Әр күніңді әсемде
2.58K subscribers
5 photos
3 videos
18 links
Әрбір күнге аят, хадис, дұға, мақал.

09:00

Барлық құқық Көкжиек баспасы мен кітап авторы Самет Оқанұлына тиесілі.
Download Telegram
Аят
“Олар Алланың уәдесін орындағандар, әрі серттерін бұзбағандар. Олар Алланың жалғастыруды әмір еткенін (туысқандық байланысты) жалғастырып, Раббыларынан қорқа отырып, есебінің жаман болуынан қауіптенгендер” ("Рағыд" сүресі, 20-21-аяттар).

Хадис
“Мүмин мүминді сыртынан қорғаштайды”. (Әбу Дәуіт)

Дұға
“Уа, Раббымыз! Түсірген (кітабыңа) иман келтірдік және елшіңнің соңынан ердік. Бізді (Өзің түсірген кітаптың, жіберген елшіңнің хақ екендігіне) куә болушылардың қатарына жазғайсың”. (Али Имран: 53)

Мақал
“Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді, Болмас елдің баласы бірін-бірі қатын дейді”.
Аят
“(Уа, Мұхаммед!) Біз саған айдан анық аяттар түсірдік. Ол аяттарды Аллаға қарсы келіп, асы болған күнәһарлар ғана жоққа шығарады”. ("Бақара" сүресі, 99)

Хадис
“Құранды оқып әрі оны жаттағандарға құрмет көрсетіңдер. Оларға құрмет көрсеткен – маған құрмет еткен болады”. (Дәйләми)

Дұға
“Уа, Раббымыз! Халқымның және мемелекетімнің құт-берекесін арттыр!”

Мақал
“Көзі соқырдан көкірегі соқыр жаман”.
Аят
“Егер Алланың сендерге деген шексіз шарапаты мен мейірімі болмағанда, егер Алла тәубелерді қабыл етуші һәм әр ісі, әр үкімі көптеген хикметтерге негізделген асқан дана болмағанда, көрген күндерің не болар еді?!” (Нур сүресі, 10)

Хадис
“Мұсылманның діндес бауырын өзінен төмен санауы – оған күнә болуға жеткілікті”. (Муслим)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Жүрегімде Өзіңнен басқа барлық ойды, зікірді жоқ ете гөр!” (Жунейди Бағдади)

Мақал
“Кішіпейілділіктен кішіреймейсің”.
Аят
“Тірідей көмілген балаларыңа «Қандай кінә-ларың бар еді, нен­дей күнә үшін өлтірілдіңдер?», – деп сұралғанда…” (Такуир сүресі, 8-9 аяттар).

Хадис
“Кішіге мейірім, үлкенге құрмет көрсетпеген бізден емес”. (Тирмизи)

Дұға
“Уа, Раббым! Мені ізгілердің, өзі де, сөзі де дұрыс болғандардан ете гөр һәм мені зиянкестерден ете көрме”. (Әбу Дәрда (р.а))

Мақал
“Үлкенге – құрмет, Кішіге – ізет”.
Аят
“Егер олар Аллаға, пайғамбарға және оған түсірілген Құранға иман келтірген болса, оларды дос тұтпас еді. Бірақ олардың көбісі бұзақылар” ("Мәида" сүресі, 81-аят).

Хадис
“Кісі қиямет күні сүйген адамымен бірге болады”. (Бұхари)

Дұға
“Уа, Раббым! Ең ұлық есіміңнің құрметіне Өзіңнен сұраймын. Мені түнгі һәм күндізгі уақыттарымды Өзіңді еске алумен күшейте гөр әрі мені Өзіңнің қызметіңде ұста”. (әзірет Әли (р.а))

Мақал
“Сүгеніңді іздесең, Жел оңынан тұрар”.
Аят
“Егер үкім шығарсаң, әділдікпен үкім ет” (Мәидә сүресі, 42-аят).

Хадис
“Кісі күмәнды нәрселерді тастамайынша шынайы тақуалыққа жете алмайды”. (Тирмизи)

Дұға
“Қиыншылықта да, жайшылықта да еске алынып, алғыс етілетін ұлы Аллаға сансыз шүкірлер болсын!” (әзірет Фатима (р.анһа))

Мақал
“Тек жүрсең, тоқ жүрерсің”.
Аят
“Аспан әлемі мен жердегі жаратылыс біткеннің бәрі («Сен мінсізсің, кемшілік атаулыдан адасың!», – деп), Алланы ұлықтайды! Ол – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Хаким (әр ісі мен әр үкімі көптеген хикметтерге негізделген теңдессіз даналық иесі)”. ("Хадид" сүресі, 1)

Хадис
“Хикмет – мүминнің жоғалтқан нәрсесі. Оны қайдан тапса, дереу алсын”. (Тирмизи)

Дұға
“Ұлы Алла тағалам! Сенің қалауыңмен болған әрбір іс көркем”

Мақал
“Даналық сөз дау шешер”.
Аят
“Күллі аспан әлемі мен жердің тылсымын һәм ондағы болашаққа қатысты сырларды білу бір Аллаға ғана тән. Ал (сол ғайыптың бірі болған) қиямет қас қағым сәтте, тіпті, одан да аз уақытта орнайды. Расында, Алла барлық нәрсеге толық құдіретті”. ("Нахл" сүресі, 77)

Хадис
“Менің дүниемен байланысым – бір ағаштың астында отырып демін алғаннан кейін тұрып, әрі қарай кеткен бір жолаушының жағдайы сияқты”. (Тирмизи)

Дұға
“Уа, Раббым! Мен күнәларім үшін Өзіңнен кешірім сұраймын. Раббым сен менің амалыма ешқандай да мұқтаж емессің, мен болсам есепсіз күнәларім бар. Саған соншалықты мұқтажбын!” (Салих әл-Мәрри)

Мақал
“Дүние – фәни, ақирет – бақи”.
Аят
“Қандай да бір іске бел буғаныңда: «Мен оны ертең (міндетті түрде) істеймін», – деп, айтушы болма. Тек «иншалла (Алла қаласа немесе бұйырса), істеймін», – деп, айт. Олай айтуды ұмытып кеткеніңде, (есіңе түсе салысымен) бірден Раббыңды есіңе ал әрі: «Раббым маған туралыққа ең жақын болған істі аз ғана уақыт ішінде істеуді нәсіп етер, деп, үміт етемін», – де-гін”. ("Кәһф" сүресі, 23-24)

Хадис
“Ассаламуғалайкум момындар мен мұсылман қауымы! Алла қаласа, біз де сіздерге қосыламыз. Сіздерге және өзімізге Алла Тағаладан амандық тілейміз”.

Дұға
“Қабіріме соңғы кірпіш қойылып, адамдардан үмітім үзілгенде және жарығым біткенде Өзің маған жарық сыйла”. (Фәридуддин Аттар)

Мақал
“Жолаушы жол кеспейді”.
Аят
“Мал-пұлын Алла жолында сарп етіп, соңынан бергенін міндетсінбейтіндердің және (өзінен жәрдем алушыны) ренжітпейтіндердің Раббыларының дәргейінде алатын мол сауабы бар. Олар үшін (әсіресе ақиретте) ешбір қорқыныш жоқ һәм олар әсте мұңаймайды”. ("Бақара" сүресі, 262)

Хадис
“Ешбір жақсылықты азсынба. Тіпті, бауырыңа жылы жүзбен қарауың болса да”. (Риаду әс-Салихин)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Жәннатқа талпынуым лайықты дәрежеде емес, тозақтан сақтануым да өз деңгейінде емес. Мені кешіре гөр. Еш күдіксіз Сен уәдеңде тұрушысың”. (Муаз ибн Жәбәл (р.а))

Мақал
“Жылы киім тәнді жылытар, Жылы сөз жанды жылытар”.
Аят
“Бұл (Құран) мүбәрак насихат…” ("Әнбия" сүресі, 50-аят).

Хадис
“Қайсыбіріңнің ойына мұсылман бауырына пайдалы болатын бір ой-пікір келсе, оны насихат етіп айтсын”. (Ибн Адий)

Дұға
“Уа, Раббымыз! Сыртқы келбетімізді көркем еткеніңдей жан дүниемізді де көркемдей гөр”.

Мақал
“Ой түбінде алтын бар, Ойлай берсең, табарсың. Қанша ұзақ болғанмен, Жүре берсең, барарсың”.
Аят
“Алайда ол күні (қыруар нығметке бөгіп) қуаныштан бал-бұл жанйаған қуанышты жүздер де бар. (Дүниеде ақиретке арнап) еткен еңбектерінің нәтижесіне жеткеніне риза әрі мәз-мейрам”. (Ғашия сүресі, 8-9)

Хадис
“Екі нығмет бар, көптеген адамдар бағалай алмай, ол екеуінде алданып қалған. Ол – денсаулық пен бос уақыт”.

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Бізді адасқан һәм адастырғандардан емес, тура жолда болып, тура жолға бағыттаушылардан ете гөр. Саған құлшылық жасағандарды Өзіңнің разылығың үшін сүйіп, қасарысып, қарсы шыққандарға Өзіңнің разылығың үшін дұшпандық көрсеткен құлдарыңның қатарынан қылғайсың”. (Пайғамбарымыздың (с.а.с) дұғасы)

Мақал
“Қимас досың сұраса, қимасыңды бересің”.
Аят
“Алла сендерге адал мен арамды, жақсы мен жаманды ашық баяндауды, сендерді өздеріңнен бұрын өткен ізгі жандардың сара жолына салуды һәм күнәларыңнан арылтып, тәубелеріңді қабыл етуді қалайды. Алла бәрін білетін шексіз ілім иесі, (әр ісі мен әрбір үкімінде талай хикмет болған) асқан дана”. ("Ниса" сүресі, 26)

Хадис
“Нәпсінің қалауларына бой алдырудан сақтаныңдар. Өйткені, ол (адамды) шындыққа қарсы саңырау һәм соқыр қылады”. (Жамиғу әс-Сағир)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Бізді ризықтандырып, дұшпанға қарсы жәрдем бер әрі бізді дінге теріс істерден ұзақ ете гөр. Бізді Өзің разы болмайтын нәрселерден ұзақ ете гөр”. (Абдулкадири Гәйлани)

Мақал
“Нәпсім – көкжал бөрідей, Иманым – бағлан қозыдай”.
Аят
“(Сый-сияпат) күні мүмін ерлер мен мүмін әйелдерді алдары мен оң жақтарында нұрлары жарқыраған күйде жұмаққа қарай ынтыға адымдап бара жатқанын көресің. Оларға: «Бүгін қуана беріңдер! Міне, сендер үшін ішінде мәңгі-бақи қалатын (жайқалған жасыл бауларының арасымен және зәулім сарайларының) түбінде өзендер ағып жататын жәннат бақшалары», – делінеді. Зор жетістік, толайым табыс деген міне осы!” ("Хадид" сүресі, 12)

Хадис
“Есіл-дерті ақирет болған адамның жан-дүниесін Алла тағала бай қылады”. (Тирмизи)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Өмірімнің қайырлы кезеңі – өмірімнің соңы болуын, амалымның ең қайырлысы – соңғы амалым болуын, ал күндерімнің ең қайырлысы – Саған қауышатын күн болуын Өзіңнен тілеймін”. (әзірет Әбу Бәкр (р.а))

Мақал
“Жақсының жаны – жаннат”.
Аят
“(Біле білсеңдер), дүние қу тіршілік құр ойын-күлкі мен уақытша сауық-сайран ғана. Міне сондықтан да, иман ететін һәм Аллаға лайықты түрде тағзым етіп, алдында асылық етуден сақтанатын болсаңдар, Алла (бір Өзінің разылығын көздеп істеген) игі істеріңнің сауабын толық береді. Сондай-ақ, Алла (хақ жолда садақа-зекет беруге шақырғанда) сендерден қолдарыңдағы мал-пұлдарыңның бәрін беруді талап етпейді”. ("Мұхаммед" сүресі, 36)

Хадис
“Зікірдің қайырлысы – жасырын болғаны, ризықтың қайырлысы (қажеттілікке) жеткені”. (Ибн Хиббан)

Дұға
“Раббым, кедейге жәрдем беріп, көңілін табудан қашпауға һәм нәпсімнің алдында тізе бүкпеуге жететіндей маған күш-қуат бере гөр”.

Мақал
“Обалды біліп өссең, сауапқа кенелесің”.
Аят
“Ол сендерге өзінен сұраған нәрселеріңнің бәрін берді. Бергені соншалық, егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар. Шынында, адам баласы рақыметі жоқ, өте опасыз келеді”. ("Ибраһим" сүресі, 34)

Хадис
“Садақалардың ең қайырлысы – берілген адамның қажетіне жеткілікті болғаны”. (Нәсәи)

Дұға
“Уа, Раббым! Бізді жаман мінездерден қорға. Әрбір ісімізді шын көңіл, терең ықыласпен жасауды нәсіп еткейсің”.

Мақал
“Мың адам салған көпірді бір адам бұзады, Бір адамның жаққан отына он адам жылынады”.
Аят
“Кімге қаласа даналық береді. Ал кімге даналық берілсе, оған көптеген игілік берілген болады. Бұны ақыл иелері ғана түсіне алады” ("Бақара" сүресі, 269-аят).

Хадис
“Зәһид адамды (дүниеге деген қызығушылығын жеңе білген адам) көрсеңдер оған жақындаңдар. Өйткені, оның тұла бойынан хикмет төгіліп тұрады”. (Тирмизи)

Дұға
“Уа, Жаратушы Ием! Өзіңнің қалауыңмен болған әрбір іске разымын”.

Мақал
“Жақсы адам қартайса, Жазып қойған хаттай. Жаман адам қартайса, Бықсып жанған оттай”.
Аят
“Расында, Алла менделерге зәредей қиянат жасамайды. Алайда, адамдар (Аллаға асылық қылу арқылы) өз-өздеріне кесір жасайды”. ("Юнус" сүресі, 44)

Хадис
“«Егер де ...» немесе «әттең...» сөзі – шайтанды қуантатын істердің есігін ашады”. (Муслим)

Дұға
“Уа, Раббым! Мені күнәһарлықтың, қасарысудың қорлығынан шығарып, мойынсұнушылықтың биігіне жеткіз”. (Ибраһим ибн Әдһәм)

Мақал
“Жаман ісінен көрмейді, кісіден көреді”.
Аят
“Алланың рахметінің әсерлеріне қара. Жер жүзі өлгеннен кейін оны қалай жандандырды. Рас Ол, өлілерді тірілтеді, Оның әр нәрсеге күші толық жетеді” ("Рум" сүресі, 50).

Хадис
“Кім Алла оның ризығын көбейтіп, ғұмырын ұзартуы қуандырса – туыстарымен байланыссын”.

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Бұл жерлерді (біз тұрған жер) Өзіңді еске алумен, ізгі һәм салих құлдарың арқылы қиямет қайымға дейін гүлдендіргейсің. Ризығымызды халалынан бергейсің. Уа, Алла тағалам! Біздерді Өзіңнің жолыңда бір-бірін сүйген, еске алған һәм жақсы қарым-қатынаста болған құлдарыңнан қылғайсың!” (Исхақ Казеруни)

Мақал
“Ырыздығыңды сұрап жеме, теріп же”.
Аят
“(О, Мұхаммед!) Шын мәнінде саған Кәусәрді бердік. Сондықтан да сен жаратқан Иең үшін ғибадат жаса, құрбан шал. Саған өшігушінің өздері ұрпақсыз қалады» (Кәусәр сүресі).

Хадис
“Ислам дініне қол жеткізіп, жеткілікті дәрежеде ризық берілген һәм осыған қанағат қылған кісі – еш күмәнсіз құтылды”. (Ибн Мәжә)

Дұға
“Уа, Жаратушы Ием! Мені харам еткен нәрселеріңнен сақтап, адал еткен нәрселеріңе көңілімді тоқ ете гөр. Өз кеңшілігіңмен мені басқаларға мұқтаж ете гөрме”.

Мақал
“Қанағат қарын тойғызар, Қанағатсыздық жалғыз атын сойдырар”.