Махаббат өлкесі...
1.02K subscribers
9 photos
2 videos
1 file
32 links
Тек махаббат туралы...

Ұсыныс пен пікірлер бойынша @nurlandos
Download Telegram
Аялдамадағы қыз
Сол бір күн бар ма есіңде?
Қаңтардың қарлы кешінде
Көрдім де сені келдім мен,
Тіл қатсам деген шешімге.
Көңілде жанып үміт көп,
Жөн айттым саған күліп кеп.
Таңырқап қалдың түсінбей,
Бұл неткен қызық жігіт деп.
Қызықпын, рас, жаны ақын
Бір жанса от боп жанатын.
Өмірім менің нұрлы әлем,
Өлеңім – менің қанатым.
Алдымнан шыққан күн бе едің,
Ән бе едің әлде дір қаққан.
Үніңді сенің іздедім,
Пернелер төккен ырғақтан.
Мөлдірей қарап жанары,
Сезімді сел ғып барады.
Шығыстан ұшқан бір аққу,
Алтайдың сұлу маралы.
Аялдамада тұрсың, қыз,
Неге үркіп менен жүрсің, қыз?
Аялдай тұршы бір сәтке,
Мүмкін біз...

Авторы: Қайырбек Шағыр
КҮЛКІҢ ҚАНДАЙ...

Күлкің қандай,
Қарағым, күлкің қандай,
Сен күлгенде күллі әлем құлпырғандай.
Көз алдымда қыз емес,
Қызыл түсті,
Жұпар исі аңқыған гүл тұрғандай?!

Күлкің қандай?
Күлкіңе бал тұнғандай,
Бал күлкіңе таң нұры талпынғандай.
Мерекеде жанатын түрлі-түсті
От шашулар күлкіңнен жарқылдардай!

Күміс күлкі, наз күлкі, қылық күлкі,
Сыңғыр күлкі, сыр күлкі, тұнық күлкі.
...Сыйқырына қалайша таңданбассың,
Тіршілікті бір сәтке ұмыттырды!

Күн көзінде, ал, бірде бұлт ішінде,
Ешбір адам аша алмас түр-түсін де.
Жүрегінде болғанмен жұмбақ сыры,
Қыз баланың қылығы күлкісінде.

Қайталасам әнімнің қайырмасын,
Қырау басар қыс келсе қайың басын.
Түлкісінен заманның аман қылып,
Күлкісінен Құдайым айырмасын!

Авторы: Әлібек Шегебай
Сен маған…
Адамдарға деген ақтығым
Жалау боп жүрген күндерде,
Сыйлауға өмір шаттығын
Қарау боп жүрген күндерде
Сен маған –
Жұбаныш болып жолықтың,
Сөзіңнен сенің соны ұқтым.
Тағдырдан үкім бір қатал
Есіттім бе деп тұрғанда,
Баянды бақтан бұл сапар
Кешіктім бе деп тұрғанда,
Сен маған –
Тазалық болып жолықтың,
Көзіңнен сенің соны ұқтым.
Үзілген қанша үмітім
Жалғанып жүрген шағында,
Ақиқат іздеп күні-түн
Алданып жүрген шағымда
Сен маған –
Махаббат болып жолықтың,
Өзіңнен сенің соны ұқтым.
Көкірегімдегі жыр-бұлақ,
Арнасын таппай жүргенде,
Түңілген көңіл тұнжырап,
Жанға сыр шашпай жүргенде
Сен маған –
Шабытым болып жолықтың,
Сезімнен мынау соны ұқтым.
Күн аңсап, сені түн аңсап,
Дегбірім қалмай көргенше,
Мың өлең жазып, жүз ән сап,
Аялар ма едім өлгенше.
Сен менің –
Бағыма туған жандайсың,
Мендік боп мәңгі қалғайсың!

Авторы: Қайырбек Шағыр.
ЖҮРЕКТІҢ ЕСІГІН ҚАҒА БЕРМЕ...

Жүректің есігін қаға берме!
Бәрібір, ашпаймын.
Құлыптаулы.
Сағыныш-моншақты таға берер
Өзімді үйрендім ұлықтауды.

(Көзсіз боп келіпті көңіл кеше,
Қайтара алады уақытты кім?)
Мен енді Өзіңсіз өмір кешем,
Мен енді Өзіңсіз бақыттымын!

Жазмышқа жазылған үкім ...(білем!)
Сөндірдім Сезімді алып-ұшқан.
Жолыңа қарайлай күтіп жүрер
Бағынғым келмейді Сағынышқа.

Жатыр ма бойыңда бұлқынып шер?
Ойлап ең сен мені жат емес деп.
Болмайсың жүректің тұрғыны сен,
Қателеспе!

Жүректің есігін қаға берме!
Көңілдің кілтімен құлыптаулы....
Араға уақыт сап соға берер
Мен сені ұмытқанмын.

Авторы: Гүлсара Шалқар
👍2🔥2
Қоштасамыз біз ертең,
Ұстатпады жалын бақ.
Тұтандырып жіберсең,
Жанбақ едім жалындап.
Шоғын ешкім қозғамас
Қоламта боп тоқтадым,
Бөлек болды көзқарас,
Бөлек екен соқпағым.
Бір жүректің сезімі
Бесігіңде тұншығар,
Бір жүректің сезімі
Ояна алмай құр тынар.
Жырларымның шумағы ең,
Қырдың қызыл гүлі едің.
Көбелек боп тумап ем,
Қона алмадым білемін.
Өтсе-дағы сан жылдар,
Туғызады ән-жырлар.
Табыспаған жүректер,
Тоғыспаған тағдырлар.
Алып атан теңселер
Ауыр жүгін қосса өмір,
Езілмесін еңселер,
Кемімесін дос көңіл.

Авторы: Қайырбек Шағыр
Ал енді, ауылыма аттанайын,
Бақ тапсам туған жерден бақ табайын.
Шығарып салғаның да жетіп жатыр,
Жоғалған аспанымнан аппақ айым.
Алып кет, жүрдек поезд, астанадан.
Сабама түсіретін жаққа барам.
Бұлдырап, қала берші көз ұшында
Айналған арманыма ақ шағалам.
Көрсең де өзің күткен үміт таңын,
Жүрсең де қай қиырда, ұмытпағын.
Сені іздейтін, басқаға қия алмайтын,
Тыя алмайтын сезімін жігіт барын.
Құлағыңды рельстің түрші үніне,
Үн қосты жүрегімнің дүрсіліне.
Уақыттың өлшеміндей дүрсілдердің
Барлығын көшірейін жыр тіліне.
Жаңа бір белестерге жетелер күн,
Қайтадан гүлденермін, жетер еркім.
Тек осы бір көктемнің күндеріне
Сағынышым өзіммен кете берсін.

Авторы: Қайырбек Шағыр.
Әлемім бар әлі сырын ашпаған,
Сөйлей түссе, сүрінер деп жасқанам...
Миығымнан мұң аунатып жымиям,
Сізді ойлап «жақсы адам»!

Сіз де өмір сүре алмайсыз жүрексіз,
Содан болар, тірілерге тірекпіз.
Таңның нұрын жиып әкеп ерніңмен,
Тағдырыма тазалығын түнеткіз.

Сіз де осы ойлайсыз ба, мен жайлы,
Бұл сезімге Сіздің ақыл қонбайды.
Ойым барған, жерге қолым жетпейді-ау,
Құлазытты сол қайғы.

Сіз қызғана аласыз ба басқадан,
Бір данагөй, жалғыздықпен дос болам.
Талдар, жолдар... қайда оны әкеттің,
Қайда жүрсіз «жақсы адам»!

Авторы: Динара Мәлік
👍4❤1
Перронда
Құрбым менің, орындықта отырып,
Қиялыңмен шартарапты кездің бе?
Қолыңдағы балмұздақтай, осыны ұқ,
Қоштасар сәт еріп жатыр тез мүлде.
Сыртқа шықтық, бұзып-жарып бүгінгі
Ығы-жығы вокзалдың дүрмегін,
Көтерісіп келе жатып жүгімді,
Не ойладың, білмедім.
Енді мәңгі кездеспеспіз, тегінде,
Өзі еді бұл мазалаған сұрақтың.
«Олай болмас, кездесерміз» дедің де,
Жылы сөзбен жұбаттың.
Қимастығым көздерімде тұнса да,
«Ал қайта ғой, бақытты бол» деп күлгем.
Ерініңнен сүйгім келіп тұрса да,
Тек бетіңнен өптім мен.
Әлденені айта беріп басылдың.
«Хат жазармын» деумен ғана шектелдің.
Мен де бәрін өз ішімде жасырдым
Уақыт жоғын ескердім.
Күн кешермін сенен жырақ, түк етпес,
Өзгеше бір өмір көшін түзермін.
Менің таудай талабыма тілектес
Өзің бар деп жүрермін.

Авторы: Қайырбек Шағыр.
ӘЙЕЛ ДЕГЕН...

Әйелдерді қосайын мен әніме,
Әйел деген үлгереді бәріне.
Ас-суыңды дайындайды тәттілеп,
Махабатын қосып тұрып дәміне.

Әйелдерді қосайын мен әніме,
Жан рахатын сыйлайды олар тәніңе.
Ұнау үшін еркегіне ерінбей,
Далап жағып, сән қосады сәніне.

Әйелдерді қосайын мен әніме,
Қарамайды олар дағы әліне.
Ашуына тие берме сен оның,
Олар дауыл мінсе егер кәріне.

Әйел үйдің берекесі шырайы,
Ыстығыңа, суығыңа шыдайды.
Келіспесең төркініне аттандыр,
Әйелсіз сен өткізіп көр бір айды.

Әйел үйдің шуағы мен нұры да,
Олар ана қызың менен ұлыңа.
Ара-тұра еркелетіп алғайсың,
Айналдырмай басыбайлы құлыңа.

Алғаннан соң, өле өлгенше асыра,
Күлімдетсең жас қосарсың жасына.
Ұрып-соғып күні бойы табалап,
Түн болғанда жатып алма қасына.

Әйел деген таусылмайтын ертегі,
Мырза етер ол қаласа еркегін.
Қолдауы да, қорлауы да әп сәтте,
Теріс қарай айналдырып телпегін.

Авторы: Салтанат Абылбекова.
8 МАРТ
Әйелдердің күні дейді бұл күнді,
Бақтар жайнап, сайратады бұлбұлды.
Еркек түгел еркелерге берем деп,
Қолдарына ұстап апты бір гүлді.

Осынау күн - беделі бір өскен күн,
Жұрттың бәрін мен өзіме дос көрдім.
Қай қияға жұмсаса да баратын,
Әйелдерге антын бұзбас әскермін.

Ұмытылмай сонау жастық кездегі
Айтылады махаббаттың сөздері.
Гүлді ерекше ұнатады әйелдер,
Гүлдерге ұқсап тұрғаннан соң өздері.

Көктем алды Алатаудың өңірін,
Таңмен бірге әнге басты Бек інім.
Бір шоқ гүлді менде келем көтеріп,
Күлтайымның алайын деп көңілін.

Авторы: Тұманбай Молдағалиев
👍3
МЕШКЕЙ...

Кінә жоқ қой түк менде
Ғашық болдым жас күннен.
Әлі әйел біткенге
Тойғаным жоқ ашпын мен.

Айтпайтын сөз бұл бірақ
Әрі бақыт, әрі мұң.
Екі көзім бұлдырап
Шұрылдайды қарыным.

Жаман емес тәбетім
Асым дайын кеп тұрғай.
Әуел бастан әдетім
Тоқтамаймын жеп тынбай.

Қолға қонған бақ құсын
Болмасын деп обал-ай.
Талғап жейтін тәттісін
Болғаным ғой қомағай.

Айттым сөзді ойынсыз
Жатсын мейлі үндеспей.
Ештеңе етпес тойымсыз
Жүре берсін бір мешкей.

Авторы: Елубай Әуезов
Өзімісің жырға айналған Тоғжанның,
Мен Абай боп жаралмағам, кешір сен.
Көзімісің арман болған Қорланның,
Естай болып ән арнаман, кешір сен.
Балқадиша, Ақтоқты да бола қой,
Бірақ әнім – Ақан сері әні емес.
Көкірегіме өзің жайлы толады ой,
Бәлкім менің қуғанымның бәрі елес.
Ұнатқанмын ұяң, бала сезіммен,
Күлімсіреп қарап жүріп әр таңға.
Мәжнүн емен дүниеден безінген,
Ақыл-санам артты сенің арқаңда.
Бұдан артық иіп қайтем басымды,
Тек жырымда қалды есімің, кешір сен.
Лүпіл қаққан жүрегіңнен атымды
Өшір мейлің, өшірсең...

Авторы: Қайырбек Шағыр.
Ойпырым-ай,
Жанып барам , жанып барам!
Жанарыма құлайды Жарық -ғалам!
Бүгінгідей өзіңді аңсадым ба,
Дəл осындай сағыныш жолықпаған.

Апыр-ай...
Ұшып келем, ұшып келем,
Толқын. ..толқын бұлттарды кешіп келем...
Мен осы қалпымменен бақыттымын,
Ешкімге өкпелемей, өшікпеген.

Жалған сөзден, жаурадым жерідім-мың,
сəулесін қондырып кет көрігімнің.
Тұла бойың түгелдей жүрекке ұқсап,
Лүпілдейсің ұшында ерінімнің!

Тыныштық та сезеді, көреді екен,
Жүрегімнің ең əсем, əлемі екен...
Сөйледім бе, жоқ, əлде үндемедім,
Оқып тұрдым əйтеуір, əдемі өлең...

Дертіме табылған бір дауа -сынды,
Қарашыққа жасырдым жаңа-сырды...
Екеуміз тым ақылды, тым сезімтал,
Бұл неткен ғажап ғұмыр, жарасымды!

Авторы: Динара Мәлік
👍3
КӨРКЕМ

Апырмай, болар ма едің мұнша көркем,
Ар сүйген адамзатта кім саған тең?!
Пенде боп туғаныңда перизатсың
Қайтер ем періште боп тусаң, еркем?!

Жап-жарық таңдай, шіркін, жаз жамалың,
Көзіңнен көрдім өмір маздағанын.
Керіліп жүргенің-ай,
Жер бетіне
Келгендей қонақ болып аз ғана күн.

Аяғың тиген жерден көктем аңқып,
Маңдайың өпкендей күн көкте балқып.
"Жалпының ішіндегі жалқымын" деп,
Бағаңды біліп тұрсың көптен артық.

Садақ қас,
Мойыл жанар,
Найза кірпік,
Сұлуға болмас, сірә, қай жан ынтық.
Дәрменсіз күйге салып қойдың мені,
Ойымнан жыл кідіртіп, ай жаңылтып.

Сөйлесең көңіл тасып, көз нұрланып,
Ғаламның ғанибетін сездірді анық.
Ауада гүлге айналып кетіп жатыр
Аузыңнан шыққан əрбір сөз бүр жарып.

Келіскен сыр мен сымбат – сый-ырысы,
Жалғанның жалғыз сендей сүйініші.
Тасқа да табан асты тіл бітердей,
Кетсе егер саусағыңның тиіп ұшы.

Үлбіреп
Үзілдірген үнің нәзік,
Үздігіп қарағаның - ғұмырға азық.
Тәңірім тағдырыңа берген екен
Сұңғыла сұлулықтың құнын жазып!

Шынымен болармысың мұнша көркем,
Айтшы өзің, ақиқатын кім саған тең?!
Пенде боп туғаныңда перизатсың
Қайтер ем періште боп тусаң, еркем?!

Авторы: Қалқаман Сарин
👍2
РОМАНТИКТІҢ АРМАНЫ...

Иманжүзді дидарыңа қарап ем,
Жанарыңда жайнап тұрды бар әлем.
Болсам егер Леонадро да Винчи,
Сенің ғана суретіңді салар ем!

Арманымдай әдемі едің не деген?!
Көкке ұшырып, көңілімді демеген!
Болсам егер Галилео Галилей,
Бір жұлдызға есіміңді берер ем!.

Мұңлы, нәзік музыканың тілімен,
Скрипка мен фортепиано үнімен,
Болсам егер Бетховендей виртуоз,
Ай астында тербетер ем түнімен...

Европада бір жаңалық ашар ем,
Неше түрлі шедеврлер жасар ем!
Мен егерде болсам Микеланджело,
Ақ мәрмәрдан мүсініңді қашар ем!

Бәйге тігіп, бар ақшамды шашар ем,
Суретшілер көрмесін де жасар ем!
Болсам егер көпес Павел Третьяков,
Саған арнап галерея ашар ем!

Мұнарасын сары алтынмен жабар ем,
Іргетасын өз қолыммен қалар ем!
Болсам егер император Жаһан Шах,
Тәж-Махалды саған арнап салар ем!

Жер жүзінің шеберлерін алдыртып,
Ортағасыр сән-сәулетін жаңғыртып,
Болсам егер Зұлқарнайын Ескендір,
Сыйлар едім сұлу шаһар салдыртып.

Домбыраммен, дауысыммен, жаныммен,
Жан-сырымның жеткізер ем бәрін мен.
Болсам егер әнші Ақан серідей,
Ғашық қылып қояр едім әніммен!

Мен осылай кетем кейде қиялдап,
Армандаймын өзімді-өзім жиі алдап.
Болсам егер Құрманғазы күйшідей,
Шығарар ем саған қырық күй арнап!

Мен АҚШ-тың Президенті болғанда,
Америка айтқанымды қолдар ма?!
Болсам егер Джорж Вашингтон орнында,
Суретіңді салдыртар ем долларға...

Жүрген жоқпын Присцилла Чан қасында,
Присцилладан сен артықсың, расында!
Мен егерде болсам Марк Цукерберг,
Фейсбуктың сен тұрар ең басында...

Жүрер едің жерге тимей табаның,
Күнде дайын – киімің мен тамағың.
Болсам егер Джон Дэвисон Рокфеллер,
Сыйлар едім Сент-Бартс аралын...

...Да Винчи де, Бетховен де болмадым,
Әй, өзің де білесің ғой ол жағын?!
«Ақын – Алмас Темірбай» боп туған соң,
Өлең жаздым... соған риза бол, жаным...

Бұйырмапты бізге көзсіз батырлық,
Жоқ ешқандай әкімдікке жақындық.
Шүкір, Алла, жаратқаның үшін де,
Жаны – азат, қаны – қазақ Ақын ғып...

Керегі не маған сонша биіктің?!
Күллі өнерді бере салсын жиып кім?!
Болмай-ақ та қояйыншы Ұлы адам,
Болсам, болды жалғыз сенің сүйіктің...

Түсінсең ғой... сезімімді сен елеп,
Біліп тұрып сұрамашы «неге?» деп!...
...Болсам, шіркін, қарапайым күйеуің,
Бақытты өмір сыйлар едім керемет!

Авторы: Алмас Темірбай
👍10❤3
ЖАЛҒЫЗЫМ

Ей, періштем! Неге мұнша баурадың,
Ой-дүниемді билеп алдың бүтіндей.
Отқа айналып кетсем дағы сен жаққа,
Саған жетпей сіңем көкке түтіндей.

Мен бір балық, күлкің сенің қармақтай,
Өңімде де шарасызбын түсімдей.
Жел қайықсың күттіруден шаршамас,
Жүрем ылғи өз-өзімді түсінбей.

Сағыныштан әрең тұр ғой жан шыдап,
Сезім шіркін өзен болды сарқырап.
Құсалықтан шыққан мынау демімнен,
Аспан да тұр жарылардай қалтырап.

Сенделттің ғой мені желдей естіріп,
Сенсіз қалай жеңем тағдыр қар-мұзын?
Таусылмайтын арман болдың сен маған,
Тылсым сырлы Ай сияқты жалғызым!

Гүл ерінің ерiнiмде ерісін,
Келші, қолым моншақ болсын мойныңа
Тозақ оты болсаң дағы дәл қазір.
Тоқталмастан құлар едім қойныңа!..

Авторы: Атантай Акбаров
Қырғыз ақыны
Аударған: Саят Қамшыгер
❤1
***
Кездейсоқ кездеспейміз неге біздер,
Ауасын жұтып жүріп бір қаланың.
Ойың болса сөзімнен себеп іздер
Қылсаңшы бір амалын...

Қорғап жүрем деп едің қорықпаңыз,
Есімде жоқ, қай айдың, нешесінде.
Бір білерім біз алғаш жолыққанбыз,
Әуезов көшесінде...

Содан бері сол көше баққа айналып,
Жүріп өттік неше жыл, неше мезгіл.
Тек оның бәрі бір сәт жоққа айналып
Өтпейтін де боп кеттік көшеден бұл.

Кей сәттерде қапыда қалғаныммен,
Сол көшеге мен сенсіз бармайтынмын.
Нөміріңді өшіре алғаныммен,
Өмірімнен өшіре алмай жүрмін.

Бірақ бүгін ысырып бар ақылды,
Сол көшеге бет алдым, бір түрлімін.
Осылайша қайырды қанатымды
Өзіме-өзім сыйлаған мүмкіндігім.

Тым артық алдым ба екен бойға сенім,
Қайдан? Қалай? Алдымнан кез келерсің?
Сені көрсем күлем деп ойлаушы едім
Мұңайып қаларымды сезбегесін...

Үміт үзбеу керекпін енді неден,
Ақталу да бос әуре, шаттану да.
Маған ғана алатын сол дүкеннен
Гүл алып тұр екенсің басқа аруға.

Мен шегіндім шыдағым келер емес,
Қарайлағым келмейді енді артыма.
Енді маған ештеңе керек емес
Бәрі қала берсінші сол қалпында.

Шығатынын сезбеп ем сый алдымнан,
Үмітім үзілгенде шыныменен.
Деген сәтте-ақ сен шықтың үй алдынан
Мені күліп қарсы алып гүліңменен.

Авторы: Назерке Серікқызы
👍5
Өзеуреген өткелсіз өзен боламын,
Екпініме, сірә, бұл төзер ме адамым?!
Сүймеші деп азар да безер боламын.
(Бірақ сен сүй!)

Мен сүйетін Тәңірге табынба дейді үн,
Көрсетпеймін болғанын жанымда кей мұң.
Қайтесің деймін тағы да, сағынба деймін.
(Бірақ сен сағын!)

Анау жаққа оңай ғой қайтуым бір күн,
Сынаптайын сырғиды жәй күнім, шіркін.
Кім шақырды сені деп айтуым мүмкін.
(Бірақ сен кел!)

Осы өзгелер өзінше өртенет не деп?
Жалқаулыққа жаныңды желкелетпе көп.
Ашуланам мен бәлкім еркелетпе деп.
(Бірақ сен еркелет!)

Зәру жанға ар менен ұждан қасірет,
Айттым қашан жырыңды бізге арнашы деп?
Мен жәй айта саламын қызғанбашы деп.
(Бірақ сен қызған!)

Білемісің, дәл бұлай есірмеп едім,
Сезімі үшін талайды кешірмегемін.
Саған да осы оп-оңай өкінбе деуім,
(Бірақ сен өкін!)

Өзеуреген өткелсіз өзен боламын,
Екпініме, сірә, бұл төзер ме адамым?!
Сүймеші деп азар да безер боламын.
(Бірақ сен сүй!)

Авторы: Айдана Қайсарбекқызы
«Хатико» синдромы

«Қыздың аты – Ақтолқын»
Есенғали Раушанов

Қарашада құс та ауыр күрсінеді,
Қарашыққа мөлдіреп мұң сіңеді.
Құсни-хатым айналып жастығыңа,
Сен де, жаным, сағынып жүрсің мені.

Жолдар ұзақ.
арамыз мың шақырым.
самолет ұшса баяу...
поездар жүрсе ақырын...
Теңіз кешіп,
Тау асып, жетсеңші енді!
демесең:
шағылса Айым,
сынса Күнім.

Сенсіз жүрген жолдардың бәрі бекер,
Бізді жолықтырар ма Тәңір-әкем?
Қарашамыз биылғы Шілде болды,
Кері кетер дүние, кері кетер...

Көшелер де бос қалды көліктерсіз,
Айырылды баяғы көріктен Күз.
бұл жақта Жер – құп-құрғақ.
бұл жақта Ауа – қапырық.
Шалшық суға аяғын малып отыр
еріккен қыз.

Көз жанарың талды ма Ай күзетіп?
айғыз бетін ақтадым қайғы жетіп.
сеніменен танысқан қай Күз еді?
сені менен айырған қай Күз еді?

Екеумізді сынайтын сықылды Күз,
Жалғыздыққа жабырқау жұтылдым жүз.
Батыс жаққа кетіп ең...
жол қарайлап,
Біз Алматы екеуміз күтіп жүрміз...

қашан келесің?

Авторы: Әсел Кәрібай
👍1👏1
Жүрсек те жалғыз, жасқанып,
Жамылып қайғы,
Ақша бұлт мені құшақтап қанатын жайды.
Өзіңдей таза өмірдің бейнесі қалған,
Мына аспан саған ұқсайды...

Шын сүйер болсаң әлем де кең сияқты екен,
Сезінер болсам демің де жел сияқты екен.
Сүйсіне кетсем сағыныш есіп тұратын
Мына ауа сен сияқты екен...

Жаныма менің тек өзің тең екенсің ғой,
Сен менің бақыт-беделім, берекемсің ғой.
Арайлы таңның шуағын сыйлаған маған
Мына өмір сен екенсің ғой...

Авторы: Назерке Серікқызы
👍1