Махаббат өлкесі...
1.02K subscribers
9 photos
2 videos
1 file
32 links
Тек махаббат туралы...

Ұсыныс пен пікірлер бойынша @nurlandos
Download Telegram
Есіміңнің әрбір әрпін сүйемін,
Есігімнен келетіндей Сіз кіріп.
Өзіңіздей құдіретке ие кім?
Аят сынды әлпештеймін үздігіп...

Айтайын деп ойладым ба бұлай сыр?
Аман қалған шық секілді құламай...
Сізді сүйген жүрек сондай құдайшыл,
Есіміңді оқи берем дұғадай.

Біз тағдырдың өзгертпейміз шешімін,
Құдайды ойлап сен де мендей жүдедің.
Өзің кетсең, қалар менде есімің,
Қалар және тым құдайшыл жүрегім.

Авторы: Танакөз Толқынқызы
Өкінбеймін біреуді өпсең де өліп,
Өкінбеймін біреуге кетсең де еріп.
Жазмыштың маған жазған пендесіне
Мен-дағы кезігермін көп сенделіп.

Мұң ба екен,
Мұның бәрі уайым ба екен?!
Бүгінде ойым бөтен, жайым бөтен.
Қойнына қона алмаған қос аққуға
Қол бұлғап қала берер – қайың мекен…

Жабықпа,
жарылқасын бетіңді алдан.
Өткен күн өшкен, көшкен секілді арман…
Болар-ау бәрі де ұмыт,
Амалым не,
Аяймын махаббатты жетім қалған.

Авторы: Исраил Сапарбай
❤4
Құшағында күнәсі көп күндердің,
Құшағыма кінәсі жоқ гүл бердің...
...Бірге кетіп едіңдер ғой
Сол күздің
Биыл жалғыз келетінін білген кім?

Құтылғым кеп құлазыған шақтардан,
Елес іздеп қайттым жетім бақтардан,
Жүрегімдей жапырақты аядым,
Бар үміті бір мезгілге тапталған.

Көңілімнің көкжиегін басып мұң,
Жазығы жоқ сезімімді жасыттым.
Қоңыр күз-ау, кімді күттім сонда мен,
Кімге сонша асықтым?

Неге айтпадың келмейтінін Ол жайлы,
Енді елдер мен жайлы не ойлайды.
Әрі кетсе жазар ем ғой бір өлең,
Әрі кетсе...
Болмайды ғой, болмайды...

Адалдықтың жалғыздық па өлшемі,
Уақыт неге көтертпеді еңсемді,
...Бұның бәрі ертегі ғой, жүрегім,
Қоя қойшы, қойшы енді...

Авторы: Айжан Тәбаракқызы
👍3
Күлкімді күз ұрлады.
(Қу тірлік).
Мұңлымын бүгін.
Біртүрлі.
Мен – мен емес секілдімін.
Жасыл бақта билеп ем,
Әуеніме елітіп,
Жапырақтар секірді.
Сен сыйлаған қызыл гүлді,
Алақанда аялағам.
Амал не?
Үш-ақ күн болды ғұмыры.
Қураған құр сүлдесін, сосын,
Лақтыра салғам.
Қайғырды құмыра құрғыры.
Құмыра құсап қан жұтып жүре берер ме ем,
Таусылып басқа айтар ән.
Егер... өзің келмегеніңде,
Гүл бермегеніңде қайтадан...

Авторы: Бақытгүл Бабаш
Қаралай бермеші қарадай жиі ақты,
Қашығым – жұп-жуық!
Біз неге жүреміз балмұздақ сияқты,
Тәп-тәтті,
Сұп-суық?
Күн жайлы ұмытып, айтамыз шықса Айды,
Шешенді мүкіс қып.
Біздің күй не үшін кофеге ұқсайды,
Ап-ащы,
Ып-ыстық?
Мен жауап бермесем сен қойған талапқа,
Кінәмді тізімде.
Біз неге ұқсаймыз мен ішкен шарапқа,
Сен жеген жүзімге?

Авторы: Мирас Асан
👍1
АҚМАРАЛ ДЕСЕМ...

Ақынның алар кейде есін,
Жүрек боп жанар мұнартып.
Ақмарал қыздың бейнесін,
Жырлаймын күнде құмартып.

Жырлаймын еске алам да,
Бақытқа толы шақтарды...
Махаббат керек адамға,
Жайнату үшін бақтарды...
Сен жаққа қарап кештерде,

Жылдарға өкпе артамын.
Ұқпайды мені еш пенде,
Ұқпайды мені, бар таңым...

Ақмарал десем орманда,
Аққайың жауап береді.
Туған ай толып болғанда,
Ақмарал саған келеді...

Әйнектің алған мазасын,
Ақ жаңбыр қандай тазасың.
Ғашық боп кейде дариға-ай,
Мөп-мөлдір өлең жазасың.

Авторы: Тұрсын Жұмаш
СЕНІ ҒАНА 100 ПАЙЫЗҒА СҮЙЕМ МЕН...

Құс жолы ма, аспандағы түнгі із ба
Толған Ай ма, самсаған мың жұлдыз ба.
Бәр-бәріне ғашық етіп есейттің
Мінезіме тоқтам салып тым қызба.

Кімге ұнайды білмеймін ғой қай өлшем
Айтар сөзді талғамыма сай өрсем.
Саған ғана ғашық болу арқылы
Маған ыстық боп көрінді бай өлкем.

Кей тірлігім тірлігіндей көзсіздің
Сондадағы өзіме ұнар өз сүзгім.
Бала жастан өліп-өшіп келемін
Содан бері сен дегенде ессізбін.

Не сыйқырсың осыншама құнығар
Ал осымды кім түсінер, кім ұғар.
Бұ жалғанда өзің ғана шығарсың
Қуанышы у, мен дегенде мұңы бал.

Бізге амандық тілеймін ғой Иемнен
Бар үмітім саған ғана сүйенген.
Ару-өлең, ренжімесін өзгелер
Жүз пайызға сені ғана сүйем мен.

Авторы: Елубай Әуезов
ІШТЕЙ СЫР ШЕРТЕМ МЕН...

Жүрекке өртенген,
Бір өпкен дару ма?
Іштей сыр шертем мен,
Қасымда аруға.
Бұрымын өремін,
Көтерем еңсені.
Тұтыға беремін:
«Мен сені...
Мен сені...
Мен сені...».
Бақытым аңсаған,
Жанымда ай маңдай.
«Мен саған...
Мен саған...
Мен саған...»
Қойдым-ау айта алмай.
Кешті бір өткізем,
Тұра алман. Онсыз ба?
Қалай сыр жеткізем,
Сол қызға,
Сол қызға,
Сол қызға!

Авторы: Айтуар Өтеген
👍1
Бақыт деген...

Сіз жай ғана әлеміме еніңіз,
Дәл мендей боп тарылады деміңіз.
Қайраңдағы қайран балық тұншығып,
– Өлдім! – десе, шын айтады ол, сеніңіз.

Бірінші боп хабарлашы көктемді.
Құтқарып қал ой түбіне шөккенді.
Бірінші боп «Қайырлы таң!» – дей салшы,
Керегі жоқ көп нүкте де, көп белгі.

Қарда өскен бәйшешекті қолда шын,
Ерте оянған, еркелік-ау, тоңбашы.
Бақыт деген таудай шығар деп жүрсем,
Бақыт деген нәрсе екен ғой болмашы.

Авторы: Танакөз Толқынқызы
ӘЙЕЛДЕРГЕ БІР ТІЛЕК

Әйел сусын деп жатады шөлдесең,
Мен осыған сенбес едім көрмесем.
Жүнжіп әбден ішқұса боп өлер ем
Қабағыңды, тамағыңды бермесең.

Бұ еркектер айтады ғой білгесін
Әйелдердің жұмақ дейміз түрмесін.
Көкайыл ма, көкбет пе әлде, шайпау ма
Еркек сорлы бөле алмайды іргесін.

Өзімізді көрсеткенмен ірі ғып
Жанымызда болсын қанша сірілік.
Еш әйелсіз жинашы бар еркекті
Көп ұзамай кетері хақ жын ұрып.

Ол барында көңілдің де қошы бар,
Қатындардан түгі де жоқ шошынар.
Шыр еткенде дүниеге әлдилеп
Соңыңда қап жоқтайтын да осылар.

Түн баласы ессіз ұшар ғарышың
Сол әйел ғой, жақының да, алысың.
Абай хакім қалай ғана дәл айтқан
«Қор болса да мақтан етер жар ісін».

Рас кейде мінгіземіз құр атқа,
Түк кінәсіз сап жатамыз сынаққа.
Мұнша ғажап көрмес едік әйелсіз
Баяғыда қалып қойсақ жұмақта.

Әйел барда жағаң да еш кірлемес,
Олардан да ара-тұра біл кеңес.
Алдарқату, жәдігөйлік емес бұл
Ақық тілек, шын жүректен бір лепес.

Авторы: Елубай Әуезов
👍3
КЕТПЕЙ ҚОЙДЫҢ ЕСІМНЕН
(Сағыныш элегиясы)

Елесіңмен тап жанымда жүресің,
Түнде келіп, түсіме де кіресің.
Таң арайлы дидарыңмен күлімдеп,
Қараңғылық шымылдығын түресің.

Сенің барың –
Менің тірі жүргенім,
Белгісізі –
Әлі қанша жүрмегім?
Сенің арқаң –
Үмітімді сөндірмей
Осыншама менің өмір сүргенім.

Сөз бергенсің,
«Сендікпін!» – деп кесімді,
Неге бірақ тағдырымыз кесілді?
Әлі есімде тіл байланып,
Алдыңда
Не болды екен,
Сонша алған есімді?

«Әпер – дедің, – Айдың шардай айнасын»,
(Түсінсемші қыздың сонда айласын).
Керек еді,
Айға шауып,
«Мерт болу»
Демес едім осы күні «Қайдасың?..»

Бір сәтке де,
Кетпей қойдың есімнен,
(Білем, білем, қосылар жол кесілген).
Жазғаны ғой екеуміздей талайға,
Шыға алмадық,
Тағдыр жазған кесімнен.

Авторы: Қуаныш Мұқтай
👍3
Бізді жаным бақытсыз деп бола ма?
Қол ұстасып жүрмедік біз қалада.
Таныспадық көшелерде кездейсоқ,
Кездеспедік қымбат мейрамханада.

Екеуара кетпедік біз түнге еріп,
Бүтін болып жарытпадық бір болып.
...Мені қосып жазбадың сен күнделік,
Сені тосып қуантпадым гүл беріп.

Ұғынбадық.
Ұқтық.
Білдік.
Білмедік.
Сүйе алмадық.
Сүйдік.
Күлдік.
Күлмедік.
Біз екеуміз астында қап жаңбырдың,
Жалғыз ғана қолшатырмен жүрмедік.

Нені ұғындық сұрау белгі көп күннен?
Саған қарап айды жұлдыз деп білгем.
Жібек болып егілмедің Жайыққа,
Төлеген боп жараланған жоқпын мен.

Мен өзгеге,
Сен басқаға «жоқ» дедің,
Сенде маған,
Менде саған жетпедім.
Құтқаруға тырыспадың сен мені,
Титаникпен менде батып кетпедім.

Гүл-бақтардың қаға алмадық есігін,
Жұмбақтардың таба алмадық шешімін.
...Әлі сені өкпелете қоймадым,
Сенде сұрай қойған жоқсың кешірім.

Сағыныштың мөлшері де сол шама,
Бірі оңай,
Бірі қиын болса да.
Қаншалықты жақындаса ғашықтар,
Жүректері алыстайды соншама.

Сездіргенсің сезімімді күліп-ақ,
Маған да кеп қонады әлі ұлы бақ.
Бір-бірінен алыстайды ғашықтар,
Бір-бірінің жүрегіне мініп ап.

Алдымызда жатты мың сан жол құлап,
Арманыма алаңдадым сол,бірақ;
Саған ғана арналардай соңғы өлең,
Маған ғана қонатындай соңғы бақ.

Мен мұңымды тұтаттым да от көрдім,
Сен осының барлығына сеп болдың.
...Бұрымыңа бақыт байлап кеткенмін,
Туған күнін тойлап жатып көктемнің.

Ештеңені ешкімнен де жасырмай,
Көңілімнің түсінесің хошын қай?
Қырсықтықтай.
Ұяңдықтай.
Ашудай.
Сағаттардай.
Кезеңдердей.
Ғасырдай.
Біз екеуміз ғашықтармыз осындай!!!

Авторы: Әлішер Әлімжан
Тұлпар күнді ағытып-ап белдеуден,
Самал кешіп салқындаған өр кеудем,
Тереңіне тастаса да тұтқындап,
Тұл жүрегім танбай қойды-ау сен деуден.

Мәні қалмай сенсіз өткен кезімнің,
Дүниеден келген де еді безінгім.
Кеудемдегі кермаралдай іңкәрлік,
Жаным, жарқын бейнең екен өзіңнің.

Түннің шашын жаңбыр жуып, малмандай,
Бұлт астына мені ертіп алғандай.
Жақпар қуған жаңғырықтай шашылар,
Үзік-үзік ой мақамы жалғанбай.

Жанарыңда жылы мұңға шөлдеумен,
Отқа айналды опынбаған өр кеудем.
Есіміңді қайталаумен алқынып,
Өтер, өтер, өтер өмір сен деумен.

Авторы белгісіз
Көздеріңнің бір ойланып, бір күлген
Өзекті өртер дерт боларын кім білген?!
Бір-ақ рет билеймін деп өзіңмен
Біраз уақыт есеңгіреп жүрдім мен.

Біраз уақыт өз-өзіме келе алмай,
Біраз уақыт ақылыма ере алмай,
Жынды болдым көз алдымнан біраз күн
Сенен басқа жан адамды көре алмай.

Арбап және әдеттенген жиі алдап
Саусағыма сарқылмаған сиямды ап
Біразырақ ақын да боп үлгердім
Біраз уақыт оны-мұны қиялдап.

Сүйемін деп, айтпасаң да сенем деп,
Тосын хабар алатындай сенен бек
Ханзададай асыл затын жоғалтқан
Біраз уақыт жүрдім әйтеу елеңдеп.

Біраз уақыт арқыратып, бірер күн…
Біраз уақыт өзің болып күлер түн?!
Біраз дейтін бірақ осы бір сөзде
Тұтас өмір тұрғандығын білер кім?

Авторы: Дәурен Берікқажыұлы
❤1
Жаным-ау, жаны нұрдан, тәні гүлден,
Өзіңсіз қалмады өмір мәні мүлдем.
Сағынып, арпалысып сары мұңмен,
Қоңырау соғып тұрған тағы бұл мен!

Ұялың жатқан болар жаны шыға,
Көтермей қоясың-ау тағы, сірә?
Мен-дағы қасарысып қоймадым ғой,
Соншалық жерік пе едім дауысыңа?!

Жанымды малындырған жасқа менің,
Жүрегі ұялыңның тас па дедім.
Сеземін кеп тұрғанын сөйлескіңнің,
Әйтпесе, қайтарып та тастар едің.

Сөндіріп тастар едің немесе оны,
Соғамын.
Бұл қоңырау деме соңы!
Сөйлескің келмесе егер, таста өшіріп,
Білмейсің, неге соны?

Жаным-ау, жаны нұрдан, тәні гүлден,
Қоңырау соғып тұрған әлі бұл мен!
Өтінем, о байланыс, сен де қосып,
Жіберші, тілдесейін аруыммен!

Авторы: Дәурен Айманбетов
❤1
КЕШ АЛДЫНДА...

Шын пейілмен соға бер, шапалақ мың,
Әзер жеттім бұл күнге қаталап, тым.
Бүгін есі кетеді бар арудың
Бүгін кеші өтеді махаббаттың.

Сыпырғанда шайырың томағаны
Қыз күніне жеңгей де оралады.
Ұялмайды жүзіңе тіке қарап
Қиялдайды қыз біткен онан әрі.

Сүйген жардың қабағы тұсар аздап,
Бүгінгінің ертеңге мысалы озбақ.
Көзіме әлем сыйдырып әруақтанып
Өзім әрең тұрармын ұша жаздап.

Абыржыған көрініп сиқым алғаш
Өрекпіген сезімнен ми тына алмас.
Айнымақ өткенінен қалай көңіл
Әй, бірақ, осы түні ұйқы болмас.

Авторы: Елубай Әуезов
👏1
Бәрі орнында.
Тамсанумен жүремін,
Алыстаудың кәусарына еш қанбай.
Сүйем сізді,
солай өмір сүремін –
Қашықтықтың қатысы жоқ ешқандай.

Ұлы өнердің сізге құшақ ашты өрі,
Мойындаумен үнім де алғаш сүрінді.
Державиндей
қылшылдаған жас пері
Не қылады менің асау жырымды!

– Қош бол енді, қорқынышты сапары –
Жас қыранмын,
шырқа талмай көгіңде!
Күйдірумен шыққан ыстық атағы –
Күннен көзі қауіптірек дедің бе?

Соңыңыздан сусай қарап, үзіле,
Мендей кім бар –
ғұмыр бойы тосқандай.
Сүйем сені,
жан теңгермей ізіңе,
Уақыттың қатысы жоқ ешқандай.

Авторы: Марина Цветаева
Аударған: Гүлнәр Салықбаева
Жарық күнді мен демегеніңіз ұнайды,
Жан дертімді емдемегеніңіз ұнайды.
Тартылыстың таңғажайып заңына
Бойұсынып,
көнбегеніміз ұнайды.



Тіл беземей,
Күнәдан пәк балаша
Қызық,
әрі бұзық болған ұнайды.
Һәм қызармау –
Қолдарымыз жанасса,
Жасыра алмай жалын атқан сыңайды.

Тағы ұнайды
Мені балап мүсінге,
Аймаласа басқа жанды шын еріп.
Сол адам мен болмағаным үшін де
Қинамаңыз
тозақ отын жіберіп:

Кеткеніңіз үшін мені ұмытып,
Аққанымыз үшін бөлек арнамен.
Екеумізге,
жан-жүйені жылытып,
Шырқалмаса құдай жайлы мәңгі әуен.

Ризамын өзіңізге өлгенше:
Сүйгеніңіз үшін мені,
білместен.
Күндер үшін –
Асықпаған көргенше,
Түндер үшін –
Тыныштықпен тілдескен.

Айлы түнді ағарып,
кезбегеніміз үшін де,
Ортақ өмір шуағын сезбегеніміз үшін де –
Жарық күнді мен демегеніңіз үшін де,

Жан дертімді емдемегеніңіз үшін де!

Авторы: Марина Цветаева
Аударған: Гүлнәр Салықбаева
👍1
ҚЫЗҒАНЫШ

Өзгемен қалай тұрып жатырсыз –
Өмірі ұшып көрмеген?
Сіз қалай тұрмыс құрып жатырсыз
жағалауменен –
жерменен?

Қалды ма ұмыт қалқыған арал
Төсінде көктің тербеліп?
Қалды ма ұмыт сарқырамалар –
жарқырап ағар,
өң беріп?

Сіз қалай бірге тұрып жатырсыз
Әйелмен –
әнсіз, жай, жаман,
Ұрымен өмір сүріп жатырсыз
Тағымды менің жайлаған?

Халіңіз қалай, қарағым, анық –
Жайыңыз бәлкім жайлы шын?
Сорлының қалай сауабын алып,
Табасыз бабын
байғұсым?

«Жүзуден қажып,
Жерінген кемем.
Жетеді!
Жерде қаламын!»
Қалай тұрасыз көрінгенменен,
Артық көретін адамым!

Дәмді ме әлде пісірген асы –
Дастарқан үсті толы – кең?
Бақ қонғыш болған үшін бе басы –
Тұрасыз қалай сонымен?

Жат әйел жанын ұғасыз қалай
Өзіңізді алдап,
тер төгіп?
Және де бірге тұрасыз қалай
Ұяттан кетпей өртеніп?

Қалайсыз енді,
халіңіз қалай –
Әніңіз бар ма әлі де?
Жарасы кетпес жаныңыз қалай –
Шыдайсыз қалай бәріне?

Қалай тұрасыз
(бар сұрайтыным)
Базардан алған бөзбенен?
Алтыннан кейін,
жарқырайтұғын –
Бағасы төмен жезбенен?

Көңілдің –
арзан ермегі, жаңа
Таптыңыз ба әлде емін сіз?
Қалай тұрасыз
жердегі ғана
Жай әйелменен сезімсіз?

Бақыттымысыз?
Жауыр ма әлде
Жүректің түбі –
мұң өрген?
Жайыңыз мендей ауыр ма әлде –
Тұратын басқа біреумен?

Авторы: Марина Цветаева
Аударған: Гүлнәр Салықбаева
👍1
Алыс кетсем, әр қадамым жаңылыс,
Жақын жүрсем, өшетіндей сағыныш.

Алыс кетсем, елесіңе мың барам,
Жақын келсең, көріп тұрып жынданам.

Жалғыздықты аңсар ма екен, мұнша адам,
Бұл көңілдің қалауынан шаршағам.

Өз өртіме өксіп тұрып жылындым,
Сүйіп тұрып, сүйіктімнен түңілдім.

Келіп кеткен ізің жатыр бөлмемде,
Неге енді тыншымайды бұл-кеуде?!

Көз ұшында екі өмір тұр ілініп,
Екі жаққа кетсек пе екен бөлініп.

Тірлік бізді жіберді ме жұтаң ғып,
Сағына алмай, сүйісе алмай жұқардық.

Көмектесе алар ма екен Күз де енді,
Сағыныш па, серік еткен біздерді!

...Терезеге көп телмірді-ау жанарым,
Қара жолда қалтырап тұр қаламым!..

Авторы: Динара Мәлік
👍2