«Otandastar Qory»
1.37K subscribers
3.76K photos
1.04K videos
22 files
1.56K links
Біздің миссия: Әлем қазақтарын тарихи отан төңірегіне ұйыстыру
Download Telegram
Прагадағы қазақ жастары Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған поэзия кешін өткізді

Прага қаласында тұратын қазақ жастары қазақ поэзиясының ақиығы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай ақын шығармашылығына арналған «Жырлайды жүрек» атты поэзия кешін ұйымдастырды.

Әдеби кеш ақынның туған күні қарсаңында, 7 ақпан күні Чехиядағы қазақ диаспорасының заңды өкілі - Qazaq Nomad ұйымының жетекшісі Дарина Жұмағұл мен Прагадағы қазақ тілі мұғалімі Шынар Манапқызының ұйымдастыруымен өтті. Іс-шараның Прага орталығындағы Ескі қала алаңында орналасқан, Чехия королі ІV Карл дүниеге келген тарихи ғимаратта өтуі кештің мән-маңызын арттырып, ерекше рухани атмосфера сыйлады.

Поэзия кешіне Чехияда білім алып жүрген студенттер мен түрлі салада еңбек етіп жүрген қазақ жастары қатысты. IT, экономика, бизнес бағытында оқып, жұмыс істеп жүрген жастардың сахнадағы өнері кәсіби театр әртістерінен кем түспей, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қатысушылардың жалынды жыры мен шынайы эмоциясы залдағы қауымды ерекше әсерге бөледі.

Кештің екі тілде өтуіне қолдау көрсетіп, чех тілінде жүргізуші болған чехиялық азамат Штепан Паздеркаға ұйымдастырушылар алғыс білдіріп, алдағы уақытта бірлескен мәдени жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.

Іс-шараға елуге жуық адам жиналды. Қонақтар қатарында отандастарымызбен бірге қазақ мәдениетіне қызығушылық танытқан чех азаматтары, қазақстандықтармен отбасын құрған жандар және танымал әнші Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері де болды. Бір сағатқа жоспарланған бағдарлама көрерменнің зор қызығушылығын тудырып, кеш соңында қатысушылар ұзақ уақыт тарқамай, өз әсерлерімен бөлісті.

Қазақ тілін білмейтін көрермендер де ақын өлеңдерінің терең мағынасын дауыс ырғағы мен қатысушылардың актерлік шеберлігі арқылы сезінуге тырысты. Ұйымдастырушылар бұл мәдени бастама алдағы уақытта Прагада өз жалғасын табады деген сенім білдірді.

@otandastar
❤4👍1
«Отандастар қоры» КЕАҚ Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ жанындағы Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында зағип және көру қабілеті төмен жандарға арналған оқу-әдістемелік құралдар, қолдау көрсетуге бағытталған жобалар, инклюзивті білім беру мен мәдени-ағартушылық бастамаларды дамыту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы кітапханалармен байланыс орнату, тәжірибе алмасу және бірлескен жұмыстар жүргізу арқылы шетелдегі қазақ диаспорасымен рухани-мәдени байланысты нығайту мәселелері қарастырылды.

Кездесу қорытындысында тараптар алдағы уақытта ынтымақтастықты жалғастырып, арнайы кітапханамен жүйелі түрде бірлескен жұмыстар атқару жөнінде келісімге келді.

@otandastar
❤3
Өзбекстан Республикасы, Науаи облысы, Үшқұдық қаласындағы №9 жалпы білім беретін мектепте 5 «Б» сыныбында «Ақпанда туған алыптар» тақырыбында сайыс сабақ өткізілді.

Аталған ашық сабақтың мақсаты – оқушыларға тақырыптық құнды мәліметтерді саналы әрі берік меңгерту, шығармашылық белсенділігін арттыру, тапқырлығы мен қызығушылығын дамыту, сондай-ақ олардың дүниетанымын кеңейту болды.

Сайыс сабақ барысында оқушылар ақпан айында дүниеге келген ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына тереңірек тоқталды. Атап айтқанда, өзбек халқының бас шайыры Әлішер Науаи мен Захириддин Мұхаммед Бабыр, қазақ халқының ғасыр жасаған ақыны Жамбыл Жабаев және қазақ поэзиясының ақиығы Мұқағали Мақатаев шығармашылығы кеңінен насихатталды.

Оқушылар төрт топқа бөлініп, «Білесің бе?», «Тұлғаны таны», «Суретті жұмбақ» және «Еркін тақырып» кезеңдері бойынша білім сайысына түсті. Нәтижесінде ең жоғары ұпай жинаған «Науаи» тобы жеңімпаз атанды.

Шара барысында мектеп директоры Х. Серікбаева мен қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Р. Арыстановалар сабақтың мазмұны мен ұйымдастырылу деңгейіне оң бағасын беріп, өз алғыстарын білдірді. Сабаққа қатысқан ата-аналар да оқушыларға ізгі тілектерін арнады. Барлық қатысушылар мектеп әкімшілігінің арнайы дипломдарымен марапатталды.

Игі бастамалар жалғасын таба бермек.

Ахметов Қайрат Пердебекұлы
Өзбекстан Республикасы, Науаи облысы, Үшқұдық қаласындағы №9 мектептің ұстазы

@otandastar
🔥2