Тимурдан Инфо | it&tech
3.47K subscribers
1.27K photos
109 videos
28 files
710 links
✔Ақпараттық технология (ІТ),
✔кәсіп бастау,
✔Интернет маркетинг,
✔жаңа медиа,
✔әлеуметтік желілер және тұлғалық даму бойынша ақпарат жазуға тырысамын.

📬 Сұрақты мында https://t.me/timurdaninfochat қойсаңыздар болады
Download Telegram
Мынадай қызық бар…

Жақында бір адамға әдеттегідей жасанды интеллектің қуатын, пайдасын, ChatGPT-дің мүмкіндіктерін айтып отырсам, ол маған “Енді неліктен осыны қолданып, ағылшын тіліндегі контентті қазақша аудармайсың?” дейді.

Бұл сұраққа біраз тосылып қалдым…

Сосын контент аударуға қатысты өзімнің ұстанымымды айттым. Яғни, “аударатын контентті бірінші өзім оқып алу, сосын аударсам, өз стиліммен аударамын, машиналық аударма жасап беруге оқырмандардан ұяламын” десем, “Неге ұяласың? Машиналық аударма болса да аударма ғой? Бастысы аударылса болды емес пе? Оны сен аудар не, машина аударды не бәрібір емғюес пе?” дейді.

Содан отырмын енді басым қатып…

Әрине, өзім аударып шыққаным жақсы ғой. Қазақы, жатық, күнделікті тілмен. Бірақ оның барлығына уақыт қайда?

Ал аудармашымен топырлатып, мыңдаған контентті әп-сәтте аударып тастаса, контент көп болмай ма?

Не дейсіздер?

Машиналық аударманы оқыр ма едіңіздер?
👍18
This media is not supported in your browser
VIEW IN TELEGRAM
"Сәлем. Қалайсың, нестеп?"

ChatGPT енді адамдға диалогты өзі бастай алады. Тапсырма деген фича шығыпты. Мысалыға бір тақырып бойынша жаңалықтардың қорытындысын күн сайын осындай уақытта маған жіберіп тұр деп тапсырма қоясың. Өзі сосын жазып отырады.

Жаңа бір тіл немесе машық үйренгенге әдемі кететін сияқты. "Күн сайын маған ағылшынша жаңа 5 сөз үйретіп тұр, сөйлеммен мысал келтір, үй жұмысын бер" дегендей тапсырма бересің. Болды, тегін тренер
👍18🔥11
Қазақ тілі мен ЖИ саласындағы керемет жаңалық!

⚜️ Жасанды интеллектіге негізделген «Tilqazyna» қазақ тілін оқыту моделі» жарияланды

Өздеріңіз білесіздер, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетіне қарасты Ш. Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қазақ тілінің ғылыми һәм негіздемелік тұрғыдан дамуына жұмыс істейді. Әрине, қазіргі заманның талабы - жасанды интеллект болғаннан кейін, орталықтың басым бағыттарының бірі де осы технологиялық тұрғыдан ана тіліміздің тынысын ашу боп саналады.

Сол бағыттағы іргелі жұмыстардың бірі туралы бүгін қуана жариялаймыз!

Яғни, жасанды интеллектіге негізделген Tilqazyna қазақ тілін оқыту моделін жариялауға рұқсат етіңіздер!

Бұл Tilqazyna моделінің қолынан не келеді?

Қазақ тілінің лексика, морфология және семантика салаларындағы:

- мәтінді генерациялау,
- перифраз жасау,
- контекстпен жұмыс істеу,
- ықшамдау, сонымен қатар
- грамматикалық және
- пунктуациялық қателерді түзету,
- фразеологизмдердің мәнін ашу,
- терминдерді аудару сияқты тапсырмаларды орындай алады.

Модельді жасау барысында «Тіл-Қазына» орталығының ЖИ мамандары табиғи тілді өңдеу алгоритмі арқылы

● қазақ тілінің 35 ГБ өңделген корпусы;
● сөздерді тексеру мақсатына 684 876 сөзқолданысы (лексикалық бірлік);
● сөз тіркестерін тексеру жүйесін жетілдіру үшін 20 212 қатар сөз тіркесінің дұрыс және қате нұсқалары;
● пунктуациялық қателерді түзету мақсатында 5 558 мәтін;
● мәтін құрылымын түзету үшін 3 000 мәтіннің дұрыс/бұрыс нұсқасы;
● сөйлемді ықшамдау функциясы үшін 6 000 сөйлемнің толық және ықшамдалған нұсқасы;
● перифраз функциясы үшін 14 790 синонимдік қатар қолданылды.

🚀Қазақ тілінің дамуаны серпін беретін бұл салалық LLM моделі бүгінде HuggingFace платформасына жүктелді.

Яғни, ол барлық қолданушыға ашық. Осы модельдің негізінде көптеген қазақша IT өнімдер дайындауға болады. Сілтеме: https://huggingface.co/TilQazyna/llama-kaz-instruct-8B-1

Осы жерде бұл жұмыстың ҚР Президенті Қ-Ж Тоқаевтың Жолдауында баса айтқанындай, “жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналу” бағытындағы алғашқы нәтиже деуге болады.

Орталығымыздың трансформацияланып, ЖИ технологияларын дамытатын жетекші ұйымға айналуына сенім және қолдау білдірген министр Саясат Нұрбекұлына және Тіл комитетіне, сондай-ақ Мақпал ханымға өз атымнан алғысымды білдіремін!
🔥13👍7
Жазда Шымкент қаласында өткен TedX шарасына қатысқан едім. Соның видеосы жарық көрді.

Жариялау ұзақ уақыт алған себебі - бұл әлемдік Ted платформасының ютубтағы каналына жарияланады. Модерация мен монтаж жасалады.

Менің бұл сөйлеу сәтімде 2 қызық жағдай бар:

1) Қазақстан тарихында TedX шарасына 2 рет спикер болған 2-ақ адам бар екен. Соның біреуі Дәмелі Мектепбаева, екіншісі мен. Оған дейін TedX Semey шарасында сөйлегенмін.

2) Видеоны мұқият қараған кезде тұмсығымның асты қызарып тұрғаны көрінеді. Себебі, спикерді шақырамыз деп менің атымды атағанда залдан асығып шығамын деп, дәл төбемде шараны түсіріп жатқан камераның кранын байқамай, маңдайымды оңдырмай соғып алдым. “Уах-уах” деп тас төбемді 1-2 уқалап жібердім де сахнаға жақындай берсем, маңдайым, бетім жып-жылы боп кетті. Ұстап қарасам, қан;))

Сөйтсем, басым жарылып, содан қан саулап жатыр екен. Жалма-жан сол жерден табылған қағаз, сүлгі бірдеңемен тазалап, сөйлеуге шығып кеткем. Сол сөйлеп тұрып та маңдайымды қайта-қайта сүртіп тұрғам. Аққан қанның тұмсықтың ұшындағы қалдығын байқамай қаппын;))

Обшым, “қанмен жазылған” сөзімді қарап шығып, таратып, лайк басып, пікір қалдырып кетерсіздер;))

https://youtu.be/f8Adt8gBxBw
🔥30😁16👍7
Дата аналитика және қазақ әдебиеті

Жалпы байқағаным, біздің әдебиет мағыналық тұрғыдан зерттелсе зерттелген болар, бірақ цифрлық және визуалдық тұрғыдан үңілуі кемшін салалардың бірі. Шіркін-ай, филология мен лингвистикадағы, әдебиетті ғылыми тұрғыдан зерттеп жүрген қазіргі жастар біздің барлық әдебиетімізді шетінен алып аналитика жасап шықса... Өте қызық мәліметтерге тап болар еді. Әдебиетімізге жаңа бір тыныс берер еді.

Мысалы, "Абай жолының" 4 томына дата аналитика жасай салғам ғой. Қызық енд...

Цифрлар не дейді?

Сөзі ең көп том: Абай жолы. 2 кітап (196835);
Сөзі ең аз том: Абай жолы. 3 кітап (117908);

Сөз байлығы жағынан ең көбі: Абай жолы. 3 кітап (0.211);
Сөз байлығы жағынан ең азы: Абай жолы. 2 кітап (0.102);

Бір сөйлемде қолданылған сөз саны ең көп: Абай жолы. 2 кітап (15.2);
Бір сөйлемде қолданылған сөз саны ең аз: Абай жолы. 3 кітап (10.2);

Оқылуға ыңғайлы индекс бойынша жоғары: Абай жолы. 4 кітап (23.069);
Оқылуға ыңғайлы индекс бойынша төмен: Абай жолы. 2 кітап (22.128);

Сондай-ақ, мына төмендегі графикте 4 томның өне бойындағы Абай мен Құнанбайдың аталу көрсеткіші. Қызық, ә?

Қазақ дәуірінің, қазақтың бай-сұлтандарының, қазақтың кешегі арқыраған заманының көмескіленіп барып өшіп бара жатқанындай, Құнанбай атының аталуы 4 томға қарай 20-ақ рет кездесіп барып бітеді...

(Ескерту: менің қолымда бары өте нашар PDF нұсқа. Арасында "і" кейде "ә" деген әріптер өз алдына бір сөз боп кеткен. Сондықтан, аналитика жасау барысында кейбір сәйкессіздіктер болу мүмкін. Мәселен, әр томдағы сөздерді санаған кезде осы кемшін (погрешность) әсер етті деген ойдамын.)
👍20🔥3
https://youtu.be/5uSA9jkLqtE?si=zpeIEl9begN0HuUj
Қазақ тілінің иллюзиялары және таза болмысы | Назгүл Қожабек | TEDxArgynbekov Street
Назгүл өз баяндамасында қазақ тілінің қазіргі ахуалын, оның қолданылу аясының шектеулігін және қоғамның қазақ тіліне қатысты иллюзияларын талқылады. Ол ең үлкен иллюзия ретінде "Біз қазақ тілін бәрібір білеміз ғой, оны ары қарай тереңдетіп оқудың не керегі бар?" деген көзқарасты атап өтті. Сондай-ақ, филология саласына қатысты қалыптасқан стереотиптерге тоқталып, "Филология тең қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі" деген түсініктің шеңберінен шығу қажеттігін айтты.

Спикер қазақ тілінің шынайы болмысы мен қолданыстағы нұсқасының арасындағы алшақтықты көрсетті. Оның айтуынша, қазақ тілінің табиғи әуезі мен ырғағы жоғалып барады, ал қазіргі қолданыстағы тіл орыс тілінің ықпалында қалып отыр: "Қазақ тілінің нағыз әуезі мен ырғағы орыс тілінің көлеңкесінде жатыр"...
🔥10😢2
NU ACM-Women Student Chapter қуанышпен біздің бөлімшенің басты іс-шараларының бірі – Women’s Hack Day туралы жариялайды! 🎀

🩷 Women’s Hack Day – бұл жыл сайынғы 3 кезеңнен тұратын командалық сайыс, онда қыздар бағдарламалық қамтамасыз ету және әзірлеу саласында өздерін сынап көре алады ✨

🎀 3-4 достарыңызбен команда құрып, бірлесе отырып келесі тапсырмаларды орындаңыздар:
✶ өнімді жобалау ⚡️
✶ математика 🧮
✶ бағдарламалау тапсырмалары 💻

🤩500 000 тг жүлде қоры! Women’s Hack Day тарихында алғаш рет жүлде қоры болады! Оған қоса сіздерге арнайы дайындаған мерчтеріміз де бар. Қыздар, бұл сіздің уақытыңыз!

📅 Өтетін күні: 2025 жылғы 25 қаңтар
📍 Өтетін орны: Назарбаев Университеті, Астана, Қазақстан
❗ Тіркелу мерзімі: 22 қаңтар, сағат 23:59-ға дейін
🔗 Тіркелу сілтемесі: https://forms.gle/Mfng2jpzEy3K1SBM7

Толығырақ ақпарат: https://t.me/nu_acm_w/784
👍5🔥1
Трамптың шашбауын көтеруге келген ІТ-манап, техно-қонақтар.

Кім осы жігіттермен отырып шай ішіп, әңгіме-дүкен құрғысы келеді?;))
😁25🔥17👎1🤔1🤯1
Осыдан тура 10 жыл бұрын Арман Сүлейменов деген программист жігітті бір аяқ кофеге шақырып (оған дейін тек онлайн сөйлесетінбіз) кездескен едім. Мен Ақтаудан Астанаға енді келген кезім, ал Арман АҚШ-тан енді оралған беті.

Ол сол кезде Назарбаев Университетімен бірлесіп zero to one деген жоба бастап жатқан болатын. (NFactorial кейін жасалды).

Сондағы менің алғашқы сұрағым: “Біздің жастарымыздың бағыты мен идеялары қалай?” дедім.

Оның жауабы қызық болды: “Жастарымыз өте білімді, дегенмен фантазия жоқ. АҚШ-та бар идеяларды қайталай аламыз, бірақ өте тың, ешкім ойламаған дүние шықпай жатыр” деді.

10 жыл өтті, Арманның сол сөзі әлі құлағымда…

Мына DeepSeek, Claude, Gemini, Mixtral дегендер күннен-күнге шедевр жасап жатыр. Қарап отырсам, бізде сол баяғы проблема екен.

Жұрт не істесе, соны қайталаймыз. Ал олар сол бізге де қолжетімді модельдерден күн сайын адам таң қаларлық бірдеңе жасап жатыр.

Блендерге салып, 3d әлем құрады. Рентген түсірілімдерінен анализ жасайды. Былай қарасаң, барлығы жасай алатын, бірақ солардан басқа ешкім істемей жатқан Sonnet API арқылы жасайтын код копилот жасайды (windsurf, cursor, etc) да соны продукт қылып сатады. Миллиондаған доллар бағаланатын стартап құрады.

Ал біз “Иә, солай жасауға болады екен ғой…” деуден аспай жатырмыз. Неліктен екен?
😢29👍6😁1🤔1
⚡️⚡️⚡️Қарсы алыңыздар!

⬇️ Қазақ стартапшысына Илон Маск қалай $1 млн инвестиция құйғанын біле отырыңыздар.💸

TrustMe негізін қалаушысы Шыңғыс Даулетбаев өзара сенімге құрылған IT-экожүйе құру және Илон Масктан $1 млн инвестиция тарту туралы Invest Dala Podcast мінберінде айтып берді.

Көбіміз Шыңғыс туралы естідік және оны білеміз. Оның TrustMe деген стартапы туралы бірнеше мәрте жарияладық. Шыңғыстың кәсіпкерлік жолы 2000-шы жылдардың басында CD-дискілерді сатудан басталды. Бүгінгі таңда ол Қазақстанның ең табысты стартаптарының бірін басқарады. Бірақ, 2020 жылы құрылған оның TrustMe стартапы Илон Масктан $1 млн инвестиция тартқанын көпшілігі байқамаған болуы мүмкін.

EA Ventures by EA Group инвестициялық серіктесі Ғани Қасымов Шыңғыспен Қазақстанның стратегиялық бағдарламалар бойынша жұмыс тәжірибесі, Хабар телеарнасындағы мансабы және стартапта мықты корпоративтік мәдениет құру туралы әңгімелесті.

- TrustMe нарықта несімен ерекшеленеді?
- Неліктен ерте кезеңдерде команданы кеңейтуге уақыт бөлу маңызды?
- Болашақта технологиялық стартаптың негізін қалаушыға қандай дағдылар қажет?
- Неліктен дәстүрлі бизнеске қарағанда технологиялық бизнесті құру қиынырақ?

Осы және тағы да басқалары жайлы — Invest Dala Podcast-тың жаңа шығарылымында!

Кейінге қалдырмай, дәл қазір сілтеме арқылы өтіп, подкасты тыңдауға шақырамын. Сондай-ақ, бөлісуді ұмытпаңыздар:))

Youtube — https://tapthe.link/tJfVv1zr-
Аудионы тыңдау — https://rebrand.ly/ybzwc3o
🔥20
ChatGPT (яғни, дұрысында OpenAI компаниясы) AI-агент операторын іске қосады.

Бұл көмекші оператор сіздің компьютеріңізді өз бетінше басқара алады. Сол арқылы ұшақ билеттерін, қонақүйлер мен мейрамханаларды брондау және тіпті код жазу сияқты шаруаларды атқара береді.

Қазірдің өзінде бұл функцияны айына $200 АҚШ теңгесін төлейтін, Pro деңгейіндегі пайдаланушылар сынай бастады. Бүгін ресми іске қосылуы мүмкін.

Көрдіңіздер ме? Болашақ әлдеқашан кеп қойды. Тек ол әркімге әртүрлі келеді екен. Яғни, ақшасы, жағдайы барлар қазының тәттісін, жайлысын, майлысын кертіп жегені сияқты, жасанды интеллект сияқты технологияның да майлысы мен жайлысының дәмін жағдайы барлар ғана татады. Ал “ЖИ деген не өзі?” деп жүргендерге сүйек-саяқ қалады…

..ал осы уақытта, біздің елде ChatGPT жұмысында ақау байқалады.
👍35🤯2😢1