Махаббат өлкесі...
1.02K subscribers
9 photos
2 videos
1 file
32 links
Тек махаббат туралы...

Ұсыныс пен пікірлер бойынша @nurlandos
Download Telegram
Махаббаттың жазылмаған заңы

Жол бұралаң, сезім тура, oй тура,
Жол түскен соң болмас кейін қайтуға.
Сүйген адам сезімі үшін бақытты,
Болмайды оны бақытсыз деп айтуға.

Бұл жайлы көп мұңдаудың не орны бар,
Жандар да бар пәк сезімді қор қылар.
Махаббатты үйлену деп ойлайды
Құдіреттің құнын білмес сорлылар.

Аз ба өмірде жылап жүріп күлгендер,
Құр күлкінің қасіретін білгендер.
Ойлашы өзің, аз ба мынау әлемде
Сүймей, сенбей тағдыр қосып жүргендер.

Өмір солай, күйзеліс көп, жұлқыс көп,
Болсын, мейлі, дінің түзу, тұрмыс тоқ,
Сүймей, сенбей тағдыр қоссаң біреумен,
Махаббатта бұдан асқан қылмыс жоқ.

Авторы: Мұхтар Шаханов
👍19❤12👏2🔥1
Келші, көзім, күн бетіңді көрейін,
Сүйші, сәулем, тұншығып мен өлейін.
Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей,
Жұлдызды — жүзік, Айды алқа ғып берейін.


Сөзің — сиқыр, есті тұман басқандай,
Ессіз жүрек дария болып тасқандай.
Күлкің, Күнім, күндей күміс табаққа
Мінсіз сұлу меруертті шашқандай.

Шашың — толқын, жүрегімнің жарына
Соғылды да, батты ұлы зарына.
Айнам, саған арнап жырлар жазамын,
Қаламымды малып жүрек қанына.

Жырларыммен кестелейін орамал,
Бүлдіргендей бөбектайым бетің бал.
Балға талай шыбын қонуға ұмтылар,
Ұмтылғанда орамалмен қағып қал.

Еркетайым, келсең егер қасыма,
Сәулелерден шоқ кадар ем басыңа.
Көз жасымнан меруерт тізіп берер ем,
Келші, күлмей көзден аққан жасыма.

Келші, көзім, Күн нұрына көмейін,
Сүйші — өлейін, «неге өлейін?» демейін.
Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей,
Жүлдызды — жүзік, Айды алқа ғып берейін.

Авторы: Мағжан Жұмабаев
👍10❤9
МЕН ДЕ...

Өткеннен кеудеңде мұң қалды
Бұзбайды ол - өмірдің қалыбын.
Жүрсің бе, мен жазған жырларды
Білдірмей оқумен әлі күн.

Сағыныш берілер жиі өңге
Аяқты тоңдырмас байпақтай.
Мен жаққа білдірмей күйеуге
Қарап бір жүрсің бе, байқатпай.

Бәрібір өшпейді санада
Мейлі жей берейін ел қамын.
Жырымнан сезіліп қала ма,
Ішінде әйтеуір сен барың.

Демеймін, ренжіме «кел баққа»
Сене бер, ашылмас сыр құты.
Шығара алмаймын мен жоққа
Болғанмен сол сезім ұрлықы.

Оңаша кездерде жылынып,
Ішімнен бұлықсып, наздандым.
Оқысаң жырымды тығылып
Мен де оны жасырып жазғанмын.

Авторы: Елубай Әуезов
👍10❤8
Біз әлі кездесеміз

Біз әлі кездесеміз,бірақ қашан?!
Жабырқаймын осы ойға тұрақтасам,
Жалғыздық жырын жазып жүрмес едім,
Өзіңді ұнатпасам.

Біз әлі кездесеміз, бірақ қалай?!
Жанымда жүре алмадың жырақтамай.
Мендегі сабырлыққа салмақ салған,
Бітпейтін сынақтар-ай.

Біз әлі кездесеміз, бірақ қайда?!
Жауапсыз алам осы сұрақты ойға.
Өткен күн көңіліңде елес беріп,
Жаныңды жылатпай ма?

Көңілдің көгіндесің,құлат деме.
Естеліктер жаңғырып тұрад көне.
Алғашқы кездегідей алып ұшып
Біз әлі кездесеміз, бірақ неге?

Авторы: Дания Сәтбекқызы
👍29🔥4🥰4
Сен жоқсың

Қабат үйлер шырақтарын сөндіріп,
Түн жарымы болғанына сендіріп.
Қалғып-мүлгіп қала ұйқыға кетсе де,
Есігімнен келетіндей сен кіріп,
Тосудамын терезеге телміріп, -
Сен жоқсың!

Жанарымды жарты Айға тастадым,
Жарым көңіл жабырқаулы басқа мұң...
Құс жолында жүргендейсің серуендеп,
Менің емес, әнін айтып басқаның.
Қасіреттен айығар ем қас қағым
Сен жоқсың!

Гүл шоқтары құшағымнан артылып,
Жатар ма едім жалыныңа шарпылып.
Күн жауардың алдындағы теңіздей,
Теңіздегі шағаладай шарқ ұрып,
Сені іздедім, сабырымнан сарқылып,
Сен жоқсың!

Кірпігіммен жанарымды жасырып,
Елесіңе есім кете бас ұрып.
Құшағында бара жаттым тәтті ойдың,
Бір мұңымды бір мұңымнан асырып,
Қалғып кеттім, келер күнге асығып, -
Сен келдің!
Түсімде!

Авторы: Жазира Ахметова
❤11👍9🤔3
Жырмен ғана жеткіземін лебізді,
Өмір мені әлі талай сынайды.
Өлеңіме арқау қылып негізгі,
Маған сені жақсы көрген ұнайды.

Қараша кеп, қаңырады солғын бақ,
Қайыңдар да - адамдарша жылайды.
Армандардың арасынан қол былғап,
Маған сені жақсы көрген ұнайды.

Кім түсінер күзге айналған күйімді,
Бір ой келіп қозғайды ғой мың ойды.
Тағдырымнан тартып алып сыйымды,
Маған сені жақсы көрген ұнайды.

Махаббатты жүрмесем де ұран ғып,
Жүрек дәйім сені ғана сұрайды.
Соңғы үмітті тағып алып - тұмар ғып,
Маған сені жақсы көрген ұнайды.

Жұлдыздар да жазғанымды жаттапты,
Өздерінше олар да өлең құрайды.
Қиялыма ерік беріп тәп-тәтті,
Маған сені жақсы көрген ұнайды.

Күдігіңді жауған қарға жеңдіріп,
Көңілдегі сейілтіп көк тұманды.
Бір бақыттың күтеріне сендіріп,
Маған сені жақсы көрген ұнайды.

Ғашықтардың шырқалады әні бір,
Күтуменен өткізермін жыл-айды.
"Сүймеймін", - деп айтсаң-дағы бәрібір,
Маған сені жақсы көрген ұнайды.

Авторы: Мұқағали Сейітқазы
❤15👍11🥰1🤯1
Сағыныштан сарқылғанда төзімім,
Өзің жайлы жыр жазбаудың өзі мін.
Мен адал боп өтер едім Баяндай,
Сен ерлігін жасай алсаң Қозының.

Жүрегіме сезіледі керегің,
Сен де, мен де білеміз ғой себебін.
Еңлігің боп еркелеп - ақ жүрер ем,
Сен бола алсаң сенім артар Кебегім.

Күндерімнің болғанымен бәрі мұң,
Өшірмедім сезімімнің жалынын.
Қалқаманым бола алсаң, сен үшін,
Жан беретін болар едім Мамырың.

Ғашықтардың бізге мәлім дерегі,
Дәл солардай ғұмыр кешкім келеді.
Сүйгені үшін күреспеген адамнан,
Биік маған Бекежанның беделі.

Авторы: Дания Сәтбекқызы
❤33👍16🔥4👏3
Бірге болғандарыңыз үшін, алғыс!
👍5❤2
АҚШАҚАР ҚЫЗ

Бірте-бірте тағдырдан жасқанармыз,
Уақыт келе үлкейіп бас болармыз.
Есте қапты мектепте Аяз ата,
Арман болған ақ киім, Ақшақар қыз.

Жана түскен ерекше, жүзі бұл күн,
Алдында тұр үздігіп, үзілудің.
Қалай бұрын көрмегем, көз салмағам
Қай сыныпта оқиды, қызы кімнің?

Әппақ арман шыршаны шыр айналған,
Балаң көңіл қызықтап құлай қалған.
О, дариға, сол күні біліппін бе,
Өз дегенін жасарын бұлай жалған.

Дегеніне жетпей ме, мақсат қылған,
Бола берсін құландай қашпақ қырдан.
Көп ұзамай арада Ақшақарға
Сыныптасы арқылы хат тапсырған.

Әр жаңа жыл еске сап, көшер әр қыс,
Кей пенденің тағдырын шешер алғыс.
Сонан бері қырық жыл зулап ақты,
Балалық-ай, арманшыл әсер алғыш.

Көрмей кетті келінін сұсты көкем,
Ал мен болсам көрмеймін қысты бөтен.
Сәл толысқан қасымда сол Ақшақар
Әлі бірге келеді, ыстық екен...

Авторы: Елубай Әуезов
👍10❤3🔥1
ЖЕК КӨРСЕҢДЕ...

Мен енді сағына алмаймын...
Күтпе мені, келмеспін,
Күнін көріп кетем сосын өлместің.
Мойындайық, қоштастық қой, ендеше,
Ойламасын, сағынбасын енді ешкім.

Қоштасқан соң жоқтап мені қалдың ба?
Ерік бердім ал мен болсам сәл мұңға,
Өмір менен мықты деген сөз емес,
Тізе бүксем махаббаттың алдында.

Тар болды ма құшағымның кеңдігі?
Білем, көкем, түсінбейсің сен мұны.
Уақыт бізді күте-күте шаршады,
Бақыт бізді менсінбейді ендігі.

Қоштасу мен қимастықтың әні бұл,
Сағыну мен арылудың әні бұл.
Жұбататын жан табылды жаныма
Енді мені жек көрсеңде бәрібір.

Авторы: Азамат Әбілқайыр
👍31❤12👎2
Басымды айналдырды-ау мұң аптабы,
Еніп ем тәтті қиял құшағына.
Жаныма жақындамай жырақтады
Арманым ақ сағымға ұсады да.

Жан, жүрек, ой, қиялым сендік еді,
Зулайтын саған қарай үміт-кемем.
Өн бойым хатыңа да елжіреді,
Сенуші ем, болмайтын-ды күдік деген.

Көңілімнің арман туы
самалменен
Қиын-ау қайта тағы желбірері...
Мөп-мөлдір сезімдерім саған деген
Есейтіп жібергендей енді мені.

Авторы: Фариза Оңғарсынова
❤17👍4🤩4
СҮЙМЕЙМІН ЕНДІ.

Өзімде…. Сірә, аздай мұң!
Сіздегі Күйді қозғаймын.
…Жанымды қояр жер таппай,
Жынданып кете жаздаймын…
…Мен енді өлең жазбаймын…
Жүрекпен емес… Көзбенен
Сүйіпсіз мені…
(Сезбеп ем…)
Сезімнің бәрін өлтіріп,
Мен енді мүлде өзгерем!
…Ешкім де емеспін Сізге мен…
Араша түсіп арым шын,
Азаптап кеткен бағымсың…
…Мендегі сезім үкі боп,
Жүрекке Сіздің тағылсын…
…Басқа қыз сізді сағынсын!
Күз келсе жаным үздігер…
Емдейді әлі-ақ Күз!
Білем…
Жаралы жаным бар еді,
Дауа болмады Сіздік ем…
…Сүймеймін енді Сізді мен!

Авторы: Индира Кереева
❤65👍21🔥8🤩4👎1
1

Шәміл-ау!
Хал-жайымды білсең еді,
Білмеймін қайтерімді...
Кім сенеді?
Он жетімде өшіріп алған отым,
Қайтер ең, қайта қарып жүрсе мені?

Бір дертке ұшырадым, бұл күнде мен
Қоштастым сауығыммен, күлкімменен.
Жүрегім жерік болған жағдайы бар
Бір пәле жатыр білем, бүлкілдеген.

Ынтығып ыңқылменен, күңкілменен
Жеткізіп айту қиын құр тілменен,
Бүгін маған жиырма керек боп жүр,
Алдында хор қызының іркілмеген.

Белгілі саған менің маубастығым,
Сабырсыз аузы күйген албастымын.
Кесемді алдыменен үрлеп алам,
Ыссы шайды аузыма алмас бұрын.

Ойласам, талай-талай қыр басыппын,
Досым деп, «доңызбен» де мұндасыппын.
...Шәміл-ау!
Қалың достан қалған сен ең,
Қайтемін?
Ғашықпын мен,
Шын ғашықпын!!!

Ғашықпын!
Ғашықпын деп білдірмедім,
(Белгілі: білдіргенім - бүлдіргенім).
Жарқ етіп, жайдың оты шашылғанда,
Жалт етіп, қарауға да үлгірмедім...

2

«Достардың» ортасына түсіп қалдым...
(Шәміл-ау!
Осы мені ұшықтар кім?)
Желдеріне желігіп пысықтардың,
Кеше мен махаббатқа ішіп бардым.

Бардым-дағы отырдым қарсы қарап,
Ол да отыр.
Түрі жоқ хал сұрамақ.
Сұқтанған жат көздерден жасқандым да,
Тайып тұрдым.
Қашанғы әл шыдамақ.

Тіл қатып, тіс жармадым, үндемедім
Білмеймін білгенін де, білмегенін.
...Мен деген - саудам біткен саудагермін,
Керегім бола қойсын кімге менің?!

О, шіркін!
Қайран күндер.
Сайран күндер!
Қанатын бақыт құсы жайған күндер.
Жалт бұрылып, оқыс бір қарағанда,
Жүзіңнен жүрексініп, тайған кімдер.

Сол күндер ғой - жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп, айызым тамсанады.
Өкініш пе, білмеймін, қуаныш па?
Өз-өзінен жүрегім ән салады.

Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма,
Өзегіңді өртеп дерт, жаншымай ма.
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,
Шәміл-ау!
Шәмші кайда?
Шәмші қайда?

Шәмшіге айт,
Тағы да бір таңдандырсын,
Жындандырсын жүректі, жандандырсын!
Мәңгі өлмес Махаббатым айта жүрер,
Мәңгілік өлмей тұғын ән қалдырсын!

3

Махаббат бүгін және қарамады,
Қарамады...
Жанымды жаралады.
Шәміл-оу!
Білесің бе?
Шын махаббат -
Осылай қарамаудан жаралады!

Мейлі, ол қарамасын, түсінбесін,
Осылай асқақ болсын, кішірмесін.
Бастан ауып баратқан тал түсіме,
Тағдырым көлеңкесін түсірмесін.

Ескермесін, білмесін,
Кете берсін.
Бұл фәниден алаңсыз өте көрсін,
Дәрменсіз менің мылқау махаббатым,
Сірә да, өміріммен өтелерсің...

4

Шәміл-оу!
Күндер өтті,
Айлар өтті.
Алаңсыз қайран күндер қайда кетті?
Махаббат сәулесіне ұрындым мен,
Махаббат өмірімді ойран етті.

Қазір түн.
Көктем түні маужырап тұр.
Отырмын жазбай, сызбай қалжырап құр.
Алдында тереземнің - кәрі қайың,
Көктей алмай бұтағы саудырап тұр.

Ақ нөсер аңырап кеп дүркін-дүркін ашылар,
Кәрі қайың көктер бір күн.
Махаббат мені, сірә, дауалар ма,
Бет алып бұрылмасқа кеткен, шіркін.

Көшелердің көзінен қан атылып
Қала жатыр,
Қазір түн.
Дала тұнық.
Махаббатты күзетіп, кіршік ілмей,
Бүгін және отырмын таң атырып.

5

Шәміл, Шәміл!
Айналдым жазылмасқа.
Күйрейтұғын түрім бар, жазым бассам.
Қазір менен сауық пен сайран қалған,
Жайына жыр да қалған жазылмастан.

Ойға өріс таппаған, тілге - дерек,
Ойнақы жырым менің кімге керек?
Тулайды тұтқындалған ақтиіндей,
Шығыршықты айналып шыр көбелек.

Жоқ, Шәміл,
Менің ойым бөлек еді,
Басқа жыр, басқа ғұмыр керек еді...
Құл болғам Махаббатқа, менде ерік жоқ,
Еріксіз өмір маған не береді?!

Махаббат түсінбеді, аулақтады,
Арманым кетті мені алдап тағы.
Сая іздеп құр бекерге сабылыппын,
Табыныпнын сағымға ар жақтағы.

...Қазір түн.
Сыртта нөсер.
Сәуір айы.
Көктеген әлдеқашан кәрі қайың.
Сәлден кейін тағы да таң атады,
Тағы да...
Сары уайым...
Сары уайым...

6

Шәміл,
Шәміл!
Шаршадым, қалжырадым.
Ет жүрегім езілді, қан жылады.
Жырым менің - науқастың сандырағы,
Құным менің - тазының қарғыбауы.
Темір емес, мен-дағы адаммын ғой,
Аңнан емес, адамнан жаралдым ғой!
Шәміл-оу
Тұңғиыққа қамалдым ғой!
Қайтермін?!
Қайда барып жазармын бой?!

Тағы түн.
Тағы менен ұйқы қашты.
Қайтемін қаңыраған күйкі басты?
...Алдымда мынау фәни-тыржалаңаш,
Шығарып тілін маған, сиқы ашты.

Махаббат менен кеткен,
Бөлекте жүр.
Мен де бір - жасын түскен терек те бір.
Тіршілік махаббаттан таралған ғой,
Шәміл-оу!
Енді маған керек пе өмір?!

Авторы: Мұқағали Мақатаев
👍85🔥18❤10🥰6🎉6👏4🤩4👎1🤯1
ЖӘЙ ҒАНА...

Кір жуғанда алқынды қалар сабын,
Шөлдегеннің көз алды болар сағым.
Қарапайым, жәй ғана өмір сүріп,
Сені сүйсем, жетеді, бар аңсарым.

Көзің ашық мүмкін бе, аңдамауың,
Көргім келер Күннің де таңғы алауын.
Өткенді айтып, кеткенді, әңгіме ғып,
Сырға тоймау, бір жүріп, бар қалауым.

Айтып кету үшін де бәрін бүгін,
Қу құлқынды, етпедім қарынды мұң.
Өмір әлі таусылып, бітпегені,
Құрып тұрса өзің деп, бар ындыным.

Сырттан өсек, қайтеміз мысқыл, бәрін,
Сезім хәлдің кәусарын, іштім нәрін.
Мамыражай күз күнін созбаймыз ба,
Алдымызда ұмытып қыстың барын.

Қалсын менен кейінге көркем, үлгі,
Біздегідей кім көрген, ерке мұңды.
Аяқтағым келеді өзіңменен
Бақытты ғып, баянды ертегімді...

Авторы: Елубай Әуезов
👍31❤6👏5🤩3
Ғашық жыры, жігіт дерті


Жұпары бар тікенекті гүлсің-ау,
Төлегенді өкіндірмей жөн сынау.
Пәк сезімге бөтен етпей әзіз қып,
Бекежанды артық қылып жүрсің-ау.

Ұғынбады, ұғынбайды мені ешкім,
Жамал түнмен бір келеді кеңескім.
Баянына жете алмаған бейбақтай,
Қозыменен осы жолы теңестім.

Неге маған сенімсіздік қыласыз,
Асылым ең, ғашығым ең шүбәсіз.
Мамыр үшін кәззап жанын қиятын,
Қалқаманда сезім үшін кінәсіз.

Сүріндік пе, түсінбеппіз бұл қалай?
Сен жүргенмен мен жүрмеспін ойламай.
Өзің Қорлан, мен болайын Естайың,
Шет кетсек ше, дүйім жұртты тыңдамай?

Бүр жарғызып көктем енді таяды,
Елестейді ақжарқын жүз аялы.
Ләйлі болып жолықпайсың енді сен,
Мен де Мәжнүн бола алмаймын баяғы.

@shamshadinuly
👍49👎6❤5🔥2
Мен сенi сағындым ғой... бiлесiң бе?
Кездескен күн есiмде, түн есiмде.
Санамда қалған сенiң суретiңдi,
Елес қып, айналдым ғой түгесуге...

Беймаза шақтарыммен ере көшкен,
Жалықтым күндерден мен ерегескен.
Мөп-мөлдiр махаббатты тiлейсiң сен,
Менiң сол мөп-мөлдiрiм сен емес пе ең?

Сен әлi ерек, бөлек бақ ұстайсың,
Сол бақпен қауышқайсың, табысқайсың.
Мен саған әр хатыммен жақындаймын,
Сен менен әр хатыңмен алыстайсың.

Отырмын тағы, мiне, жанып iшiм,
Талпындым жүрегiңде от жағу үшiн...
... Бiр күнi шоқ боп барып сөнесiң-ау,
Сыңарсыз қайран менiң сағынышым...

Авторы: Есей Жеңісұлы
❤28👍16🔥5
Онлайндағы сезім уілі

Кірпігіңе Күн шомылып, сезім күлген, арайлым,
Ғаламтордағы ғажайып суретіңе қараймын...
Қарай-қарай қабағымда бүршік атып аппақ мұң,
Ғашықтықпен ақыры маңдайыңа тоқтаппын.
Сонсо-оң... ой-бо-ой.., армандау...
қайдағыны ойға алу...
Қиялдану... Қиялдау...
Мендік Қиял – Жазмышыңа айналу!
Солай, еркем, түсінші...
Ойың – сұлу, пәк – басың,
Сөз оғынан Жаныңды көз сұғынан сақтасын.
Монитордан мөлдіреп жүрегімді гүлдеттің,
Махаббаттың самалын сезінбеппін, білмеппін!
Бақыт деген осы ма?!
Мүмкін, сорым шығарсың?
Ойхой, мына мүсінмен...
Мың ақынды ғашық қып,
миллион жанға ұнарсың!
Сенің әзіз алдыңда барлық еркек некелі,
Құмарлықтың демімен құмға сіңіп кетеді.
Жан әлемін билетіп, армандарға гүл қадап,
Сені сұлу жаратқан Жаратқанға мың мадақ!
Міне, осылай сөзімнен
нұр саулаттым – жасыл нұр,
Ғашық еттің қайтейін... Бақыт гүлің ашылғыр!
Сені ойлау – Сағыныш және тәтті қайғыру...
Жауап жазсаң поштама – bauke82@mail.ru

Авторы: Бауыржан Қарағызұлы
❤18👍9🔥6🥰3
СЕНІ ОЙЛАЙМЫН

Сені ойлаймын өткен күн аңсатқанда,
Сені ойлаймын жүрегім әр соққанда.
Сені ойлаймын, әрдайым сені ойлаймын,
Ойсыздардың ортасы шаршатқанда.

Жалғыздықтан жан жүдеп жабыққанда,
Таза сезім таба алмай тарыққанда.
Сені ойлаймын, тек қана сені ойлаймын,
Жалғандықтың бәрінен жалыққанда.

Сені ойлаймын көп жылдар көрмесем де,
Енді қайтып көрем деп сенбесем де.
Сені ойлаймын, әлі де сені ойлаймын,
Тірлігіңнен бір хабар бермесең де.

Қайда жүрсің, жоқ тіпті хабарың да,
Қиын енді сені іздеп табарым да.
Сені ойлайтын шығармын бұл жалғанның,
Ең соңғы рет есігін жабарымда...

Авторы: Нарша Қашағанұлы
❤60👍25🔥2👎1🤯1
Кездесу

Көздеріңе сыйдырыпсың жалғанды,
Сөздеріңде тұрды ұшқын.
Серік етіп алып-ұшқан арманды,
Өзіңді емес жыр құштым.

Сақтағанмен бойымызда кісілік,
Жүрек қалды тым жайсыз.
Үнсіз ғана тұра бердік түсініп,
Тілдесу де ыңғайсыз...

Үндестік бар арамызда білінбес,
Мендік арман - тәтті арман.
Ұғындым ба махаббаттың тілін кеш?
Талайларға бақ болған.

Қос кеудеде егіз қиял бір үміт,
Достық емес аңсары.
Сезінгендей қара күзден жылылық,
Оралғандай бал шағы.

Кейіпкерсің жазатұғын ән-жырға,
Көмейімнен ағылған.
Алғысым көп жолықтырған тағдырға,
Тұшындырған жаныңнан.

Авторы: Ұлағат Ханзада
👍26❤12🤩2
Әйел - сенің ақылшың.

Сенікі ме, менікі ме сонау гүл,
Арман үшін жүрміз жазып алау жыр.
Жат біреуге бақыт болып туатын,
Әйелдерді еркелеткен жөн-ау бір.

Әйелді ылғи еркелеткен ер оңар,
Әйелдерсіз тірлігіміз не болар?
«Қой» дейтұғын қожаң егер болмаса,
Еркек байғұс азып-тозып жоғалар.

Әйел – сенің аспазың да күтушің,
Әйел барда биіксің де бүтінсің.
Әйел барда жалынсың – сен, отсың – сен,
Әйел жоқта бықсыған сен түтінсің.

Әйел – сенің ақылшың да, айбарың,
Ол барында естімейсің қайғы әнін.
Әйел – сенің күзетшің де, сақшың да,
Әйел – сенің мерекең де, мейрамың.

Әйел сені, сен әйелді сүйгенсің,
Сен әйелден, әйел сенен сый көрсін.
Өз елінің ұлы болам деген жұрт,
Әйелдерге құл болуды үйренсін.

Әйел, әйел – арман әні, жол әні,
Дүниенің кешкі қоңыр самалы,
Әйел сені құл қып алмай алдымен,
Құдай құлып көтермейді жоғары.

Сыйла әйелді, жоғарыдан бер орын,
Көтер оның мерейі мен беделін.
Өз қызыңды сыйлағаның ол сенің,
Өз анаңды мәңгі құрметтегенің.

Авторы: Тұманбай Молдағалиев
🔥28👍20❤13