Tiek
391 subscribers
2.29K photos
772 videos
2 files
412 links
Маңызды жаңалықтар Tiek.kz сайтында
Download Telegram
БАЯНАУЫЛДА 2 МЫҢ ГЕКТАРДАН АСТАМ ЖЕР МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Павлодар облысының Баянауыл ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Аудан прокуратурасы жүргізген тексеру барысында бірқатар жер пайдаланушылардың жалдау мерзімі аяқталғанына қарамастан жер телімдерін заңсыз пайдаланып келгені анықталған. Солардың бірі – Қызылтау ауылдық округіндегі көлемі 680,4 гектар болатын жер учаскесін пайдаланған «Рымжан» шаруа қожалығы. Прокурорлық қадағалау актісі негізінде заң бұзушылықтар жойылып, мемлекетке кадастрлық құны 16 миллион теңгеден асатын 2 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Бұл шара жер заңнамасының сақталуын қамтамасыз етіп, жер ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ ШИЕЛЕНІС МҰНАЙ БАҒАСЫН ӨСІРДІ
ОРМУЗ БҰҒАЗЫНДАҒЫ ҚАУІП НАРЫҚҚА ҚЫСЫМ ЖАСАУДА

АҚШ-тың әуе соққылары мен Иранның жауап әрекетінен кейін әлемдік мұнай нарығында баға күрт көтерілді. Brent маркалы мұнайдың құны 3,9 пайызға өсіп, бір баррелі 78,96 долларға жетсе, WTI маркалы мұнай 4 пайызға қымбаттап, 74,26 доллар болды. Сарапшылар Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалына қауіп төнуі мүмкін деген алаңдаушылықтың күшеюі бағаның өсуіне негізгі себеп болғанын айтады. Осы геосаяси ахуал Азиядағы қор нарықтарына да әсер етіп, өңірдегі негізгі биржа индекстерінің басым бөлігі төмендеді. Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнай экспортының едәуір бөлігі өтетіндіктен, өңірдегі кез келген шиеленіс энергия нарығына тікелей ықпал етеді.
ЕРЛАН ҚОЖАҒАПАНОВ БОСТАНДЫҚҚА ШЫҚТЫ
СОТ ЖАЗАНЫҢ ҚАЛҒАН МЕРЗІМІН АЙЫППҰЛМЕН АУЫСТЫРДЫ

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, сот оның жазасының өтелмеген екі айлық мерзімін айыппұлмен ауыстыру туралы шешім қабылдаған. Ерлан Қожағапанов былтыр қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылған және өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылған еді. Ол 2024 жылдың наурызында ұсталып, «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзовамен бірге 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру кезінде сметалық шығындарды негізсіз ұлғайту арқылы мемлекетке ірі көлемде залал келтірді деген айыпқа ілінген.
БАНГКОКТЕГІ ӨРТТЕН КЕМІНДЕ 27 АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ


Таиланд астанасы Бангкоктың шетіндегі ойын-сауық барында болған ірі өрт салдарынан кемінде 27 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды. Қайғылы оқиға жексенбі күні кешке болған. Билік өкілдерінің мәліметінше, бұл – елде соңғы жиырма жылға жуық уақыттағы адам шығыны ең көп болған өрт оқиғаларының бірі. Концерт өткізуге арналған нысанда сахна, екі бар, асүй және 300-ден астам адамды қабылдайтын орын болған, сондай-ақ төрт апаттық шығу жолы қарастырылған. Қазір өрттің шығу себептері анықталып, қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.
ГРАНТТАР КОНКУРСЫНА ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ


Құжаттарды 13–20 шілде аралығында жоғары оқу орындарындағы қабылдау орталықтары арқылы офлайн, виртуалды қабылдау комиссиялары немесе eGov порталы арқылы онлайн тапсыруға болады. Өтінім беру үшін талапкерлерге ҰБТ сертификаты, жеке куәлік, 3×4 көлеміндегі фотосурет, орта білім туралы аттестат немесе колледж түлектеріне арналған диплом, сондай-ақ жеңілдік санаттары бойынша конкурсқа қатысу құқығын растайтын құжаттар қажет. Грант иегерлерінің тізімі конкурс қорытындысы бойынша жарияланады.
ТОҚАЕВ ҮКІМЕТТІҢ ЖАРТЫЖЫЛДЫҚ ЕСЕБІН ТЫҢДАДЫ
ЖІӨ 4,1 ПАЙЫЗҒА ӨСІП, ИНВЕСТИЦИЯ 9,5 ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ЖЕТТІ


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдап, биылғы қаңтар–маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөніндегі есепті тыңдады. Үкімет басшысы бірінші жартыжылдықта ішкі жалпы өнімнің өсімі 4,1 пайыз болғанын баяндады. Өңдеу өнеркәсібі 9,8 пайызға, құрылыс 15,2 пайызға, көлік саласы 7,1 пайызға, сауда 5,7 пайызға, ауыл шаруашылығы 4,4 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9,5 триллион теңгеге жетіп, жеке инвестиция 21,4 пайызға артқан. Сондай-ақ биыл өңдеу өнеркәсібінде 200 инвестициялық жоба іске қосылып, 17 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Президентке инфляцияны төмендету, халық табысын арттыру, әлеуметтік қолдау мен көші-қон саясатын жетілдіру бағытындағы жұмыстар туралы да баяндалды.
РИДДЕР ТҰРҒЫНЫ XIX ҒАСЫРДЫҢ СИРЕК КЕЗДЕСЕТН РЕВОЛЬВЕРІН ТАУЫП АЛДЫ

Риддер қаласының тұрғыны өзен маңында серуендеп жүріп XIX ғасырдың соңына жататын сирек револьвер тауып алды. Табылған затты зерттеген облыстық полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасы оның 8 миллиметрлік «Лефоше» жүйесіндегі револьвер екенін анықтады. Мамандардың айтуынша, бұл қару XIX ғасырдың соңында шығарылған үлгілердің бірі саналады. Оған арналған штаттық оқ-дәрілердің болмауына байланысты атуға жарамдылығы тексерілмегенімен, сараптама қарудың зауытта өндірілгенін және тарихи құндылығы бар екенін растады. Қазір сирек олжаның әрі қарайғы сақталуы мен есепке алыну тәртібі заң талаптарына сәйкес шешіледі.
👍1
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕҢІЗ ҰЙЫМЫ ОРМУЗ БҰҒАЗЫ ҮШІН АЛЫМ ЕНГІЗУГЕ ҚАРСЫ

Халықаралық теңіз ұйымы (IMO) АҚШ президенті Дональд Трамптың Ормуз бұғазындағы қауіпсіздікті қамтамасыз еткені үшін кемелерден алым алу жоспары туралы мәлімдемесіне байланысты ұстанымын білдірді. Ұйым өкілінің айтуынша, IMO халықаралық кеме қатынасына пайдаланылатын бұғаздардан өткені үшін міндетті төлем енгізуге түбегейлі қарсы және мұндай алымның халықаралық құқық тұрғысынан заңды негізі жоқ деп санайды. Сонымен қатар ұйым Трамптың бастамасына қатысты нақты мәліметтерді күтіп отырғанын хабарлады. Бұған дейін Дональд Трамп АҚШ Ормуз бұғазындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шығындарын өтеу үшін жүк тасымалының 20 пайызы көлемінде алым енгізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді. Ал Иран Қарулы күштерінің «Хатам әл-Анбия» орталық штабы АҚШ-тың Ормуз бұғазын біржақты басқаруына жол бермейтінін мәлімдеді.
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
КӨПІР ҮСТІНДЕ ФОТОСЕССИЯ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН ӘЙЕЛГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Семей қаласында көпірдің жүру бөлігінде фотосессия ұйымдастырған 35 жастағы Ақтөбе облысының тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада әйелдің автокөліктер қатынап жатқан жолдың үстіне жатып суретке түскені көрінеді. Полиция оның жеке басын анықтап, Жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырды. Нәтижесінде оған 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 8 650 теңге айыппұл салынды. Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттердің жүргізушілер мен басқа жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіретінін еске салды.
Media is too big
VIEW IN TELEGRAM
ТОҚАЕВ ДОХАДА ҚАТАР ӘМІРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарға жұмыс сапары барысында Әмір шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті. Мемлекет басшысы Әмір-Әке шейх Хамад бен Халифа Әл Тәнидің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтып, оның Қатардың өркендеуіне және Қазақстан–Қатар ынтымақтастығының нығаюына қосқан зор үлесін атап өтті. Президент шейх Хамадтың бастамасымен Астанада әл-Фараби мешіті салынғанын және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірқатар әлеуметтік әрі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асқанын еске алды. Өз кезегінде Қатар Әмірі көңіл айту үшін арнайы барғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі халық арасындағы бауырластық байланыстардың маңызын ерекше атап өтті.

Кездесу барысында тараптар қазіргі халықаралық ахуалды, соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдайды талқылап, Қатар Әмірі Қазақстан Президентінің елімізге сапармен келу туралы шақыруын қабыл алды.
ӘЛЕМДІК МҰНАЙ БАҒАСЫ 11%-ДАН АСТАМ ҚЫМБАТТАДЫ

Әлемдік мұнай бағасы АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің жаңа кезеңіне байланысты күрт өсті. Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың қыркүйек айындағы фьючерстері 11,15 пайызға қымбаттап, барреліне 84 АҚШ долларынан асты. Ал WTI маркалы мұнайдың тамыз айындағы фьючерстері 11,42 пайызға өсіп, 79,57 долларға жетті. Сарапшылар мұнай бағасының шарықтауына АҚШ президенті Дональд Трамптың Ормуз бұғазы туралы мәлімдемесі ықпал еткенін айтады. Ол АҚШ-тың бұғаздағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететінін және осы үшін тасымалданатын жүктің құнының 20 пайызы көлемінде өтемақы алынатынын мәлімдеген. Бұл мәлімдеме мұнай жеткізіліміне қатысты алаңдаушылықты күшейтіп, әлемдік нарықтағы бағаның өсуіне әсер етті.
ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІНЕ 45 ТҮЗЕТУ ҰСЫНЫЛДЫ

Жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 21-отырысында құжатқа енгізілетін кезекті түзетулер топтамасы қаралды. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, жаңа пакетке барлығы 45 өзгеріс енгізілген. Соның ішінде Қазақстанда тіркелген цифрлық активтер платформалары арқылы жасалған операциялардан жеке тұлғалар алған табысты 2026 жылғы 1 қаңтардан 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін жеке табыс салығынан босату ұсынылды. Сонымен қатар инвестициялық басым келісімшарттар тетігін қалпына келтіру, инвесторларға қажетті инфрақұрылымды өз қаражатына тартып, кейін шығынды корпоративтік табыс салығы бойынша шегерім арқылы өтеу мүмкіндігін беру көзделген. Бұдан бөлек, түзетулер салықтық әкімшілендіруді цифрландыруды, ҚҚС және акциздерге қатысты бірқатар нормаларды жетілдіруді, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтар мен бизнеске арналған салықтық жеңілдіктерді кеңейтуді қамтиды.
АҚШ РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ САНКЦИЯНЫ КҮШЕЙТЕДІ


Дональд Трамп Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуді көздейтін екі партиялық заң жобасын қолдады. Құжат президентке Ресейден мұнай, табиғи газ, уран және өзге де стратегиялық шикізат сатып алатын елдерден келетін тауарларға 500%-дық кедендік тариф енгізу құқығын береді. Заң жобасын республикашыл сенатор Линдси Грэм мен демократ Ричард Блюменталь әзірлеген. Ақ үйдің қолдауы бастаманың Конгресте қабылдану ықтималдығын арттырды. Егер заң күшіне енсе, Ресейдің энергетикалық экспортынан табыс табуына қысым күшейіп, Мәскеумен сауда жүргізетін мемлекеттер үшін де елеулі экономикалық салдар туындауы мүмкін.
AIR ASTANA ДУБАЙҒА ҰШУДЫ ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ ЖАҒДАЙҒА ҚАРАМАСЬАН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРМЕК


Air Astana әуе компаниясы 15 шілдеден бастап Алматы–Дубай–Алматы және Астана–Дубай–Астана бағыттары бойынша тұрақты рейстерді қайта бастайтынын хабарлады. Компания бұл шешімнің өңірдегі қазіргі қауіпсіздік жағдайы ескеріле отырып қабылданғанын мәлімдеді. Сонымен қатар әуе тасымалдаушысы Таяу Шығыстағы ахуалды жіті бақылауды жалғастырып отыр. Егер қауіпсіздікке қатысты жағдай өзгерсе, рейстер кестесіне қосымша түзетулер енгізілуі мүмкін. Жолаушыларға сапар алдында рейс мәртебесін алдын ала тексеру ұсынылады.
4 АДАМДЫ ӨЛТІРДІ ДЕП АЙЫПТАЛҒАН СӘРСЕМӘЛИЕВКЕ ӨМІР БОЙЫНА ЖАЗА КЕСІЛДІ

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты үкім шығарды. Сот оны төрт адамды аса қатыгездікпен өлтіргені үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Тергеу нұсқасына сәйкес, айыпталушы әйелінің туыстарына шамамен алпыс пышақ жарақатын салған. Мемлекеттік айыптаушы сот жарыссөзінде оған қауіпсіздігі ең жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Соңғы сөзінде Сәрсемәлиев кез келген жазаға, оның ішінде өмір бойына бас бостандығынан айыруға дайын екенін айтқанымен, қылмыстың пайдакүнемдік ниетпен жасалғаны туралы айыппен келіспейтінін мәлімдеді.
ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНА 7 ПАРТИЯДАН 546 КАНДИДАТ ҰСЫНЫЛДЫ -ОСК

Құрылтай депутаттарын сайлауға кандидаттарды ұсыну аяқталды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, белгіленген мерзімге дейін 7 саяси партия партиялық тізімдерін ұсынып, барлығы 546 кандидат тіркеуге құжат тапсырды. Олардың ішінде «Әділет» партиясы – 186, Respublica партиясы – 76, Қазақстан халық партиясы – 72, «Ауыл» партиясы – 69, «Ақ жол» демократиялық партиясы – 63, «Байтақ» жасылдар партиясы – 47 және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 33 кандидат ұсынды. Қазір ұсынылған құжаттар Конституция мен сайлау туралы конституциялық заң талаптарына сәйкестігі бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарда тексеріліп жатыр. Партиялық тізімдерді тіркеу 23 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады.
540 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАДАН ШЫҒАРЫЛДЫ

Жылдың алғашқы 6 айында Қазақстанда бұрын салықтық тіркеуде болмаған 546 мыңға жуық жеке тұлға заңдастырылып, көлеңкелі экономикадан шығарылды. Бұл туралы Үкімет отырысында қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді. Оның айтуынша, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қоса есептегенде бизнес субъектілерінің саны 2,9 мыңға жетіп, жыл басынан бері 499 мыңнан астамға көбейді. Сонымен қатар қосылған құн салығын төлеушілер саны 22,3 жүзге артып, 158,2 жүзге жетті. Қаржы министрлігінің мәліметінше, бұл көрсеткіштер салық реформасының экономикалық қызметті заңдастыруға және көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға ықпал етіп отырғанын көрсетеді.
ҚҰРЫЛТАЙҒА ҮМІТКЕРЛЕР КАНДИДАТУРАСЫН КЕРІ ҚАЙТАРА АЛАДЫ

Құрылтай депутаттығына партиялық тізіммен ұсынылған кандидат сайлауға қатысудан бас тарта алады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов мәлімдеді. Оның айтуынша, ол үшін кандидат Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш беруі тиіс. Осыдан кейін ОСК оны партиялық тізімнен шығару туралы шешім қабылдайды. Алайда дауыс беру күніне екі күн қалғанда кандидатураны кері қайтарып алу мүмкін емес.
ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНА 7 САЯСИ ПАРТИЯ ЖІБЕРІЛДІ

Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарының сайлауына жеті саяси партияның қатысуына рұқсат берді.
ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНА 34 ,3 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Үкімет Құрылтай депутаттарының сайлауын ұйымдастыру және өткізу үшін резервінен 34 млрд 300 миллион теңге бөлді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник мәлімдеді. Оның айтуынша, тиісті шешім тоғызыншы шілдеде қабылданған Үкіметтің №593 қаулысымен бекітілген. Бөлінген қаражат жиырма үшінші тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыруға және өткізуге бағытталады.
👍1
ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНА БӨЛІНГЕН ҚАРАЖАТТЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ЕҢБЕКАҚЫҒА ЖҰМСАЛАДЫ

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізуге бөлінген қаражаттың негізгі бөлігі 70 000-нан астам сайлау комиссиясы мүшесінің еңбекақысын төлеуге бағытталады. Жалпы шығынның шамамен 25 пайызы немесе 8 миллиард 500 миллион теңге сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыруға жұмсалады. Биыл елімізде 47 жаңа сайлау учаскесі ашылып, олар қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы арқылы 34 миллиард 200 миллион теңге, ал Сыртқы істер министрлігіне 61 елдегі 80 сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыру үшін 124 миллион 500 мың теңге бөлінеді. Бұл қаражат іссапар шығындары мен сайлау бюллетеньдерін шетелге жеткізуге жұмсалады.

Жалпы соманың 34,2 млрд теңгесі Орталық сайлау комиссиясы арқылы игеріледі. Ал Сыртқы істер министрлігіне 124,5 млн теңге бөлінеді.