Erteńmedia
10.9K subscribers
3.39K photos
1.21K videos
1 file
3.07K links
✓Қазақ тіліндегі ең танымал телеграм-арна.
✓Ашық ақпарат, анық талдау, астарлы пайым.

™ @kurilkabai_bot
Download Telegram
⚡️Тоқаев тапсырмасынан кейінгі төтенше шешім: ҰҚК орынбасары неге ауысты...

Президент Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады.

Бір қызығы, кездесуден кейін көп ұзамай ҰҚК басшысының орынбасары қызметінен босатылды. Орнынан кеткен Қанат Далматовтың орнына генерал-майор Марат Ирменов тағайындалды, деп хабарлайды Ertenmedia.

Қанат Далматов бұл қызметті 2024 жылдың қазанынан бері атқарып келген еді.

Оның орнын басқан Марат Ирменов бұған дейін ҰҚК-нің Алматы қаласы бойынша департаментін басқарған. Ол осы орынға 2022 жылдың қаңтарында тағайындалған еді.


Оған дейін, яғни 2020 жылдың ақпанынан бастап, Жамбыл облысы бойынша департаментті басқарған Ирменов Қордай оқиғасынан кейін осы өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға үлес қосқан болатын.

2016-2020 жылдар аралығында Ирменов ҰҚК-нің Ақтөбе облыстық департаментінің бастығы қызметінде болды. Ал одан бұрын Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаменті басшысының бірінші орынбасары болған.

Саясаттанушы Марат Шибұтовтың айтуынша, комитет төрағасының орынбасары болып тағайындалған Ирменов Қаңтар кезінде атышулы Кәрім Мәсімов пен оның жақтастарының бұйрығын орындамаған жалғыз аймақтық басшы.

Ол Жамбыл облысында департамент ғимаратын басып алмақ болғандарға қарсы тұрып, өз қарамағындағы күштерді тиімді ұйымдастырған.


Президентпен кездесуде Ермек Сағымбаев жыл басынан бергі 9 айдағы жұмыстың қорытындысын баяндады. Оның мәліметінше, биыл экстремизм және терроризм бойынша 67 адам ұсталған. Бұдан бөлек, радикалды идеологияны ұстанған 83 адам сотталған.

«ҰҚК мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп, 17 қылмыстық топтың жолын кесті. 244 адам ұсталып, оның 96-сы қамауға алынды. 453 қару-жарақ, 64 граната және шамамен 6 мың оқ-дәрі тәркіленді», – деді комитет төрағасы.

Сондай-ақ, ҰҚК басшысы есірткі бизнесіне қатысты да бірқатар деректі жариялады. Биыл 16 есірткі зертханасы жойылған. Халықаралық және аймақтық деңгейдегі 44 есірткі тасымалдау арнасының жұмысы тоқтатылды. Операция барысында 20 тонна есірткі, оның ішінде 13 тонна колумбиялық кокаин мен 10 тонна прекурсор тәркіленген.

Бұдан бөлек, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке 3,8 трлн теңге шығынның алдын алып, бюджетке 255 млрд теңге қайтарған. Жемқорлық фактілері бойынша 90-нан астам қылмыстық іс қозғалған.


Кездесу соңында президент Тоқаев Ермек Сағымбаевқа ҰҚК жұмысына қатысты нақты тапсырма берді.

Бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
👏21❤12🔥4👎1
⚡️Ақмалдың «жарық» көрмеген кеші: ресейлік әншіні көк-сары түстің киесі ұрды...

Ресейлік әнші Ақмал Қостанайдағы концертінің өтпей қалғанын мәлімдеді. Концерттің тосыннан тоқтауына оның сахнадағы өрескел сөзі себеп болған, деп хабарлайды Ertenmedia.

Әншінің сөзіне сенсек, шығармашылық топ Қостанай филармониясының сахнасына шығуға әзір отырған. Бірақ кенеттен концерт залында жарық сөніп қалып, іс-шара тоқтаған.


"Жарық қайта қосылса, концерт беруге дайын едік. Өкінішке қарай, жағдай солай болды. Бірақ кешті түпкілікті тоқтату туралы ойымыз жоқ. Жақын күндері қайта оралып, міндетті түрде концерт береміз", – деп ақталды Ақмал филармония ғимаратының алдында жиналған көрермен алдында.

Алайда оның Қостанайдан бұлай тез қайтуының шынайы себебі басқа.


Бұған дейін Қызылжарда өткен концертте әнші көрермен сыйға тартқан көк-сары түсті (Украинаның жалауынан аумайтын) пакетке қарап: «Мынаны жағып жіберіңдер, түсі ұнамай тұр», – деп өзінің басқыншылық ұстанымын анық аңғартқан болатын.

Желідегі жұрт дүр көтеріліп, Ақмалдың ит терісін басына қаптаған әрі Путин агрессиясын қолдайтын әншінің концертін мүлдем өткізбеуді талап еткен.

Айта кетейік, Ақмал Қожаниязов (Akmal') Түркіменстанда туған, ұлты ұйғыр ресейлік әнші. Қазақстанда гастрольдік сапарда жүрген ол тағы екі қалада концерт беруді жоспарлап отыр екен.

Осы мәселеге орай пікір білдірген қоғам белсендісі Руслан Түсіпбековтің айтуынша, орта ғасырдың өлшемімен ойлайтын Ақмал секілді ақылы таяз қауымға біздің жерде орын жоқ.


"Өскемен мен Павлодардағы концерт те "техникалық себеппен" өтпей қалуын тілейміз. Украина туы түстес пакетті өртеп жіберуді ұсынған Ақмалдың алды-артына бір уыс топырақ", - дейді ол.

Бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
👏62👍24❤8🔥7😱1
⚡️ Көлеңкедегі реформатор: Астана әкімі экономикалық блоктың жаңа лидері бола ма...

Жеңіс Қасымбек жақын арада қазіргі қызметінен әлдеқайда ықпалды лауазымға өрлеп, Үкіметтегі экономикалық блоктың бір қанатын ұстауы мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.

Астана әкімі ретінде ол қала өмірінің көзге түсе бермейтін тұсына ерекше екпін беріп, мегаполистің инфрақұрылымдық іргетасын нығайтқан. Соңғы жылдары елорданың сыртқы келбетінен тыс, ішкі тіршілігінде сапалы өзгеріс жасалды.

Әсіресе, қаланың қан-тамыры саналатын жылу жүйесі, ауыз су, электр энергиясын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстың нәтижесі сырт көзге еленбегенмен, оның қала тұрғындарының күнделікті өміріне әсері өте-мөте зор.


Қасымбектің мансап жолы мен атқарған қызметіне қарап, оның басқарушылық тәжірибесі әкімдік деңгейінен әлдеқашан асып кеткенін байқаймыз.

Басқарудың барлық сатысынан өткен, қомақты саяси багаж жинақтаған тұлға ретінде оның келесі миссиясы мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызды позиция болуы әбден мүмкін.

Астана әкімінің креслосы көп ретте саяси мансаптың трамплині ретінде бағаланады. Осы қызметтің ауқымы мен жауапкершілік жүгі бірқатар министрлік пен облыс әкімдерінен де биік тұрады.

Әдетте елорда әкімдері Үкіметке немесе АП-ның стратегиялық бағыттағы позициясына ауысып, елдік деңгейдегі мәселеге атсалысатынын байқаймыз. Сарапшылар пікірінше, Қасымбектің іскерлік стилі мен экономикалық сауаты оны Үкімет құрамында дәл осы бағыттағы вице-премьерлік лауазымға лайықты қылып тұр.

Осы тұрғыда өндірістік әрі инфрақұрылымдық бағыттағы мәселемен айналысатын әзіргі вице-премьерлер Роман Скляр немесе Қанат Бозымбаевпен ротация жасалуы ғажап емес.


Мұндай қадам Үкіметтегі экономикалық блокты жаңартып, мем.басқару сапасын арттыруға сеп болмақ. Қасымбек қайда барса да бұдан мемлекет басқару жүйесі ұтылмайды, керісінше сапалық өзгеріске куә боламыз деген сенім бар.

Арнамызда Астана тұрғындары бар ма, әкімнің жұмысына қандай баға бересіз?..

Бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
🔥24👍6❤4🤔3😁2💯2🤮1
⚡️Астана мен Тәшкенттің тактикасы: Тоқаев-Мирзияев тандемі Трампқа не ұсынады...

Орта Азия елдерінің басшылары Доналд Трамппен өтетін кезектен тыс саммитке қызу дайындық үстінде. Қарашаның 6-сына жоспарланған кездесуде Уашингтонның аймақтағы ұзақмерзімді жобалары сөз болады деп жазады Ertenmedia.

Eurasianet-тің мәліметінше Астана мен Тәшкент бірнеше ай бойы Трампты С5+1 форматын Орта Азияда өткізуге көндірмек болған. «Аймаққа аяқ басқан Әміриканың алғашқы президенті боласыз» деген уәж айтылған.

Алайда қыңыр мінезді Ақ үй басшысы мұндай аргументке иланбаса керек, сөйтіп саммитті Уашингтонда өткізуді құп көрген.


Трамп әкімшілігі Орта Азиямен қарым-қатынаста минералды ресурстар мәселесіне басымдық беріп отыр. АҚШ-тың екі жоғары дәрежелі дипломаты, Орта Азия бойынша арнайы өкіл Сержио Гор мен Мемхатшының орынбасары Кристопер Ландау 26-30 қазан аралығында Қазақстан мен Өзбекстанда болып, жабық есік жағдайында келіссөз өткізеді.

МемДеп-тің мәлімдеуінше, сапардың негізгі мақсаты аймақтағы сауда байланысын кеңейту және «C5+1» платформасының 10 жылдығын атап өту. Кездесуде Уашингтондағы саммиттің күн тәртібі де нақтыланады.

Астана мен Тәшкент геосаяси және сауда мүмкіндігін әртараптандыру үшін АҚШ-пен сирек кездесетін металды барлау, өндіру, өңдеу және экспорттау саласында әріптестікті кеңейтуге мүдделі. Уашингтон бұған бірнеше рет қызығушылық білдіргенмен, әзірге нақты әрекетке бара қойған жоқ. Аймақ елдері саммит нәтижесінде әмірикалық корпорациялардың нақты инвестміндет алуға дайын екенін көргісі келеді.

Белгілі болғандай Ақ үй Қазақстандағы ірі вольфрам кен орындарын игеруге қатысты әмірикалық бизнестің бастамасына қолдау білдірген. Тоқаев пен Мирзияев тандемі мұндай жобалардың санын арттыра түсуге ынталы.


Саммит барысында аймақ елдері Ақ үйден экономиканың түрлі саласында қолданатын технология трансфертін тездету үшін экспорттық лицензия беру жүйесін оңтайландыруды өтініп сұрамақшы.

Ақорда осынау саммит нәтижесінде Трамп әкімшілігі атышулы Жексон-Веник түзетуін жойып, елімізге «тұрақты сауда партнері» деген статус береді деп сенеді. Түнеукүні Конгреске бас сұққан вице-премьер Жұманғарин: «Жексон-Веникті жою Трамп әкімшілігі үшін «тарихи жетістік» болады» деген еді.

Астана мен Тәшкент АҚШ-тың мәдени-ағарту жобаларынан бас тартпайтынын мәлімдеп отыр. Саммиттің тағы бір маңызды тақырыбы су мәселесі болмақ.

Тоқаев Трамптың назарын күн сайын тайыздап жатқан Каспийге аудармақшы. Теңіз деңгейінің төмендеуі Әмірика қолдайтын «Орта дәліз» маршрутының дамуына кедергі келтіруде. Теңіз арқылы жүк тасымалдайтын кемелер Ақтау портына жетуде қиындыққа тап болуда.


Түйіндей айтқанда, Уашингтон саммиті АҚШ пен Орта Азия арасындағы байланысты тың форматқа көтеріп, Кремль көсемін түн ұйқысынан айыратын фактор болғалы тұр.

Бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
💯28❤14👍9🔥7🤔1
⚡️«Орта дәліздің» орталық ойыншысы: Тоқаев Әлиевті Ақ үйге жетелей ме...

Президент Тоқаев Уашингтонда өтетін «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне Бакуді қосу қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.

Тоқаев бауырлас елдің өңірлік рөлін жоғары бағалап, Әзербайжанды «үлкен Орталық Азияның ажырамас бөлігі» деп атады.


«Олардың мұндай маңызды мәжіліске қатысқанын қалар едім. Президент Әлиевтің стратегиялық ұстанымы мен саяси ерік-жігерінің арқасында Әзірбайжан аймақтық көлік-логистикалық және энергетикалық орталыққа айналды. Бакуді үлкен Орталық Азияның ажырамас бөлігі ретінде қарастыру қажет», – деді Тоқаев.

Қазақстан басшысы АҚШ президентінің саммит өткізу бастамасын уақыт талабына сай деп отыр. «Жиын барлық тарап үшін тиімді боларына сенемін», – дейді ол.

6 қарашада Уашингтонда өтетін кездесу Әмірика пен Орта Азияның бес мемлекетін біріктіретін «C5+1» форматында ұйымдастырылмақ. Трамп саммитке Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан басшыларын ресми шақырған.


Тоқаевтың Әзербайжан туралы мәлімдемесі бекер емес. Кейінгі жылдары Әлиев өңір басшыларының жабық есік жағдайында өтетін жиындарына арнайы қонақ ретінде ұдайы қатысып жүр. Сарапшылар «Оңтүстік Кавказ Орта Азияны Батыс нарығымен байланыстыратын қақпаға айналды» деп есептейді.

Биыл тамызда Астанада өткен аймақ басшыларының саммитінде Әзірбайжан өңірлік ынтымақтастықтың маңызды серіктесі ретінде аталды.

Сол кезде Ілхәм Әлиев түркі елдерін «тарихи, мәдени және геосаяси тұрғыдан біртұтас кеңістік» деп сипаттаған. Тоқаев та келіссөз барысында Әзірбайжанды «өңірлік держава» әрі «бауырлас мемлекет» деп атап өткен.


"Ресей басқыншылығынан кейін дәстүрлі сауда дәлізінің жұмысы бұзылып, Орта Азия мен Әзербайжан арқылы өтетін «Орта дәліздің» маңызы күрт артты. Астана мен Баку сауда-логистикада Кремльді айналып өтетін «негізгі ойыншылар» ретінде өз позициясын бекіте бастады", — дейді осы тұста сарапшы Айбар Олжай.

Әмірика да осы сауда дәлізіне құмбыл көңіл бөліп отыр. Уашингтон саммитінде АҚШ билігі Транскаспий дәлізін дамытуға мүдделі екенін, сонымен бірге «Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арқылы өтетін сауда-логистикалық маршрутты» күшейтуді көздейтінін ашық айтпақшы.

Саммиттің дәстүрлі «C5+1» форматы Орта Азияның бес мемлекетімен шектелгендіктен, Әзербайжанның Уашингтондағы басқосуға қатысу-қатыспауы белгісіз. Бакуге әзірге ресми шақыру келмеген.

Тоқаевтың шараға Әлиевтің қатысуын ашық қолдауы саммиттің күн тәртібіне өзгеріс енгізуі ғажап емес.


Бұдан Ақ үй де ұтылмайды. Саммит қонақтарының сапына Әлиев те қосылар болса, Әмериканың аймақтағы арман-мұраты орындалып, Мәскеу мен Бейжіңнен ыға қоймайтын жаңа стратегиялық альянстың құрылуына жол ашылады.

Бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
1❤30👏8🔥7👍6🤔2
⚡️Кремльді алаңдатқан ашық әңгіме: Стуббтың Астанаға айтқан құпиясы...

Орта Азия жөніндегі сарапшы Аркадий Дубнов Финляндия президенті Александр Стуббтың Астана сапарына қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.

Айтуынша, осынау сапар аймақтағы жаңа саяси бағыт-бағдарды айқындауға түрткі болады. Саясаттанушы Стуббтың 2024 жылы президент бола сала, Украинаға басып кірген Кремль көсемімен кездеспейтінін ашық мәлімдегенін еске салыпты.

«Путиннің агрессиясы Финляндияның НАТО-ға мүше болуын жеделдетті», — дейді сарапшы.

Дубновтың пікірінше, Тоқаев пен Стуббтың бірлескен мәлімдемесінде Мәскеудің қытығына дейтін аспектілер бар.


«Әлгі мәлімдемеде «Украинада жан-жақты, әділ әрі берік бейбітшілікке тезірек қол жеткізу маңызды» деген тармақ бөле-жара көрсетілген. Ресейдің Еуразиялық одақ аясындағы серіктерінің арасында басқыншылыққа қатысты Батыс елдерімен ұқсас позицияны ұстанып отырған жалғыз мемлекет Қазақстан екенін ерекше атап өткім келеді», – дейді ол.

Стуббтың өзі Тоқаевпен кездесуде Ақорданың пікірі мен позициясын еуропалық әріптестерге жеткізетін делдал рөлін атқаруға әзір екенін айтқан. Хелсинки мен Астананың арасында көпір орнаса, бұдан екі тарап та ұтылмайды.

«Қазақстан Ресеймен де, Қытаймен де шектесіп жатқан ел. Финляндия мен Қазақстан орта деңгейдегі мемлекет ретінде әлемдегі ірі державалар арасында араағайын бола алады», – дейді Стубб.

Дубновтің пайымынша, Стубб сапарының экономикалық астары да бар. Батыс елдері Мәскеуге алақанға жайғысы келмей, оған балама болатын энергікөздерді іздеуде. Астанаға аяқ басқан Стубб өзін еркін ұстады, ашық сөйлесті. Еуропаның Қазақстанға неліктен қызығып отырғанын күлбүлтелемей жеткізді.

«Ақыл-есі түзу елдер ресейлік газ бен мұнайдан біртіндеп бас тартып жатыр. Импорт көлемі 80 пайыздан астам қысқарды. Осы жағдайда Қазақстанның рөлі ерекше өсіп отыр», — деп түсіндірді Финляндия президенті.


Тараптар кездесуде энергі саладағы маңызды минералдар бойынша әріптестікті талқылады. Қазақстан Еуропаға титан, бериллий, тантал экспорттап отыр. Сондай-ақ графит өндіру бойынша бірлескен жобаны жоспарлауда.

«Стубб осы жолы Астанаға Еуроодақ өкілі ретінде келді. Қазақстан мен ЕО арасындағы жылдық тауар айналымы 50 млрд долларды құрайды. Бұл Қытай мен Ресейден де көп көрсеткіш. Орта Азия мен ЕО арасындағы тауар айналымы 55 млрд доллар болса, соның 90 пайызы Қазақстанның үлесінде», – дейді Дубнов.

Сапар соңында Стубб журналистермен кездесіп, финдердің әлемдегі ең бақытты ел атануының «құпиясымен» бөліскен.

«Бақыттың кілті қоғамдағы сенім мен қауіпсіздік, табиғатпен тығыз байланыс және сапалы білім. Бақытқа жету үшін ракета мен сүңгуір қайықтың қажеті жоқ», – деп түйіндепті Дубнов.


Финляндия басшысы Астанаға ресми сапармен екі күн бұрын келген. Ақордадағы кездесуде президенттер екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайту жолын талқылаған.

Бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
🔥27👍20❤14💯3🤔1
⚡️"Бәйтеректен" қуылған қандас: Шарлапаевтың мансабы неліктен құрдымға кетті...

Президенттің экономика жөніндегі бұрынғы уәзірі Қанат Шарлапаев тағы бір маңызды қызметінен айырылды. Ол «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің директорлар кеңесі құрамынан ресми түрде шығарылды, деп хабарлайды Ertenmedia.

Шарлапаевты 14 қазанда холдингтің жалғыз акционерінің шешімімен кеңес құрамынан шығарып жіберген.

Енді «Бәйтерек» басқарушы органының құрамында тоғыз адам қалды, олардың арасында премьер-министр Олжас Бектенов, оның бірінші орынбасары Роман Скляр және Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бар.

Бұл Шарлапаевтың соңғы бір айда жоғалтқан үшінші лауазымы.


Бұған дейін ол (2025 жылдың 28 ақпанына дейін) Индустрия және құрылыс министрлігін басқарды, одан кейін Тоқаевтың экономика жөніндегі кеңесшісі қызметіне ауысты.

Биыл 25 қыркүйекте оны осы лауазымынан босатты, дәл сол күні ол «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ директорлар кеңесінен де шығарылды. «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесіне Шарлапаев министр қызметінен кеткеннен кейін, сәуір айының соңында қайта оралған болатын.

Шарлапаев барлық маңызды қызметінен президент Тоқаевтың АҚШ сапарынан кейін айырылып отыр. Президенттің экономика бойынша кеңесшісі ретінде ол шетелдік инвестиция тартуға және халықаралық әріптестермен маңызды мәміле жасауға жауапты еді.


"Мұның кездейсоқ болуы мүмкін емес. Ақорда оның басқарушылық қабілетінен көңілі қалған сынды. Дегенмен, оның жұмыссыз қалмасы анық. Оған жаңа қызмет дайындап қоюы да ғажап емес", - дейді осы орайда Orda порталы.

Шарлапаев министр қызметіне тағайындалғанда тарихи Отанына оралған тәжірибелі қандас ретінде таныстырылып, оның шетелдегі білімі мен тәжірибесіне үлкен үміт артылған еді.

Бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
👏31❤12👍7🔥5
⚡️Бектеновтен келген ескерту: Үш әкімнің ұйқысы бұзылды...

Олжас Бектенов инвестиция тарту жоспарын орындай алмаған облыс әкімдерін сапқа тұрғызды. Премьер әкімдерге осы салаға жауапты орынбасарларды жазаға тартуды тапсырды, деп жазады Ertenmedia.

Үкімет дерегінше, негізгі капиталға тартылатын инвестиция жоспары биыл тек 52,7%-ға ғана орындалған, ал шетелдік тікелей инвестиция жоспарының орындалуы бұдан да төмен деңгейде.

Премьер әсіресе Абай, Атырау және Ұлытау облысының көрсеткіші өте-мөте нашар екенін айтты.


«Әкімдер мен министрлер инвестиция тарту мәселесін күн сайын жеке бақылауда ұстауы тиіс. Инвестициясыз экономиканың дамуы мүмкін емес. Осыны қалай түсінбейсіздер? Ақша тартуға жауапты орынбасарлар ұйықтап отыр ма?», – деді ашуға булыққан Бектенов.

Үкімет мәліметінше, биылғы жарты жылда Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 10,1 млрд доллар. Алайда Павлодар, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Абай облысы жоспарды орындамаған.

Бектенов инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда бақылауды күшейтіп, бюрократиялық кедергіні жоюды және инвесторға қолайлы жағдай жасауды талап етіп отыр. Толығырақ осы тұста.

Бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
❤17💯10👍6😱3
⚡️Берлин мен Астананың үнсіз мәмілесі: Шведт зауыты қазақтардың қолына өте ме...

Неміс билігі ресейлік «Роснефтің» ел аумағындағы активін, соның ішінде Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытын өз меншігіне алуды жоспарлап отыр. Кейбір болжам бойынша, зауыт кейіннен Қазақстанға сатылуы мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.

Reuters дерегінше, неміс үкіметі «Роснефтьтің» жергілікті активін мемлекет меншігіне өткізіп, артынан жаңа инвесторға сату мәселесін қарастыруда. Әңгіме Әміриканың «Роснефтьке» салған санкциясынан кейін қызу талқылана бастаған.


АҚШ Қаржы мин-і орыстардың неміс жеріндегі бөлімшесін 2026 жылдың сәуіріне дейін санкция құрсауынан босатқанымен, Берлин компанияны шектеуден біржола шығарып алуды қалайды.

Ресей компаниясына тиесілі активті үшінші тарапқа сатудың бірнеше варианты қарастырылуда. Ықтимал инвестордың қатарында қазақстандық компанияның аты аталыпты.

Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауыты «Роснефтьтің» Германиядағы ең құнды активі. Зауыт Берлинді, Шығыс Германияны және химия өнеркәсібін маңызды отынмен және мұнай өнімімен қамтамасыз етеді. «Роснефть» бұған қоса Германиядағы тағы екі мұнай өңдеу зауытында үлеске ие.

Путин Украинаға басып кіргеннен кейін әлгі активтерді уақытша басқаруға алған. Жалпы құны шамамен 7 миллиард доллар. «Роснефть» осы активтерді былтырдан бері сата алмай жүр.

Шведт зауытының Қазақстан үшін маңызы ерекше. Дәл осы зауытқа Қарашығанақ, Теңіз және Қашағаннан шығарылған мұнай жеткізіледі. Қазақ мұнайы Ресей мен Беларус аумағы арқылы «Транснефтьтің» құбырымен тасымалданады.


Біздің елден Германияға мұнай экспорты ұдайы өсіп келеді. Осы жылдың алғашқы тоғыз айында Шведт зауытына 1,5 млн тонна қазақ мұнайы жеткізілген. 2026 жылы ай сайынғы тасымал көлемін 130 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Германия заңдары Шведт зауытын мемлекетке өткізуге мүмкіндік береді, бірақ неміс билігі әзірге бұл қадамға барудан тартынып отыр. Ресейлік активтерді мемлекетке өткізу Мәскеудің Германия компанияларына қарсы шара қабылдауына әкелуі мүмкін деген қауіп бар.

Кремль бұған дейін Батыс әлемін Ресей активтерін мемлекет меншігіне алмауға шақырған. Соған қарамай кейбір неміс депутаттары Шведт зауытын орыстардан қайтарып алуды талап етуде.


«Бұл Германия үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Үкімет ертеңге сенімді болу үшін «Роснефтьтің» активтерін мемлекет меншігіне өткізуі тиіс», – дейді олар.

Бундестагтағы «Жасылдар» партиясының өкілі Михаэль Келлнердің айтуынша, Қазақстан мен Қатар инвесторлары «Роснефтьтің» активтін сатып алуға ниет білдірген. Немістер Шведт зауытын мемлекетке өткізсе, оның қазақ компаниясына сатылуы әбден мүмкін.

Бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
❤26👏13
⚡️Жемқорлықтың шымкенттік стилі: бақ емес, банкнот өсіргендердің аферасы...

Шымкентте алма бақтарын дамытуға бөлінген жүздеген миллион теңге қаражат ұрланып, туыс-туған мен жалған компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған, деп хабарлайды Ertenmedia.

Осыған байланысты «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» бұрынғы төрағасы Жандар Омаров ұсталып, екі ай мерзімге қамауға алынды. Оған бюджеттен бөлінген 430 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырды деген айып тағылып отыр.


Қаржы мониторинг агенттігінің хабарлауынша, Омаров қызметін асыра пайдаланып, қажетті жабдық пен жұмыстың құнын бірнеше есе көтеріп көрсеткен.

Осы схеманы іске асыру үшін ол Green Mart Kazakhstan ЖШС-нің басшысы Рүстем Сазынбекпен сөз байласқан.

«Сазынбек жиырмаға жуық жалған компанияны өзінің туыстары мен таныстарының атына тіркеп, оларды лизингтік бағдарламаға қатысушы етіп көрсеткен. Фирмалар шын мәнінде ешқандай жұмыс жүргізбеген, бірақ олар арқылы Қорға 1,4 миллиард теңгеге жалған өтініштер түскен», – деп хабарлады қаржы агенттігі.

Өтініштер ешбір конкурссыз мақұлданып, жеткізуші ретінде Сазынбекке тиесілі Green Mart Kazakhstan ЖШС таңдалған. Ақша түскен бойда қаражаттың бір бөлігі жалған компаниялардың шотына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Оған қоса жабдықтар нарықтық бағадан әлдеқайда жоғары бағамен жеткізілген, ал кейбір жұмыс мүлде орындалмаған.


Айта кетейік, бұған дейін осы іс бойынша Қордың бұрынғы басқарушы директоры Мұрат Ысқақов пен Рүстем Сазынбек әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айырылып, дүние-мүлкі тәркіленген еді.

Осы аралықта Қазақстанда мемлекет тарапынан фермерлерге берешек қарыздың көлемі артып бара жатыр. Уәде етілген қолдау шарасына қарамастан, 2025 жылға қарай жүздеген миллиард теңгенің өтініші әлі кезекте тұр. АуылМин қаржыландырудың кешеуілдеуін бюджет тапшылығымен түсіндіруде.

Бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
❤16🤯6🔥5😡2
⚡️ «Хутор» хикаясы: атышулы Хасан соңғы үмітін сотқа артты...

Талғардағы сот процесінде басы айыпкер Хасан Қасымбаев соңғы сөзін айтты.

Бұған дейін прокурор Ерлан Құланбаев оны адам ұрып-соғу және ұрлап әкету ісі бойынша кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді, деп хабарлайды Ertenmedia.

Orda-ның мәліметінше прокурордың сөзі залдағы жағдайды күрт ушықтырып жіберген. Прокурор мен сотталушылар арасында ұрыс-керіс болып, судья бірнеше рет тәртіпке шақыруға мәжбүр болған.

Қасымбаев болса өзіне тағылған айыптың бәрін үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр.

«Өмірде айыпталушы орындығында отырамын деп ойламадым. Менің тағдырымды қоғам тынышталсын деп құрбан ету әділетсіздік», – деді ол.


Сонымен қатар, ол ешқашан заң бұзбағанын, тергеудің бұрмаланған мәліметке сүйеніп отырғанын жеткізген екен.

«Менің кінәмнің ешбірі дәлелі жоқ. Не куәгер жоқ, не жазба, не хат-хабар жоқ. Тек Қаржаубайдың құрғақ сөзі ғана. Мен онымен ешқашан кездескен де, сөйлескен де емеспін. Оған қастық қылуға еш себебім болған жоқ», – деді Қасымбаев.

Оның пікірінше, істің қоғамдық резонанс тудыруы себепті «кінәлі» ретінде өзіне жала жабылған.

«Мен ешқандай ОПГ-ға мүше болмадым. Іс ел назарын аударып кеткен соң, кінәлі керек болды да, маған таңды. Жәбірленуші мені "Хутор бандасының басшысы" деп атаған. Талғарда да, Алматы облысында да мұндай банда ешқашан болмаған. Мұны тіпті полиция да растай алмады», – деп атап өтті ол.

Айыпталушының адвокаты Ерлан Мендешев те істің заңсыз қозғалып, тергеу қоғамдық пікірдің қысымымен жүргеніне сенімді.

"Шерзаттың қазасынан кейін оның әкесі эмоциямен Хасанды айыптап, "Хутор бандасы" деген сөзді қолданды. Әлгі пікір әлемжеліге тарап, тергеуге қысым көрсете бастады. Нәтижесінде тергеу заң бойынша емес, қоғамдық шуға негізделіп жүргізілді», – дейді адвокат.


Сот ғимаратының алдына ондаған адам жиналып, прокурордың Хасан Қасымбаевты түрмеге қамау талабына қарсылық білдірді. Олар соттан әділ шешім шығаруды сұрайды және соңына дейін күресуге бекініп отыр.

Хасанға әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
😱15❤10👍5👎2🙏2
⚡️Бапидың базынасы: Бабақұмаровтың өлімінде қандай құпия бар...

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Астанада қаза тапқан бұрынғы шенеунік Ержан Бабақұмаров туралы пікір білдірді деп жазады Ertenmedia.

Оның айтуынша, марқұм мемлекеттік мүддеге адал азамат болған.

«Ержанды жақсы танитынмын. Оның мемлекетшілдігі мен халыққа деген адалдығын көрдім. 2022 жылдың қаңтарында басқа басшылардай Алматыны тастап кетпей, күштік құрылымдармен келісімге бармады», – дейді депутат.

Бапи Бабақұмаровтың Қаңтар оқиғасынан кейін «Қаңтардың ақиқаты» атты деректі фильм түсіруге мұрындық болғанын да еске алды. Бірақ фильмнің кейінгі тағдыры белгісіз күйінде қалған.


«Егер ол расында Мәсімовтың адамы болса, Қаңтар ақиқаты туралы фильм түсірер ме еді?», – дейді ол.

Сонымен бірге депутат Бабақұмаровпен қоштасу рәсімі елеусіз, қарапайым өткеніне таңданысын жасырмады.

«30 жыл мемлекетке адал қызмет еткен адамды ақтық сапарға шығарып салуға неге ресми комиссия құрылмады?

Неліктен Астанадан бірде-бір лауазымды тұлға анасына, алты баламен қалған жарына ресми көңіл айтпады?


Мұның артында құпия өлімге қатысты құйтырқы әрекеттер тұрған жоқ па? Әйтеуір бір нәрсені сеземін, Ержан ескі Қазақстанның құрбаны болды», – деп жазды Бапи.

Еске сала кетейік, Ержан Бабақұмаров 56 жасында Астанадағы төбелес кезінде қаза тапты. Ол 25 жылдан аса уақыт мемлекеттік қызметте болып, Тоқаевтың кеңесшісі, Алматы әкімінің орынбасары, Орталық коммуникация қызметінің директоры қызметін атқарған еді. Толығырақ осы тұста.

Бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
💯11❤9👍7😢4🤔1🤮1
⚡️Арзан айбардың ауыр ақысы: TikTok-тағы "қаһарман" темір торға түсті...

TikTok-та «Әнуарбек-мотиватор» атымен танымал спортшы Әнуарбек Бекембетов 15 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Ertenmedia.

Әлемжеліге мониторинг жасаған полиция атышулы видео кейіпкерін анықтады. Видеода әуесқой жекпе-жекпен айналысатын, реалити-жобаларға қатысқан Әнуарбек жұртқа доқ көрсетіп, дөрекі сөйлеп, өзін «батыл әрі адуынды» кейіпте көрсеткен.

Кейін полицияға жеткізілген спортшы мұның бәрі «қойылым» екенін, тек желіде танымал болу үшін түсіргенін мойындапты.


Министрліктің мәліметінше, желіде «крутой» болып көрінген бейнежазба шын мәнінде арзан-құрзан танымалдыққа деген ұмтылыс қана. Сот шешімімен Әнуарбек Бекембетовке ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамау жазасы берілді.

Полиция өкілдері агрессия, дөрекілік және жасанды батырлықты жастарға үлгі етудің қауіпті екенін ескертті.

«Мұндай әрекет әсіресе спортшыларға жараспайды. Олар жастарға тәртіп пен мәдениеттің үлгісін көрсетуі тиіс.

Осындай агрессивті, бейәдеп «қойылымдар» қоғам тыныштығын бұзып, жас ұрпақтың өмірлік құндылығын бұрмалайды. Министрлік бұдан әрі де әлемжеліде танымал болуды көздеп, агрессия мен қатыгездікке баратындардың жолын кеседі.


Осындай оқиғалар әлі де анықталып, заң аясында шара қолданылады», – деді полиция.

Бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
🔥24👍20😱3😢2❤1👏1😁1
⚡️Қазақ вольфрамы: Трамп әкімшілігі Бейжіңнен бұрын қимылдады...

Трамп әкімшілігі Қазақстандағы вольфрам қорына әмерикалық компанияны кіргізіп, Бейжіңнің алдын ораудың амалын жасауда, деп жазады Ertenmedia.

АҚШ-тың Сауда министрлігі Cove Kaz Capital Group компаниясы мен Қазақстанның «Самұрық-Қазына» қоры арасындағы келіссөзді құптап отыр. Мақсат елдегі ең ірі вольфрам кен орындары «Жоғарғы Қайрақты» мен «Солтүстік Қатпарды» игеруге құқық алу.

Уашингтон жобадан үлес сұрамайды, керісінше инвестиция тартуға және жеңілдетілген несие ұсынуға дайын екенін жеткізген.


Bloomberg мәліметінше, әмірикалық Cove Kaz-дың басты бәсекелесі Қытай. Әзір әлемдегі вольфрам нарығын басыбүтін Қытай бақылап отыр. Бейжің компаниялары кен өндіруден бастап өңдеу және экспорттауға дейінгі бүкіл тізбекті уысында ұстауда.

Еліміздегі вольфрам қоры 2 млн тоннадан асып жығылады екен, олардың нарықтық құны бірнеше миллиард долларға тең. «Астананың жаһандық вольфрам нарығындағы басты ойыншыға айналатын мүмкіндігі бар», — дейді осы тұста 👨‍💻 Bloomberg .

Сала мамандарының айтуынша, еліміздегі вольфрам өндіру, игеру жұмысы 90-шы жылдардың елең-алаңында толық тұралап қалған. Қараусыз қалған кеніштерді қайта «тірілту» тек 2021 жылдан бастап жандана бастаған. Былтыр Алматы облысында жылына 3,3 млн тонна кен өңдейтін зауыт іске қосылғаны белгілі.

Әмірикалық Cove Kaz осыдан екі жыл бұрын «Қазгеология» компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрып, Қостанайдың қойнауындағы сирек метал мен пайдалы қазбаларды барлауға кіріскен болатын.

Ertenmedia анықтамасы: Вольфрам қорғаныс өнеркәсібінің басты шикізаты. Әсіресе, зымыран, тәнкі снаряды мен оқ-дәрі өндірісінде кеңінен қолданылады.

Сонымен қатар медицина құралдарын, рентген аппараттарын, жарық шамы мен жарылысқа төзімді жабдықтарды жасауда таптырмас шикізат саналады.


Вольфрам ыстыққа өте төзімді металл. Оның балқу температурасы шамамен 3422 градус Цельсий, бұл күн бетіндегі температурадан да жоғары. Сондықтан зымыран қозғалтқышының кейбір бөлшегі тек осы металлдан жасалады. Вольфрамсыз ғарышты игеру мүмкін емес.

Бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
Please open Telegram to view this post
VIEW IN TELEGRAM
👏33👍6🔥6❤4
⚡️Санкцияның жаңа сериясы: Кремльді энергетикалық инфаркт күтіп тұр...

Орыстардың ең ірі сұйытылған табиғи газ (СТГ) жобасы «Ямал СПГ» санкцияға түсуі әбден мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.

Түнеукүні Трамп орыстардың ең ірі мұнай өндірушілері «Роснефть» пен «Лукойлға» санкция салған. Бұған дейін аталған компаниялардың кей басшысы санкцияға іліккенімен, олардың өзіне шектеу қойылмаған еді.

АҚШ-тың шешімінен кейін іле-шала Еуроодақ та Мәскеуден келетін СТГ импортына тыйым салу мерзімін бір жылға қысқартып, 2027 жылдың 1 қаңтарына ауыстырды.


Қазірдің өзінде Ресейдің бірнеше миллиардтаған долларлық «Арктик СПГ» мен «Балтық СПГ» жобалары АҚШ пен Еуроодақ санкциясынан кейін ауыр стресске түскен. Жо Бәйденнің тұсында енгізілген санкция Ресейдің болашақ мұнай-газ өндірісіне ғана әсер етіп, қазіргі, нақты тасымалды тоқтатпаған еді.

Трамптың соңғы шешімі Бәйденнің тұсындағы жұмсақ саясаттың түбегейлі өзгергенін байқатады, ендігі санкциялар Ресейдің қазіргі қуатын тежеуге бағытталған.

Upstreamonline-ның дерегінше осыған байланысты «Ямал СПГ» мен «Сахалин-2 СПГ» жобасына қауіп төніп отыр. Екі жоба әзірше санкцияға іліккен жоқ. Былтыр «Ямал СПГ» жобасы Еуропа мен Азияға 21 млн тоннадан астам газ жеткізген екен. «Сахалин-2 СПГ» өнімі негізінен АҚШ-тың Азиядағы ірі одақтасы Токиоға экспортталады.

Ресейлік СТГ қауымдастығының вице-президенті Әлександр Климентиевтің пікірінше, егер күні кешегі тыйым Кремльдің кірісіне қажетті деңгейде әсер етпесе, «Ямал СПГ»-ге тікелей санкция салынуы әбден ықтимал.


Мәскеулік сарапшылардың айтуынша, әзірге соңғы санкцияның жедел әсері болмайды. Бірақ орта мерзімде логистика шығынын күрт арттырып, өнім жеткізудің бағытын ұзартуы мүмкін.

Қазір «Ямал СПГ» өнімі негізінен қыс мезгілінде Сібірдің солтүстік-батыс жағалауынан Еуропа нарығына экспортталады. Батыс нарығы жабылса, Азия бағытындағы тасымал күрделеніп, шығын еселеп артады. Ресейлік СТГ экспорты қазірдің өзінде Азияға ауысып жатыр, бұл тенденция жаңа санкция күшіне енген сайын күшейе түспек.

Егер Еуроодақ «Ямал СПГ» жобасына тікелей шектеу енгізсе, еуропалық TotalEnergies пен испандық Naturgy Energy компаниясы ұзақ мерзімді газ жеткізу келісімін бұзуға мәжбүр болады. Мұндай жағдайда орыстар жаңа нарық іздеп, Үндістан мен басқа Азия елдеріне қаңғып кетеді.

Уашингтон тікелей санкция енгізсе, одан да үлкен соққы болып, өндіріс көлемі күрт азаяды. Мұндай жағдайда Ресей тек Қытай нарығына ғана үміт артады.


Батыс елдерінің санкцияны энергетика саласына бағыттауы бекер емес: Кремльге қысым жасаудың ең тиімді жолы осы.

Қысқа қайырып айтсақ, Кремльдің энергетикалық жүрегі саналатын «Ямал СПГ»-нің тағдыры қыл үстінде. Жобаның "қара тізімге" кіруі Мәскеу үшін энергетикалық инфарктпен тең болуы мүмкін.

Бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
🔥34👍21❤11
⚡️Уашингтоннан жеткен сигнал: Мәскеудің Қазақстанға қатысты құпия жоспары жария болды...

Орыс жауынгерлері Украин топырағын тыңайтып жатқан тұста, Кремль тағы бір интригаға тұмсық тығып жатыр деп жазады Ertenmedia.

Қазақстанға ерекше екпін беріп, Ресей агрессиясының қауіп-қатерін талдаған Washington Post-тың мәліметінше Мәскеу жақын уақытта іргедегі көршілерін түртпектей бастайды. Киевті үш күнде басып алмақ болған Кремльдің басқа елге соғыс ашуға дәрмені жоқ. Сол себепті арандатудың астыртын амалдарына көшеді.

«Орыстар дезинформация, іштен іріту, барлау қызметі арқылы тұрақсыздық туғызуды мақсат тұтып отыр. Осыған дейін Шығыс Еуропа елдерінде сыналған алгоритмді енді Қазақстан мен Әрменияда тексеріп көрмек», — дейді Washington Post.


Басылымның жазуынша, соңғы жылдары Астана мен Ереван Мәскеуден алшақтай бастаған. 2024 жылы Кремльге тапсырған құпия баяндамасында премьер Мишустин Ресейдің Қапқаз бен Орта Азиядан айырылып жатқанына қапаланып, шара қабылдауды сұрағанға ұқсайды. Аймақ қазір АҚШ үшін стратегиялық маңызға ие. Орта Азияда сирек металдың орасан зор қоры бар.

«Сирек металдың қоры бойынша Қазақстан әлемде үшінші орында тұр. Орта Азия Қытай мен Еуропаны жалғайтын «Орта дәліздің» жүрегі екенін, дәліз Ресей мен Иранды айналып өтетінін ұмытпау керек.

Мәскеудің соңғы уақытта Қазақстан мен Әрменияға шүйлігуі бекер емес. Елдің теріскейінде «орыстілділердің құқығы бұзылып жатыр» деген пропаганда күшейу үстінде. Ресей дәл осы сценарийді Украинаға қарсы пайдаланған еді», — дейді әмірикалық басылым.

Washington Post-тың пайымдауынша Қазақстан Мәскеу үшін өте-мөте ыңғайлы нысана. Кремль көсемі қол астындағы пропагандистерге Астанаға қарсы абалауға ерік беріп қойған. Путиннің барлаушылары қазір қазақстандық элита ішінен жақтас іздеп, қоғамдық пікірге ықпал етуге күш салып жатқанға ұқсайды.

Мақала авторларының пікірінше, Ақорда теріскейден төнетін қауіп-қатерге төте бере алмасын түсінеді. Сол себепті Тоқаев АҚШ, Батыс, Қытай және Түркиямен саяси әріптестікті күшейту үстінде.

«Қазақстанда әмірикалық компаниялардың экономикалық мүддесі болса, Мәскеудің қолы байланып, агрессиясы қиындайды. Уашингтон сирек метал мен энергетика саласындағы келісім арқылы Астананың аймақтағы ықпалын арттырып, солтүстіктегі тұрақтылықты күшейте алады», – дейді сарапшылар.


Авторлар АҚШ-тың белсенді экономикалық, дипломатиялық және технологиялық араласуы Кремль ықпалына қарсы қалқан боларына сенімді.

«Орыстар көрші елдерді бірде-бір оқ шығармай-ақ іштен іріте алады. АҚШ-пен алыстан араласып, әріптестіктен қашар болса, күні ертең Кремль білгенін істейтін болады», – дейді олар.

Сараптаманы АҚШ әскери-теңіз күштері министрінің экс-орынбасары Сет Кропси мен Turan зерттеу орталығының директоры Жөзеф Епштейн әзірлеген екен.

Бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
1💯45❤24🤔7🔥6👍3
⚡️Банктер мен биліктің арасындағы "махаббат": Базарбек ашқан Pandora жәшігі...

Депутат Базарбек банктерді жемқорлыққа жол беріп, мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсап, жауапкершіліктен жалтарып отыр деп айыптады. Таяқтың бір ұшы экс-премьер Асқар Мәминге де тиіп кетті деп жазады Ertenmedia.

Депутаттың айтуынша, Қазақстандағы банк жүйесі ұзақ жыл бойы айрықша мәртебеге ие болып, «банк құпиясы» деген желеумен талай заңсыз әрекетке жол берілген.

"Банктерді бюджеттен қаржы бөліп құтқарып келдік. Олардың капиталды шетелге шығаруына ешкім кедергі келтірмейді. Банктік ақпараттың қолжетімділігі әдейі шектеліп, бақылаушы органның жұмысына тосқауыл қойылды. Банк лоббиі биліктің дәлізінде талтаңдап жүрді", – дейді депутат.

Базарбек банктердің талай шұрайлы жерді жамбасына басып жатқанын жеткізді. Заң бойынша, банктер кепілге алынған учәскіні алты ай ішінде игермесе, жер мемлекетке қайтарылуы тиіс.


Бірақ банктер әлгі талапты айналып өтіп, жерді «Проблемалық кредиттер қорына» өткізіп, кейіннен жеке тұлғаларға сатып жібереді екен.

«Мемлекетке қайтарылуы тиіс жерді банктер білдірмей «Проблемалық кредиттер қорына» өткізіп, кейін оларды жеке саудаға шығарып сатады. Бұл ма, бұл Жер кодексіндегі қағиғадаға қайшы.

Мысалы, Halyk Bank-тің меншігінде және кепілінде жалпы аумағы 2 млн 589 мың гектар болатын 2153 жер телімі бар. Олардың құны 166 млрд 884 млн теңге. Ал «Проблемалық кредиттер қорында» жалпы аумағы 1 млн 159 мың гектар болатын 1298 жер телімі жатыр, құны 53 млрд 126 млн теңге.


Немесе 2020 жылы Асқар Мәмин қол қойған хаттамаға қараңызшы, Алматыда мектеп, аурухана, балабақша салуға арналған 383 гектар жер осы қорда кептеліп, ақыры құрылыс компанияларының қолына өтіп кеткен», – деді депутат.

Сондай-ақ Базарбек банктердің дағдарыс кезінде мемлекеттен алған миллиардтарды әлі күнге шейін толық қайтармағанын қатаң сынады.

«10 жыл бұрын банктерге бюджеттен қомақты қаражат берілді. Енді оны шым-шымдап қайтарып жатыр. Мысалы, «Нұрбанкке» 46 млрд теңгені 2030 жылға дейін қайтаруға мүмкіндік берілген. «Еуразиялық банкке» 150 млрд теңгені 2032 жылға дейін. Ал «Алатау Сити Банкке» мүлде керемет жағдай жасалған, оларға берілген 950 млрд теңгені үш кезеңге бөліп, 2034, 2034-2035 және 2040-2045 жылдар аралығында қайтарады. «Банк ЦентрКредитке» де 176 млрд теңгені 2032 жылға дейін қайтаруға рұқсат еткен. Осы ақылға сия ма?» – дейді ашуға мінген Базарбек.

Айтуынша, банктерге берілген мұндай артықшылық тап-таза лоббидің көрінісі.


«Қарапайым қазаққа осындай жеңілдік жасалар ма еді? Ел күйзеліп жүргенде, банктердің көңіліне қарап отырудың қажеті жоқ. Оларға кеңшілік жасауды тоқтатып, мемлекеттің қаржысын дәл қазір қайтартуға кірісу керек», – деп түйіндеді депутат.

Бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
👍96❤19🔥13👏6😢4
⚡️Гүл ұсынған қыздан туған ұлдар: Депутат Құспан тоқал институтын неге заңдастырғысы келеді...

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Қазақстанда тоқал алуды заңдастыруды ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.

Журналист Ербол Сейілханға берген сұхбатында депутат елде көп әйел алуға ресми тыйым болғанымен, ауқатты азаматтардың арасында бұл құбылыстың кең тарағанын айтты.

«Заң жүзінде тыйым салынғанымен, іс жүзінде елде екінші, тіпті үшінші-төртінші әйел алған азаматтар жетерлік. Бұлар тек мемлекеттік қызметкерлер емес, қарапайым қалталы жігіттер де солай өмір сүріп жатыр. Демек, заңның қауқары жоқ, ешкім тыйымға мән бермейді», – деді Құспан.


Депутаттың өзі көп әйел алуға қарсы екенін, алайда осы бір әлеуметтік құбылысты заңмен реттеу қажет екенін жеткізді.

«Жеке көзқарасым бойынша көп әйел алуға қарсымын. Бірақ сіз бен біздің қарсы болғанымыздан бұл құбылыс жойылмайды. Заң жұмыс істемей тұр. Сондықтан тоқал институтын ресми түрде заңдастырып, шеңберін айқындап берген дұрыс. Әйтпесе, тыйымның өзі құр формализмге айналып, азаматтар оны елемейтін болды», – деді депутат.

Абзал Құспанның пікірінше, ер адамдардың біразы, әсіресе дін жолын ұстанатындар, көп әйел алуды қолдайды. Дегенмен қазіргі жағдайда бұл көбіне дәстүрге емес, жас қыздарға «аңшылыққа» ұқсап кеткенін де жасырмады.


Айта кетейік, Қазақстанда көп әйел алуды бейресми қолдағандардың бірі Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі. Ол екінші әйелі Әсел Құрманбаевадан екі ұлы бар екенін «Менің өмірім» атты естелік кітабында егжей-тегжейлі жазған болатын.

«Бірде Талдықорғанға жолым түсті. Өңірлерге жұмыс сапары кезінде мемлекет басшысын ұшақ баспалдағынан гүлмен күтіп алады. Мұндай салтанатты шара үшін жергілікті қыздардың ішінен ең әдемілерін таңдайды. Әдемі шара, бұған біз де үйреніп қалғанбыз. Көз қуанып, жаның жылынады.

Бірақ осы жолғы жағдай қатты әсер қалдырды. Маған гүл ұсынған қыз ерекше сұлу еді. Жанары жанып тұрған құлынмүсін аққұба сұлуды біраз уақытқа дейін ойлап жүрдім…


Біз мұсылман дәстүрі бойынша некемізді қидық. Әсел маған екі ұл туып берді. 2005 жылы Тауман өмірге келді, 2008 жылы Бәйкен туды», – деп жазған еді экс-елбасы.

Бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
👏22❤11😱8🤡6👎3😁3🤮1
⚡️Уашингтонның қазақ картасы: Ақ үйдің Астанаға ұсынған батыл бартері...

АҚШ Мемхатшысы Марко Рубио келесі жылы Астанаға ресми сапармен келеді, деп хабарлайды Ertenmedia.

МемДеп-те Орта Азияның Сыртқы істер министрлерін қабылдаған Рубио Әміриканың аймаққа қатысты ұзармерзімді жоспарымен бөлісті. «Алдағы жылы Орта Азиядағы бес елдің барлығын аралап шығамын. Сапар бір аптаға, бәлкім одан да ұзақ мерзімге созылуы мүмкін», – деді ол.

Айтуынша, Уашингтонның өңірге қатысты ұстанымы мен саясаты өзгеру үстінде. Ұзақ уақыт бойы тасада қалып келген Орта Азия әзір Ақ үйдің ұлттық мүдделерімен тығыз қабысады.


«Экономикалық өсім, тұрақты дамуға келгенде аймақ елдері мен АҚШ-тың мүддесі үйлеседі. Жер қойнауындағы қазба байлықты сіздермен бірлесе игеріп, осы процеске барынша атсалысуға әзірміз», — деген Рубио әмірикалық компаниялардың өңірдегі пайдалы қазбаларға қызығып отырғанын жасырмады.

Ertenmedia бұған дейін Әмериканың Қазақстандағы вольфрамға көзі түскенін жазған еді. АҚШ еліміздегі ірі вольфрам кен орындары «Жоғарғы Қайрақты» мен «Солтүстік Қатпарды» игергісі келіп отыр. Вольфрам қорғаныс өнеркәсібінің басты шикізаты. Әсіресе, зымыран, тәнкі снаряды мен оқ-дәрі өндірісінде кеңінен қолданылады.

Уашингтон жобадан үлес сұрамайды, керісінше инвестиция тартуға және жеңілдетілген несие ұсынуға дайын екенін жеткізген екен.


Кездесуде АҚШ-пен тұрақты сауда жасауға қолбайлау болып келе жатқан атышулы «Жексон-Вэник» түзетуін алып тастау мәселесі сөз болыпты.

Сенатор Стив Дейнс Конгреске әлгі түзетуді алып тастау туралы заң жобасын ұсынатынын хабарлаған екен. Бірақ бартер сұрап отыр. Орнына құрылымдық деңгейдегі жақындасуды, сөз жүзінде емес, нақты, заңдық әрі саяси тұрғыда орнықтыруды талап етуде.

Рубионың өзі де Астананы әлгі шектеуден босату керектігін бірнеше рет мәлімдеген. Оның сөзінен ұққанымыз, Астана әмірикалық технология мен инвестицияға, бейресми дипломатиялық арналар мен саяси кепілдікке жол ашатын стратегиялық әріптестікке батыл баруы тиіс.

Бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
👏37❤8🤔5👍3🔥3
⚡️Ақ үйдегі ақжарма әңгіме: Тоқаевтың Трамп әкімшілігімен тілдесуі қалай өтті...

Тоқаевтың Уашингтон сапары АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марк Рубиомен және Трамп әкімшілігі өкілдерімен кездесуден басталды, деп хабарлайды Ertenmedia.

Ақ үйдегі жүздесуге АҚШ-тың сауда министрі Гоуард Латник пен президенттің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гор да қатысты.

Тараптар екіжақты және аймақтық әріптестіктің негізгі мәселелерін талқылап, стратегиялық серіктестікті тереңдетудің жаңа мүмкіндіктерін ортаға салды.


Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Құрама Штаттар арасында экономикалық байланысты нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өнеркәсіп пен бизнесті қолдауға басымдық берілетінін атап өтті.

Президент Әмірикамен түрлі деңгейдегі саяси диалогты белсенді жүргізіп келе жатқан Ақорданың жан-жақты әріптестікті одан әрі дамытуға әзір екенін жеткізді.

Айта кетелік, бұған дейін Марко мырзаның Астанаға келетіні белгілі болған. МемДеп-те Орта Азияның Сыртқы істер министрлерін қабылдаған Рубио Ақ үйдің аймаққа қатысты ұзармерзімді жоспарымен бөліскен еді.

«Алдағы жылы Орта Азиядағы бес елдің барлығын аралап шығамын. Сапар бір аптаға, бәлкім одан да ұзақ мерзімге созылуы мүмкін», – деді ол. Толығырақ осы тұста.

Бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
👍27❤6🔥6👏4😁1