аз да болса алшақтап, жақындарыңмен шүйіркелесіп, өткен-кеткенді еске алып бір жасап қаласың. Одан қалса, кітап оқуға мүмкіндік бар. Солай үйде қолым қалт еткенде жыл соңына дейін аяқтауды мақсат етіп қойған Құранды оқып жүрдім. Үйде бөгде ешкім болмағаннан кейін қателерім құлағыма естілсін деп көбіне дауыстап оқимын. Мен отырған бөлменің есігінен әкем бір қарап кетеді, енді бірде анам сығалайды. Өзгеше әдет тауыпты-ау деп ойлаған болар. Сонымен не керек, бір уақытта анам жайнамазға жақсылап оралған төртбұрышты затты әкеліп жаныма қойды. "Бұл не?" деп сұрамадым, бірден таныдым! АТАМНЫҢ ҚҰРАНЫ!!! Қалай ғана келе сала сұрамағам?! Бала күнімде төсегімнен жоғары, бас жағымда керегеде ілулі тұратын. Апам (әжем) жұма күндері парақтарын ашып терезенің алдына қойып қоятын. Үйде ешкім араб әріптерімен таныс емес. Әйтеуір атама, оның Құранына деген құрметі ғой, апам аптасына бір уақыт ашып, парақтап отырады. Кешке қарай керегедегі орнына қайта іледі. Мен мектеп бітіріп, қалаға кеткенде Құран сол орнында қалған. Арасында демалыста келіп-кетіп жүргенде де бас жағымда ілулі тұратын Құранды сұрай қоймаппын. Келе-келе тіпті ұмтыла бастаған. Енді міне, арада пәленбай жыл өткенде анам жақсылап оралған Құранды алдыма әкеліп беріп тұр. Ерекше тебіреніспен Құранның, атамның Құранының орауын жаза бастадым. Жайнамазға, сосын ақ матаға оралған әбден жем-жемі шыққан, ескірген қоңыр қапты Құран алдымнан жарқ етіп шыққанда, көзіме жас келді! Атамның, Шапиян атамның Құраны! Әр бетінде атамның алақанының жылуы қалғандай...

Атам мен алты жасқа келер жылы өмірден өткен. Менің есімімді "Марфуға" деп өзі қойған. Апам сен дүниеге келерден бұрын түсінде аян берген десе, енді бірде Құраннан алғанын да айтады. Қалай болғанда да әдемі, мағыналы ат қойған Шапиян атама қарыздармын. Біздің үйде атамның есімі үлкен құрметпен еске алынады. Апам шалының өмірден өткеніне 20 жыл өтсе де, оның есімін еске алмай бір күнін өткізген емес. Әкем бүкіл еркелігін көтерген атам туралы айтып отырып: "Ондай ақылды қартты осы жасыма дейін кездестірген емеспін" дейді. Ал папамның әпкесі атам туралы айта бастасақ, қазір жылап қоя беруге бар. Өткен жылдың күзінде атамның қайтыс болғанына 20 жыл толып, ас бергенбіз. Сонда сөз сөйлейміз деп халықтың алдында апам бастап, әкем қостап, немерелері біздер жалғастырып, атамды еске алып жылап тұрдық. Папам: "20 жыл бұрын өліп қалған әкесін жоқтап жылады демеңіздер. Атамыз расымен ғажап адам болатын. Бүгін біз оның жақсы қасиеттерін еске алып, соны сағынып жылап тұрмыз" деп сөйлеген еді. Сөйткен атам ғой, ол менің! Енді міне, көрмейсіздер ме, артына мұра етіп Құран қалдырып кетіпті.

Өзімнің Құранымды ысырып қойып атамның Құранын парақтауға көштім. Кей аяттардың астын қарындашпен сызып қойыпты. "Мұны неге сызды екен?" деп аяттың мағынасына үңілемін. Енді бір жерлерде өзі арабша бірдеңелер жазып қойыпты. Соларды оқуға біршама талпынып көрдім. Солай әуре боп отырғанымда жаныма әкем келіп жайғасты.

- Атаңның Құранын оқып отырсың ба? Сенікімен бірдей ме екен? - деп сұрады.

- Иә, папа. Бірдей ғой. Құранның ішінің бәрі бірдей. Тек әріптері ұсақ, ірі, әртүрлі болуы мүмкін. Атамдікінің әріптері анығырақ, үлкенірек екен, - дедім.

- Бала күнімде атаң маған Құран оқуды үйретпек болды. Балалығым ғой, онша мән бермедім, ойын қуып кеттім. Сосын "Құл һуа Алланы" үйретіп, осыны үш қайтара айтып "маған Құран бағыштап тұр" деді. Одан арғысын үйренбегеніме өкінемін, - деді әкем. Таңырқап қалдым. Әдетте мені әсіредіншілге балап "Намаз неге керек? Кешірім сұрайтындай ауыр күнә жасап жатырсың ба?" дейтін әкем мүлде өзгерген.

- Папа, сіздің көзқарасыңыз өзгеріпті ғой?! - дедім қуанышты дауыспен.

- Абайды, Шәкәрімді оқыдым. Әсіресе анау сенің диссертацияңмен танысқан соң Шәкәрім қатты әсер етті (Диссертациялық жұмысым Шәкәрім туралы ғой, оны папам оқимын деп қызығып алып қалған). Мектебіміздің кітапханасынан Шәкәрімнің үш томдығын кабинетіме алдырып
оқып жатырмын. Мықты екен ғой...

- Папаааа?

- Шәкәрімнің Толстоймен жазысқан хаты қандай?! Ондағы көтерген мәселені айтсаңшы? Сол Толстой Исламды қабылдаған дей ме?

- Иә, папа. Сондай дерек бар. Бірақ анық емес. Бірақ нәпісіні тәрбиелеуде Толстой да, Шәкәрім де шыңға шыққан адамдар.

Бір кезде папам әңгімені қайтадан атамның Құранына қарай бұрды.

- Атаң байдың тұқымы екен. Арғы аталары молда болыпты. Атаң да бала кезінен Құран үйренген. Ал 17 жасқа толғанында Кеңес үкіметі орнап, алай-дүлей заман басталады. Бай, молданың тұқымы ретінде сотталады. Кейін соғысқа кетеді. Соғыстан келген соң бір әділетсіздікке шыдамай тағы істі болып, сотталады. Тек 50-жылдардан кейін ғана апаңмен бас қосыпты. Сондай бейбіт заманның бірінде түсінде арғы аталарының бірі аян беріп, "Құран оқы! деген көрінеді. Сонда атаңның есіне мына сен қолыңа ұстап отырған Құран кітап түседі. Ол ағаларының бірінің үйінде сақтаулы екен. Бірден барып алып, ашып оқып көрсе, баяғы бала кезінде оқығандарының бәрі көкірегінде сайрап тұр. Солай дінге қайта бет бұрыпты. Біздің бала күнімізде атаң өз аталарынан қалған осы Құранын қолынан тастамай оқып отыратын. Сондайда мен: "Бір оқыған кітабыңды қайта-қайта неге оқи бересің? Өткенде оқыған жоқсың ба?" деймін еркелікпен. Ондайда атаң: "Мұны оқығанның пайдасы өте көп. Әр оқығаныңа әрқилы сауап бар" дейді. Ауылда кісі қайтыс болса, атаңды алып кететін. Атам өмірден өткен адамның жанында екі күн күн-түні отырып, Құранды марқұмға арнап хатым етіп шығатын. Үйге қатты шаршап келетін. Ондайда: "Ата, сол кітапты өткенде ғана оқып едің ғой. Соны бағыштай салмадың ба?" деймін. "Жоқ, балам. Ол қабірге бара жатыр. Дайындықпен жіберуіміз керек. Құранды түгел аударып, сауабын соған бағыштадым. Оны не күтіп тұр екен..." дейтін.

- Папа, қазір неге солай өлген кісіге Құранды толық оқып, бағыштайтын адам жоқ? Бірер қысқа сүре оқи салып неге жерлеуге асығамыз? Адамды қабірге дайындықсыз жібермеуіміз керек қой! Атам өлген адамның жағдайын қалай білген? Не деген эгоист едім. Қазір ғой Құранды өзім үшін оқып жатырмын. Атама бір Құран бағыштасам болады ғой! - дедім жаным шырқырап.

- Сонда Құранды тірі кісіге де арнап оқуға бола ма? - дейді әкем таңғалып.

- Әрине, пап. Осыған дейін өзім үшін оқысам, енді атама арнап бір Құран хатым етем, Алла қаласа.

- Қызым, кейде маған мынандай ой келеді. Сендердің аманшылықтарың, өміріміздегі әр істің сәтімен келуі сенің атаңның дұғасы мен аппақ тілек-ниетінің арқасы сияқты көрінеді...

Дұрыс айтасыз, папа! Егер біздің халық жақсы өмір сүріп жатса, ол ата-бабасының Алладан ұрпағының амандығын жылап сұраған дұғасынан. Егер біз жақсы өмір сүріп жатсақ, ол біздің аталарымыздың қардай таза пейілінен. Егер мен жақсы өмір сүріп жатсам, атам Шапиянның жан-тәнімен Аллаға құлшылық етіп, алақан жайып тілеген тілегінен... Біз сендерге қарыздармыз, ата-бабалар! Қарызымызды арттарыңнан Құран оқып қайтармақпыз дегім келеді...

Енді қазір қолыма Құран алсам, ойыма атам келеді. Көз алдыма оның әбден ескірген Құраны мен соқпақты өмір жолы елестеп, көкірегіме белгісіз бір шуақ құйылғандай болады да тұрады...

Жұма мүбәрак болсын! 😊
​​Биылғы жылы оқыған төртінші кітап Стив Харвидің " Вы ничего не знаете о мужчинаx" деп аталатын кітабы. Бірден айтайын, кітап қыз-келіншектер қауымына арналған 😊 Жігіттер жағы осыдан ары қарай оқымай-ақ қойса да болады))

Мұнда жігіттердің табиғатына қатысты, олардың мінез-құлқы, жаратылысының басқа екені жөнінде біраз нәрсе айтылған. Маған қызық көрінген бөлім "Жігіттер әйелдерден қорқа ма?" деген бөлім болды 😂 Көп нәрсені қате ойлайды екем ерлер қауымына қатысты)) Дәл осы бөлімнен біраз жаңа нәрсе білдім. Одан ары қарай қыз бен жігіт қарым-қатынасы, ондай мәселелерде не маңызды деген сияқты дүниелер кетеді. Отбасы жағдайында әйел мен ердің қарым-қатынасына біраз тоқталады. Алатын, үйренетін тұстары да бар. Менталитетімізге қайшы жақтары да кездеседі.

Оқимын деген қыздар болса, электронды нұсқасын төменде жіберіп қоям ғой 😉

4/100
#Marfureads
#Марфуғаданкітап📚
#МарфуғаШапиян
#1жылда100кітап
#кітап
#стивxарви
#выничегонезнаетеомужчинах
​​#аптасына1әдетті ары қарай жалғастырамыз) Осы аптада алдымызға мақсат қоюымыз керек 😊

Эйнштейннің мынандай тамаша сөзі бар: «Бақытты өмір сүргіңіз келсе, өміріңізді адамдар мен заттарға емес, мақсаттарға тәуелді етіңіз». Көптеген психологтар адамның өміріне мән беретін, өмірінің сәнін кіргізетін оның дұрыс қойылған мақсаты дейді. Сондықтан адам өмірлік мақсатын жақсылап қоюы керек. Ал басқа біреудің арманына қызығып, соны ұрлап алып, өз мақсатына айналдырған кісі өз өмірінің иесі емес. Арман да, мақсат та өзіңіздікі болу керек, өз жүрегіңізді жарып шығу керек. Сонда ғана бақытты бола аласыз. Ал дұрыс мақсат қою үшін мына сұрақтарға жауап беру керек екен.

🌸Не нәрсеге қол жеткізгім келеді?
🌸Бұл мақсат мен үшін неліктен маңызды?
🌸Мақсатыма жету үшін маған кім көмектесе алады?
🌸Мақсатыма жету үшін қандай қадамдар жасауым керек?
🌸Мақсатыма қол жеткізу үшін күш-жігерім жете ме?
🌸Бұл мақсатыма қашан қол жеткізгім келеді?

Психологтар адамның басқа нәрселерге көңілі бөлініп кетпес үшін нақты 2 мақсаты болу керек дейді. Көп мақсат қойып алып, оны орындай алмай қиналудың да қажеті жоқ. Көзді ашып-жұмғанша 2018 жылдың алғашқы айы да өте шыққан екен. Ал сіз бұл жылы қол жеткізгіңіз келетін мақсаттарыңызды күнделігіңізге жаздыңыз ба? Немесе осында 2018 жылы қол жеткізгіңіз келетін мақсатыңызды жаза аласыз ба? Байқап көрейік))

Сосын 2018 жылдың аяғында тексереміз 😊Мен өзімнің 2 үлкен мақсатымның біреуімен бөлісейін, ол – ағылшын тілін кітапты түсініп оқи алатын дәрежеде меңгеру. Сіздердікі ше?

#Marfureads
#Марфуғаданкітап📚
#однапривычкавнеделю
#аптасына1әдет
#МарфуғаШапиян
​​Бүгін тамаша жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Баққожа Мұқаи. Жазушының көзі тірі болса, бүгін 70-ке толар еді.

Мен оның "Өмірзая" атты туындысын керемет жақсы көремін. «Өмірзая» – Баққожа Мұқаидың ұзақ толғаныспен жазған романы. Жазушыға Мемлекеттік сыйлық әкелген роман.

Автор «Өмірзаяға» үлкен дайындықпен келген секілді. Ол «Өмірзая» арқылы халқының бір ғасырлық қасірет-мұңын көрсеткісі келді.
«Өмірзая» маған талай аласапыраннан өтіп, ардақтыларынан айырылған халықтың кеудесіне тығылған өксіктің сыртқа шығуы сияқты елестейді кейде. Енді бірде бас кейіпкер, тарих ғылымының кандидаты Аяғанның прототипі Кенесерыны жазамын деп 25 жыл арқалап, Сібірге айдалып кеткен аяулы тарихшымыз Ермұхан Бекмаханов секілді көрінеді. Өйткені, екеуі де тарихшы, екеуі де тарих беттеріне Кенесарының атын жазамыз деп аласұрды, сол үшін таяқ жеді, түрмеге отырды.

Сондықтан «Өмірзаяның» кейіпкерлерін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Ол – біздің өткеніміз. Мүмкін, «Өмірзая» қасірет пен қайғыға толы трагедиялық роман шығар. Бірақ, Жақыпжан Нұрғожаевтың тілімен айтсақ. «Өмірзая» – Кеңес қоғамының күйреуі емес пе? Роман соңында мен Аяғанның трагедиялық өліміне бір мұңайсам, бір қуандым. Өйткені кітап тәуелсіздіктің жақын қалғанын сүйіншілеп тұр еді... Ал тәуелсіздік – ұлтқа қызмет еткен тұлғалардың ешбірінің өмірінің зая кетпегенінің көрінісі болатын.

«Халық болашағы үшін құрбан болғандар үшін бәрібір кітап жазамын» деген Аяған кейіпкерінің сөзі Баққожа Мұқаидың өзіне берген уәдесіндей.
Жазушы өмірден өтерінен 3-4 күн бұрын досы Жақау Дәуренбековке автограф жазып, кітабын дайындап қойыпты. Онда: «Қадірлі Жәке! Өмір өтті. Өмір қалды. Қалған өмір сендер үшін бақытты, күлкіге, шаттыққа толы болсын», – деп жазыпты. «Өмір қалды» деген сөз ажалдың жақын қалғанын анық сезген жанның ғана аузынан шығар қандай ауыр сөз еді! Ал жұбайы Нұржамал апай «Өмірзаяны» жазған жазушының соңғы сөзі: «Е-е-е! Өтті дүние, бәрі біткен екен...» болды дейді.
Өмір сүргісі келді дейді...

Сіздерге жазушының "Өмірзая" атты романы мен ол туралы жазған мақаламды ұсынамын 😊

#Marfureads
#Марфуғаданкітап📚;
#МарфуғаШапиян
#1жылда100кітап
#кітап
Өткен жылдың соңында Баян Есентаеваның "Өзім жайлы ғана емес" және Ләйлә Сұлтанқызының "Менің екінші кітабым" деген туындыларын оқып шыққан едім.

Кітаптың ұнаған, ұнамағанын, қайсысын оқуға болатынын бүгін шыққан мына жаңа видеомда айтамын. Және кітапты сол жаққа пікір қалдырған адамға сыйлаймын. Сілтемесі міне:

https://www.youtube.com/watch?v=srd3ce9_pm8