Махаббат өлкесі...
1.02K subscribers
9 photos
2 videos
1 file
32 links
Тек махаббат туралы...

Ұсыныс пен пікірлер бойынша @nurlandos
Download Telegram
Түп-түзу жолдардан жаңылып
Бөтенге ағымнан жарылып
Жүргенде
бейуақыт кеп қалды
Бейуақыт кеп қалды тағы үміт...

Сен неге ояндың, Естелік?
...Иə сол кезде өкпені кешпедік
Сен мені мұңайтып кеткенсің
Нəзіктігімді ескеріп...

Барлығын білдің сен, білесің:
Жанымның беймаза күресін.
Есіме бейуақыт оралып
Кешімді мұңайтып жүресің...

Көтермей сəл шайпау толқынды
Қашуың жынымды келтірді.
Ақылды едің ғой айтсайшы
Мен қалай басайын өртімді?...

Авторы: Айдана Сегізбаева
Екеуміз,
не етерміз.
Қоштасып кетерміз.
Өзгені бақытты етерміз.
Жауратты күз мынау,
үмітті үздік-ау.
Енді біз бөтенбіз..

Қимастық жас болып,
жанардан қанша ақты.
Сағынып еске алып,
өтерміз әр шақты.
Датталдық, ақталдық.
Ең жақын жат болдық.
Бітпейтін заңдылық шаршатты..

Уақыт зулауда,
үйірілген ұршықтай.
Сезімдер сарғайып,
шарасыз тұншықты ой.
Салды да сынаққа,
қоспады бірақ та.
Тағдыр да қырсық қой..

Беймаза күйімнен,
арыла алмадым.
Ойлайын десем де,
бір сәтке көңілді ой.
Бақытым болмадың,
бағың боп қалмадым.
Қайтеміз, өмір ғой..

Авторы: Ерке Жазенқызы
👍3
ЭРОТИКА
немесе оқылмайтын өлең

– Жата тұр, жаным, Жанекем!
Көрініп төсің, сай-салаң.
Жұмыстан соқса телефон,
«Кеткен ол жаңа...» – дей салам.

Жата тұр біраз, айналдым,
Түн тұр ғой әлі сөгілмей.
Бұрқылдап шыққан қайнардың,
Бұлқыншы соңғы деміндей.

Тістелеп сені қасқырдай,
Құшырым қанбай тұр, ұқшы.
Жұмыртқа басқан аққудай,
Бауырға басып жылытшы.

Кеткенше әбден күн шығып,
Қасыңда сенің қалайын.
Әкеңнің аузы... тіршілік,
Өшіңді сөйтіп алайын.

Өмірдің мынау әлегі...
Шаршатты
Біттім қалжырап,
Халатың қандай әдемі,
Кимей-ақ қойшы сен бірақ.

Кеудеңде тұрған балбырап,
Қап-қара меңің қалды ұнап.
Қайтесің тұрып ертемен,
Қасыма келші қайтадан.
Телефон соқса кеңседен,
– Өлген ол жаңа... – дей салам.

Авторы: Есенқұл Жақыпбеков
👍7❤2
"Махаббатта ұстаз жоқ, бәріміз түгел шәкіртпіз"
Қ. М. Ә

Ештеңе үйретпе маған махаббат жайлы...

Махаббат жайлы сен маған данышпансыма.
Данышпанныңда басынан бағы ұшқан сірә.
Қас батырды да, құл қылған махаббат деген.
Жақыннан сұра, сенбесең алыстан сұра.

КІСІлер, шын сүйген шақта балаша болған.
Сезімге сан жетпес шығар санаса құрбан.
Хандарың, ең ғәріп кедейдей болып,
Кедейің патшадай шыққан қара шатырдан.

Махаббат қарамай қойса қыс болар көктем,
Жүректер жаралы болса тас жауар көктен.
Кезінде бір сүю үшін сұлу жүзінен,
Ойланбай әйгілі шахар Самарқан кеткен.

Данышпансыма деймін-ау айта бер мейлі.
Бос сөзге бірақ бұл жүрек жай табар ма еді.
Айта бер мейлі, әйтсе де құр сөзге ешкім,
Ойда бөлмейді, сол себеп пайда бермейді.

Авторы: @Abdiqalyev_Meyrambek
👍7
ТҮЙСІКТЕГІ САҒЫНЫШ

Жолықтың маған
Ғарыштан күнім, аспаннан,
Жанардан, бәлкім,  жас тамған.
Кіршікісіз үміт кірпіктерімде дірілдеп,
Жердегі мұңнан, мендегі сырдан жасқанғам.

Жасқанғам солай,
рухынан тылсым жаныңның.
Жабыққан мендік әлемнен қалай табылдың?
Бақ пенен сорды құшақтап жүріп, күткен ем,
Арасын кезіп сағымның...
Сағындым қанша, сағындым...

Түйсігімдегі сағыныш болып кезіктің,
Санамнан мөлдір ықпалын қуып сезіктің.
Жеті қат жер мен ғаламат мынау аспанның,
Елшісі сенсің, тез ұқтым.
Тағдырға тосын төзіп мың.
 
Елегіздім бе,
Үніңді сосын естідім.
Құстар қайтатын қарбалас сәтте кешқұрым.
Қол созым бақтың тани алмаған кескінін,
Бейбақты мендей кеш, күнім!
Болмайсың, білем ешкімім!

Авторы: Толқын Қабылша
👍4
КӨЛЕҢКЕ

Сізді сүйген жүрегімнің бар мұңын,
Арқалап жүр тағдырым.
Саған қарай жеткізбейтін жол неге,
Танытады сан қырын.

Сен кеткен соң ұмытармын деп едім,
Табылмады не емім.
Алыстағы сағыныштар ұлғайып,
Мұңға айналды өлеңім.

Сен кеткен соң жылап қалдым себепсіз,
Енді мүлде бөлекпіз.
Көздерімнен мөлт-мөлт етіп тамбаған
Кездерімде керексіз.

Шапағымен шуақ таңның көз ілдір,
Көлеңкеңмен кезіп жүр.
Жүрегіңнен жұмақ мекен көрінсе,
Көздеріңде сезім-нұр.

Кешігумен, кешірумен кешеміз,
Әлі талай неше күз.
Ғайып болғын, ғажабыңа алданып
Ғашық болсын десеңіз.

Азат тілім ақылымды алмай жүр
Десе-дағы шалғай жүр!
Сен кеткенмен, кетпей қалды іздерің,
Көлеңкең де қалмай жүр,

Бақытына басқа құшақ бөлер кем
Күтіп жүрмін кел ертең
Кетеріңде менде қалып қойыпты
Көлеңкең...

Авторы: Сәуле Нысанбек
👍4
ЕРКЕЛІК ІЗІ

Қайтемін енді, білмеймін,
Қайғыға мың ой батырды.
Бақытым кетсе сенімен,
Ұмытам, сірә, атымды.

Құрысын осы сағыныш!..
Құм болып дүнием аһ ұрды.
Шыбынсыз жаздай жанымды,
Сорпадай сүю сапырды...

Сен жоқта тілсіз мылқаумын,
Жай ғана дыбыс сөздерім.
Сезімім өшсе дүлеймін,
Сен жоқта көрмес көздерім.

Жетімдей болып ай дағы,
Жесір күн тұрар, күн емес.
Сен жоқта бал да бал емес,
Сен жоқта гүл де гүл емес.

Сен келсең сезім жайланып,
Сұңқардай шолам ескі үйді.
Жазылар басым, көз жайнап,
Тіл шығып, құлақ естиді.

Жас кезде таудан көп көргем,
Із салған тасқа тұяқты.
Ерніме ернің із салды,
Еркелік ізі сияқты...

Авторы: Атантай Акбаров
Аударған: Саят Қамшыгер
👍2
***
Сен өмірдің көзінде мөлдіредің,
Мен өлеңнің ішінде үлбіредім.

Біз екеуміз болып алдық бір адам,
Енді қалай қаша аламыз күнәдан?

Күннің нұры гүлдің ернін сүйгендей,
Кіріп келдің жүрегіме именбей...

Өзіңменен тынысым да бір - денем,
Ұйықтап қалсам сүйіп кетші түнменен.

Ал...түсімде сені іздеп табайын,
сосын таңда...оянбай-ақ қалайын.

***
Аппақ жұмыртқадай боп аршыламын да,
Ыстық деміңе малшынамын ба?

"Сүйем" деп мені құрақ ұшпағын,
Көзімде қалсын қуаныштарың.

Менімен іштей жарасар жаның,
Таудай боп тұршы аласармағын!

Күн қондырам деші ала таңыма,
Ай әкеліп берші алақаныма...

Музалар үнін жазсын аспанға,
Бейкүнә әлем бүрін ашқанда!

Табиғат сүйер әнімді салдыр,
Жаныштап барып, жанымды қалдыр!

Ернімнен сезіп еркелігімді,
Өлтіріп алмай, өрте-мұңымды!

Авторы: Динара Мәлік
👍4
Non-moral

Жанарыңа мен емес кеп тығылар,
Мұң үшін, әлек үшін.
Серілердің жүрегін дертті қылар,
Қалқатай, әдемісің!

Жұмбағымның сұрақпен көмкерілген
Жауабы, сірә, мұңды ой...
Сезіміңді өзіңнен, көздеріңнен,
Айтқызбай ұғамын ғой.

Ала да ғой дей алман және еркелеп,
Өткен күн ұмытылмас па?
Болар ма еді бәрі де, сәл ертерек
жолықсаң, мүмкін, басқа?!

Хат жазып тұр демейін, хабарласып,
Жас төгіп, егілме тек.
Бола салар едім ғой саған ғашық,
Қайтейін, жолым бөлек...

Қос жанарың күйдіріп өңменімді...
Сөз таппай... сан ойлана,
Мен бір жанды күтумен жүргенімді,
Айтамын қалай ғана?

Авторы: Абылай Мәулен
👍3
ТҮНГІ ДЕСЕРТ

Төсегімізге бәрін де тастап жетейік
Сипалаңдап көп жүрмей бастап кетейік.

Ісімде мықты, сөзімде қысқа болайын
Екеуінен де айрылмай ұстап алайын.

Толқын да сұлу жағаға қайта ұрғанымен
Сондай бір сөкет іс емес айтылғанымен.

Қайталап қағып есігін сәнді қақпанын
Мына түрімізбен білмеспіз таңның атқанын.

Талай іске де күмәнді ойлар кетеді
Неге адам осындайда тоймай кетеді.

Далада қалар дүние, баға, бағамдар
Нені ойласа ойласын жаман адамдар.

Авторы: Елубай Әуезов
👍2
Сәлеметсіз бе, миледи.

Бозбала күні сүйгені,
Жадынан ердің кетсін бе,
Сәлеметсіз бе, миледи,
Қалқатай, сәлеметсің бе?!

Нәби де нəркес, жан нұрлы,
О, қайдан теңеу таппақпыз?!
Қызыл гүл - қыз тағдырлы,
Гүл тағдырлы аппақ қыз!

Сарғалдақ гүлді сүйгенсің,
Көктемі ме еді ол ойыңның
Алқызыл көйлек кигенсің
Жеткені ме еді ол бойыңның,

Сыйладым ақ гүл - достық па,
Алқызыл көйлек - қызғаныш?
Тағдырды ойша қостық па,
Аштық па жаңа біз ғарыш?

Жо-жо-жоқ, аңғал ой аз ба,
Сезімге сұлу арбалып,
Сүйіскен жоқпыз аязда,
Нөсерде жазғы қалмадық.

Есейе бердік ашылмай,
Есейген сайын жабыла.
Сары, қызыл қосындысындай,
Бір бояу сіңді жаныңа.

Сол бір түс маған тым бөтен,
Бейтаныс етті сені де,
Сол бір түс маған тым бөтен
Бейтаныс етті мені де.

Уақыт бәрін биледі,
Бәріне уақыт жетсін бе?
Сәлеметсіз бе, миледи,
Қалқатай, сәлеметсің бе?!

Авторы: Ерлан Жүніс
👍3
САҒЫНЫШЫМНЫҢ ЖОҚ ШЕГІ

Жүректен сезім, 
санамнан өзің кеткелі,
Сұп-суық ойлар құшатын болды тек мені.
Өн-бойымдағы өлшеусіз мұңмен алыстым,
Өзіңсіз бақыт жоқ па еді?

Ақшаңқан аспан,
Керімсал Күн де көктегі.
Түнерген бұлттар, олар да маған өкпелі. 
Биылғы көктем, төксе де қанша шуағын, 
Қуанта алған жоқ мені...

Жалыным ғайып,
Мегзейсің маған от нені?
Сүймеген күндер, сәттерге жүрмін өкпелі. 
Қоламтасында маздамай қалған шоқтаймын,
Сағынышымның жоқ шегі.

Қуанышым да,
қайғы-мұңым да өтпелі.
Сенім мен Сырдың иесі Тәңір көктегі,
Өткен күн елес,
келер күн жұмбақ, ал өмір
Үміт пен сенім өткелі.

Жүректі жырмен,
жанымды шермен толқытқан,
Өлең ғұмырдың талқысы мұнша көп пе еді?

Авторы: Толқын Қабылша
👍4
ОЙЛАРСЫҢ СЕН МЕНІ?!

Естелікті сан тарау тізбелеткен,
Келер көктем жүз бояу, жүз желекпен.
Жалғыз келе жатқанда көшелермен,
Бір кездері қыдырып біздер өткен.
Ойларсың сен мені..

Сағындырар бал күндер кешегі өткен.
Бақытыңды тасытып, еселеткен.
Өтсе алдыңнан сүйгендер құшақтасып.
Жаз көңілің жабығар не себептен..
Ойларсың сен мені..

Таныс әуен тамылжып естілгенде.
Селк еттің де, жұмбақ күй кештің неге?!
Күте-күте құлазып, үміт өшіп,
Мендегі әппақ сезім ескіргенде.
Ойларсың сен мені...

Авторы: Ерке Жазенқызы
👍4
Көрдім де сені нұрландым, аласұрмадым,
Бар ғалам сенің бейнеңе жарасып жаным.
Қараған сайын өмірге құштар етеді,
Тұп-тұнық
Қарашықтарың...

Өзің деп бастап өрлетсем жаңа күнімді,
Ұмытып бір сәт жасырдым, нала – мұңымды.
Өмірден бұрын өзіне баураған мені
Сағындым қарашығыңды...

Өзіңсіз кезді ойланып баласам мұңға,
Тек сенсің менің жарығым, жанашырым да.
Мен саған мәңгі ғашықпын
Себебі сенің,
Өмір бар қарашығыңда...

Авторы: Назерке Серікқызы
👍5❤2
***
Сіз біреуді сүйіп көрдіңіз бе?
Қыз жолдаған СМС

Жамандаудың ізі бар, әспеттеудің
Естеліктей жылдарға «хош» деп келдім.
Бәрі жақсы болғаннан адамдардың,
Көрдің бе жас төккенін?

Сен де бірі шығарсың сүйгендердің?
Сүйіп жүрген болмайды күндерде мін.
Жүрегіне жасырған бір мұңы бар,
Оңаша жүргендердің...

Әрбір күннің ішінде, әр аптаның,
Таусылады күтумен тағат-хәлің.
Кездескенде ойламас ешбір адам,
Қоштасу сағаттарын.

Маған да сор көз қырын салған ұзақ,
Әйтеуір бір сағымға жалғанып ап,
Мен сүйемін... жоқ, сүйгем бұрындары,
...көз жазып қалғам, бірақ!

Авторы: Абылай Мәулен
👍3
Құмартып хор қызындай қылығыңа,
Батсам ғой балдай тәтті тұнығыңа.
Аһ ұрып, бұ дүниеден безер болсам,
Асылып өлер едім бұрымыңа…

Қос көзің - қолтаңбасы шапағаттың,
Қос ерінің - қызыл мөрі махаббаттың.
Айсыз түнде… алдымда еркелетіп,
Келеді кең дүниені аралатқым!

Қылықтың берген Құдай саған бәрін,
Сұлуды сен сияқты таба алмадым!
Келе ғой, құшағыма кіріп кетші,
Күнәдан өзім сақтап қалам, жаным…

Сұлудың сенен басқа керегі жоқ,
Себебі, себебі оның… себебі көп!
Өлмейсің, мәңгі тірі жүресің сен,
Ұлы ақынның ұмытылмас өлеңі боп!

…Көрмесем тұра алмаймын көзіңді мен,
Өзің жайлы - өлеңім, сөзім кілең!
Қиыннан қиыстырған қиялымсың,
Сені Құдай десем де, өзім білем…

Авторы: Алмас Темірбай
👍3❤1
Халімді сұрайсыз несіне?
Онсыз да білесіз барлығын.
Өткенді салмаңыз есіме,
Ашпаңыз сезімнің сандығын.

Мен Сізді сүйгенмін... Әлі де,
Өлең қып өреді қаламым.
Сіз жайлы айтқым кеп бәріне,
Жалт ете қалады жанарым.

Халімді сұрайсыз әлсін-әл,
Жып-жылы күй кешіп жүремін.
Сізде де бір сезім бар шығар,
Әшейін айтпайсыз, білемін.

Әріге бармайды дәтіміз,
Әуелеп тұрады сары нұр.
Жауапсыз болса да хатыңыз
Хал сұрап тұрыңыз бәрібір.

Авторы: Асылзат Арыстанбек
👍2
Өткінші күнге жазылды өткен
Жүректі езіп, жасыңды төкпе.
Ғажап нұрыңды іздедім жерден,
Не үшін сені жасырды көкке?

Өртеніп кете жаздайды денем,
Сағыну, күту аз қайғы деме.
Ғашық болуды жазған "Құдайың"
Бірге болуды жазбайды неге?!

Жұпарың аңқыр пейіштей керім,
Бұртия тартса мұң ішке демін.
Сезім отына қанаты күйген
Пенде емес, бәлкім періште дедім.

(Жаңғыра қа лқып ғаламның зары,
Жазылмай кетер жарам бұл дағы:
Пенденің бәрі ібіліс емес,
Періште емес адамның бәрі.)

Осы ма бізге Ғұмырдың сыйы,
Күдікті қайтем құны бір тиын?!
Құшаққа басып сүйем деу оңай,
Қоштасып алып ұмыту қиын...

Ғажап нұрыңды жерден іздедім,
Не үшін сені жасырды көкке, айтшы...

Авторы: Бекзат Мерекенов
👍3❤2
Білтесін үміт-шамның,
Білдірмей тұтаттың да.
Үзігін үгіп жанның,
Жүйкеге жүк арттың ә...

Жалт бердің. Жарамады,
Жігерді құм еткенің.
Жанымды жаралады,
Салғаның жүрекке мұң.

Өртіңді өлең болып,
Өшірмей, өсірем деп.
Кей-кезде керең болып,
Бәр-бәрін... кешірем деп.

Жаралы жолбарыстай,
Сәтіңе куәдүрмін..!
Аз күндік алданыштай,
Сезімге құлақ түрдім.

Алапат тағдырыңды,
Ардақтап алақанда.
Жатқа айтып әр жырыңды,
Дұға еттім ала таңда.

Мендегі тәкаппарлық,
Таудан да еді биік.
Жүрекке жүрмес жарлық,
Басқаны қалсаң сүйіп.

Соңғы сөз... кетті батып,
...Жақындап нең бар еді.?!
Жаза алмас емші-уақыт,
Дертімді емде ал енді!

Авторы: Ғайникен Маралтайқызы
🔥1
ЖЕТЕДІ!..

Жетеді қинағаның!
Мені бақыт балымен сыйла, жаным.
Өзің барда өмірім гүл атқанмен,
Өзің жоқта жоғалтқан сый да мәнін.

Жетеді жылатқаның!
Қасиетін сен де біл, бұл ақ таңның.
Сен болмасаң тарылып мына ғалам,
Сен бар кезде қалады жырақта мұң.

Жетеді өкінгенім!
Жөн болар, сезім, саған бекінгенім.
Сен барда арман қонып айдыныма,
Сен жоқта жалғыз аққу секілді едім.

Жетеді күйінгенім!
(Мен әлі үкілі үміт үйіндемін).
Тек сені тағдырыма баладым мен,
Тек сені баға жетпес сыйым дедім.

Келе ғой, келші маған!
Мен екем, жан-жүрегі ең сірі адам.
Өзегім толғанымен өкінішке,
Махаббат!
Түбі сенен еншімді алам!

Жаратқан жайсыздықтан айырғасын,
Өткенім су түбінде қайырласын.
... Бақыттың әні естілді жағалаудан,
Екеуміз бірге айтайық қайырмасын!..

Авторы: Алма Түсіпбекова
👍5🔥1