Әр күніңді әсемде
2.58K subscribers
5 photos
3 videos
18 links
Әрбір күнге аят, хадис, дұға, мақал.

09:00

Барлық құқық Көкжиек баспасы мен кітап авторы Самет Оқанұлына тиесілі.
Download Telegram
Аят
“Сонымен қатар: «Ақиқат (хақ дін) келді, жалған (құдайлар мен діндер) ізім-қайым жоғалды. Расында, жалған баянсыз келеді», – деп, жар сал”. ("Исра" сүресі, 81)

Хадис
“Бізді алдаған – бізден емес”. (Муслим)

Дұға
“Уа, Жаратқан Иеміз! Күнәларымыз бен қателіктерімізді кешіріп, бізді дін жолында табанды ете гөр”.

Мақал
“Өтірік өрге басқызбас”.
Аят
“Иман етіп, (имандылық талабына сай өздерін һәм қоғамды кемелдікке жетелейтін) игі істер істегендердің (нәпсіге жеңіліп пенделікпен істеген) күнә-қателіктерін өшіреміз де, оларды істеген игі істерінің ең жақсысын назарға ала отырып, сый-сияпатқа бөлейміз”. (Әнкәбут сүресі, 7)

Хадис
“Зиян беруге болмайтынындай, зиянға зиянмен жауап беруге де болмайды”. (Ибн Мәжә)

Дұға
“Уа, Раббым! Мені қателіктерімнен ақ киімді кірден тазартқаның секілді тазарта гөр”.

Мақал
“Таспен атқанды аспен ат”.
Аят
“Ал кімде-кім күндердің күнінде Раббысының дәргейіне баратынын ойлап, шынымен қорыққан һәм нәпсісін әуейіліктен тыйған болса, шүбәсіз, оның ақыр соңында барып паналайтын жері – жаннат болмақ!” ("Назиғат" сүресі, 40-41)

Хадис
“Кісінің өзіне қатысы болмаған нәрсені тастауы, оның жақсы мұсылман болғанының дәлелі”. (Тирмизи)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Сенің бізге берген ризықтарыңды санына жете алмаймыз. Өйткені, Сен Өзің былай дегенсің: «Алла тағаланың сендерге берген нығметтерін санасаңдар, әлбетте санына жете алмайсыңдар». ("Ибраһим", 34)

Мақал
“Өз үйіңде отыңды жақ, Кісі үйінде аузыңды бақ”.
Аят
“(Уа, Мұхаммед!): Сен сонда да кешірімді бол, жақсылықты бұйыр, сауапты һәм пайдалы істер істегін. Ондай надандардан сырт айнал, олардың қылықтары мен сөздерін көңіліңе алма, (наданмен надан болма)”. ("Ағраф" сүресі, 199)

Хадис
“Мұсылман – тілімен һәм қолымен адамдарға зәбір бермеген адам. Әрі одан адамдардың дүние-мүлі мен мал-жаны амандықта болған адам.” (Тирмизи)

Дұға
“Уа, есепсіз нығметтердің Иесі болған Алла тағалам! Жүрек көзімді Өзіңнің құдірет бақшаларыңды тамашалаушы ете гөр! Ерік-жігерімді Өзіңнің жомарттығыңа бағынышты ете гөр! Уа, жүрегімді нұрландырушы, қалауымның түпкі мақсаты болған Раббым! Әрдайым өзіңнің жолыңда қызмет етуімді әрі Өзіңнің разылығыңды іздеуші болуымды нәсіп ете гөр!” (Арифе Зәхра)

Мақал
“Жақсының белгісі – Кексіз болады. Жаманның белгісі – Тексіз болады”.
Аят
“Ал кімде-кім істеген қиянатынан кейін тәубеге келіп, толық түзелсе, шүбәсіз, Алла оның тәубесін қабыл алады. Өйткені, Алла өте кешірімді, (әсіресе тәубеге келіп, Өзіне бет бұрған құлдарына) ерекше мейірімді”. ("Мәида" сүресі, 39)

Хадис
“Ұлы Раббымыз өз ісін толық һәм жақсы жасағандарыңа разы болады”. (Бәйһаки)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Мен тәубе еттім. Тәубемді қабыл ете гөр”. (Мухаммед ибн Уаси)

Мақал
“Жақсы сөйлесе, аузынан гүл төгіледі, Жаман сөйлесе, аузынан жын төгіледі”.
Аят
“Сонымен қатар, Ол (Алла тағала) құлдарының шынайы тәубесін қабыл алады және жамандықтарды біржолата кешеді, сондай-ақ, Ол не істеп, не қойып жүргендеріңді жақсы біледі”. ("Шура" сүресі, 25)

Хадис
“Рамазан – берекет айы. Алла бұл айда күнәларды кешіріп, дұғаларды қабыл етеді”. (Табарани)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Осы күнгі ұстайтын оразамды кемшіліксіз атқаруыма маған жәрдем ет. Мені күнәларымнан алыстат. Әрбір сәтімді Өзіңді еске алумен өткізуді маған нәсіп еткейсің”. (Пайғамбарымыздың (с.а.с) дұғасы)

Мақал
“Ырысқа қарап ұл өсер, Қонысқа қарап мал өсер”.
Аят
“Алла иман еткендердің жанашыр досы, қамқоршысы һәм қорғаны, оларды тас қараңғы түнектерден жарық нұрға шығарады. Ал күпірлік қылғандарға келсек, олардың достары тағұт (жалған құдайлар һәм жоқ жерден дін ойлап тауып, ел-жұртты соған үгіттеуші зұлым күштер), олар кәпірлерді жарық нұрдан шығарып, тас қараңғы түнектерге кіргізеді. Олар – тозақтықтар. Олар сонда мәңгі-бақи қалады”. ("Бақара" сүресі, 257)

Хадис
“Алла жолында бір-бірін жақсы көргендер, аршының көлеңкесінен басқа көлеңке болмаған күнде, арштың көлеңкесінде болады”. (Рамуз әл-Әхадис)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Дүниеде һәм ақиретте Өзіңе қауышуымызды нәсіп еткейсің. Жақындығың мен Жамалыңды тамашалаудың дәмін татқызғайсың. Бізді Өзіңнен басқаның бәрін тәрік етіп, жалғыз Өзіңмен ғана жаны жай табатындардан ете гөр”. (Абдулқадир Гайлани)

Мақал
“Берекелі тоғайда, Басын иіп тал тұрар. Берекелі ауылда, Ақылы дана шал тұрар”.
Аят
“Расында, түн мен күннің алма-кезек ауысып, ұзарып-қысқаруында һәм Алланың күллі аспан әлемі мен Жер бетінде жаратқан әрбір жаратылыс пен құбылыста Раббыларына қарсы келуден қорқатын тақуа жандар үшін (Алланың шексіз құдіреті мен билігін көрсететін) көптеген ғибрат аларлық белгілер мен дәлелдер бар”. ("Юнус" сүресі, 6)

Хадис
“Алладан қорқып жылаған көз тозаққа күймейді”. (Тирмизи)

Дұға
“Уа, бізді жаратқан һәм ризығымызды берген Раббымыз! Біздің қате-кемшіліктерімізді бетімізге баса гөрме. Өзің кешіргейсің!” (Фәридуддин Аттар)

Мақал
“Құдайдан қорықпағаннан қорық”.
Аят
“Иә, олар иман етіп, көптеген игі іс істеді. Олар қандай бақытты! Ақырында баратын ең керемет мекен де соларға тән!” ("Рағыд" сүресі, 29)

Хадис
“Рамазан келген кезде Алла тағала періштелерге «мүминдер үшін кешірім сұраңдар» деп әмір етеді”. (Дәйләми)

Дұға
“Уа, Раббым! Сенен Өзіңе кішіпейілділік танытып, мойұсынған құлдарыңның тәубесін, тәубе жасаушылардың ықыласын, Өзіңе шүкір етушілердің сабырын һәм сүйікті құлдарыңның құтылуын сұраймын”. (Талк ибн Хабиб)

Мақал
“Жақсының шарапаты көпке тиер Желдің самалы бетке тиер”.
Аят
“Уа, адамдар! Раббыларыңа асылық қылып, қаһарына ұшыраудан сақтаныңдар! (Біліп қойыңдар!) Қиямет күнінің зілзаласы, расында да, өте алапат құбылыс”. ("Хаж" сүресі, 1)

Хадис
“Кімде-кім бір кедейге жеңілдік көрсетсе, Алла да оған дүние-ақиретте жеңілдік көрсетеді”. (Муслим)

Дұға
“Уа, Жаратушы Ием! Барлық қателіктерімді мойындап, Өзіңнің құзырыңа келіп тұрмын. Мені кешіруіңді сұраймын”. (Сади Ширази)

Мақал
“Берекелі ауылдың бейнеті – мейрам”.
Аят
“Ал сонау ақиреттегі мәңгілік бақыт мекеніне келсек, оны жер бетінде (молшылықты көтере алмай) асып-тасуды һәм бүліншілік шығаруды қаламайтындарға нәсіп етеміз. Ақырғы жетістік – Алланы лайықты түрде ұлықтайтын әрі азабынан сақтанатын тақуа жандарға тиесілі ”. ("Қасас" сүресі, 83)

Хадис
“Қай жерде жұмсақтық болатын болса, ол жер мадақталады, ал жұмсақтық болмаған жер қашан да датталады”. (Муслим)

Дұға
“Уа, Раббым! Өзіңнен қайтпас берік иман, түгесілмес ризық һәм Хулд жәннатының ең биік дәрежелерінде сүйікті пайғамбарыңмен бірге болуды сұраймын”. (Абдулла ибн Масғуд (р.а))

Мақал
“Бейнетің қатты болса, Татқаның тәтті болар”.
Аят
“Қадір түні мың айдан да артық, әрі қадірлі. Ол түні періштелер мен Рух Раббыларының рұқсатымен алуан түрлі іс жасауға түскен үстіне түсе береді. (Әсіресе ықыласты құлшылықпен ояу өткізгендер үшін) ол түн мейірім мен амандық ішінде. Таң бозарып атқанға дейін”. (Қадыр сүресі, 3-4-5)

Хадис
“Бұл айда (рамазан) бір түн бар, мың айдан да қайырлы. Ол түннің қайырынан құр қалғандар, әр қайырдан құр қалған болады”. (Нәсәи)

Дұға
“Осы күні мені бейқамдықтың қалың ұйқысынан тұрғыз, күнәмді кешір, уа, әлемдердің Раббысы! Мені кешір уа, күнәларды кешіруші Раббым!” (Пайғамбарымыздың (с.а.с) дұғасы)

Мақал
“Қадірліге халық үйір, Терең суға балық үйір”.
Аят
“Қандай да бір жақсылықты жария істесеңдер де, жасырын істесеңдер де немесе (өздеріңе істелген) жамандықты (есесін қайтаруға шамаларың жете тұра) кешетін болсаңдар, біліп қойыңдар, Алла (құлдарының Өзіне қатысты жасаған күнәларының көбін бірден кешетін) өте кешірімді, һәм (жазаға лайық болған әрбір күнәһардың сазайын беруге құдіреті толық жететін) өте құдіретті”. ("Ниса" сүресі, 149)

Хадис
“Мүминдер өзара бауырмал һәм бір-біріне деген сүйіспеншілігі басым болады. Тіпті, үйлері бөлек (бір-бірінен шалғайда) болса да”. (Рамуз әл-Әхадис)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Менің мұқтаждықтарым көп. Өзіңнен басқа арқа сүйерім жоқ. Өзіңнен жәрдем тілеймін. Кешіріміңді сұраймын”.

Мақал
“Ағайын ащы, мал тұщы”.
Аят
“Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын”. ("Бақара" сүресі, 184)

Хадис
“Алла тағаланың ешбір көз-құлақ естіп, білмеген һәм ешбір жанның қиялына кіріп-шықпаған ризық толы дастарқаны – жалғыз ораза ұстағандар үшін беріледі”. (Табарани)

Дұға
“Уа, ұлы Алла тағалам! Әрбір ісімізді Өзіңнің разылығың үшін жасауымызды бізге нәсіп қылғайсың. Бізді күмәнді нәрселерден алыстат. Сен бізге жеткіліктісің”. (Ибн Халдун)

Мақал
“Жақсылық ағаш басында, Жамандық аяқ астында.
Аят
“Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар және зекетті толық беріңдер. (Алланың разылығына бөлену мақсатында) дүниеде өздерің үшін қандай да бір жақсылық жасап, (ақиретке) жолдасаңдар, сол Алланың алдына барғанда міндетті түрде алдарыңнан шығады. Шүбәсіз, Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнің бәрін көруде”. ("Бақара" сүресі, 110)

Хадис
“Рамазан оразасы – парыз, ал, тарауих намазы болса – сүннет. Бұл айда ораза ұстап, түндерін құлшылықпен өткізгендердің күнәлары кешіріледі”. (Нәсәи)

Дұға
“Рамазан айы көзімізді ашып-жұмғанша өтіп кетті. Бұл айда жасаған құлшылықтарымыз һәм дұға-тілектерімізді Жаратушы Жаббар Ие қабыл етіп, бізді мейіріміне бөлесі. Уа, кешірім һәм рақымдылық айы қош бол!”

Мақал
“Жақсылық суға батпас, Әйтеуір бір шығар, тегін жатпас”.
Аят
“Ораза ұстайтын ерлер мен ораза ұстайтын әйелдер; арын сақтап, абыройларын күнәдан тыйған ерлер мен арын сақтап, абыройларын күнәдан тыйған әйелдер; сондай-ақ, Алланы көп еске алатын ерлер мен Алланы көп еске алатын әйелдер (бар ғой?!) Міне, Алла осынау ізгі жандарға ерекше кешірім мен үлкен сый-сияпат дайындап қойды”. ("Ахзаб" сүресі, 35)

Хадис
“...Бұл айдың Рамазан деп аталуының себебі, күнәларды жағып, еріткені үшін”. (Мансур)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Бүгін бізге көктен бір дастарқан түсіріп біз үшін және бізден бұрынғылар һәм кейін келетіндер үшін бір мереке ет. Өзіңнің құдіретіңнен бір белгі болсын. Бізді ризықтандыр, Сен ризық беретіндердің ең қайырлысысың”. (әзірет Иса (а.с))

Мақал
“Жақсы адам – ай мен күндей, Көпке бірдей”.
Аят
“Нағыз тақуалар – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер, (ашу қысқанда өзін ашуландырған адамның сазайын беруге шамасы жете тұрып) ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар. Шүбәсіз, Алла (міне, осындай) ізгі жандарды жақсы көреді”. ("Әли Имран" сүресі, 134)

Хадис
“Сауабын Алладан күтіп, екі мейрам (айт) түнінде тұрып құлшылық қылған адамның жүрегі – жүректердің өлген күні өлмейді”. (Ибн Мәжә)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Бұл мейрамды (айт күні) жанұям, дос-жолдасым, алыс-жақын туыстарым үшін жақсылықтарға себепші қылғайсың. Бұл күндерді мейрам етуіңнің астарында қандай жақсылықтар бар болған болса, бізді оған жеткізгейсің”.

Мақал
“Мезгілінде жүрмесең, мерзімді жерге жетпейсің”.
Аят
“Міне, солар иман еткен әрі Алланы еске алу арқылы жүректері жай табатын ізгі жандар. Ендеше, біліп қойыңдар! Жүректер Алланы еске алу арқылы ғана жай тауып, толық қанағаттанады!” ("Рағыд" сүресі, 28).

Хадис
“Мейрамдарыңды тәкбір айтып (Алланы ұлықтап) безендіріңдер”. (әт-Тәрғиб уәт-Тәрһиб)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Бұл күнде жетімдерге мейрім көрсетуді, кедейлердің қарнын тойғызуды, кезіккін бүкіл адамбарға сәлем беруді және қадірлі адамдармен болуды маған нәсіп еткейсің”. (Пайғамбарымыздың (с.а.с) дұғасы)

Мақал
“Жартыны жарып жеген татулықтың белгісі”.
Аят
“Міне, солар иман еткен әрі Алланы еске алу арқылы жүректері жай табатын ізгі жандар. Ендеше, біліп қойыңдар! Жүректер Алланы еске алу арқылы ғана жай тауып, толық қанағаттанады!” ("Рағыд" сүресі, 28)

Хадис
“Әр нәрсенің бір жолы бар. Ал, жәннаттың жолы – білім”. (Дәйләми)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Бізге разы болмасаң да бізді Өз кеңшілігіңмен кешіргейсің. Өйткені, Сен аса кешірімдісің”. (Мутарриф ибн Абдулла)

Мақал
“Білімді мың жасайды, Білімсіз құр жасайды”.
Аят
“Алланы еске алуда жүректері қатайған пенделерге қандай өкініш. Олар ашық адасуда” ("Зүмәр" сүресі, 22-аят).

Хадис
“Адамдарға жамандық жасап қоюдан ұзақ бол. Расында, бұл сен үшін бір садақа”. (Ибн Әби әд-Дуниә)

Дұға
“Уа, Алла тағалам! Өзіңе деген сенімім арқылы жүрегіме тыныштық ұялат. Барлық ойларымды Өзіңнің разылығыңның төңірегінде болуын нәсіп ет. Өзіңнен үмітімді үзбеймін!” (Укалаул Мәжанинден)

Мақал
“Жамандықты көп қуған, Бір пәлеге жолығар. Жақсылықты көп қуған, Бақ-дәулетке жолығар”.