Қазақ әдебиеті
2.24K subscribers
1.15K photos
65 videos
35 files
1.1K links
Қазақ әдебиеті
Download Telegram
Байұлы жеті жасар күнінде ел көшіп, көп балалар: біреу тайына, біреу атына мінгенде, бір бала жыламсырап қарап тұрып қалды. Мұны көріп Байұлы қасына барып:
– Сен неге атыңа мінбейсің?– деді.
Бала қамығып:
– Атым жоқ, көшкенде әжеммен түйеге мінуші едім,– деді.
Сонда Байұлы аттан түсіп, әкесіне жаяу барып:
– Мен атқа мінгенде ер-тоқымымен маған бір жорға тай атап едіңіз, сол тайымды біреуге берсем, сіз ұрыспайсыз ба?– деді.
Әкесі:
– Кімге бересің?– деді.
Бала қысылыңқырап тұрып жаяу жылап тұрған жарлының баласын көрсетті:
Бұған әкесі де түсініп, бетінен сүйіп:
– Тайыңды кімге берсең де ерік өзіңде,– деді. Сонан соң Байұлы қуанып, тайды ерттетіп, манағы балаға әкеп беріп, қасына ертіп алды да, шауып кеп көп балаға қосылды.
Сол уақытта бір ақсақал жақсы кісі қонақ болып жатыр екен, Байұлының әлгі мырзалығын көріп разы болып, сыртынан бата берді:
– Ей, құдайым, бұл балаға ұзақ жас бер, мал мен бас бер,– деп.
Сол кісінің батасы қабыл болып, ақырында Байұлынан он екі ұл туып, бәрі де асқан бай, руға бас болды. Он екі ата Байұлы деген ру сонан болды деседі.

// Ыбырай Алтынсарин
❤6
«Пәленшеев, Төленшеев» деп, әкеміздің атына «...ев» пен «...овты» қосақтап айту дағдыға айналған-ды. Мұның өзі бір мезгіл ұйықтап, үш мезгіл тамақ ішкендей бойымыз үйренген үрдіс болатын. Өйткені Кеңес өкіметі бізді солай оқытып, солай тәрбиелегені кім-кімге де жасырын емес. Көзімді тырнап ашып, көркем шығармаларға ден қоя бастаған кезде фамилиясының артында не «...ев» жоқ, не «..ов» жоқ үш адамның аты-жөніне қайран қалғанмын.

1. Бауыржан Момышұлы.
2. Балғабек Қыдырбекұлы.
3. Шона Смаханұлы.

Үш тұлғаның үшеуі де – ұлы! Неге? Сұлтан болуға ұмтылған жоқ, ұлты үшін ұлтан болды. Ұлы болуға ұмтылған жоқ, ұлтының құлы болуға тырысып бақты.
Тәуелсіздік тұсында тәрбие алған кейінгі жастар Шона ағамыздың сын-сықақтарын оқығанмен, ана тіліміздің мәртебесі үшін «мыңмен жалғыз алысып», жауға жалғыз шапқан батырлығын біле ме?

Тіл үшін тіресіп жүріп Алматыда қаншама қазақ мектептерін ашқызды! Бұл жөнінде сәл шегініс жасап балалар ақыны Абдрахман Асылбектің естелігіне құлақ түрейікші. « Ол кезде Алматыда небәрі бір ғана қазақ мектебі болатын. Шона ағамызды қазақ мектебі мен қазақ тілінің мүшкүл хәлі толғандырып, Үкімет алдына мәселе қоя бастады. Қазақ мектебін ашу оңай еместігін жақсы түсінген Шөкең амал-айлаға көшіп,ең алдымен орыс мектептерінің ішінен қазақ сыныптарын ашуды қолға алды. Үй-үйді аралап, қаракөздердің тізімін және ата-аналарының ұлт мектебіне бергіміз келеді деген келісімін ала жүріп, қазақ мектептерін қалайда көбейту жолдарын қарастыра бастады. Бұл оңай шаруа ма? Жан-жақтан жанашырларды шақырып жасақ жинады. Әуелгіде Қадыр Мырза-Әлі, Қабдеш Жұмаділов секілді атақты ақан-жазушылар, кейінірек Марат Тоқашбаев, Нұрдаулет Ақышев қостаған жорналшы жігіттер ілкінді істі ілгері жылжытты. Оларға мен де қосылдым. Сөйтіп жүріп, он шақты жыл ішінде Алматы қаласында біраз қазақ мектебі ашылды».

Ал, қазақ мектебі мен балалар бақшасын ашу үшін жоғары-төменді шенеуніктерге дүркін-дүркін хат жолдап, қара терге түскенін білеміз бе? Үмбетбай Уайдиннің 2006 жылы 10 қазан күні Қазақ радиосына берген сұқбатынан үзінді келтірейік. « Қонаевтің қабылдауында болыпты деген әңгіме құлағыма тиіп, Шөкеңнен «Сол рас па?» деп бір-екі рет сұрағанымда, күліп жауап берді. «Есіктен кіріп келгенімде күректей қол алдымнан шықты. Қолым қолының ішінде жоғалып кетті» деді. Бұйымтайын сұрапты. Сонда Шөкең: «Мен соғыстан аман-есен келдім. Бала оқыттым. Еліме күлкі сыйлап жүрмін. Ендігі арманым – қазақ мектептерін көбейтсем екен!» депті. Сол сәтте Қонаев « Менің алдыма келгендер үй сұрап, машина сұрап бүгежектейтін еді» деп ризашылықпен елжірей қарапты.

Шона ағадай қазақ тілінің мәртебесі үшін ашық күрестік пе? Көбіміз үндемедік. Бұғып қалдық. Партиядан қорықтық. Саясаттың салқыны тисе, тұмауратып қаламыз ба деп үріктік. Шона ағамыз бұққан да жоқ, үріккен де жоқ. Әй, батыр екен-ау!

// Көпен Әмірбек. «Сөйле десең, сөйлейін» кітабынан үзінді
❤3
Ашыққанға нан арман,
Адасқанға таң арман,
Ауырғанға жан арман,
Арман, арман, сан арман.

Бұлбұл құсқа бақ арман,
Мансапқорға тақ арман,
Шөл далаға қақ арман,
Арман, арман, тағы арман.

Елдік арман данаға,
Ерлік арман балаға,
Арманға әркім садаға.
Армансыздар бола ма?

Ажар арман шор болсаң,
Ажал арман қор болсаң.
Арман да зор зор болсаң,
Арман да бор, бор болсаң.

Арман – қаны жүректің,
Қансыз жүрек соқпайды.
Арман – жаны тілектің,
Жансыз тілек тоқтайды.

Ендеше арман мол болсын,
Сұлу болсын, зор болсын,
Жарқын болсын, жол болсын,
Не тілесең, сол болсын.

// Жұбан Молдағалиев - Армандар
❤11
Көк өгіз көзге толық, денесі мол,
Басқадан өзін өзі көріпті зор.
Табын тастап қосылды жылқыларға
Сиырмен бірге жүрсем болам деп қор.

Дос болып өгіз, жылқы көп күн өтті,
Бұларға бір ордалы қасқыр кепті.
Жанынан жылқы күдер үзген кезде,
Көк өгіз қасындағы келіп жетті.

Күжілдеп аузын ашып мүйіз шайқап,
Жылқыға жолатпады бәрін жайқап.
Жымып тұрған жылқылар үркіп қашты,
Қасқырмен айналғанын оның байқап.

Жылқы кетті, бәлеге өгіз қалды,
Өкіртіп тамам қасқыр ортаға алды.
Даладан бір тол мөшке даусын естіп,
Дүркіреп олар-дағы келіп қалды.

Әр бірі сүзді, қуды қасқырларды
Әйтеуір көк өгізді айрып алды.
Әпендім, ой жіберсең бұл бір ақыл,
Бұрынғы кәриелерден қалған нақыл.

Жынысы басқа жылқылар тастап кетіп,
Бәледен өз жынысы құтқарды ақыр.
Көкке жетсе, өз жынысын қорламасқа,
Бек нықтап тәубе қылған өгіз батыр.

// Сұлтанмахмұт Торайғыров - Көк өгіз (1912)
❤7👍1
Жиренше шешен орта жасқа келгенде әйелі Қарашаш қайтыс болады. Жиреншенің бұрынғы жас күні емес, қыз қарастыруға ыңғайы келмей, бірер жыл жүріп қалады. Бір күні Әз Жәнібек хан Жиреншеге: «Бұлай үйленбей жүргенің жарамайды, пәленшенің қатыны ерінің тұсында жақсы әйелдің бірі еді, соны ал!» деген ұсыныс жасайды. Жиренше шешен болса, «Сіз ұйғарған болсаңыз, жарайды» деп үйленеді. Біраз уақыт өткен соң хан: «Жиренше, мына әйелің бұрынғыңдай ма, қалай өзі?» деп сұрайды. Сонда: «Күндіз екеуміз, түнде төртеуміз» депті. «Түнде төртеуің қалай?» деп қайта сұрағанда, Жиренше шешен:
Ері есіне түседі,
Теріс қарап жатады,
Оныменен ол екеу.
Қарашашты ойлаймын,
Мен де теріс қараймын,
Оныменен мен екеу.
Оймен тауып жолдасты
Боламыз түнде біз төртеу.
Таң атқан соң оянып,
Тұра келсек тағы екеу!
Қыздай алмай қатын болмас,
Есік көрген мақұл болмас.
Қанша жақсы көрем десе де,
Бұрынғыдан жақын болмас.
Байы өлген қатынды алу,
Ойлағанда ақыл болмас.


Мұны естіген хан мен жиылған көпшілік Жиреншенің сөзін тыңдап «Рас-ау» дескен екен.
❤6
Аунайсың ба,
мәз болып,
күлесің бе,
Үкілі әлем – өзіңнің үлесіңде.
Құлыншақ ем мен дағы бір кездері,
Өйткені, анам тірі еді,
білесің бе?


Шапқыладым,
Шыңдарға шықтым өрлеп,
Бір күні ажал келді де түкті қол боп,
Қабырғамды суырып алды бітеу...
Күлді сосын ыржаңдап «мықты бол» деп.


Содан бері,
әйтеуір, бар бір өкпе,
Қолым жаям дәрменсіз мәңгі көкке.
Қабырғамды қайық қып жеткіздім мен
Жан анамның табытын арғы бетке...


Ол тіріде жүрегім тоңар ма еді,
Тоңар ма еді,
гүлдерім солар ма еді.
Бұл ауылға,
неге-дүр, құлыншағым,
Сирек келер болдым мен содан бері.


Шапқылай бер әзірге керме көрмей,
Керме бір түн тартылар көлденеңдей.
...Езілесің,
іздейсің...
сосын барып,
Кетесің ғой қатты боп сен де мендей.

// Есенғали Раушанов - Құлыншақ
❤9
Қызым, сен қызыл гүлсің ашылмаған,
Жұпарың айналаға шашыраған.

Мен – сенің аялаған бағбаныңмын,
Қорғаушысы кіршіксіз пәк жаныңның.

Өмірден көрген жоқсың жамандықты,
Аласың ұнатқан бір мамандықты.

Еске сақта мәңгіге адамдықты,
Тудай ұста парасат, адалдықты.

Қайырымды бола біл дос, туысқа,
Мейірімсіз бен жалқауға тек жұғыспа.

Кешірімді болғайсың құрдасыңа,
Пайда ойлама өзіңнің бір басыңа.

Тілегім – арнап айтқан көңілдегі -
Орныңды тап өзіңнің өмірдегі.

// Рза Қунақова - Қызыма
❤3😍3
Шығады есің,
Кіреді бір ес,
Ақылға бойың бағынбай жүр еш.
Кеудеңнен шықпай тұрғанда жаның,
Нәпсіңмен күрес,
Нәпсіңмен күрес!

Алдыңда талай тұрады белес,
Бұл өмір – өзен,
Бір ағын.
Елес.
Кеш болмай тұрып,
Құлшылық жаса,
Қара жер мәңгі тұрағың емес.

Адамдық жолға қосатын үлес,
Ұлылар керуен-көшіне ілес.
Өмірің қор боп өтпесін десең,
Нәпсіңмен күрес,
Нәпсіңмен күрес!

Жаныңа бекер жинама құр өш,
Бұл өмір – тартыс,
Һәм теке тірес.
Шайтанға әскер болғың келмесе,
Нәпсіңмен күрес,
Нәпсіңмен күрес!

// Санжар Ғұлама - Нәпсіңмен күрес!
❤10👍1
Биіктік жайлы көп талас,
Бақыт деп бірі санайды.
Жақұт деп бірі санайды,
Уақыт деп бірі санайды,
Бұл талас әзір тоқтамас,
Ойлантар әлі талайды.

Биіктік жайлы көп талас,
Мансап деп бірі санайды.
Даңқ деп бірі санайды
Бұл талас әзір тоқтамас,
Шаршатар әлі талайды.

Биіктік ардың ұғымы,
Өлмейтұғындардың ғұмыры,
Сәйгүліктердің дүбірі,
Баланың тәтті қылығы,
Ұраны ерлік ұрпақтың,
Келер күндері, бүгіні.

Биіктік деген сонда не?
Бақытты күндер,
Думанды ел,
Кір жуып, кіндік буған жер
Жатқанмен табан астында
Бәрінен биік туған жер.

// Өтеген Оралбаев - Биіктік
❤4
Ең биік шыңның аты,
Ең аппақ таңның аты,
Ең сұлу гүлдің аты,
Ең жақын жанның аты,

Ең тәтті мұңның аты.
Ең жылы сөздің аты.
Ең аппақ түннің аты.
Ең тұнық көздің аты.

Ең терең ойдың аты,
Ең әсем әннің аты.
Ең ұзақ айдың аты.
Ең соңғы сәннің аты,

Ең ғажап күйдің аты,
Ең таза көлдің аты,
Ең қымбат сыйдың аты,
Ең ұзақ жолдың аты,

Ең сырлы хаттың аты,
Ең мөлдір жастың аты,
Ең жасыл бақтың аты,
Ең асыл тастың аты,

Ең нәзік жырдың аты,
Ең ыстық шақтың аты,
Ең құнды сырдың аты,
Ең таныс сәттің аты,

Бүгінгі туған күн иесі.

// Мирас Асан
❤4
Бердібек Соқпақбаев туралы
😢5❤3
Дос емес, дос сыртынан жамандаса,
Несі дос, бір қатесін жаба алмаса?
Дұшпан шіркін сыртыңнан не демейді,
Қауіп етіп бір адамнан ұялмаса.

Дос емес, достың сөзін бөтен десе,
Достықтан бір өкпемен кетем десе.
Арадан неғып достық табылады,
Саған да бір іс тауып етем десе.

Дос емес, достың сөзін көтермесе,
Салған жерден түбіңе жетем десе.
Не қылып дос атына қосылады,
Көтермей бір сөзіңді, бүйтем десе.

Нағыз дос бір-біріне тарылмайды,
Жуырда түрткеніне жарылмайды.
Жақсы-жаман айтты деп елемейді,
Бақ-дәулет сол адамнан арылмайды.

Нағыз дос бір-біріне елең болмас,
Өкпені қауіп іздеп тізген болмас.
Ондай өкпе болса да өткізеді,
Бір-бірі шын достыққа келген жолдас.

Нағыз дос бірін бірі жамандамас,
Араға көп өкпе сап табандамас.
Көңілі татулықты іздеп тұрар,
Жөніне татулықтың шабандамас.

Жақсының әрбір сөзін қайырмаңыз,
Жасыған жездей қылып майырмаңыз.
Сыр алмаған біреумен дос болам деп,
Сыр алған досыңыздан айрылмаңыз.

// Серәлі Еруәліұлы - Дос емес, дос сыртынан жамандаса
❤3
– Бұл дүниеде не жетім?
– Кім қажетсіз болса, сол жетім.
Хакімі әділ болмаса,
Бұқара байтақ ел жетім.
Қаптап елі қонбаса,
Жайылған малы болмаса,
Көкорай шыққан балқашы,
Жеусіз тұрып сорласа,
Ел қонбаған жер жетім.
Ішсең, суы құрсағыңа жақпаса,
Адам менен мал түгіл,
Қаңғырған қарсақ татпаса,
Ащы дария көл жетім.
Жетпістен жасы асқанда,
Сексенге аяқ басқанда,
Жастар елеп келмесе,
Келіп сәлем бермесе,
Қайғысы келіп күңіренген,
Күнінде асыл десең де,
Қартайған күнде ер жетім,
Басшысыз қалған шәр жетім.
Қартайса, бәсі қайтады,
Қоспақтың жүгін тарта алмас,
Асыл туған нар жетім.
Қырға шықса, белім деп,
Ойға түссе, тізем деп,
Келін менен балаға
Қонақ болған уақытта,
Басынан билік кеткен соң,
Кемпір менен шал жетім.
Бақыты тайған би жетім,
Қатынсыз қалған үй жетім,
Сатып алған құл жетім,
Құлдықта қалған ел жетім.
Азамат ерлер қайғы етер,
От басында жыласа,
Жас төгіп сәби бір жетім.
Ақырында тәрк етуге жарамас
Ерлердің еткен құрметін.

// Қашаған Күржіманұлы
❤3
Біріншіден не жаман?
Білімсіз болған ұл жаман.
Екіншіде не жаман?
Ананың тілін алмаған,
Қасарысқан қыз жаман.
Үшіншіде не жаман?
Үш жерінен буғызып,
Көрге салған сол жаман.
Төртіншіде не жаман?
Төресін ғаділ бермеген,
Парақор болған би жаман.
Бесіншіден не жаман?
Бес уақыт намазың
Қаза болған – сол жаман.
Алтыншыда не жаман?
Алғашқы алған әйелің,
Көп ішінде кеңкілдеп,
Тіл алмаған сол жаман.
Жетіншіде не жаман?
Жеткіншекте оқ тиіп,
Жетпей қалсаң, сол жаман.
Сегізіншіде не жаман?
Серке санды ат мініп,
Сергелдең болған жол жаман.
Тоғызыншыда не жаман?
Торғайдай болған бір басың
Топқа түскен сол жаман.
Оныншыда не жаман?
Оймақ ауыз, қиғаш қас,
Бір перзенттің жоғынан,
Мұңлық болған сол жаман.

// Ақтан Керейұлы
❤7
Жәңгір хан жайлы алғаш құдайы күлшедей кітап жазып, артынша пьесаға түсіріп, спектакль қойғызып, ұнамды образын өрнектеген өзім едім. Қаншама қарсылыққа тап келдім… Мәселе онда емес. Айтпағым, хан зираты Батыс Қазақстан облысы Орда селосының іргесінде жатыр. Отан соғысы жылдары болған оқиға. Отыннан тарыққан жұрт алдымен хан зиратының үстіндегі ағаш күмбезін бұзып алады. Отқа жағады. Артынша тасын тасып әкетіп, бұзауқора жасайды. Имансыздықтың мұнан асқан мысалын таба алмассың, баяғы Махамбеттен қалған «Хан емессің, қасқырсың» осылай жалғасып жатты.
Келесі жазда көрген елге таңдай қақтырған тағы бір оқиға өтеді. Бір түнде хан моласы мен Фатима тоташтың, жанындағы қос ұлының басына көк сырмен сырланған темір қоршау пайда болады. Кім қойғаны, қайдан әкелгені беймәлім, құпия!

Бақса, Қазан татарлары жергілікті қазақтардың сорақылығын естіп, жаға ұстасқан. Сосын қой, болмас деп әдемілеп темір қоршау жасатып, арнайы бригада мен машинаны аттандырады. Бір түнде бар шаруаны бітіріп, көзге түспей кері қайтқан.

Фатима тоташтың тегі татар. Атақты мүфти Мұхамеджан Хусейіновтың қызы. Жәңгір күйеубаласы.
Жәңгір хан 1845 жылы 11 тамызда дүние салды. Ал темір қоршау 1945 жылы жаз айында орнатылған. Арада тұтастай 100 жыл жатыр.

Бір ғасыр бойы жатжұрттық қызын ұмытпаған, хан күйеудің рухын сыйлаған татар ағайындарға қалайша таңғалмассың.

// Рахымжан Отарбаев
❤8
Дей алмассыз айтқаның шала мына,
Ілінсек те жиі сын садағына.
Қолындағы тәттісін балаға емес,
Қазақпыз ғой сақтайтын қонағына.

Жақсы адамға өсек те таңылмайды,
Шіріткендей құмалақ қарын майды.
Неге екенін қуанса, қиналса да,
Біздің қазақ шүкірден жаңылмайды.

Уа, балақай, қалайсың ісің нешік,
Отырамыз алаңсыз пікірлесіп.
Тәубе құдай жазба деп бергеніңнен,
Ақырында тараймыз шүкір десіп.

Біреулердің сынаймыз ісін кей біз,
Ал өзіміз түк нәрсе бітірмейміз.
Бір баспана тұрғызсақ сыртын мақтап,
Жарар осы жетеді, шүкір дейміз.

Жағдайға да мән беріп, түсінбейміз,
Іргемізді қайтіп дос бүтіндейміз.
Мейлі өрт шалсын, су бассын, қалдық аман,
«Бастан құлақ садаға» шүкір дейміз.

Сырқаттың да байқамай күшін кей біз,
Алдын алып, қамданып, күтінбейміз.
Ауруды да жасырып, сұрай қалса,
Жаңа ыстық шай іштім шүкір дейміз.

Өмір бізге мүмкіндік ұсынды ерен,
Қапы қалма, адамзат, түсін дер ем.
Тайға таңба басқандай болса да анық,
Күн кешеміз осылай шүкірменен.

Кей әрекет десек те бүтін бұзды,
Жол іздейік басқаша ұтымды, ізгі.
Тойдырғанмен қанағат қарнымызды,
Онша алысқа апармас шүкір бізді!

// Бижан Қалмағанбетов - Шүкіршілік немесе қазағым
❤1👍1
Дүние толды өсек-аяң, жер солды,
Елемесең, елім, байқап оң, солды.
Өтер жолың тайғақ кешу тар жол-ды,
Байқамастай, елім, саған не болды?

Жұрт жиналды, кеңес құрды, тарады,
Оң жағына өз елінің қарады.
Ықтырмасын жел бетіне қадады,
Ескерместей, елім, саған не болды?

Дұспан шықты, жан-жағынды қамады,
Жиғаныңды алды, өртеді, талады,
Қарсылассаң тамағыңнан шалады,
Мұны көрмей, жұртым, саған не болды?

Үрім-бұтақ ұрпағыңды құл етер,
Әлпештеген аруыңды күң етер,
Жарық сәуле бостандыққа мұң етер,
Ойламастай, жұртым, саған не болды?

Сен жатырсың қатты, терең ұйқыда,
Өзді-өзіңмен алысуда миқыда,
Талас-тартыс үнемі ызы-қиқыда,
Оянбастай, жұртым, саған не болды?

Бүгін болса тамағымыз тоқ дейсің,
Ертеңгінің еш керегі жоқ дейсің.
Азаматың аттан ұшса «шоқ» дейсің,
Ұялмастай, жұртым, саған не болды?

Ел көшкенде жұртта қалған сен бе едің,
Ар-намыстан жұда болған ел ме едің?
Қаның қара, басқалардан кем бе едің,
Қозғалмастай, жұртым саған не болды?

Қаның таза, сен олардан кем емес,
Сен артықсың, олар саған тең емес.
Өз бойыңа осы жүріс жол емес,
Байқамастай, жұртым, саған не болды?

Алатаудан асып барып жайлаған,
Беткейінде құлын-тайын ойнаған,
Ойына алған ісін етпей қоймаған,
Ел емес пе ең, жұртым, саған не болды?

Шыңғыс, Бати хандық құрып тұрған ел,
Қара қыпшақ Қобыландылар туған ел,
Қарсылаған дұспан жауын қуған ел,
Емес пе едің, жұртым, саған не болды?

// Ғұмар Қараш - Саған не болды?
❤4
Жаныңда болсам деймін, жүзімнен әр тайғанша,
Жанымда болсаң деймін, қалжырап-қартайғанша.
Жаныңда болсам деймін, кешіксең күту үшін,
Бір өліп, бір тіріліп бірге дем жұту үшін...

Сені іздеп сағынғанда, сабылып барсам деймін,
Сыз өтіп табанымнан ауырып қалсам, мейлі!
Сүрінсең, демеу болсам, жаныңа ұшып барып,
Ренжітсең, еркелесем көліктен түсіп қалып...

Еркіңе бағынбасам – басылсаң ұрсып барып,
"Қырсық!",– деп құшақтасаң, танаудан түртіп қалып.
Адассам жол таба алмай, "Келе ғой, Күнім!"– десең,
Ешкім де жоғалмаса, ештеңе бүлінбесе...

// Айгүл Жұмаділ
❤10
Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
... Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай-ақ кел дағы от ал менен.

Түтін түтет,
Өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста,
Жақсылық күтпегейсің!
От емес, оқ сұрасаң менен егер!

Үш бірдей бақытым бар алақанда,
(Мені мұндай бақытты жаратар ма?!)
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!

// Мұқағали Мақатаев - Үш бақытым
t.me/adebiett
❤8👍1