Махаббат өлкесі...
1.02K subscribers
9 photos
2 videos
1 file
32 links
Тек махаббат туралы...

Ұсыныс пен пікірлер бойынша @nurlandos
Download Telegram
ЕКЕУМІЗ

Сірә, екеуміз екі бөлек адамбыз,
Саған көктем қатты ұнайды. Маған — күз.
Жазғырмайық біз ол үшін ешкімді,
Жазығымыз –
Антымызға адалмыз!

Солай, солай...
Бар болғаны екеуміз
Екі адамбыз.
Сертімізге бекембіз.
Еркімізде ештеңе жоқ, бар болса,
Өртімізге күйіп-жанып кетерміз.

Сені менен,
Мені сенен қақ бөліп
Тұрған жаз ба,
Жазмыш па?.. Жалт беріп
Жанып-өшкен жалқы сәуле секілді,
Жалаң сезім кетер бір-ақ сәтте өліп.

Бәрі алдамшы,
Бәрі алдамшы, алдамшы.
Жүрек көнген,
Ақыл қарсы,
Ар қарсы.
Кім жаныңды азат етер азаптан,
Сүйген көзге тиген кезде сор қамшы?!

— Жаз! Жаз! - дейсің,
Кімді алдаймын хат жазып?
Менің бағым болмас сендік баққа жұп.
Қара түнде қарып отқа алғанмын,
Қанатымның қауырсынын нәп-нәзік.

...Иә, екеуміз екі бөлек адамбыз,
Саған көктем қатты ұнайды. Маған — күз.
Жазғыруға хақымыз жоқ ешкімді,
Жазығымыз –
Антымызға адалмыз!

Авторы: Қалқаман Сарин
❤1👍1
ІЗДЕДІМ СЕНІ

Ұстатпай кеткен саусағын,
Сен менің тәтті түсім ең...
Іздедім сені қанша жыл
Қаптаған жұлдыз ішінен.

Қайтсем де саған жетем деп,
Жығылдым қанша орларға.
Алданып көңіл бекерге,
Адастым талай орманда.

Көрінген көзге елеңдеп,
Жаттым мен үнсіз жағада.
Тоқтамай өтті төбемнен
Теңізден ұшқан шағала.

Таппадым бірақ жоғымды,
Талай жыл мені сарсылтқан...
Қандырдым кейде шөлімді
Қайдағы жылым-шалшықтан.

Ішінде қалдым жалынның,
Денемді тасқын сел көміп,
Жанары талай арудың
Арбады мені сен болып.

Шақырып сиқыр қойнына,
Сүйреді мені күңгірт бақ.
Кей күні балдың орнына
Уландым ессіз уды ұрттап...

Армансыз қудым, маралым,
Қайтпадым іздеп тапқанша...
Жанымда болсаң жарадың,
Жұлдызым көктен аққанша.

Авторы: Сағи Жиенбаев
👍2
Бояу

Дей тұрғанмен өлең жаза алатын
Жоқ, ол сурет салатын.
Ол сондықтан күнде сол бір суретшінің тар үйіне баратын.
Шимай-шатпақ үйренгендей күйге еніп,
Өзі құрған тұзағының құрсауында тасаланып қалатын.
Жасыратын, жабатын...
Әлқиссасы сөзбен сурет салғанмен
Түптің сол бір түбінде
Ол қыз ғашық болатын...

Ал суретші сезбеді оны,
Сезіне де қоймады,
Бояулармен портреттің шетін тегіс бойлады.
Тар үйінің күнде есігін қағып жүрген сол қызды
Шынымен де сурет салып үйренгісі келеді деп ойлады.

Мәні неде, күнде осылай,
Қыз құлпырып сәл ертерек келеді,
Суретшімен көрісуге асығады себебі.
Дәл сол күні қолындағы төрт бүктелген парақтан
Оған жазған өз өлеңін оқып бермек боп еді.
Сол бір оймен кіре сала күртешесін де ілместен
Төрге бірден енеді.
Сүйгенінің нұрлы жүзін көремін деп ойлағандай шамасы
Бірақ анау мольберттегі үлкен аппақ қағаздан
Өзге қыздың портретін көреді...

Жыламады ол, жанарына тұрса-дағы жас тұнып,
Тек тағдырын қарғай берді,
Қойғаны үшін өзін осы суретшіге тап қылып.
Мен бұл үйде неге жүрмін Құдай-ай
Бұл недеген ақымақтық,
Бұл недеген мас қылық!

-Деп күбірлеп дірілдеді гүл ерін,
Суретшіде келді сол сәт түсірген боп төмен сілкіп білегін.
Сұлбасы емес тек саусағы қимылдайды ақырын
Ұстағандай жүрегін...

Сүртуге де дәрменсіз ол сұлу қыздың жанарын,
Мөлдір жасты тоқтатудың таппаған соң амалын.
Ойын ашық айту үшін боямасыз, бүкпесіз
Бұрылуын өтінеді, көзіне тік қарауын.

-Сен ақынсың,
Ал мен болсам суретшімін түсінгін,
Сен өлеңді тек мен үшін жаза алмайсың, және де
Менің мына парағымда тұра алмайды сенің ғана мүсінің...

Махаббатқа тұрақсызбын, шыдамсызбын, әлсізбін,
Сурет сала бастағанда тым жалғызбын, жансызбын.
Барлығынан бір сұлулық іздеп тұрам тағатсыз
Көздерінен көшедегі әр қыздың.
Сен тазасың, сен дарасың,
Сондықтан да сені өзіме қия алмаймын,
-Себебі?
-Себебі, мен арсызбын!

Тарс жабылды суретшінің есігі,
Ұға алмады, сұралмады кешірім.
Бір қызығы, күнде үйіне келіп жүрген сол қыздың
Білмейтін де болып шықты есімін...

Жігіт бірақ жас сұлудың жанындағы күйді ұқты,
Және ашуға бата алмады қыз әкелген сыйлықты.
Бар жазығы қыздарды емес тек жалғыз
Қарындашын сүйіпті!

Міне солай үйренбеймін, үйренбедім ешкімнен,
Біреуді ессіз ұнатуды, ұнауды.
Бірақ сол бір суретшінің жанарынан кештім мен
Жас шығармай жылауды...

Авторы: Назерке Серікқызы
👍9❤1
Қадірлім,
Ашып айтсам, қадіріңе жетем бе?
Сен негізі пәтер жалдап тұрып жүрсің бекерге.
Тура қазір қолыңа әкеп кілтін өзім тапсырайын қаласаң,
Мына менің жүрегімді мекенде...

Қадірлім,
Ойың көркем, әр сөзімді айтқызбай-ақ ұғатын,
Кейде ойлаймын,
дәл сен осы дүниеге мені аялау үшін келген шығарсың?!
Бірақ менің жүрегімді мекендеуің үшін сенің қолыңда
Болу керек,
мәңгілікке бұл жүрекке тіркелемін деген үлкен әдемі
Мөр басылған құжатың!

Қадірлім,
Кейде сені бөлісе алмай арпалысад(ы) ой-санам,
Өзің де оны шығарсың-ау байқаған...
Жүрегімнің ішін өзің реттеп жөндеп аларсың,
Көрікті етіп қайтадан...

Қадірлім,
Ай аман да, күн де осылай есен де,
Қамдана бер жүгіңді алып көшерге.
Бір жүректі бірге пана қылайық,
Менің ғана жүрегімде мекенде...

Авторы: Назерке Серікқызы
СЕНІҢ АТЫҢ

Таң аруы ашып тастап көрпені,
Дала күйін ұшқан құстар шертеді.
Тылсым маған сенуді де үйреткен,
Сенің атың ертегі ғой, ертегі!

Ізгі майдан, жүрегімде жарылыс,
Еміренсең тұнық жырдан қанып іш.
Шіркін маған сезуді де үйреткен,
Сенің атың сағыныш қой, сағыныш!

Сабылдырды сылқым үнге сұраныс,
Тасығандай теңіздегі бұла күш.
Мұңсыз маған күлуді де үйреткен,
Сенің атың қуаныш қой, қуаныш!

Алдырмайтын сияқтанған бекініс,
Саған жетпей тұр-ау мендік, өтініш.
Үнсіз маған төзуді де үйреткен,
Сенің атың өкініш қой, өкініш!

Жапырақпен билесе де күз вальс,
Шақырымдар бөлгенін-ай бізді алыс.
Отсыз маған күюді де үйреткен,
Сенің атың қызғаныш қой, қызғаныш!

Кезергенде ессіз ерін қаталап,
Шаттық əнін түгендейді шапағат.
Тілсіз маған сүюді де үйреткен,
Сенің атың махаббат қой, махаббат!

Авторы: Насыр Махамбет
Маңдайыңды келіп сүйгізу үшін,
Жете алмай әзер талпындың.
Мен саған өмір сүргізу үшін,
Күннің нұрына ұмтылдым!

Моншақтай мөлдір көзіңнен сүйдім,
Ғұмырыма менің байланған.
Ғажаптың бәрін өзіңнен көрдім,
Меншігіме ғана айналған.

Алақаныма сиған табаныңнан сүйдім,
Бір-бірін құшты қос бақыт.
Жүрегімдегі қаламымды қидым,
Саусақтарыңа ұстатып.

Мейірімдім-ау, кешірімдім менің,
(Өсесің білем ер болып!)
Мен сенің құйттай бесігіңдемін,
Сүйенем бірге тербеліп...

Шаттанып мұңнан тайғанайықшы,
Демеймін енді күнім-күз.
Ертеңді мүлде ойламайықшы...
Бақыттымыз ғой бүгін біз...

Авторы: Динара Мәлік
СӘЛ ҰЯТТАУ...

Бойымызды меңдеген дерт те көнбей,
Шу асауды ұстап ап ерттегендей.
Сен де емініп барасың, мен де емініп
Басымыздан ештеңе өтпегендей.

Қорек, нәрін алмаса қанбас жүрек,
Аршын төсің, бәрі ыстық жамбас, білек.
Естен бізді айырған не пәле бұл
Бастан кешіп жатқандай алғашқы рет.

Бәрі жалған басқаның, осы бақыт,
Мына күйді кешкенім басыма құт.
Айналсоқтап жүрер ек, өткелектеп
Тұрмайды ғой тұрлаусыз тосып уақыт.

Солайша зар күйімді оңдап әр түн,
Шығарып сап, сағынып, жол бағармын.
Әрі кетсе, қор қызы өзіңдей-ақ
Қақсап, айтып жүргені молдалардың.

Мына өмірдің бар мәні сияқты аңсау,
Жолында оның бір бақыт, мият, шаршау.
Білемін ғой қалайсыз сізде соны
Батыл айттым, болды ма, ұяттау сәл.

Авторы: Елубай Әуезов
👍1
Өзімдей көрем өзіңді, қалқам, қымбатсың,
Мінезің мақпал, сиқырлы әлем, жұмбақсың.
Мендік тағдырды менімен бірге таңдапсың,
Өмірдің жырын менімен бірге тыңдапсың.

Өзгеге, жаным, өзімді мен де қимадым,
Бірге ойлап жүрміз үй болу қамын, үй қамын.
Өзімше болып алқызыл гүлдер сыйлаушы ем,
Өзгеше ғылып – Өмірдің Гүлін – сыйладың.

Өмірді сүйем, Өзіңмен бірге жүретін,
Гүлімді сүйем, Шуағын шашып күлетін.
Өзіңді сүйем... Және сол ғашық жанарлар...
Тұңғиық. Әркез аялап мені жүретін!

Авторы: Алмас Алтай
❤5
Менің жанымды саласың неге егеске,
Сені ұғу үшін, есейіп кеттім емес пе?

Сені сезу үшін қайғыңды сұрап бір құштым,
Ауада қалып адасып кетіп тұншықтым.

Сабырлы болып, жұмсарып кеттім мақтадай,
Аялдап тұрған арманға кеттім тоқтамай.

Қызғанба дедің, сыз қалар бәлкім жүректе,
Тірі жүрдім ғой, сен жайлы ғана тілекте!

Сені күту үшін, кешіктім талай кештерден,
бақытыңмын ғой, уақытыңмын ғой кеш келген.

Жастығымнан бүгін, сағыныш көрдім төгілген,
Сені түсіну үшін, түңіліп кеттім өмірден!

Саусағыңнан сүйіп, сезімнің әнін шырқадым,
Үзіліп кетті, жалғауға енді қорқамын.

Сені сүйгенім, өлең қондырдың басыма,
Жанымды жейтін, жалғыздық дейтін осы ма?!

Аласарып кетіп, алақанына қондым жалғанның.
Сен болып өмір кешіргенім үшін қорландым...

Авторы: Динара Мәлік
СОҢҒЫ СӨЗ

Болсақ та жерден биік, төмен жұрттан,
Көздерің мені де ұқты, өлеңді ұққан.
Маған үнсіз жымию, білесің бе,
Сенен жұққан...

Дәл солай, жазбай кеттім көптен өлең,
Ал жазсам шалынардай өртке денем.
Мен сенен күтіп жүрдім текке хабар,
Сен белгі күтіп жүрдің текке менен.

Талғамадық тамақты таңдап жүріп,
Жасамадық, жағымсып жалған қылық.
Аспан мен жер, ай мен күн теңескендей,
Сай қосылған аңқау қыз, аңғал жігіт.

Шынымен бақытсыздық орнады ма?
Өткеннің бәрі өтірік болғаны ма?
Сен де өтірік күлдің бе түн үстінен
Жұлдыз құлап түскенде қолдарыма.

Таусылып бара жатыр демім іштен,
Жүрегім тағы оралды жеңіліспен.
Ұмыттыра алмайсың сен де мені,
Ұмыттыра алмаймын мен де күшпен.

Өкінсең ғана өмірді ұға аларсың,
«Көк тиынсыз едім» -, деп құлағансың.
Шынына келсек егер, сен маған сол,
Көк тиынсыз қалпыңмен ұнағансың.

Авторы: Назерке Серікқызы
👍3
Жүрекпен тілдесу

Жүрегім, сен де қанағат бар ма,
Өмір ғой мынау қас-қағым.
Қырықтан асып бара жатқанда,
Тағы да нені бастадың?

Тоймайтын болды көзім елеске,
Көңілге медеу жетпейді.
Жараланатын өзің емес пе,
Ештеңесі оның кетпейді.

Ауырғаныңа сенбейді, көкем,
Не істейін, оған ұрсам ба?
Мін таққың неге келмейді екен,
Мінезін біліп тұрсаң да.

Көрсетейікші, қосылып үлгі,
Ғашықтар білсін қадірін.
Оған арнайтын осы бір жырды,
Саған арнайын, жарығым.

Кейінгі кезде ойланттың мені,
Ілінер емес кірпігім...
Хат жазып маған ойнап-күледі,
Түк сезбейді ғой, шіркінің.

Қалай шыққанын білмейді өлең,
Екеуміз ғана алысқан.
"Жүрекке әмір жүрмейді" деген,
Бұл қазақ неткен данышпан!

Сағынып солай жоқтаса, жүдеп,
Сұлулығыңа ынтықпыз,
Бұл махаббаттан тоқтаса жүрек,
Сен кінәлісің, қырсық қыз!

Авторы: Бағдат Мүбарак
👍4
Ех, Патшайым!
Алты әлемге арай шашқан ажарың,
Жүрегімнің тыңдап көрші ғазалын,
Менен онша батылдықты күтпейді ел,
Сенен болса өкінбес ем ажалым!

Жанарларын сендей сұлу қыз жеген,
Есін алдың еркектердің жүздеген.
Пар аттылы Патшайымым сеніп көр,
Ақ боз атты Ханзадаңмын іздеген.

Жұмбақ едің жанарына сыр бүккен.
(Тыңдап едім түн күбірін түндіктен.)
Біздер түгел мәртебеңнің алдында,
Тағзым жасап, бас иеді гүл біткен.

Нұр сіңіріп өн бойыңа есті елден,
Ақ тәніңді жел сипамай өскен бе ең?!
Гүлге келіп, нәрін сормақ аралар,
Сенің қабақ қимылыңнан сескенген.

Ең бірінші саған нұрын таң шашып,
Ақ сәуленің сіңіресің баршасын.
Мың көбелек алқа болып мойныңа,
Кірпігіңе қонып жатыр қаншасы…

Құмар қанбай келбетіңе қадала,
Теңгермедім сұлуларды бағаңа.
Хафиз шалдан қалған із ғой, меңіңе,
Астана мен Алматы да садаға!

Тіфә-тіфә, садаға!

Авторы: Шерхан Талап
🔥1
Не деймін жаным саған?…

…"Сағынып қалдым" десем,
Күйімді көресің бе?
"Көктемде тоңдым" десем,
Мейірім төгесің бе?

Оңаша жүрмін десем,
Іздеп кеп табасың ба?
Сенсіз-ақ күлдім десем,
Қызғанып қаласың ба?

Ұмытып бар кінәңді,
«Сүйем» деп сыбырлаймын.
Сен тыңдар сол бір әнді,
Мен айтып ыңылдаймын.

Ертең-ақ, келер деймін,
Еңсемді түсіре алмай…
Жүрек боп елеңдеймін,
Өзімді түсіне алмай…

...Не деймін жаным саған?

Авторы: Динара Мәлік
👏5👍2❤1
Сыңар Құспен де сырластым...
Сені жібермеген
Айдының екен.
Мені шідерлеген
Қайғы-мұң екен.

Екеуіміз де кешіктік, сыңар Құсым,
Енді, міне, жолбайлау тұманды шың.
Тұнба сырдың тұмасын ашып қойсам,
Мұндасыңның жүрегін ұғармысың,
Сырлас көлін қимаған сыңар Құсым?

Көлің жатыр әніңмен әні бірге,
Өзің кетсең, кетердей сәні мүлде.
Сағыныштан басқаны жаза алмадым,
Себебі сені күтем әлі күнге.

Сағыныштар жыр құйды санама кеп,
Сорлы көңіл болады соған әлек.
Қиялымнан әлі күн жібермеймін,
«Жалғыз жүріп, жабығып қала ма» деп.

Мен бармын ғой, сыңар Құс, сен егілме,
Сағынамын сол жанды неге күнде?
Жылап бара жатады жалт бұрылып,
«Жары болдым өзгенің» дегенімде.

Махаббат па, аңсау ма өмір деген,
Саған бақыт қайғыру көліңменен.
Сағынышым салмағы батып тұрып,
Менің денем сергиді, көңілденем

...Көлің жатыр
жарқырап айнадайын,
Көңіл жатыр,
қайда мұң,
қайда уайым?
Сүюдің ызғары да жылы екенін
Мен айттым ғой, сен де айтшы, айналайын.

Авторы: Есенғали Раушанов
👍3❤1
Ұялатып жүрекке жып-жылы сәттерді,
Бізден де көшеді өмір.
Бір шаттық еріп келердей күтетін көктемді,
Қайда екен кешегі көңіл?!
⠀
Шынында мұндай күйді кешпедім білем,
Сенбедім өзім де мүмкін;
Бақыттың мәні бір сәттік жас қана екен,
Мөлт еткен көзіңнен бір күн;
⠀
Біреуді күткен қанша жыл сабылып босқа,
Сарғайған көңілге обал.
...Бейуаз мынау сезімді қайтемін деші,
Өзгенің бір жөні болар...
⠀
Ынтызар қылар ғұмырда не қалды дейсіз,
Арманның бәрі де жалған.
Бірдеңе қылып өмірді сүре тұрайық,
Басқасы келмеді қолдан.
⠀
Неге екен кейде, осылай құлазып кеуде,
Себепсіз түседі еңсең...
Бәрін де қойшы...
Көшеде кездейсоқ болсын,
Жақсы еді сол жанды көрсем...
⠀
Авторы: АйжанТабаракқызы
👍5❤1
Көрдiм де сенi...

Көрдiм де сенi өзгере кеттiм,
Күз атты қандай кез керемет бұл.
Тәттi бiр мұңға шомдым да, сосын,
Жырлауға ерек сөз керек еттiм.

Елестете гүл жаз жамалыңды,
Қолға алдым қайта әз қаламымды.
Тiл қатып түнге жырымды оқыдым,
Тыңдатып күнде жазған әнiмдi.

Аумаған көзiң дiр еткен шықтан,
Биязы тәнiң жiбектен, шыттан.
Баурап алады сөйлесең әрбiр,
Сөздерiң жылы жүректен шыққан.

Тұрысың қандай, жүрiсiң қандай,
Қимылың әрбiр тынышымды алдай.
Ақынның аңсар мұңысың балдай,
Жаралған нағыз жыр үшiн жандай.

Жүрегiм содан бiр саған асық,
Болған жоқ-ем ғой мұншама ғашық.
Сүймесең сүйме, арманым сенсiң,
Сағымдай қашып, тұрсаң да қашық.

Менен де өзге қиялдаған бар,
Расында ғашық ұяң ба адамдар.
Сүйе алған жандар бақытты бiрақ,
Бақытсыздар ол - сүйе алмағандар!

Авторы: Дәурен Айманбет
👍4❤1
МЕН ӨЗІҢЕ...
Мезгілі ауып кеткенде екінтінің
Біреулерге көрінсін секілді мін.
Жұрт не дейді ешкімді тыңдағым жоқ
Мен өзіңе шын ғашық секілдімін.

Көп көрме деп бағына тар маңдайдың,
Сен қарамай қайғыма жалғанбай мұң.
Жұрт не десін біріне құлақ аспай
Мен өзіңді ұнатып қалғандаймын.

Ойлап кетсем көз ілмей ұятты мың
Армандаумен өткіздім мият түнін.
Бәрі қарап тұрса да елең қылмай
Мен өзіңді сүйетін сияқтымын.

Жеткізбестей қуалап сағымды күн,
Жеп барады сағыныш, жанымды мұң.
Сүю, күю, ұнату осы шығар
Әйтеуір кеткен ауып бар ындыным.

Авторы: Елубай Әуезов
Жаным менің, жүрегіммен қалағаным, ардағым,
Бұл ағаңның ұғарсың-ау сезімінің салмағын
Үш өтірік айттым саған кешірерсің сүйіктім,
Өтінемін, оны-дағы көңіліңе алмағын.

Көзің сенің нұр шашады деп айтқаным есіңде
Шіркін көңіл не демейді сілкінген бір кезінде,
Сенің көзің нұр шашпайды негізінде ғаламға
Сенің көзің нұрдың өзі тұнып тұрған сезімге.

Болмысыңды ең пәк болған періштеге теңедім,
Бұл сөзім де біле білсең өтірікке келеді
Жүз періште тұрса егер көздің нұры тимеген
Олардан да он мың есе мөлдір болар сен едің.

Жақсы көрем дедім сені, ойлап тұрып шын дейсің,
Өтірік бұл, қап-қараңғы қаңтардағы түндей, шын
Жақсы көрмен сені жаным, оның бәрі далбаса,
Мен өзіңді шын сүйемін, тек осыны білгейсің.

Авторы: Садық Шерімбек
👍3❤1
Не айтам саған, жаным-ай, не айтам саған,
Кете бердім жолменен шайтан салған.
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ».
Қиын екен қосылып, қайта аңсаған.

...Сен қалдың қадіріме жетпей менің,
Шын берілсең, қара үзіп кетпейді едім.
Сол сәттен көз алдымда қалғаны тек
Үстінде желбіреген көк көйлегің.

...Сонымен сен де кеттің, мен де кеттім,
Ойран-асыр көңілді жөндемек кім?
Кімді сүйсең оны сүй, бақытты бол!
Бірақ менің сүйгенім сен демекпін.

Мейлі күн, мейлі айлар, жылдар өтсін,
Өкініп, опық жейтін мезгіл жетсін.
Шынайы саған деген махаббатым
Өміріңе қарыз боп бірге кетсін.

Авторы: Мұқағали Мақатаев
👍7❤1🤯1
АУЛАҚ ЖҮР...

Келеді ойлар да ұры мың
Ағаңның кіргенде енді есі.
Қинайды онсыз да қылығың
Сылқылдап көп күле бермеші.

Оянса аш қасқыр қалғыған,
Іздейді тоятын, тамағын.
Теңге атар шама бар жамбыдан
Ойнама, қой деймін, қарағым.

Бір дәмін алған соң шекердің
Жайына қалады кеңдігім.
Байқасай, бірге ала кетермін
Итерме жарға әкеп желді күн.

Уайымға мені де салар күз
Жақсы ғой көлдің де нулысы.
Мәңгіге байланып қалармыз
Атылса жебенің улысы.

Көзіме түспеші көп менің
Тежейін сезімді лекіген.
Сенсіз де қинайды өткенім
Аулақтау жүр менен, өтінем...

Авторы: Елубай Әуезов
👍2