Марфуға Шапиян 📚 КІТАПҚҰМАР
1.66K subscribers
97 photos
5 videos
5 files
228 links
Download Telegram
ҚҰНАНБАЙ ӨМІРІНЕН АЛҒАН 4 ҒИБРАТ
⠀
Менің ислам.кз порталына тұлғалар туралы жаза бастауым Абайдың әкесі Құнанбайдан басталған. Солай ары қарай жалғасты да, кетті. Бүгінгі постта бұл ғажап адамның өмірінен қажылық сапары жайлы үзінді ғана жаздым ғой.
Небір күшті оқиғалары «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабымның 1-томына енді.
⠀
Құнанбай өмірінен қандай ғибрат алдым? Сіздерге соны айтып берейінші.
⠀
1-ғибрат.
Ұрпағың мықты болсын десең, өзің, шыққан тегің мықты болуың керек екен. Құнанбай осал адам болмаған. Ал енді ұрпағына қараңызшы. Абай, Шәкәрім, Мағауия, Әбдірахман, Кәкітай, Тұрағұл, Ахат, Архам... Бәрі шетінен мықты. Кеңес үкіметі құртты ғой бәрін. Ұрпағымыздан мықты адамдар шықсын десек, өзімізді аямауымыз керек.
⠀
2-ғибрат. Бала тәрбиесінде ананың ойнайтын рөлі өте маңызды екен. Құнанбайдың анасы Зерені алайық. Парасатты ана ұлының тәрбиесіне қатты мән берген. Тіпті өзі дәретсіз, омырауын жумай емізбеген. Бәріміз бала тәрбиелеп жүрміз. Қайсымыз солай істейміз? Сосын Зере анамыз бетін қанша қайтарып тастаса да, Құнанбайға Кеңгірбай бидің батасын алып береді. Осы да біздей аналарға сабақ болуы керек. Аузы дуалы адамдардан балаларымызға бата, дұға сұрай жүруіміз қажет.
⠀
3-ғибрат.
Көпке пайдалы болу. Құнанбай көптің мұң-мұқтажын тыңдайтын, қолы ашық мырза, әділ адам болыпты. Кейін екі рет өлімнен қалады. Біріншісінде шешек шығады, екіншісінде жаудың найзасы кеудесіне қадалады. Екеуінде де халық Құдайдан жылап жүріп Құнанбайдың амандығын тілеп, алып қалады. Тіпті алыстағы Құнанбайды көрмеген бір кедей оның ажал алдында жатқанын естіп, амандығы үшін құрбандыққа жалғыз сиырын сойып, жоқ-жітікке таратып беріпті. Одан себебін сұрағанда: «Құнанбай мырза менің ешкімім де емес. Ол – халықтың адамы. Қазақтың қасиетті перзенті. Мендей сіңірі шыққан жандардың талайына болысқан адал, қолы ашық, мырза деп естимін. Құнанбай тірі жүрсе, әлі талай жоқ-жітікке көмек қолын созар» деген екен. Бұдан шығатын қорытынды, көпке пайдалы бола алсақ, біздің тілеуімізді тілейтін жанның да көп болатыны.
⠀
4-ғибрат. Адал болу. Құнанбай немересі Шәкәрімге: «Адал бол, Шәкәрім! Көпке жақпай, адал болмай, абырой-атақ алмайсың» деген екен. Сосын өз өмірінен талай мысалдар айтады. Бұдан түйгенім, өмірде адал болсаң, екі дүниеде де абыройлы болады екенсің.
1/100 қазақша_кітап


БАҚҚОЖА МҰҚАИ «ӨМІРЗАЯ» РОМАНЫ

«Өмірзая» – Баққожа Мұқаидың ұзақ толғаныспен жазған романы. Жазушыға Мемлекеттік сыйлық әкелген роман.

КІТАП НЕ ТУРАЛЫ?

Тәуелсіздік келіп, қаламына да азаттық келген қазақ жазушылары туындылары арқылы өткеніне оң баға бере бастағанда Баққожа Мұқаидың «Өмірзаясы» осы қатарда оқ бойы озық тұрды.

«Өмірзаяда» Аяған Қуатов атты тарихшының өз тақырыбын қорғау жолындағы күресі, намысы мен жігері, ұлтына деген сүйіспеншілігі баяндалады. Ұстазы Алдияр Ақпанұлы Кенесарыны зерттесе, бұл Сыздық төреге тоқтайды. Нәтижесінде түрмеге қамалады.

Б.Мұқаидың «Өмірзаясы» маған Кеңес үкіметі кезінде қудаланған, түрмеге қамалған, қасірет шеккен барлық ақтаңдақтарымызға қойылған үлкееен ескерткіш секілді. Өйткені жазушы кейіпкерінің аузына Жүсіпбек Аймауытовтың да, тарихшы Ермұхан Бекмахановтың да сөзін салады.

РОМАНДЫ КІМДЕР ОҚУЫ КЕРЕК?

Б.Мұқаидың «Өмірзаясын» қазақтың өткеніне қызығатын, Кеңес үкіметі ұлтымызға әкелген қасіретті білгісі келетін әр ұлтжанды адам оқу керек;


Алаш зиялылары көрген қиындықты түйсінгісі келетін жан оқуы керек;

Тәуелсіздіктен кейінгі әдебиетімізде не бар десеңіз, «Өмірзаяны» оқыңыщ.


«ӨМІРЗАЯ» ТУРАЛЫ ПІКІРЛЕР

«Өмірзаяға» Халық жазушысы Мұхтар Мағауин: «Танымал жазушы Баққожа Мұқаидың «Өмірзая» романы осы құлдық сана, рухтың жаншылуы турасында. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңа серпін, соны құбылыс дер едік. Әдетте, жадағай сын әлдебір шығарманы көтергісі келсе, қызғылықты, жеңіл оқылады, тартып әкетеді деп көрсетеді. Баққожа романының тартып әкететіні рас. Бірақ өте ауыр оқылады. Мен тура бір аптада әрең бітірдім. Бүге-шігесін қадағалап, айшық, бедеріне ден қойғаннан ғана емес. Баққожа сыпаттап отырған өмірдің зіл-батпан ауыр салмағынан. Сол өмірдің нақпа-нақ, шынайы қалыпта таңбалануынан. Қандай өмір десеңіз – советтік шындық дер едім», – деп баға береді.

Жазушы Герольд Бельгер: «Соңғы жылдары мен оқыған қазақ романдарының ішінде ең алдымен маған ой салып, жүрегімді тебіренткен Баққожа Мұқаидың «Өмірзаясын» атар едім. Бұл роман көш құлаш мақала жазуға негіз бола алады. Бірер ауыз сөзбен қысқа қайырсақ, бұл – тынысы кең, идеялық жүгі ауыр, шым-шытырық оқиғаға құрылған, болмыс-бітімі жан-жақты, заман ағысын, ұлттық тарихтың жауапты кезеңін терең бажайлап, баяндайтын, кім-кімді де ойсыз қалдырмайтын сүбелі, соны туынды», – дейді.
1-ақпан халықаралық орамал күні. Мерекеміз құтты болсын, қыздар!
⠀
Менің орамалға келуім намазға қарағанда ұзақтау болды. Алайда Аллаға шүкір, орамал таққаннан кейінгі жүрегімдегі тыныштықты, өзім сезінген жайлылықты айтып жеткізе алмаймын. Басымда орамалым барда өзімді өте-өте жақсы сезінемін. Бірақ орамалдың жайлылығымен қатар, мына дүниедегі, қоғамдағы сынағы да бар.
⠀
Жазда бірнеше қабат оранып жүру оңай емес. Ыстықтамайды емес, ыстықтайсың. «Қазақ әйелдері бұлай жүрмеген» деп, әр оңтайлы сәтте түйреп өтетін сөздерді есту де оңай емес. Жүрегің тас емес қой, ауырады. Әуежайда еліңнен әр шыққан, кірген сайын, сұрақ-жауаптың астына алып, түрлі қағаздар толтыртып, орамалыңның астын тексерту қайбір оңай дейсің?! Өз еліңнің заңы болған соң оған да көнесің. Орамалыңды желеу етіп жұмысқа алмағанда, сені өткен ғасырдың адамы көріп, төбеңнен қарағанда, оңай деймісің?! Ол кезде де оңай емес.
⠀
Алайда, бұл жолды, бұл ауыртпалықты өзім таңдадым ғой. Бұл – мен үшін ақиқат жолы, ар жолы. Ал мұндай қиындықтар иманымды шыңдай түседі. Орамалым үшін сөз естігенде, намысым тапталғанда, қоғамға сыймаған кезде Раббымды, Оның әділдігін ойлаймын. Ойлаймын да, сансыз сауабынан үміт етемін. Тіпті орамалымның есебінен жаздың самал желі мойнымды өппесе де, Алла тағала біздерге қандай сый әзірледі екен деген ой жанымды жылытады.
⠀
Орамалымды жақсы көремін. Ол – менің сүйікті Раббымның бұйрығы. Ал Оның бұйрығын орындау – мен үшін сүйкімді нәрсе, маған қуаныш сыйлайтын дүние.
⠀
Қымбатты әпке-сіңлілерім! Сіздердің араларыңызда да орамалымен сыналып, түрлі қиындық көріп жүрген жандардың көп екенін білемін. Қандай ауыр сынақтарды бастарыңыздан өткерсеңіздер де Алла тағаланың барлығыңызды көріп тұрғанын ұмытпаңыздаршы. Және жай көріп тұрған жоқ, бұйыртса ниеттеріңізге сай сыйы да әзір.
⠀
❤2