Erteńmedia
11.1K subscribers
3.4K photos
1.21K videos
1 file
3.08K links
✓Қазақ тіліндегі ең танымал телеграм-арна.
✓Ашық ақпарат, анық талдау, астарлы пайым.

™ @kurilkabai_bot
Download Telegram
⚡️ LEGO-ның ішіндегі қазақ коды: Қазақ қызы киіз үйді әлемге танытудың жолын тапты

Қазақтың ұлттық ойындарын зерттеп, жаңғыртып жүрген креатор Айнұр Полатова киіз үй үлгісіндегі LEGO жиынтығын әлемдік деңгейде шығаруға өте жақын қалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Оның LEGO Ideas алаңына ұсынған концептісі финалдық шепке жетті. Ендігі меже - жобаны дат компаниясының ресми директорлар кеңесі мен сарапшыларының қарауына өткізу. Ол үшін бар болғаны 10 мың дауыс қажет, ал қазір жиынтықты өндіріске жіберуге небәрі 1750 дауыс жетпей тұр.

Егер осы меже бағынса, LEGO киіз үй дизайнын бекітіп, ресми жиынтық ретінде дүниежүзі бойынша саудаға шығара алады. Яғни миллиондаған шетелдік бала үшін қазақ мәдениеті ұсақ бөлшектерден құралатын қарапайым әрі сүйкімді құбылысқа айналмақ.


Айнұр Полатова - Германияда білім алған, қазақ тілі мен фольклорын заманауи тілде ұсынып жүрген маман. Мәселе ойыншықта ғана емес. Бұл бүтін бір елдің миллиондаған қаржы шашпай-ақ әлемдік аренада ұлттың имиджін қалыптастыратын нағыз софт-пауэр құралы.

Ашығын айтқанда, осындай тарихи жүкті бүгінде қаршадай қыз өзі жалғыз сүйреп жүр. Уақыт аз, ал бір адамның бір дауысы киіз үйді дүниежүзілік трендке айналдыруға жетіп жатыр.

Мына сілтемеге өтіп, дауыс беру жеткілікті: https://ideas.lego.com/product-ideas/298829d4-334c-4f26-bc22-7fcdd2d74c31

✈️ https://t.me/ertenmedia
Please open Telegram to view this post
VIEW IN TELEGRAM
🔥38👍26👏8💯8❤3👎1
⚡️ Тоқаев БҰҰ-ға кете ме? Батыс медиасы жаһандық дағдарыстың шешімін Ақордадан іздей бастады

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жаңа Бас хатшыны сайлауда геосаяси тығырыққа тіреліп, халықаралық басылымдар мен сарапшылар осы қызметке Тоқаевты басты үміткердің бірі ретінде қайта атай бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Ұйымның қазіргі басшысы Антониу Гутерриштің өкілеттігі биыл 31 желтоқсанда аяқталады.

Алайда ресми ұсынылған жеті үміткердің ешқайсысы үш бірдей жабық дауыс беруде вето құқығы бар 5 алпауыттың - АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Францияның ортақ қолдауына ие бола алмады. Уашингтон, Бейжің мен Мәскеу арасындағы қайшылық соншалық, ресми үміткерлерден қайыр болмай тұр.


Дәл осы тұста The Guardian басылымы инсайд жариялап, егер алпауыттар өзара келісе алмаса, соңғы сәтте бейресми «компромистік тұлғалар» алға шығатынын мәлімдеді. Басылым бірнеше тілді меңгерген кәсіби дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевты осы тізімнің басына қойған екен. Бұған дейін наурызда Reuters те дипломатиялық дереккөздерге сүйеніп, осыған ұқсас ақпарат таратқан еді.

Тақырыптың қызу талқылануына конституциялық реформа түрткі болып тұр. Ата заңға вице-президент лауазымының шұғыл енгізілуін саясаттанушы Досым Сәтпаев транзитке дайындық ретінде түсіндірген.

«Вице-президент лауазымы Тоқаевқа қызметінен мерзімінен бұрын кеткенге дейін өзінің ізбасарын тағайындап кетуге мүмкіндік береді», – деген болатын Сәтпаев.


Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пайымынша да, ресми кандидаттармен салыстырғанда Тоқаевтың салмағы оқ бойы озық! Өйткені ол БҰҰ-ның төрт тілін еркін меңгерген, 2011–2013 жылдары ұйымның Женевадағы кеңсесін басқарған және барлық алпауыт астаналармен тіл табыса алады.

Мұндай күбір-сыбыр Тоқаевтың қызметінен кеткісі келетінінен гөрі, жаһандық саясатта алпауыттардың бәріне бірдей қолайлы бітімгер дипломаттардың тым азайып кеткенін көрсетеді.

Әйтсе де Ақорда мұндай қауесетті бірнеше рет ресми түрде жоққа шығарған. Мемлекет басшысының өзі де отандық басылымдарға берген сұхбатында халықаралық ұйымға бармайтынын мәлімдеген еді.

«Маған БҰҰ Женева кеңсесін үш жылға жуық басқару бұйырды. Осының өзі жеткілікті. Менің елді дамыту бойынша алдағы көп жылға арналған үлкен жоспарларым бар, соларды жүзеге асыруға ниеттімін», - деген-тін ол.


Тоқаев 2029 жылға дейін ел ішіндегі реформалармен айналысатынын ашық айтқан. Десе де, БҰҰ тарихында дағдарыс кезінде күтпеген кандидаттардың билікке келген сәті аз емес.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

✈️ https://t.me/ertenmedia
Please open Telegram to view this post
VIEW IN TELEGRAM
🔥22❤12🤔7👍3😁2💯2👎1
⚡️«Қайыршыдан кім ақша сұрайды?!»: Садыр Жапаров Мұхтар Әблязовтың маскасын шешіп, нағыз алаяқ деп атады

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қашқын олигарх Мұхтар Әблязовтың «Жапаров менімен 40 минут бойы сөйлесті, алақан жайып, ақша сұрады» деген мәлімдемесіне алғаш рет жауап қатып, оның сөзін жоққа шығарды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Жапаровтың айтуынша, Әблязов онымен 40 минут емес, небәрі 2-ақ минут сөйлескен, ал ақша сұрады деген сөз таза ойдан шығарылған өтірік.

«Алаяқ болғаннан кейін айта береді де. Ол уақытта (2020 жылы) менде 40 минут түгіл, 4 минут сөйлесетін мұрсат болған жоқ. Ал ақша сұрады дегені көпе-көрнеу жалған.

Франциядағы жайлы өмірі үшін тілемсектеніп, қазақтардан донат тілеп жүрген адамнан мен ақша сұрады дегенге кім сенеді? Қайыршыдан ақша сұрау деген логикаға сыймайды ғой. Төңкеріс болып, ол тұста билікке келіп алғанмын, ол кезде ақшаның да керегі жоқ еді.


Түрмеден алып шығып, таққа отырғызған халық мені ақшасыз-ақ сайлап алар еді», — деді Қырғызстан президенті.

Жапаров әлгі байланыстың қалай өрбігенін де бүге-шігесіне дейін жайып салды. 2020 жылғы қазан оқиғасы кезінде қасында жүрген белсенді Меліс Әспеков телефон ұсынып: «Әблязов сізбен тілдесуді сұрап жатыр», — деген.

«Ол мені бірер минут мақтады. “Қырғыздар, мықтысыңдар, міне, үшінші революцияны жасадыңдар, ал біз, қазақтар, ештеңе істей алмай отырмыз. Сол үшін сізден көмек сұраймын, егер мақұлдасаңыз, Бішкекке ұшып барамын да, сол жерде отырып Қазақстанда революция ұйымдастырамын” деді. Қолында қырғыздың паспорты барын, оны Атамбаевтың кезінде алғанын айтты», — дейді Жапаров.


Алайда Қырғыз басшысы оған бірден қысқа-нұсқа жауап қатып, бетін қайтарып тастаған:

«Біріншіден, мен көрші елдің ішкі саясатына араласпаймын. Екіншіден, сен үшін Астанамен қарым-қатынасымды бұза алмаймын. Абзалы, мұнда келме, өз шаруаңмен айналыс».


Жапаровтың тосын мәлімдемесі шетелде жүріп елді төңкеруге үндейтін Әблязовтың имиджіне өлтіре соққы болды. Қырғызстанды көрші елге қарсы плацдарм етуге талпынған қашқын олигархтың арандатуы сол жерде-ақ тұншыққан көрінеді.

«Әблязовқа бас қатырып, көңіл бөлуге уақытым жоқ. Халық бәрін өзі сараптап алады. Бүгін буын 30 жыл бұрынғы бұқара емес, саясатты шекілдеуікше шағады», - деп түйіндеді Қырғызстан президенті.

Айтқандай, Жапаровқа телефон ұсынып, «Әблязовпен сөйлесіп қойыңызшы» деген белсенді Мелис Аспеков бүгінде түрмеде 7 жылдық жазасын өтеп жатыр.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

✈️ https://t.me/ertenmedia
Please open Telegram to view this post
VIEW IN TELEGRAM
❤22🔥7🤔7😱3👍2💯2
⚡️Шотты жаппай бұғаттау мен соңғы тиынды тартып алу: Ұлттық банк сот орындаушыларына тосқауыл қоймақ

Бас банкир Тимур Сүлейменов борышкерлердің банк шоттарына тыйым салу және қаражатты мәжбүрлеп өндіріп алу тәртібін түбегейлі қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Бүгінгі таңда сот орындаушылары бір ғана қарыз үшін азаматтың бірнеше банктегі барлық шотын бірдей бұғаттап тастайды. Нәтижесінде бұғатталған қаржының көлемі нақты берешектен бірнеше есе асып түсіп, адамдар күнделікті ішіп-жемге ақша таппай жатады.


Қазіргі ереже бойынша, банктер мерзімі өткен несиені өндіргенде шотта кемінде екі күнкөріс минимумын (2026 жылы бұл 101 702 теңге) қалдыруға міндетті. Ал сот орындаушылары инкассолық өкім жібергенде мұндай кепілдік банк деңгейінде істемейді. Олар табыстың 50 пайызын қалдыруы тиіс болғанымен, шоттағы ақшаны жаппай сыпырып алу жиі кездеседі.

Шыны керек, мәселені президент Тоқаев та өткен жылғы Жолдауында көтеріп, тек қарыз сомасын ғана шектеуді тапсырған еді. Депутаттар да мәселені талай рет сөз еткен, бірақ атқарушылық өндірісте ешқандай нақты бетбұрыс болған жоқ.

Енді Ұлттық банк жағдайды заңмен шегелеу үшін 2️⃣ нақты өзгеріс ұсынып отыр:

• Инкассолық өкім орындалған кезде де борышкердің шотында күнкөріс минимумы міндетті түрде қалуы керек;
• Егер қарыз бір банктегі шот арқылы жабылса, қалған банктер сот орындаушысының қаулысын кері қайтаруға құқылы болуға тиіс.

Осы нормалар енгізілсе, азаматтардың бүкіл қаржысын бір сәтте бұғаттап, тұйыққа тірейтін жабайы тәжірибеге тосқауыл қойылады. Реттеуші тиісті ұсыныстарды Әділет министрлігіне жіберген екен.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

✈️ https://t.me/ertenmedia
Please open Telegram to view this post
VIEW IN TELEGRAM
👏43👍13❤4🔥3🙏1
⚡️ Каспий қасіретінен кейінгі тексеріс: Тоқаев Савельеваны Ақордаға шақырды

Президент Тоқаев Бас штаб бастығы Айтқұрман Омарбеков пен Қорғаныс министрінің су жаңа орынбасары Татьяна Савельеваны қабылдап, армияның жауынгерлік әзірлігі мен әскери бюджеттің шығысын қатаң бақылауға алуды тапсырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Кездесудің басты тақырыбы - Қарулы күштердің қазіргі жай-күйі, шұғыл жағдайларда жедел шешім қабылдау қабілеті және қорғаныс ведомствосына бөлінетін қыруар қаржының тиімділігі болды.

Айта кетерлігі, қос басшы да қызметке қазан айының басында тағайындалған. Қосанов? 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 14 сарбаз мерт болған соң, министрлік басшылығы түгел жаңартылып, ведомствоға қарасты 50 нысанда жоспардан тыс қаржылық аудит басталған еді.


Бас штаб тізгінін ұстаған Омарбеков жедел әрекет ету мен әскери резервті сапалы жасақтау жайын баяндаса, ұзақ жыл Қаржымин мен Парламентте бюджет комитетін басқарған Татьяна Савельева әскери шығындарды реттеу тетіктерін ұсынды. Савельева - Қорғаныс министрінің орынбасары атанған ел тарихындағы алғашқы әйел шенеунік.

Біздіңше, қорғаныс саласына тәжірибелі қаржыгердің келуі және бүгінгі қабылдау кездейсоқ емес. Бұл армияға бөлінетін әрбір теңгеге қатаң есеп сұралатынын, ал «қағаз жүзіндегі дайындық» пен бос есеп беру дәуірінің аяқталғанын аңғартады.


Президент нақты тапсырма берді: әскерді шынайы сынаққа сай даярлау, басқару жеделдігін күшейту және бөлінген бюджетті босқа шашпай, тек нәтижеге бағыттау қажет.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

✈️ https://t.me/ertenmedia
Please open Telegram to view this post
VIEW IN TELEGRAM
❤8🤔7🔥5😁5👍3👏2💯2
⚡️Мұхиттың арғы жағынан келген ковбой: Рубио Орталық Азиядағы АҚШ мүддесін ашып айтты...

АҚШ Мемхатшысы Марко Рубио Өзбекстан сапары барысында Украинадағы соғыс, Бейжіңмен бәсеке және Орта Азияның сирек металына қатысты бірқатар мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Америка дипломатиясының жетекшісі Самарқандқа палау жеу үшін келген жоқ. Қап-қап ақша көтерген АҚШ-тың ірі корпорациялары мен инвест қорларының 200-ден астам CEO-сын ертіп келді.

«С5+1» саммитінің басты нәтижесі — сирек кездесетін метал, энергетика, Орта дәліз инфрақұрылымы мен ЖИ саласында жалпы сомасы 12 миллиард долларды құрайтын 54 екіжақты келісімге қол қойылды.


Украинадағы қақтығысқа қатысты Рубио майдандағы жағдайдың тығырыққа тірелгенін және екі тарап та түбегейлі жеңіске жете алмайтынын ашық айтты. Сөзінше, Трамп әкімшілігі үшін соғысты тоқтату басты басымдық. Бірақ ол үшін Путин де, Зеленский де аптығын басуы тиіс. Уашингтонның Кремльге салған кейбір санкцияларды уақытша тоқтатуы жеңілдік емес, дипломатиялық тест екенін ескертті. Егер келіссөз нәтиже бермесе, шектеу бірден қайтарылады.

Ал Бейжің мәселесінде АҚШ риторикасын күрт жұмсартқан тәрізді. Рубио Уашингтонның аймақ елдеріне «көршіңмен араласпа» деп бұйырмайтынын мәлімдеді.

«Біз бұл жерге келіп бәленшемен сөйлесуді доғарыңдар немесе түгенше елмен жұмысты тоқтатыңдар деп талап қоймаймыз. Мәселе нарық ашық жерде америкалық компаниялардың әділ бәсекеге түсуіне мүмкіндік беруде», - деді ол.


Ақ үй бұрынғыдай демократия мен адам құқығын алға тартып ақыл айтудан гөрі, таза прагматикалық әдіске көшкені сезіледі. Сирек кездесетін шикізат пен Транскаспий бағытын бақылауға алу қазіргі жаһандық текетірестегі ең салмақты көзірдің бірі.

Айтпақшы, кездесуде дипломат жергілікті тілшінің орысша қойған сауалына күле жауап беріп:

«Мұнда орыс тілі енді ресми емес қой! Келесі жолы өзбекше сөйлесерміз деген үміттемін» деп, өңірдегі тіл саясатына да назар аударып кетті.


Сапар соңында Рубио Дональд Трамптың аймаққа келу жоспарын қарастырып жатқанын жеткізіп, Тоқаев пен Мирзиёевті желтоқсанда Флоридада өтетін «G20» саммитіне құрметті қонақ ретінде шақырғанын растады.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

✈️ https://t.me/ertenmedia
Please open Telegram to view this post
VIEW IN TELEGRAM
🔥17😁9❤7👏4👍2💯2👎1💩1
⚡️Президенттің қызыл сиясы: Тоқаев 28 қазанда елге Жолдау жасайды

Тоқаев жолдаудың уақытын жариялады. Жылдың ең басты құжаты екі айға кешігіп шықпақ деп жазады Ertenmedia.kz.

Басты деталь датада емес. Президент «мәтінмен өзім жұмыс істеп жатырмын» деп әдейі нақтылапты.

Бұл Үкімет ұсынған жылтыр есептің көңілден шықпағанын білдіретін белгі болуы мүмкін.


Әзір елдің қалтасына тікелей әсер ететін шешімдер қабылданып жатыр. Қазынада артық ақша жоқ. Тариф, инфляция мың құбылып тұр.

Бюджет тапшылығы мен әлеуметтік жүктемені қалай теңгеру керегін Тоқаевтың өзі айтатын тәрізді. Айтқандай, былтырғы Жолдау кезінде ел ішінде біраз тосын оқиғалар болған еді.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

✈️ https://t.me/ertenmedia
Please open Telegram to view this post
VIEW IN TELEGRAM
👏21🤔5💯5👎3🔥2❤1💩1
⚡️Такси нарығындағы Давид пен Голиаф: Қазақ стартапы «Яндекске» қалай қарсы тұрмақ?

Қазақстанның такси нарығында ресейлік алпауыттың жүйелі түрде істен шығуынан соң отандық IT мамандары жасаған Qajet taxi қосымшасы ұлттық қарсылық қозғалысына айналып шыға келді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Қазан айының басында Ресей аумағындағы деректер орталықтарына дрондар соққысы жасалғанда, Қазақстандағы такси қозғалысы бірнеше тәулікке сал болып қалған еді.

«Деректеріміз толық елде сақталады» деген ресми ертегі күл-талқан болды. Маршрутты есептеу, төлем мен бұлттық логистиканың күретамыры көрші елдің инфрақұрылымына байланғаны әшкереленді.


Болмаған сапарлар үшін халықтың картасынан ондаған мың теңге негізсіз ұсталып жатқан тұста, нарыққа Думан Бақыткелді бастаған қазақ жігіттерінің Qajet taxi өнімі енді.

Шыны керек, Яндекс мұндай қарсыласты күтпеген еді. Осыған дейін америкалық Uber-ді жұтып, Қытайдың миллиардтарына сүйенген DiDi-ді нарықтан қуып шыққан алпауыт осы жолы таза идеологиялық феноменмен бетпе-бет келді. Желіде «Ақшамыз Кремльге кетпесін!», «Өз таксиімізге мінейік!» деген бұқаралық қозғалыс өршіп тұр.

Отандық сервис таксист қауымының да жанды жерін тапты:

• Көп жыл бойы жүргізушілердің қалтасын қаққан 16-20 пайыздық алымға қарсы 0% комиссия ұсынды;
• Бір айда ең көп тапсырыс орындаған жүргізушіге автосалоннан су жаңа темір тұлпар сыйлайтынын жариялады;
• Қазақ тіліндегі дауыстық навигация мен әйелдер қауіпсіздігіне арналған «Тұмар» тарифін қосты;
• Бағаны да бірден түсірді: бұрын 2000 теңге болған жол қазір Qajet-те 1300-1400 теңге.
• Әзір ғана 1 тәулікте 20 тапсырыстан көп орындаған әр жүргізушіге 10 мың теңгеден беретінін хабарлады.

Әрине, кез келген жаңа стартап секілді шалалығы жоқ емес. Бағасы арзан болғанымен, көлікті күту уақыты әлі де ұзақ деген пікірді көзіміз шалып жатыр. Бірақ мәселе басқада.

Біздіңше, алда такси нарығында нағыз қақтығыс басталады. Жылдық қаржы айналымы ел бойынша 186 миллиард теңгені (!), ал бір ғана Алматыда 47 миллиард теңгені құрайтын алып торттан Яндекс оңайлықпен айырылмайды.


Алпауыттың ендігі қадамы бағаны жасанды түрде құлатып, демпинг жасау немесе лоббистер арқылы жаңа жобаға сертификат және салық талаптарымен тосқауыл қою болуы мүмкін.

Қалай десек те, монополияның іргесі сөгілді. Халық бір ай шыдамдылық танытса, такси нарығындағы миллиардтар ел ішінде қала бастайды.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

✈️ https://t.me/ertenmedia
Please open Telegram to view this post
VIEW IN TELEGRAM
👍50🔥37❤12👏7💯3
⚡️ Бір дабылдың артындағы бір тағдыр: Депутат отбасылық зорлыққа қарсы жаңа тәсіл ұсынды...

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейгенімен, қанды оқиғалар тоқтамай тұр. Осыған байланысты депутат Айжан Аймағанова Ішкі істер министріне сауал жолдап, полицияның әрекет ету тәсілін түбегейлі өзгертуді және «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын енгізуді талап етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Сауалда қоғамды тіксінткен соңғы қайғылы оқиғалар нақты аталды. 13 шілдеде Абай облысында пышақ жарақатынан көз жұмған 20 жастағы Ділназ Жұмағұлова және 23 қыркүйекте Астанада бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан екі баланың анасы Жазира Адауованың қазасынан хабардармыз.

Депутаттың сөзінше, қолданыстағы жүйе тек қылмыс жасалып, қан төгілгесін ғана қимылдайды. Ал қауіптің алдын алу тетіктері іс жүзінде ақсап тұр.


Мұндай сорақылықтың жолын кесу үшін Франция тәжірибесіне сүйене отырып, мынадай нақты 3⃣ қадам ұсынылды:

• Ішкі істер жекелеген өңірлерде «Электрондық қорғаныс аймағы» пилотын сынақтан өткізуі тиіс;
• Қауіп туралы дабыл түскен кезде полиция қызметкері не істеуі керектігін тайға таңба басқандай көрсететін бірыңғай алгоритм бекітілуі қажет;
• Түскен әрбір сигнал мен қабылданған шара цифрлық жүйеде автоматты түрде тіркелуі шарт. Бұл кімнің, қашан және қандай әрекет жасағанын ашық көрсетеді.

Егер әрбір дабыл өшірілмейтін цифрлық базаға еніп, дер кезінде қимылдамаған маман жеке жауап беретін болса, жүйе салғырттықты кешірмейтін болады. Аймағанованың айтуынша, бұған жаңа қымбат бағдарламаның керегі жоқ, қолда бар базаны пайдалану жеткілікті.

Бір маңызды жайт, депутат электрондық бақылаудың нақты қалай жұмыс істейтінін, мысалы, тиранға электронды білезік тағыла ма, жоқ па, ашып көрсетпеген. Ол турасында Аймағанованың өзінен жауап алуға тырысамыз.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

✈️ https://t.me/ertenmedia
Please open Telegram to view this post
VIEW IN TELEGRAM
🔥8🙏4❤3🤔3💯1
⚡️Солтүстіктен соққан сауал: Қазақстанның шекара реформасы Мәскеуді мазалап отыр...

Бектенов үкіметі шекарадан өту ережесін қатаңдатып, визасыз кіретін шетелдіктерге, соның ішінде Ресей азаматтарына электронды рұқсат (QazETA) алуды міндеттейтін болды. Мәскеу әлгі жаңалықты қабылдай алмай, Астанадан жедел түсініктеме беруді талап етіп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Ресей Сыртқы істерінің ресми өкілі Мария Захарова Астананың егемен құқығын «сыйлайтынын» айтқанымен, шешімнің өзі одақ аясындағы еркін қозғалысқа кедергі келтірмеуі керек деп зілденіпті.

«Жаңа ереже Еуразиялық одақ елдерінің азаматтарына да қатысты болғандықтан, қолданыстағы келісімдерді ескере отырып, қазақстандық тараптан оны қолдану тәртібіне қатысты қосымша түсініктеме күтеміз», – дейді Захарова.


Біздіңше, Мәскеудің мұншалықты алаңдауының астарында терең саяси реніш жатыр. Кремль Еуразиялық одақты көбіне өз мүддесіндегі шекарасыз аймақ ретінде көргісі келеді.

Атышулы мобилизация басталғанда соғыстан қашқан жүз мыңдаған адамның Қазақстанға қарай ағылуы Астанаға қатаң сабақ болды. Кімнің кіріп, кімнің шыққанын дер кезінде бақылауға алмасақ, ұлттық қауіпсіздікке қатер төнетін деңгейге жеткен едік.

Енді соғыстан қашқандар да, кез келген шетел азаматы да елге кірерден кемінде 72 сағат бұрын мобильді қосымша немесе портал арқылы рұқсат сұрауға мәжбүр. Бұл виза емес, тегін жүйе. Бірақ бұл сүзгі.

Жүйе қалай іске қосылады?

• 2026 жылдың 1 қарашасынан бастап: Ақтау әуежайы мен төрт автокөлік бекетінде («Үрлітөбе», «Ауқатты», «Атамекен», «Нұрлы Жол»);

• 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап: Астана мен Алматы әуежайында;

• 2027 жылдың 1 наурызынан бастап барлық халықаралық шекара бекетінде пилоттық режимде жұмыс істейді.

2027 жылдың 1 шілдесінен бастап талап толық міндетті болады. QazETA рұқсаты жоқ азаматтар Қазақстан шекарасынан кері қайтарылады.


Шыны керек, шекараны цифрлық бақылауға алу Мәскеуге жалтақтамай жасалған өте сауатты қадам. Соғыс пен геосаяси дағдарыс жағдайында Ақорданың өз аумағын бақылауда ұстауға толықтай заңды құқығы бар.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
🔥35👏17👍14❤11💯3
⚡️Окоптан шыққан он үш тағдыр: Ресейге нәпақа іздеп кеткен қазақ жігіттері тұзақтан босатылды...

Ресейге жұмыс істеуге барып, Украинадағы қанды қасаптан бір-ақ шыққан 13 қазақ әскери міндеттемеден ресми түрде босатылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Бұл туралы әзірде ғана жігіттердің құқығын қорғаған адвокат Мейірман Шекеев мәлімдеді. Заңгердің айтуынша, отандастарымыз ұрыс аймағынан Воронеж қаласына шығарылған және олардың елге оралуына ешқандай заңдық тосқауыл жоқ.


Еске салсақ, оқиға қазан айының басында өршіген еді. Алаяқ рекрутерлерге алданған азаматтардың аналары Астанаға жиналып, Сыртқы істерге үндеу жасаған. Жігіттер көрші елге күзет агенттігіне жұмысқа орналасамыз деп барғанымен, оларға күмәнді қағазға қол қойғызып, Ресей Қарулы күштерінің қатарына «ерікті» ретінде қосып жіберген.

Шыны керек, майдан даласында шетелдік жалдамалы ретінде саналатын адамдарды Ресейдің әскери машинасынан босатып алу өте күрделі прецедент. Бұл ретте ресми Астана мен Мәскеудің дипломатиялық деңгейдегі келіссөздері шешуші рөл атқарғаны байқалады. Жақындары шешімнің шығуына тікелей ықпал еткен президент Тоқаевқа және Сыртқы істерге алғыс айтуда.


Алайда басты сауалға әлі жауап жоқ. Елге оралған соң оларды не күтіп тұр? Қазақстан заңына сәйкес, өзге елдің аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысу қылмыс. Ендігі мәселе құзырлы органдар олардың шынымен де алданып, мәжбүрлі түрде соғысқа тап болғанын толық ескере ме, жоқ па, осыған тіреліп тұр.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

https://t.me/ertenmedia
👏20👍6💯3❤2🔥2🙏2
⚡️14 сарбаздың қазасынан кейінгі ауыр шешім: Тоқаев армияны «6+6» моделіне көшіреді

Қазақстанда мерзімді әскери қызмет түбегейлі реформаланып, жауынгерлерді даярлау екі кезеңдік жүйеге көшіріледі. Жаңадан шақырылған сарбаздар алғашқы 6 ай оқу орталықтарында машықтанса, қалған алты айда тікелей әскери бөлімдерде нақты жауынгерлік тапсырмаларды орындайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Бұл туралы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында белгілі болды. Президент Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиында жаңа әскери реформа жоспары мақұлданды.

Жоспар бойынша, армияда институционалдық өзгерістер басталады:

• Қарулы күштер құрамында дербес пилотсыз ұшу аппараттары (дрон) әскері құрылады;
• Әскери қызметшілердің құқығын қорғайтын арнайы уәкіл (омбудсмен) мен әскери кеңесшілер институты құрылады;
• «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық дайындық жүйесі енгізіледі;
• Басқару сапасы мен әскер ішіндегі тәртіпті бақылауға арналған жаңа ақпараттық-коммуникациялық стратегия іске қосылады.

Президент әскердің сапасын өзгерту кезек күттірмейтін шаруа екенін шегелеп айтты.

«Мұнда жартыкеш шешімдер қажетті нәтиже бермейді. Басқару жүйесі, кадр саясаты, командирлер мәдениеті мен мемлекет ресурсын тиімді пайдалану түбегейлі жаңаруы тиіс», - деді Тоқаев.


Шыны керек, реформа жайдан-жай қолға алынып отырған жоқ. Оған қыркүйек айының соңында Маңғыстауда өткен «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде теңізге кеткен 14 әскери қызметшінің өлімі түрткі болды. Сол оқиғадан кейін Қорғанмин Дәурен Қосанов пен жоғары лауазымды бірнеше генерал қызметінен қуылған еді.

Қазіргі таңда бұрынғы Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков бастаған бірқатар лауазымды тұлға тұтқындалып, министрліктегі тексерулер бойынша 13 қылмыстық іс тергеліп жатыр.


Біздіңше, бүгінгі шешім жүйедегі терең іріңнің бетін ашқан апаттың салдары. Ендігі мәселе «6+6» моделі мен жаңадан енгізілетін омбудсмен институты казармадағы созылмалы әлімжеттік пен салғырттықты жоя ала ма? Реформаның негізгі тұжырымдамалық бөлігі 2027 жылға дейін жүзеге асырылмақ.

Ал біз бұған әлі де тоқталамыз. Бізге жазылып алыңыз👇

✈️ https://t.me/ertenmedia
Please open Telegram to view this post
VIEW IN TELEGRAM
❤8👍8🙏2👏1🤔1💯1