Махаббат өлкесі...
1.02K subscribers
9 photos
2 videos
1 file
32 links
Тек махаббат туралы...

Ұсыныс пен пікірлер бойынша @nurlandos
Download Telegram
КҮЗГІ ХАТ... ІІ

Кеше сізден хат күттім,
Неге, неге сонша асықтым, аптықтым?
Ғұмырыма татитұғын шаттықтың
Құнын жойып,
Шырмап алды сәттік мұң.

Хаттар, хаттар...
Гүлдер сынды бүрі әппақ,
Жұпар аңқып қалды қайда тұрақтап?
…Менің тұтас бақытыма дәл қазір,
Жетпей тұр-ау бір-ақ хат.

Арыла алмай азабы көп аз мұңнан,
Күз де келді...
Жазмышқа жаз құрбан.
Сағыныш-ай, сағыныш-ай қайтейін,
Жазылмаған хатқа жауап жаздырған.

Астанаға ерте келді күз биыл,
Күздің мұңы баяғыдан бізге үйір.
Іштей мені жұбатады күрсініп,
Тозаңы ұшып жатқан анау түз-қиыр.

Күзді мен де жақсы көрем мұңы үшін,
Жапырақтың жанға батқан жыры үшін.
Мінсіз ғұмыр кеше алмасым белгілі,
Мұңсыз өмір өмір емес...
Құрысын!

Таңдайыма татымаған тәтті бақ,
Маңдайыма тиседағы қаттырақ,
Жауап жазып жіберіңіз нақтырақ.
Жасырмаңыз...
Тек жауапсыз қалуға,
Тиісті емес хат, бірақ.

Авторы: Қалқаман Сарин
👍40❤9🔥5🤯2
Cол Түні

Сол Түні... Аспан мұңайған еді,
мұңайған шығар төбеңде...
Сол Түні... Сені сағынышыма –
бөлеген едім Өлеңге.

Сол Түні... Мен де алданып тұрғам,
қар жауып тұрған болатын...
Сол Түні... Сен де жүректен басқа
жол таппай тұрдың баратын.

Сенделген сезім,
жоғалған үміт,
кеше көр бізді кеше гөр...
Тып-тыныш аппақ,
осындай еді
көшелер аппақ, көшелер...

Сол сәтте, әттең, қар жауды неге?!
Қар жауды неге, Тағдырым?!
Сол сәтті мүлде,
Ұмытқым келген,
ұмытқым келген...
Барлығын!

Сол Түні... Аспан өксіген шығар,
Құдірет солай жазғасын.
Ақ ұлпа, аппақ
көбелектерге айналған шығар көз жасы.

Осылай енді... Қар жауса болды
күйерін жанның білдім бе?!
...Сол Түні маған,
қол бұлғап тұрып,
жыладың ба әлде күлдің бе?!

Сол Түні...

Авторы: Бауыржан Қарағызұлы
❤18👍12👎1🔥1
ҚҰШАҚТАШЫ...

Жағаңызды келші аға, түзеп берем, –
Дедің маған іңкәр бір ізетпенен.
Шымырлады жүрегім, сол жүрегім,
Былғарыдай едің ғой біз өтпеген,
Бізбен тесіп жіберсе тыз етпеген.

Кетерімде байқамай құшақташы,
Құшақташы, «байқамай» тұсақташы.
Сен жеңілтек емессің.
Дәтің берік
Бірақ та осы бір рет ұсақташы.
Тартып кетіп барасың, секілденіп,
Жаңа ғана басталған кітап басы.

Тәубедемін, мен бүгін нысаптамын,
Менің көрген құқайым кітап қалың.
Аядың ба білмеймін, аяладың,
Басқа жұртқа білдірмей құшақтадым.

Есіркеген шығарсың ескі ағам деп,
Жаманшылық көп көрген жақсы ағам деп.
Құшақташы тағы бір, құшақташы,
Жағамды бір түзетіп тастаған боп.

Бір құшақтап
Ал-дағы шығарып сал,
Сөйтіп мәңгі үзілмес бұғалық сал.
Алып тауды айналып өтетұғын,
Арамызда біздердің жылы ағыс бар.

Авторы: Есенқұл Жақыпбеков
❤30👍12
Дертім болған жаза алмайтын еш емші,
Сені қайдан таптым осы десеңші.
"Күнім" десем — Күнім күндіз көгімде,
"Айым" десем мен өзіңді несі ерсі?

Келтіре алмай айтар сөздің орайын,
Жүгінейін жырға тұтас-толайым.
Күн жарықтық түсінігі терең ғой,
Ол ауғанда жырыма арқау бол Айым!

Ерсі болсын, мейлі айналам сөз етсін,
Төрт құбылаң тең болғанға не жетсін.
Күндіз қалай қажет болса Күн маған,
Түнде солай маған Айдай қажетсің.

Сұлулардың назарынан сырт қалған
Жан емеспін және әркімге құнт болған.
Таң атысы түнді тосып жүргенде,
Күн батысы ары асасың бұлттардан.

Дертім болған жаза алмайтын еш емші,
Сені қайдан таптым осы десеңші.
Сезіміңнің ықтималын білдіріп,
Айым болып, не жарқыра, не сөнші!

Авторы: Дәурен Айманбет
👍23❤2👎1
Сен қайда жүрдің ?
Көп қызықтың ысырып тысқа бәрін,
Лебізіңе шөлдеген тұста жаным.
Тіл ұшымда күрмеліп сөзім небір,
Уысымда қалмады ұстағаным.

Мен қайда жүрдім?
Тағдыр тағы төбеңнен жай түсіріп,
Жұбатуға жарымай сай кісілік.
Мезгілдерді өткердік текке қалай,
Бізді ақтап алады қай түсінік?

Сен қайда жүрдің?
Бұрымымдай кесілген шақта бағым.
Мен қайда жүрдім?
Тіршіліктің кезгенде «Ақтабанын»…

Біз қайда жүрдік?
Бірге бармай, киноға, ән кешіне,
Кепіл қайсы сезімнің сөнбесіне?
Нөміріңе қоңырау шалғым келген,
Соңы түспей тұрғаны жөнді есіме.
Қоңырау шаларсың өзің…

Авторы: Ақбота Бейбітбек
❤16👍8
Аннан-мұннан жұлдыз гүлдер бүр жарып,
Ай сырғасы тұрған кезде дір қағып.
Жалаңаяқ нояндары ауылдың,
Алма ұрлауға шығушы едік ұрланып.

Мысық жүріс ептілікке мастанып,
Қаншасын жеп, қанша алмасын тастадық.
Сол бір жолы алма ұрлаудың кезегін,
Әлімбайдың бақшасынан бастадық.

Қарқындары қамал бұзар кіл «батыр»,
Қараң-құраң қалың баққа кірді ақыр.
О, жасаған, масахана ішінде,
Толықсыған, толған айдай қыз жатыр.

«Қарақшылар» қалт тұра қап шетінен,
Қапелімде ауып қалды есінен.
Ай сәулесі өліп-өшіп сүйіп жүр,
Періштенің тамағынан, төсінен.

Бір ғажайып арман күтіп ақ таңнан,
Ару жатыр, ақ білегін жастанған.
Жаңа ғана көзін ілген секілді,
Бір періште ұшып келіп аспаннан.

...Ойлап тұрсам ол бір ғажап түн екен,
Содан бері сұлулықты жыр етем.
Әлгі сұлу періште емес, басқа емес,
Әлімбайдың сары тәмпіш қызы екен.

Балғын қиял қуалаған күндіз-түн,
Бала едік қой, бала едік қой бүлдіршін.
Санамызға сәуле кірген сол түні,
Кімге қандай түс кіргенін кім білсін?

Бізге осылай келді ме екен жігіттік,
Біздер содан алма ұрлауды ұмыттық.
Бұл өмірде алмаңыздан мың артық,
Бір тәттілік бар екенін шын ұқтық.

Авторы: Есенқұл Жақыпбеков
👍19❤5🔥2
МАХАББАТ, МЕН САҒАН ҚАРЫЗДАРМЫН!

Біреуге ғашық қылғаның үшін,
Арманға асықтырғаның үшін,
Теңіздей тасып тұрғаның үшін-
Махаббат!
Мен саған қарыздармын!..

Тұңғиық сезімге батырғаның үшін,
Таңдарды ұйқысыз атырғаным үшін,
Айықпас мұңға шатылғаным үшін -
Махаббат!
Мен саған қарыздармын!..

Күттіріп мені, сағындырғаның үшін,
Бейнеңе мәңгі табындырғаның үшін,
Беймаза күйге бағындырғаның үшін –
Махаббат!
Мен саған қарыздармын!..

Шаттық боп маған келгенің үшін,
Қуаныш кілтін бергенің үшін,
Ертеңгі күнге сенгенім үшін –
Махаббат!
Мен саған қарыздармын!..

Кей кезде мені жылатқаның үшін,
Жауаптары жоқ сұрақтарың үшін,
Дегенмен...
Мені ұнатқаның үшін –
Махаббат!
Мен саған қарыздармын!..

Авторы: Алма Түсіпбекова
👍36❤13🤯1
Сол бір шақтар есімде
(Х-ның сұрауымен жазылған)

Асыға аңсап барғанымда алдымнан
Айдай толқып қарсы алғаның есімде.
Жүрегімде өшпейтін із қалдырған
Шын елжіреп, шын жанғаның есімде.
Әсем асқар Алатаудың шыңындай,
Сұлу сындар зипа бойың есімде.
Манас құшқан Қанікейдің сырындай,
Опалы жар асыл ойың есімде.
Тарқатылған қолаң шашың оралып,
Жүрегімді күйдіргенің есімде.
Қыпша белің алтын сымдай бұралып,
Демің аңқып сүйдіргенің есімде.
Күндей балқып Ыстықкөлге үңілген
Нұрлы сәулең шалқығаны есімде.
Айрылысарда назбен қимай бүгілген,
Ыстық жас ап балқығаның есімде.
Жүрегіме қадалғандай кірпігің
Қарағанда арбалғаным есімде.
Көзіндегі махаббат жас бүртігі
Айрылысарда бір тамғаны есімде.
Шараб, шампан ақық кесе ұсынып,
"Ақбөкенді" белгі еткенің есімде.
Сүйгеніңді сонда есіңе түсіріп
Ішерсің деп серт еткенің есімде.
Осы бір жыл, осы бір ай, осы күн,
Сәтті сағат саяхатты кешімде,
"Хош бол, ботам, есіңе ұста",- деген үн
Мәңгі жүрер от жалын боп есімде.

Авторы: Сапарғали Бегалин
❤10👍4🔥1
Сізді көрдім тағы да...
Сізді көрдім.
Жүз жылармын мен енді,
Жүз күлермін!
Мен сияқты Сізді іздеп ғаламтордан,
Мен сияқты Сізді ойлап, үздігер кім?

Жан жуытпас едіңіз жасыңызда,
Кім болды екен мына жан қасыңызда?
Қыз-қыз қайнап...
Әйтеуір қарай бердім
Қол тимеген қап-қара шашыңызға.

Мұң тұнғандай мына жерде көзіңізге...
(Тым құлпырып кетіпсіз өзіңіз де!)
Не боп кетті, расында, тағдырыңыз.
Сізді маған қоспаған, мені сізге?

Дедіңіз бе бастайды сезім бүлік,
Тағып апсыз тағы да көзілдірік.
Мына жерде... жып-жылы жымиясыз
Жаныңыздың шаттығын сезіндіріп.

Көкірегіңді жазатын Шерге толған
Ой, Алла-ай,
Мына жерде мен де болғам.
...мониторға тесіліп қатып қаппын
Періштені көргендей жерге қонған!

Сізді көрдім тағы да,
Сізді көрдім.
Күзгі желдей мен де енді үздігермін.
Қарашада қайғымды қалыңдатып,
Кім жіберген үстіне Сізді жердің?

Авторы: Дәурен Берікқажыұлы
👍34❤1🤔1
Саған неше хат жаздым?
Саны қанша?
Сөзден - сырды, санашы, мұңы қанша?!
Ақ пырақтай қанша шер, сағыныш бар,
Неше үміт тұр, жолында, тірі жанша?!

Сен барлығын сана да, өрте, гүлім,
Менде, осы, жырыммен шектелемін.
Сені, Аллаң, қайта ексін көктеміңмен,
Мені, Тәңір, тірілтсін екшеп емін.
Сосын, Ай боп, аймала өз түніңді,
Түсіме енбе!
Кездеспе!
Үз гүліңді!

Саған ғана жымисын сан мың жұлдыз,
Маған бұлттар бұйырсын өр көңілді.
Бір шөкім боп, бұлттармен көшем, қалқам,
Бүгін - Жайық,
Ал, ертең, Есіл жаққа.

Сенің соңғы сөзіңді Қаңтар естіп,
Менің соңғы хатымды оқыды Ақпан.
Саған неше хат жаздым, сана бәрін?!
Бұл ғұмырдың ертеңі маған мәлім.
Әппақ Ай боп, аспанда адасарсың,
Ақша бұлт боп, аспанда жоғаламын.

Авторы: Қайырғали Сыдиыхұлы
👍31❤19🔥5🤯4👎2🤔1
Қыздар - гүл ғой бақтағы,
Өмірге нәр беретін.
Патшаны да тақтағы,
Қылығымен жеңетін.

Қыздар – гүл ғой бақтағы,
Көздің жауын алатын.
Жырлап теңеу таппады,
Әлемдегі бар ақын.

Қып-қызыл гүл сақта тек,
Сала көрме табанға.
Қызық та көп, бақ та көп,
Қыздарымыз аманда.

Авторы: Ұлағат Ханзада
❤17👍11🔥3
Мазаламай кетейік

Қоштасуға болмаса да қоштасайық,
Басқалардай таныс болып достасайық.
Достығымыз сезім менен махаббатқа,
Ұқсамасын бұрынғыдай рас ғажайып.

Білем сенде түгесілмес сезім ұйық,
Жүрегіңнің тыңдамашы сөзін ұйып.
Өтінішім мені үйленген деп ойлашы,
Тұрсам да аңғармашы өзім сүйіп.

Тасташы естеліктің жыртып бəрін,
Жаныңның жүргеніңше құртып мəнін.
Салмашы есіме сүйгенімді,
Жанымның сөкпеші жыртықтарын.

Жолықсақ махаббаттың жолдарын да,
Неке жүзік көргендей бол қолдарым да.
Түсіндір,басу айт өз-өзіңе,
Бұлбұлдай сайрамашы орманым да.

Бəрі жақсы болады алаңдатсам,
Қабылдаймын оғыңды маған атсаң.
Тек іздеме,бүгін мен ертеңнен де,
Қабылдама сезімменен саған тартсам.

Авторы: Мейіржан Тұрғанов.
❤25👍9🤔1
Сағыныш

Толықсыған ай алқа тағынған да,
Себеп таппай жүрегім дамылдауға.
Сағынғаннан өзіңді шығар деймін,
Салып тұрған әнімнен жаңылғанда.
 
Сен шығарсың себебі солғын әннің,
Есіміңді жырлайтын болдым әр күн.
Сағыныппын шынымен деймін тағы,
Құлақ күйін таппасам домбырамның.
 
Сен тұрасың ішінде жанарымның,
Тұтқындалған жаныңа жаралыңмын.
Гүл бейнелім қай жерде жүр екенсің,
Желге әтірін өптіріп тамағыңның.
 
Бар қайғымды сенсің-ау ұмыттырған,
Кетем жанды сен үшін қылып құрбан.
Сағынбайын десем де күннің көзі,
Саған ұқсап кетеді күліп тұрған.
 
Түн көрпесін жамылған аспан ана,
Сенсіз мынау сияқты басқа қала.
Жанып ысып барар ем алып ұшып,
Ең болмаса емессің Астанада.
 
Жульетта
(Нұрқанат Жақыпбайдың спектаклінен кейінгі хәл)
Үскірік желі, далада Ақпан,
“Верона” емес, Арқаның.
Ақ ұлпа қар мен самала жапқан,
Сұлбасын сұлу қалқаның.
 
Жиналған халық, бар сәнді құрып,
Наурызнамаға* кешкілік.
Алдымнан шығып қарсы алдың күліп,
Сырғаңның үні естіліп.
 
Сабырымды ұрлап, тағатымды алған,
Қара көз, құлын мүсінді ең.
Сен мені ұқпай барасың қарғам,
Сүйемін деймін ішімнен.
 
Парис* пиғылға құрық салайық,
Құлып салайық екеулеп.
Екеуміз сосын тұрып қалайық,
Хан* тауын мәңгі мекендеп.
 
Көзімнен бәрін байқамай қалсаң,
Дәлелдің қанша керегі.
Жульеттамын деп айта бер, қалқам,
Ромеомын ғой себебі.


*Верона-екі тайпаның өмір сүрген жері
*Наурызнама-Ромео мен Жульетта жолыққан сауық кеш
*Парис - Жульеттаны жар етіп алмақ болған жан.
*Хан тауы-Ромеоны жер аударып жіберген өңір

Автор: Арманбек Жакейхан
❤13👍6🔥2
Махаббаттың мекені

Сені сүйіп өртенгендей өзегім,
Жүрегімнің ауырғанын сеземін.
Бақытсыздық жайлап алған ғұмырда,
Мен бақыттың күтіп жүрмін кезегін.

Меніменен сыр шертпеген ай тегін,
Бұл жүректің өзің енді айт емін.
Кесірінен саған деген сезімнің,
Ет жүрегім тасқа айналса қайтемін?!

Жүрегімнің табылмай жүр неше емі,
Қарағанын жаралауға жетеді.
Құмар болма ауыртуға сондықтан,
Жүрек жалғыз махаббаттың мекені.

Сезімімді түсінбеген шығарсың,
Мүмкін менің жанарымнан ұғарсың?!
Әдемі боп барасың-ау күн сайын,
Неге сонша сүйдіруге құмарсың?!

Ешнәрсе де өзгертпейді өлеңім,
Өлеңімнен тек жұбаныш көремін.
Жүрек жалғыз махаббаттың мекені,
Сол мекеннің ханшайымы сен едің!

Пәк сезіммен бір ғұмырға жететін,
Аралайық махаббаттың көшесін.
Аққулардың махаббатын сұраймын,
Өлседағы бірге өліп кететін.

Авторы: Айбар Зейнулла
❤30👍15🤯2
ЕҢ ӘДЕМІ ФОТОСУРЕТ
баллада

...Қайшы. Желім. Қағаз. Сурет. Ескі альбом.
Ескі альбомда – өткен ғасыр... жас дәурен.
Мына сурет – ең бақытты кезім-ау,
Бірге жүрген Алматылық достармен...

Мына сурет – табиғатсыз, аспансыз,
Мына сурет – мағынасыз, астарсыз.
Мына сурет – ең бақытсыз кезім-ау,
Жалғыз жүрген... сенсіз және достарсыз...

Мынау – менмін, он бес жасар «жігітпін»,
Мынау – кім, ей?! Кім екенін ұмыттым.
Мынау – әлгі, сен қызғанған сурет пе,
Сұлуымен сүйістің деп түріктің...

Мынау – сені күткен кезім сарылып,
Мынау – сені жүрген кезім сағынып.
Сағыныштан сарғаяды-ау сурет те,
Сосын, ол да қараяды-ау қамығып...

Сурет, сурет, сурет, сурет – айналам,
Мынау сенсің – шашыңа гүл байлаған.
Мынау да сен – айна алдында боянған,
Кімге қарап тұр екенсің айнадан?!

Бөлек түскен суретіміз көп екен,
Бірге түскен суретіміз жоқ екен.
Бірге түскен бір суретке зар қылған,
«Өмір-жалған» деген осы, о, көкем?!

Сурет, сурет, бір қап сурет – айналам,
Суреттерді шыр-көбелек айналам.
Бірге түскен суретің не, ол кезде
Бірге өмір сүрерміз деп ойлағам...

Сенің бейнең – жанарымда сақталған,
Сенің бейнең – жан-дүниемді ақтарған.
Сенің бейнең – өң мен түстей бір әлем,
Ащы естелік, қышқыл сезім, тәтті арман...

Көргенімде кейде сені сыртыңнан,
Көз дірілдеп, қарашыққа мұң тұнған.
Екеуіміз – екі бөлек суретпіз,
Абайсызда ортасынан жыртылған...

Барлығы бар, фотограф бар, ақша бар,
Тек сен жоқсың... жоқ ешқандай хат-хабар.
Бізді бірге түсірмеді-ау суретке
Өмір дейтін фотограф, пәтшағар...

Тағдырымды бір Құдайға тапсырып,
Тілейінші жақсы тілек, жақсы үміт!
... Қиып алып бір жігіттің қасынан,
Қойдым сені өз бейнеме жапсырып...

Қиып алдым бір жігіттің қасынан,
Несі ұят?! Несіне оны жасырам?!
Дәл осылай қиған мені Тағдыр да,
Ол ешкімнің сипамайды-ау басынан...

Қос суретті бір қағазға желімдеп,
Жүрегімнен жан салғандай дем үрлеп.
Суретіңді сүйдім-сүйдім сүйсініп,
«Сүйіктім-ау, сүйіктім-ау менің!», деп...

Жаңа сурет – жарты бақыт, жарты бақ,
Жанарымнан Күн шыққандай жарқырап.
...Дүниедегі ең әдемі суретті
Ұстап тұрдым екі қолым қалтырап...

Авторы:  Алмас Темірбай
👍37❤5
Қонақ қыз

Түнгі Алматы,
Әдемі әнді үзбеген,
Кең көшеде көлікпен жалғыз келем.
Қол көтерді бір ару қолаң шашты,
Қонақ екен, есімі – Наргиз деген.

Сұлулыққа кеткендей тасып қаным,
Баяу қозғап көлікті, асықпадым. …
Ән барады қалықтап сазы бөлек
Бақыт құсы секілді ғашықтардың.

Шеңберінен аса алмай ізетті ойдың.
Сезімге де, төзімге күзет қойдым.
Тілі мәйін Тәшкендік қазақ қыздың
Нарқызсың – деп, есімін түзеп қойдым.

Ашық екен жаны да, жанары да,
Мұң мен қайғы түспеген қабағына.
Ізетке де күзетке бағынбастан
Көзім түсе бергені-ай, анарына!

Өте шыққан уақыттай шолақ, біздің,
Жапырағын жатқан кез, тонап күздің.
Жанарынан көрдім бір жұмбақ сырды
Жол үстінде жолыққан қонақ қыздың.

Астаң-кестең жанымды кім ұғуда?!
Қалаңыз да, халық та тынығуда.
Жол үстінің қос жолақ сызығындай,
Беу, тағдыр-ай, болмайтын бұрылуға!

Қарсы аламыз сәлден соң құшып таңды,
Үмітімді үздіккен, үсік шалды.
Шымбұлаққа –
Шыршықтан ұшып келген
«Қарлығашым», қош бол – деп, түсіп қалды..!

Авторы: Әлібек Шегебай
❤14👍7
ЖІГІТІМ БАР…

Ессіз ғашық халімді көре тұрып,
«Жігітім бар!» – деуші едің, өп-өтірік.
Азаптағың келетін мені әйтеуір,
Сүйгеніме шынымен сене тұрып,
Көнбей маған кетуші ең, көне тұрып.

Гүлнәр, Баршын, Гүлсімің, Күмісің бар,
Бәрі соның деуші еді: «жігітім бар».
Менің бала кезімнің арулары-ай,
Сендер бәрің шынымен ұлысыңдар.

«Жігітім бар» – дегенің сылтау еді,
Барлық ұлдар ол кезде мылқау еді.
«Жігітім бар» – дегенің жігіттердің
Сезімі мен намысын шыңдау еді,
Соны, бірақ түсінген кім бар еді?

Жігіт те емес, бала едік сары ауызды,
Бүгін жігіт болдық қой, ор ауызды.
Сонша неге ұнаттық екен, Құдай,
Көзі ғана әдемі қара қызды?!

Қасып қойып тәтті бір жарамызды,
Қыздар жүрді-ау, қыздырып арамызды.
«Жігіті бар» сол қыздар жігіт іздеп,
Кезіп кетті кейіннен әр ауылды.

Ол жылдардың қыздары керемет ең,
Елемейтін сен өзің бөгемесең.
«Жігітім бар» дегені байғұстардың,
«Жігітім бол сен менің» дегені екен.

Сезіміме сен менің сене тұрып,
«Жігітім бар» – деуші едің, сәл өкініп.
Жігітің сол, білмеппін, мен екем ғой,
Неткен шындық едің сол, сол өтірік.

Авторы: Есенқұл Жақыпбек
👍35❤22🔥3🤔2🤯1
АУЫРАДЫ ЖҮРЕГІМ

Алдамашы сен мені бұлай, көкем,
Сен алдасаң, жүрегім жылайды екен.
«Ауырады жүрегім неге?» - дейсің,
Жүрек кілтін бұлайша сынай ма екен?

Ауырады жүрегім жалғандықтан,
Кезің бар ма мендегі арманды ұққан? Ауырады жүрегім... сенесің бе,
Сені сүйіп өмірде қалғандықтан.

Сені сүйдім... бақыты басқа жанның,
Жанарымды еріксіз жасқа малдым.
Гүлің болып көктегім келер кейде
Сен отырған сыртында «тас қамалдың».

Қалған да жоқ көңілде басқа амалым,
Сенсіз жарық еместей аспан – әнім.
Неге, неге сен өзің бұзып кеттің,
Талқан қылып жүректің тас қамалын?!

Сезіміме өртендім, күйдім, көкем,
Төзіміме құйып ем күйді бөтен.
Бара жатты жүрегім тасқа айналып,
Неге, неге мен сені сүйдім екен?!

Авторы: Гүлнар Өмірзақова
👍43❤17🔥9👎3
Махаббатты сезіну

Қуанышым сен болдың, қайғы, жасым,
Таусылмайтын мен үшін бай мұрасың.
Қара жерге аспаннан ай құласын,
Анық менің әйтеуір айнымасым.

Жасын болдың сен маған көктемдегі,
Жүрегіммен қақ жарған от кеудені.
Кезіктірдім мен бұрын қиялымда
Жоқ пендені.
Күйіп-жанып содан соң алауладым,
Ай, Күн барын ұмыттым, самал барын.
Сол сезімнен бойыма бір тыныштық,
Таба алмадым.

Сені ойламай кезім жоқ көзімді ілген,
Елжіредім сені аңсап, егілдім мен.
Тағдырыма ризамын сен арқылы,
Ақ махаббат дегенді сезіндірген.

Авторы: Фариза Оңғарсынова
❤49👍16🤔2🔥1🤯1
Audio
“Махаббатты сезіну” 
Сөзі: Ф. Оңғарсынова,
Әні: Т. Досымов
Әнші: Асхат Әмірғали
❤20👍11🤯2