Марфуға Шапиян 📚 КІТАПҚҰМАР
1.66K subscribers
97 photos
5 videos
5 files
228 links
Download Telegram
​​#мен_оқыған_кітаптар айдары
⠀
ОРХАН ПАМУК. "СТАМБУЛ. ГОРОД ВОСПОМИНАНИЙ" 📚
⠀
Орxан Памукпен таныстығым басталғаннан кейін бірден жазушының басқа кітаптарын іздеуге көштім. Памуктың ерекшелігі де сол, оның кітаптарында Ыстамбұл қаласының бейнесі ерекше. Ол жарқ-жұрқ етіп, туристерді өзіне тартып, еліктіріп тұратын Ыстамбұл емес, мұңды, сұп-сұр Ыстамбұл. Жазушы ұнаған соң ба, маған соның өзі қызық көрінді. Әрі биографиясы бар дегеннен кейін осы кітапқа ғаламтор арқылы тапсырыс беріп, ерекше ықыласпен оқып шықтым.
⠀
🌺НЕГІЗГІ ОЙЫ:
Жазушы бұл кітабында өзінің Ыстамбұлда өткен балалық шағына саяxат жасайды. Бала күніндегі қаланың әр ағашы, әр ғимаратына дейін еске алады. Оның бәрінің көз алдында қалай өзгергенін жазады. Әрі Ыстамбұлға саяxаттап келген түрлі атақты адамдар, ақын-жазушылардың жазбаларын келтіреді. Бұл- Ыстамбұлға деген маxаббатқа толы кітап ❤️
⠀
🌺БЕРЕТІН БАҒАМ:
8/10
Памуктың бұл кітабы арқылы сіз жазушының ішкі әлеміне үңілесіз. Жазушы болып қалыптасу кезеңін байқайсыз. Әрі әлемдегі ең сұлу қалалардың бірі Ыстамбұлға көрмесеңіз де ғашық боласыз. Әрі көрсем деген арман пайда болады.
Кітапты оқып отырып, бүгінде Ыстамбұлға баруға рұқсаты жоқ Орxан Памукқа жаным ашыды, жүрегім ауырды. Туған қаласына деген осыншалық маxаббатты ешбір жазушыдан сезбеген шығармын. Ыстамбұлын сағынып жүрген шығар...
⠀
🌺ҚАЙДАН АЛУҒА БОЛАДЫ?
Электронды нұсқасы әдеттегідей телеграм каналымда болады. Ал қағаз нұсқасын іздесеңіздер, flip.kz дүкендерінен таба аласыздар.
⠀
☘️Ыстамбұлды көруді қатты армандап жүрмін. Әрі арман дегеннің аңсаған сайын ынтықтыра түсетіні несі екен? 😊 Ыстамбұлды көргендер қала туралы әсерлеріңізді айта отырыңыздар. Ал барғысы келетіндер "Менің де барғым келеді" деп жазып қойыңыздар. Әр айтылған сөз дұға ғой, кім біледі, мүмкін көп ұзамай барып қалармыз? ☺️
⠀
#marfu_reads
#marfu_bookblogger
#марфуғадан_кітап📚
#кітап #книги #bookblogger
#ОрxанПамук #Стамбул
#стамбулгородвоспоминаний #стамбулгородвоспоминаний❤️
​​#кітаптан_қазына айдары: Бұл кітаптан ақша жинауды, ақшамен қалай қарым-қатынас жасау керектігін үйрендім ☺️ Маған қатты ұнайтын кітаптардың бірі. Осында берілген кеңестерді сіздермен бөлісуді жөн көріп отырмын 😊
⠀
☘️Қалтаңызға түскен он тиынның тек тоғызын жұмсаңыз, қалған біреуін кейінге сақтаңыз. Яғни, 100 мың айлық алсаңыз, оның 90 мыңын ғана ұстайсыз да, қалған 10 мыңын жинайсыз.
☘️Бюджетіңізді жақсылап жоспарлаңыз. Қажет заттарыңызға, төлемдеріңізге, тіпті демалысыңызға да жаңағы 90 мың жететін болсын. Одан ешқашан асырмаңыз.
☘️Қалтаңызға түскен әр тиын жұмыс істеуі керек. Босқа тұрмай, бар ақшаңыздың көбеюіне жұмыс істеуі қажет.
☘️Жинаған ақшаңызды тек сенімді әрі қайтымы бар жобаларға құйыңыз. Білікті адамдармен ақылдасып барып, бұл істі жүзеге асырыңыз.
☘️Тұратын үйіңіздің өзіңіздікі болуына барыңызды салыңыз.
☘️Қартайғанда қаржылық тапшылыққа ұшырамас үшін ерте қамданыңыз. Отбасыңызды да қиын жағдайға қалдырмауға мән беріңіз.
☘️Өзіңді-өзің жетілдір, оқы, үйрен, ақылдырақ бола түс. Басқа емес, алдымен өзіңе құрметті бол!
⠀
Жалпы, көптеген ақылды кітаптар 1-пунктте айтылғандай айлықтың 10 % жинауға кеңес береді. Сонда қаржылық қиындықты бастан өткермейсің дейді. Достарымның арасында айлығын осылай жинайтындар бар ма екен? Және оны қайда жұмсап жүрсіздер? 🤔
⠀
#marfu_reads
#marfu_bookblogger
#марфуғадан_кітап📚
#джорджклейсон
#самыйбогатыйчеловекввавилоне
Жақында Париж сахнасында өнер көрсеткен дара талант иесі Әміре Қашаубаев туралы түсірілген көркем фильмді көрдік. Шыны керек, жабырқап қайттық. Фильмнің түсірілу жұмыстары шетелдік мамандарға тапсырылғаннан-ақ ұлттық дүние күте қоймағанымыз анық еді. Десек те, Әміренің әнші ретіндегі ерекшелігін көрсетер, талайлы тағдырын суреттер, ең аяғы әдемі әнін тыңдармыз деген үміт болған. Фильмде мұның бәрін атүсті ғана шолып өткендей. Актер Санжар Мәдиевтің ойынынан да жігерсіз, жалынсыз, қораш Әмірені көргендей болдық.
Ал нағыз Әміренің сахнада салған әні қандай еді? Қыр қазағы Парижге қалай шақырылып еді? Мұстафа Шоқаймен қалай кездескен еді? Бүгінгі мақаламыздың арқауы осы тақырыптар болмақ. http://islam.kz/kk/articles/islam-jane-tulga/amirenin-olimine-mshoqaimen-kezdesui-sebep-boldy-ma-2288/#gsc.tab=0
Мені телеграмнан басқа қай әлеуметтік желіде оқисыз?
anonymous poll

Instagram – 640
👍👍👍👍👍👍👍 66%

Youtube – 168
👍👍 17%

Facebook – 107
👍 11%

Vk – 50
👍 5%

👥 965 people voted so far.
​​Шағбан айының он бесінші түні, яғни бүгін – Бәраат түні. Бұл түнде адамның бір жылдағы ризық, бай немесе кедей, жоғары немесе төмен болатынынан, ғұмырларының ұзаруы немесе ажалының келуі жайлы хабарларды Алланың әмірімен періштелердің дайындайтындығы кейбір деректерде білдірілген.

Бұл түн – кешірім түні деп те аталады. Өйткені, осы түнде Алла көп адамның күнәсін кешірмек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Бәраат түнін ғибадат етіп өткізген. Хазіреті Айша (р.анһа) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір түні орнынан тұрып намаз оқыды. Сәждеде көп тұрғаны сонша мен оны: «Жан тәсілім еткен жоқ па екен?» - деп ойладым. Орнымнан тұрып, қолымды аяғына тигізіп едім, қимылдады. Мен қайта орныма бардым. Сәждеде былайша жалбарынғанын естідім: «Аллаһым, азабыңнан кешіріміңе, ашуыңнан ризалығыңа сыйынып, Сенен Сені қорған етемін. Сен ұлысың. Саған арнаған мадағымды, Сенің өзіңе жасаған мадағыңмен тең тұта алмаймын. Саған лайық мадақтауға күшім жетпейді».

Бәраат түндеріңіз берекелі өтсін!
​​​​#мен_оқыған_кітаптар айдары:

📚 ОРХАН ПАМУК. МЕНІҢ АТЫМ ҚЫРМЫЗЫ

"Менің атым Қырмызы" - мені Памукпен таныстырған әрі жазушыға тәнті еткен туынды.

🌺НЕГІЗГІ ОЙЫ

Бұл романында Памуктың оқиғаны әр кейіпкердің атынан баяндауы қызық көрінді. “Мен Қарамын”, “Мен Шекуремін”, “Мен ағашпын”, ең аяғы “Мені қанішер дейді” деп қылмыскердің толғанысының өзін өз атынан жеткізуі тың тәсіл әрі оқырманға өзгеше әсер қалдырады екен. Және мұнысының бір оқиғадан бір оқиғаға ым-жымы білінбей жалғасып отыруының өзі керемет дүние.

Жазушы романға эпиграф ретінде Құранның үш аятын алыпты. Осы үш аятты оқы да, романның не туралы екенін біле бер. Алғашқысы – Бақара сүресінің “Сол уақытта біреуді өлтірдіңдер де сол жөнінде таластыңдар. Алла жасырғандарыңды ортаға шығарады” деген 72-аяты. Романның басында бір суретшінің, кейін Жезденің өлтірілуі, роман соңында өлтіруші қылмысының әшкере болуы. Бірақ қылмыскерді анықтауға Памук Қараға оқырманды көмекші етіп бергендей әсер қалдырды. Есім шығып, Көбелектің, Зәйтүннің, Ләйлектің әңгімелеріне “Қайсысы қылмыскер екен?” деп шұқшидым да отырдым ғой. Бұл да болса туындысына ынтықтырып қойған жазушының шеберлігі болса керек.
Келесісі Фатыр сүресінің: “Соқыр мен көруші тең емес” деп келетін 19-аяты. Бұл аятқа романнан тура мағынасында да, ауыспалысында да мысал табуға болады. Нақышкерлердің таласы... Өзара өнер жарыстыруы... Мұсылмандардың көркемсурет ерекшеліктері... Осман империясы кезіндегі миниатюралар... Суретке тиым салған Ислам діні... Маған ең қызық болғаны да осы жері шығар. Өйткені автордың дінді жақсы білетіні байқалады. Ислам әлемінің үлкен ғалымдарының бірі Ғазалиден мысалдар келтіріп отырады. Әрі романында сенімге байланысты адамның жандүниесінде болатын түрлі талас-тартысты ашық әрі айқын жеткізеді. Итті сөйлетіп, РасулАлланың оны ұнатпауын айта келіп, Кәһф сүресі арқылы өзін ақтап алғысы келуі қандай?! Мүмкін, дінді ұстанып жүрген кей бауырларым, Памуктың өлген кейіпкері “Жәннатты көрмедім” дегені үшін айыптар немесе романдағы Ислам мен христианның қақтығысы үшін сынар. Ал мен Памуктың бұл жазғандарын оқыған адамның миына азық болар дүниелер деп түсіндім.

Эпиграфтағы үшінші аят - “Шығыс, батыс - әр тарап Аллаға тән” деген Бақара сүресінің 115-аяты. Расымен де бұл кітапта Шығыс пен Батыстың өзара таласы бар. Бұл романда Шығыстың небір әдемі қиссалары кездеседі. Романға оны оқырманын жалықтырмай кіріктіріп отыруы да Орхан қаламының жүйріктігі болса керек. Батыс Памуктың осы туындысы арқылы Шығысты белгілі бір деңгейде таныды деп ойлаймын.

🌺 БЕРЕТІН БАҒАМ:
9/10
Памук – шебер суреткер. Оның Жезденің өлім алдындағы сәтін суреттеуі қандай! Әзірейілдің жанын алуы мен Шайтанның азғыруын қалай сенімді жеткізеді?! Немесе қызыл түстің өзін “Қырмызы, қызыл түс болу қандай ғажап! Мен жайылған жерде көздер бал-бұл жанады, құштарлық күшейіп, қастар керіледі, жүректер тулайды. Маған қараңдар! Тірі болу деген неткен ғажап!” деп суреттеуі ше?! Қысқасы, Памуктың бұл туындысын оқу арқылы сонау XVI ғасырдағы Ыстамбұлға сапар шеккендей, сол заман картиналарын өз көзіммен тамашалағандай болдым.

🌺 КІТАПТЫ ҚАЙДАН АЛУҒА БОЛАДЫ?
Кітаптың электронды нұсқасын әдеттегідей төменнен жүктеп ала аласыздар. Ал қазақша қағаз нұсқасын Фолиант баспасынан, орысшасын Меломан дүкендерінен табасыздар.

#marfu_reads
#marfu_bookblogger
#марфуғадан_кітап📚
#кітап #книги #bookblogger
#ОрxанПамук #Стамбул
#Меніңатымқырмызы
#имямнекрасный
Алла бұйыртып, көптен күткен Рамазан айына да келіп жеттік. Аллаға сансыз шүкіршілік! Баяғыда сахабар бір Рамазанды шығарып салып, қалған 11 ай бойы келесі ораза айын күтіп, соның келуіне дайындық жасаған дейді ғой. Расымен бұл ұзақ күткізетін, бірақ қас-қағым сәтте өте шығатын ай. Сондықтан мұны бос, мән-мағынасыз өткізіп алсақ, үлкен өкініш сол болмақ. Немесе аузымызды тамақтан тыйғанымызға мәз болып, «ораза ұстадық» деп шаттансақ, ол да қателік болар еді. Рамазан – жақсы жаққа өзгеруге талпындыратын ай. Сол себепті де ғұламаларымыз көп жағдайда Рамазанға жоспар құрып, кесте сызуға кеңес береді. Сонда көзді ашып жұмғанша өте шығатын Рамазанды бос өткізіп алудан сақ боламыз. Мынау менің бір досымның осы бір қасиетті айға жасаған жоспары. Осыдан үлгі алып, біздер де өзімізге ыңғайлы жоспарымызды жасап, кестемізді сызып алайық! 😊
⠀
🌺Құран хатым ету (Құранды түпнұсқадан оқу, яғни күніне бір парадан. Cонда 30 күнде 30 пара бітеді, иншАлла);
🌺Ясин сүресін жаттау;
🌺Құран оқу білмейтін достарыма тәжуид оқып үйрету әрі қысқа сүрелерден жаттату (Кем дегенде үш досыма);
🌺Қаза намаздардың орнын толтыру;
🌺Тарауих намазын 30 күнде де жіберіп алмауға тырысу;
🌺Тәхажуд намазын (түнгі намаз) үзбей оқу, Рамазаннан кейін әдетке айналдыру;
🌺Духа намазын күнделікті оқу,
🌺Рамазаннан кейін де әдетке айналдыру;
🌺Күніне аз дегенде 100 салауат айту;
🌺Күніне аз дегенде 100 истиғфар айту;
🌺Күніне көптен хабарласпай кеткен бір туысыма хабарласып, жағдайын сұрау;
🌺Бойымдағы үш үлкен кемшілігімді анықтап алып, қағазға жазып, Рамазан бойы содан арылуға жұмыс істеу;
🌺Өзім сондай болсам деген үш жақсы қасиетті таңдап алып, қағазға жазып, сондай болуға ұмтылу;
🌺Биыл күннің ыстығына қарамай тәуекел етіп, оразаны алғаш ұстаған 5 адамға сыйлық жасау;
🌺Айлық табысымның 10 пайызын садақа ету, Рамазаннан кейін де осы істі жалғастыруға талпыну;
🌺Ауызашар жасау;
🌺Рамазан айы қарсаңында бір діни кітап оқып бітіру;
🌺Рамазан дұғалар қабыл болатын ай болғаны себепті, дұға-тілектерімнің барлығын қағазға жазып алып, күнде шын ниетпен Алладан сұрау.
🌺Әдемі Құран сатып алып, мешітке жамағаттың оқып, пайдалануы үшін қалдырып кету.
⠀
Ал сіз Рамазанға жоспар жасадыңыз ба? ☺️

👍-иә
👎- жоқ
Біз оразаны қандайда бір материалдық пайданы күйттеп, немесе тек қана денсаулығымыздың жақсаруы үшін ұстамаймыз. Ең әуелі Алланың әмірі болғандығы үшін және Оның разылығына бөлену үшін ұстаймыз. Алайда Алланың әрбір бұйрықтары мен тыйымдарында біз үшін түрлі жақсылықтар, пайдалардың бар екенін білеміз. Оған осы видеом дәлел 😊

https://www.youtube.com/watch?v=wW5RiyT3_Ak
​​​​#мен_оқыған_кітаптар айдары:

📚 ҚАЙРАТ ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ. "ИМАНИ ГҮЛ"

"Имани гүл" менің ерекше жақсы көретін кітабым. Мүмкін Исламға келіп, алғаш иманның дәмін татқан кезде оқығаннан болар... Маржан, есіңде ме, екеуміз сенің үйіңде осы кітапты "Қайрат аға мына жерде былай жазыпты, мына тұста былай деген екен" деп түні бойы, таң атқанша талқылап шығып едік қой.

🌺НЕГІЗГІ ОЙЫ
"Имани гүлде" Қ.Жолдыбайұлының екі кітабы біріктірілген. Бірі "Ақиқат шуағы" болса, екіншісі - "Күдікпен күрес". "Ақиқат шуағында" Алланы тану, Алланың жаратылыстарын тану, айналаға зер салу, Жаратушының құдіретіне көз жеткізе түсу әңгіме болса, "Күдікпен күрес" сіздің көкейіңіздегі барлық сұрақтарға жауап береді. Айтыңызшы, мына төмендегі сұрақтар бір кездері сізді де мазалады ғой?

🍀 Күллі жаратылысты Алла Тағала жаратқан, ал Алла Тағаланың өзін кім жаратты?
🍀 Алла Тағаланы неге көзбен көре алмаймыз?
🍀 Алла тағала неге адамдарды бай-кедей ғып жаратқан? О
🍀Алла Тағала біздің ғибадатымызға зәру ме?
🍀Намаз, азан сияқты ғибадаттар неге тек қана араб тілінде орындалады? Әр ұлт өз тілінде орындаса бол- май ма?
🍀«Ең бастысы, жүрегім таза, ешкімге қиянатым жоқ» деп намаз оқуға салғырт қарайтындарға не деуге болады?
🍀Көп адамдардың он екі мүшесі сау болғанмен кейбіреулердің мүгедек, кемтар болып туылатындығы яки кейіннен түрлі себептермен мүгедектікке ұшырап жататын жайттары өмірде көп-ақ. Кей адам бұл өмірден еш қиналыс көрмей рахатқа батып өтеді де, кей жандар өмір бойы тауқымет тартып, қиыншылықтан көз ашпай өтеді. Мұны Ұлы Жаратқанның әділдігі тұрғысынан қалай түсінуге болады?
🍀 Алла тағалаға сенбеген, бірақ жұртқа жақсылық жасап өткен адам жәннатқа кіре ме?

Бір кездері бұл сұрақтар мені де мазалаған. Осы кітаптан барлық сұрақтарыма жауап тауып, кейін көңілім орныққан. Әдетте мен бұл кітапты енді намазға келіп, Исламға бет бұрып жүрген адамдарға кеңес беремін. Өйткені, "Имани гүл" мүміннің жүрегін орнықтыратын кітап.


🌺 БЕРЕТІН БАҒАМ:
10/10 Егер бұл кітапты осыған дейін оқымаған болсаңыз, Рамазанда оқитын кітаптардың тізімінің басына қойсаңыз, өкінбесіңіз анық.

🌺 КІТАПТЫ ҚАЙДАН АЛУҒА БОЛАДЫ?
Кітаптың электронды нұсқасын әдеттегідей төменде 😊

#marfu_reads
#marfu_bookblogger
#марфуғадан_кітап📚
#кітап #книги #bookblogger
#ҚайратЖолдыбайұлы
#Иманигүл
#Күдікпенкүрес
Асыға күткен, сағына жеткен Рамазан айы құтты болсын!
Алла тағала біздерге кәміл иман, адал ризық, берекелі кәсіп нәсіп еткей! Алланың алдындағы дәрежеміз жоғары болғай!
Осы ай біздерді жақсы жаққа өзгертсін, ізгілікке ұмтылдырсын! Барлығыңызға шын жүректен жақсылық тіледім! 😊 Төменде Рамазан жоспары. Жүктеп, шығарып алып, үйге іліп қойып орындасаңыздар болады ☺ Және дұғаларын оқып жүру үшін "Мұсылман қорғаны" да бар. Игіліктеріңізге жаратыңыздар!
Балалардың Алла тағала, намаз, ораза туралы жауаптары қызық енді. "Әлемді кім жаратты?" деген сұраққа "Алла тағала мен Құдай жаратты" деген жауабына әбден күлдім енді 😄

https://www.youtube.com/watch?v=vEIPBdQK198
Қызықты тест екен. Өз білімдеріңізді тексеріп көріңіздер 😊 http://kurankarim.kz/quran-qarim-turaly-online-test/